2024-09-22

Зейнетақысына көшені гүлге көмкерген ағай

Шымкентте Асылбек деген ағамыз бар. Бір қарағанға елеусіздеу көрінетін жан. Бірақ, ол бір қарағанға ғана. Оның ішкі дүниесіне үңіле алсаңыз мүлде басқа Асылбек Ағмановты көресіз. Үлкен жүректі, мейірімді жанды танисыз.

tories/19122019-116.jpg» border=»0″ />

Бүгінде Асылхан Ағманов өзі тұратын Тассай елді мекенінің, Ұлағат шағын ауданындағы Айдын көшесін ағаш егіп, гүлдендіріп тастаған. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, бір көшенің басынан аяғына дейін тал егіп, аялдама тұрғызған! Өз қаржысына! Зейнетақысына!

Жасы 70-ке таяған Асылбек Мәдуұлын қарттыққа қимайсыз. Ол кісіні білетіндердің айтуынша, жауырынды, сұңғақ бойлы ағамыздың денсаулығында кінәрат жоқ көрінеді. Мұның барлығы да Асылбек ағаның өмір бойы тырбанып тірлік істеуінен болса керек-ті.

Ордабасы ауданы, Алтынтөбе ауылының тумасы Асылбек аға 2005 жылы Шымкент қаласындағы жаңадан құрылысы жүріп жатқан аймаққа үй салып, отбасымен көшіп келеді. Балаларының жұмыс бабымен қалаға келіп қалған ол алғашында көріксіз көшеге үйрене алмай қиналады. «Сыртқа шықсам көшеде көлеңкелейтін бір тал жоқ, жантақ басып кеткен. Тек айналдыра үй сала берген. Әркім өзімен өзі, қоршау тұрғызып, есіктерін тарс жауып алыпты. Содан жұмысқа кірісіп кеттім» дейді Асекең бізбен әңгімесінде.

О бастан бағбандыққа бейім ағай алдымен көшенің басынан аяғына дейін арам шөптерді жұлып, тазалап шығады. Одан соң зейнетақысы қолына түскен күні базардан көшеттер әкеліп, егуді бастап жібереді ғой. Кейін Сарыағаш ауданындағы Көктерек ауылында көшет өсірумен айналысатын тұқымбаққа барады. «Әкем «бірнәрсені бастасаң қандай жағдай болмасын, тастама, соңына дейін жеткіз» дейтін. Иә, қаржы жағынан қысылсам да бастаған ісімді тастамауға бекіндім. Көшеміз көрікті болсын деп 50 Калифорния ағашының көшетін әкеліп айналдыра ектім. Одан соң 100-ге жуық терек отырғыздым. Су мәселесінде де біраз кедергілерге, қиыншылықтарға тап болдым. Қыр жақтағы каналдан келетін суды тұрғындар өз үйлеріне байлап алған. Әйтеуір таласып-тармасып жүріп, суарып аламын. Көшеттерді көбіне шелекпен су тасып өсірдім» дейді біздің кейіпкеріміз.

Асылхан ағаның бұл әрекетіне көше тұрғындары түсінбейтін. Бір күні джип көлігімен келіп тоқтаған келіншек Асекеңе «менің үйімнің тұсына неге тал егіп жатырсыз? Сізге кім рұқсат берді? Ертең жапырақтары аулама түссе сіз сыпырасыз ба?» деп дүрсе қоя береді. Тағы біреулері мысқылдап күліп кетіп те жүрді. Бірақ, әрбір талды ерекше сүйіспеншілікпен отырғызатын ағай ешкімнің сөзіне мән берген жоқ. Есесіне күннен-күнге көшеттің түрін көбейтті.

Асылбек Ағманов көшесіне тал егіп қана қоймады, оқушылардың қар мен жаңбырдан паналайтын жер таппай бүрсеңдеп жүргенін көрген соң өз қаржысына аялдама салуды бастап кетеді. Жуырда 3 жыл бұрын өзі салған аялдаманы бұзып, жаңасын тұрғызыпты.

Бүгінде көшені талмен ғана емес, гүлмен де көмкерген Асылбек ағаның бұл әрекетін қалай мақтасақ та жарасады. Көшедегі 4 жыл бұрын еккен жүзім ағаштары жеміс беріп те жатыр. Жалпы 300-ге жуық көшетті өз қаржысына егіп қана қоймай, оны күтіп-баптап отырған Асекеңнің ерлігі көпке үлгі.

«Бірде теледидардан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің түркістандықтарға «Неге сендер көшеге ағаш екпейсіңдер? Бір ағаш жоқ, дуал соға бергенсіңдер. Келген адам сендердің көшелеріңе қарайды ғой» деп жатқанын есіттім. Расында көшеміздің әдемі болғаны бәрімізге де жақсы емес пе?! Мен көбіне көк теректі еккен себебім, ол ауаны жақсы тазалайды. Ал, қылқанжапырақтылар, яғни шырша оттегі бермейді» дейді Асылбек Мәдуұлы.

Баяғы джип көлігімен келіп ұрысып кеткен келіншек бір күні Асекеңе келіп кешірім сұрапты. Үйіне Алматыдан келген қонақ көшені мақтаған ғой. Сол кезде баяғы ұрысқаны есіне түсіп, қатты ұялыпты.

Қазіргі таңда көшеге орталықтандырылған су келіп жатыр. Асекең жұмыс істеп жүрген жігіттерге өтініш айтып, арнайы көшет суаратын бір «кран» қалдырып кетуін сұраған. Бүгінде 10 метр биіктіктен асып кеткен теректер көздің жауын алады. «Бір өзбек жігітті мақтап жүріп, ақысын төлеп теректердің астындағы артық бұтақтарды тегістетіп қырықтырып алдым. Айтқандай осы аймақта тұратын кәсіпкер жігітке өтініш жасап, көшеге жарық қойғыздым. Әр бағананы 20 мың теңгеден 20-сын қойып, оның пайдалану ақысын да өзі төлеп жүр. Оған үнемі алғыс айтып жүремін» дейді көшесін өз үйіндей сүйетін кейіпкеріміз.

Асекеңнің бұл ерлігіне жасы 100-ге тақаған анасы үнемі ризашылығын білдіріп, батасын беріп отырады екен. Отбасынан осындай қолдау тауып отырған Асылхан аға бүгінде бір көшенің шырақшысы сияқты.

P.S. Айта кетейік, жыл сайын Шымкент қаласында өтіп тұратын «Таза қала» байқауынан бұл кісіні бірде-бір рет көрмеппіз. Бас бәйгені шаппай-ақ алатын Асекеңнің еңбегінің еленбеуі өзінің қарапайымдылығынан да болса керек… Жуырда «Таза қала» акциясы аясында өткен аудандық байқауда ол 2-ші орынды еншіледі.

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Ońtústik Qazaqstan»

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика