2024-07-27

«БЕС БОЙДАҚҚА БІР ТОЙ»

«БЕС БОЙДАҚҚА БІР ТОЙ»

Shanyntories/Shanyn.jpg» />Ескірмеген тақырып, ескірмеген қойылым. Той тақырыбы бүгінде бұрынғыдан да маңызды. Бес бойдаққа той жасап жүрген кім екен деп те аңтарылмаңыз. Дағдарыстың титтей де әсері жоқ бұл тойды жасаушыларға. Жұлдызды әншілер де шақырылмаған. Асабасы да жоқ. Тойхана туралы тіпті сөз жоқ. Бұл қойылым,театр қойылымы.

Күн өткен сайын сериалға деген қызығушылығымыз артпаса кеміп отырған жоқ. Нарықтың заңы, сұраныс болған соң оның көлемі де, түрі де, тілі де түрленіп жатыр. Корей, үнді, түрік, өзбек, қазақ сериалдары. Бір терезе демекші, «бір тетіктің» қызметін пайдаланып көгілдір экранға телмірудің «көкесін танытып» жүрміз. Біздің оқырманымыздың арасында да сериал десе ішкен асын жерге қоятындардың басым екенін білеміз, дей тұра нарық заңына қайшы келіп біз бүгін театр туралы айтамыз.

Пайданы күйттеген заманда алдымен театрдың пайдасын санамалап алайық. Шыныдан көрген кинодан, шынайы көрген театр қойылымы шаршағаныңызды басып, жан-дүниеңізді бір серпілтіп тастайды. Бұл бір. Екіншіден отбасыңызды алып барсаңыз, ұл-қызыңызды жаңа әлеммен таныстырасыз.Театр-тәрбие мектебі. Тіпті, театр қойылымы сізге ем де бола алады. Пенде болғасын түйіткілді мәселе деген бәрімізде толып жатады емес пе?! Шынын айтайық, сол проблема бойыңыздан сытылып түскендей күй кешесіз.

Ақпанның бесінші жұлдызында Шымкенттегі жаңадан бой көтерген Нұрсат мөлтек ауданындағы Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында кешкі сағат 7-де Т.НҰРМАҒАМБЕТОВТЫҢ «БЕС БОЙДАҚҚА БІР ТОЙ»атты комедиясы басталды. Қойылым басталмай тұрып актерлардың дайындық бөлмесіне бір бас сұғып, Қырманбай шалдың рөліндегі басты кейіпкер Мұқан Шәкіровтың бүгінгі қойылым туралы бір ауыз пікірін білген болатынбыз.

-Жалпы бүгінгі қойылым комедия жанрында өрбиді. Ауыл тіршілігі мен қоса бір отбасының төңірегінде болатын күлкілі қойылым. Қырманбай атты шалдың Нарбол, Барбол, Жарбол, Шүйкетай, Күйкетай есімді ұл-қыздары болады. Солардың келешегін уайымдап, үй қылу жайын ойластырған шалдың және сол отбасы мүшелерінің ауыл тіршілігіндегі күлдіргі іс-әрекеттері баяндалады. Соңында ұлдары да, қыздары да өз бақыттарын тауып бір күнде барлығына бір той жасалады. Қысқаша мазмұны осы, толығырақ қойылымнан көрерсіздер,-деген Мұқан ағаның сөзінен соң театрдағы көрермен залына барып жайғастық.

Бүгінде театрға келушілер көп емес екен.Залдың жартысы бос тұр. Бірақ бұл сахнаға шыққан әртістердің шеберлігіне кері әсер ете алған жоқ.

Қырманбай шалдың шақшасын іздеп шыққан сәтінен-ақ күлкіге қарық болдық. Міне, шеберлік, міне өнердің құдіреті!Ұлдары, одан кейін қыздары шақшаны іздеп әбігерге түсіп жүр. Қимыл, әрекет езуіңе күлкі үйіреді еріксіз. Күліп отырып, үлкенге деген құрмет пен сыпайыгершілікті аңғарасыз. Қырманбай шалға қырындап көрші ауылдың кемпірі кеп майысқанда, нағыз күлкінің не екенін сезінесіз. Нарбол, Барбол, Жарбол есімді жігіттердің қылықтарын былай қойғанда Күйкетай мен Шүйкетайға түн ішінде келетін Кико мен Марат есімді ауыл жігіттерінің «түнгі жортуылы» да нанымды. Сол нанымдылығы мен шынайылығының әсері қалжыңға толы қойылымды тамашалай отырып, өзіңдң құдды бір сол ауылдың ішінде жүргендей сезінесің. Азаннан-кешке дейінгі Қырманбай шалдың әлегі мен бойдақтардың жасырына кездесуі ауыл тіршілігі мен табиғатын аңсатпай қоймайды. Киконың рөлін сомдаған Аманғалиев Ерсін өз кәсібіне нағыз берілген өнер иесі екендігін көрсетті. Сәнқой жігіттің ауылдық формасын айнытпай салған Ерсін менің ауылдағы бір ағама тым ұқсап кетті.

Қалжыңмен қатар қойылымның ішінен қоғамдағы бір өзекті мәселені айқын байқайсың. Бұл комедиялық жанр әр азаматқа туған жерін, ауылын сағындырып қана қоймайды, сүрбойдақтардың көбейіп бара жатқандығын сөз еткісі келгендей… Қойылымның өзектілігі де осында. Қойылым соңында «Жалғыздық құдайға ғана жарасқан» дегенмен келісіп шығасың.

Шымылдық жабылды. Актерлердің өнеріне қошамет көрсеткен ұзақ уақыт қол соқты. Біз расында да театр – нағыз шеберлік алаңы деп ой түйдік.

Егер сіз мәдениет іздеген жан болсаңыз, оның ең көркем көрінісін базардан, не болмаса тастан қаланған биік-биік ғимаратқа толы көшеден емес, театрларымыздан көре аласыз. Әлде, осы тұрғыда сіздің айтар уәжіңіз бар ма?.. 

                              Жарылқасын Үсентаев

 

Яндекс.Метрика