2024-09-22

ПАНДЕМИЯ БИЛІКТІ ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСУҒА ҮЙРЕТТІ

Пандемия қазаққа етек-жеңін жиып жүруді үйретті. Олай дейтінім біз арқа басты кеңге салып, еркін жүргенді сүйетін халықпыз. Ол бойымызға сіңген қасиеттің бірі. Дегенмен бүгінгі заман жинақылықты қажет етті. Оның үстіне әлемді жайлаған мына аты жаман COVID-19 індеті, қабырғаны қымтап, белді бекем бууға еріксіз итермелеп отыр.

Қатерлі дерт тіркелген күннен бастап, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев шұғыл шешім қабылдап, халықты аман алып қалу қамын жасады. Әуе мен жердегі қозғалыс тоқтап, қалалар карантинге жабылды. Соның арқасында тез таралатын коронавирустың өршіп кетуі тоқтады. Қазақстанның індетпен күрестегі ерекше тактикасын тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да өзгелерге үлгі етіп отыр. Бұның барлығы алдын болжай білетін Президентіміздің арқасы десем қателеспеймін. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан COVID-19 вирусын жұқтырғандарды оқшаулап, ем-дом жасайтын аурухана салдырды. Ол жерлерде ауыр науқастар емделіп, ауруынан сауығып шығып жатыр.

Мемлекет басшысы әу бастан-ақ азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесін басты назарда ұстады. Алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер мен полицейлер, әскерилерге қаржылай көмек алды. Оған қоса елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты табысынан айрылған 4,5 миллион адамға 42500 теңгеден берілді. Миллионнан астам аз қамтылған отбасы мүшелері мен әлеуметтік әлеуеті төмен жанұяларға қайрымдылық қорлары қол ұшын созды. Коммуналдық төлем тарифі төмендетіліп, оны төлеу үшін аса мұқтаж санатқа кіретін отбасыларға 15 мың теңгеден көмек аударуда. Ал, 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Бір сөзбен айтқанда қиын қыстау күндері Қасым-Жомарт Кемелұлының дипломатиялық ұтқыр әрекетінің арқасында қазақ жұрты қиындықтан да қиналмай шықты. Қайта Президент айтқандай бұл сынақтан Қазақстан ысылып, біршама пісіп шықты.

Мемлекет басшысы карантинге жабылған қалалар мен өндіріс орындарын біртіндеп іске қосып, қалыпты жағдайға келтірудің алгоритмін жасады. Оны Қазақстан Президенті Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында баяндады. Дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі дамудың басымдықтарына тоқтала кетейін. Ең бастысы, барша қазақстандықтың өмірі мен денсаулығын сақтау, азаматтардың табысын арттыру, бизнесті қолдау және оны дамыту, білім және ғылым жүйесін жетілдіру, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы халық үшін ең қажетті баспана мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Кезекте тұрған азаматтардың мәселесін шешу үшін тұрғын үй несиесімен қамтамасыз етуге арналған «5-10-20» жаңа жобасын іске асыруды тапсырды. Осыған орай дағдарысқа қарсы бөлінген қаражат есебінен 390 млрд. теңге бөлінетінін айтты.

Биыл елімізде бұрын-соңды болмаған көлемде тұрғын үй салынады. Атап айтқанда 15 млн. шаршы метр немесе 150 мың пәтер. Үкімет жыл соңына дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы негізінде толыққанды даму және қолдау көрсету бағытындағы «Отбасы банкін» құруға тиіс. Бұл құрылым тұрғын үй есебін, кезекке қою және үй беру тәртібін бір орталықтан жүзеге асыратын болады, – деді Қ.Тоқаев.

Қ.Кемелұлы осылайша еліміздің дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі дамуының жаңа концепциясын жасады. Президент Қазақстанның қаржы резерві жеткілікті әрі жұмыспен қамту және даму міндеттерін шешу үшін қажетті ресурстар бар екенін айтты.

Әлемді алаңдатқан пандемия бұған дейінгі дағдарыстан да өзгеше болды. Онда әр мемлекет жеке-жеке экономикалық қиындықты бастан өткеріп, одан шығу жолдарын қарастыратын. Бұл жерді бір елдің ғана емес күллі әлемнің алдында қиын қыстау сәт тұрды. Дүние жүзі абдырап қалды. Байланыс тоқтап, үлкен қалалар карантинге жабылды. Өндіріс түбегейлі тоқтады. Жалпы әлемде бұрын соңды бұндай жаппай төтенше жағдай болған емес. Барлық ел экономикалық ауыр қиындықтың аз ақ алдында тұр. Оның соңы әлемдік дағдарысқа әкеліп соғуы әбден мүмкін.

Міне, осы тұста Президентіміздің байсалды бастамалары қиындықтан аман алып шықты. Алып шығып қана қойған жоқ. Еліміздің даму жолының жаңа бағытын айқындап берді. Президенттің пікірінше, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажет. Сонымен қатар қолжетімді тұрғын үй құрылысы экономиканы дамытудың, жұртты жұмыспен қамтудың, әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызды факторы болуға тиіс екене ерекше мән беріп отыр.

Жығылған үстіне құдырық дегендей ел карантинде жатқанда Өзбекстанның Сардоба су қоймасын бұзып аққан тасқын су елдің оңтүстік аймағын басты. Мақтааралда бес ауылға су кіріп, мыңға жуық үй су астында қалды. Мемлекет басшысы дер кезінде тиісті тапсырма беріп, үйлері жарамсыз болып қалған тұрғындарға арнап жаңа мөлтекаудан салынып жатыр.

Мақтаралдағы жағдай енді реттеле бастағанда Түркістан облысы аумағында толассыз нөсер жауып, қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек аудандарында жекелеген елдімекендер судың астында қалды. Осы тұста облыс басшысы Ө.Шөкеевтің іскерлігі жаңа қырынан көрінді. Жедел тапсырмалар берілді. Және оның сапал орындалуы алғашқы оң нәтижелерін көрсете бастады. Ал, ынтымағы мен бірлігі жарасқан қазақ елі бұл жолы да ауыз-бірлік танытып қиындыққа тап болған аймаққа еліміздің төрт бұрышынан гуманитарлық көмек жөнелтті. Қандай қиындық болса да қатар тұрып жеңетін қазақстандықтар бұл қиындықты да еңсерді.

Уақыт өз дегенін жасайды. Дегенмен Тәуелсіз ел тізгігін ұстаған аптал азаматтың стратегиялық жоспарының арқасында мемлекетіміз бұл қиындықтан да аман шығары анық. Жалпы Қ.Тоқаев билікке келген күннен бастап «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын берік ұстанып келеді.

Оны өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында да ерекше атап өткен еді. Жыл басында жариялаған мақаласында биыл ұлттық болмыстың үлгісі болған ұлы ғұлама ақын Абай атамыздың 175 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуді межелеген еді. Той тойланар бастысы еліміз аман болсын.

Бұл жерде Елбасы Н.Назарбаевтың: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі, деген сөзі еріксіз ойға оралады.

Мемлекет басшысы мақаласында «Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз», деп еді.

Біз егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекеттілігімізді нығайтуымыз керек. Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн.

Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет. Осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал. Ұлы ақын өзінің шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктетті. Ол әділетті қоғам құру идеясын көтерген. Демек, Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хакім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі.

Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылды. Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек. Мұны Абай меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты деп білемін, деген еді Қ.Тоқаев өз мақаласында.

Талай қилы заманды бастан өткерген еліміз көктем шыға үсті-үстіне түскен қиындықты ел болып бірге еңсеріп келеді. Бұл сынақтар халықтың бірлігін ғана сынға алған жоқ,әкімдер мен мемлекеттік қызметшілердің іскерлігі мен, халыққа қаншалықты жақындығын да сынға алды. Жергілікті жерлердегі атқарушы билік халықты тыңдай алатындықтарын және жағдайды қалыпқа келтіру үшін күн – түн демей қызмет етуге дайын екендіктерін көрсетті. Билікке, халық үніне құлақ асатын мемлекетке деген елдің сенімі ұлғайды.

С.Асанова

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-і, «Тарих және педогогика» факультеті, «Жалпы тарих және мұражай ісі» кафедрасының аға оқытушысы

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика