2024-09-20

Басқарманың араласуымен 16722 жұмысшының жалақысы 22%-ға өскен

Шымкент қалалық Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы 2019 жылдың алты айында атқарған жұмыстарын қорытындылап, аталған мемлекеттік мекеменің халыққа көрсететін мемлекеттік қызмет түрлері барысын айтып өтті. Басқарма басшысы Бауыржан Қалжановтың сөзінше, әсіресе, еңбек заңнамасының сақталуы, жалақы қарыздарын өтеу, шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы, оралмандардың ел азаматтығын алу салаларында едәуір ілгерілеу көзге түскен.

tories/0001013.jpg» border=»0″ />

Шымкент қаласының еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы 2018 жылдың 18 шілдесінде құрылған болса, сол мезеттен бастап басқарма Ережесіне сәйкес негізгі екі бағытта жұмыстарды жүзеге асырумен айналысып келеді. Олар:

1) ҚР Еңбек кодексінде қарастырылғандай, жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы еңбек қатынастарын реттеу, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, жалақы қарыздарын анықтау және оларды төлету шараларын қарастыру, еңбек даулары мен шиеленістердің алдын алу;

2) «Халықтың көші-қоны туралы» және «Халықты жұмыспен қамту» туралы Заңдарына сәйкес жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тарту және этникалық қазақтарға «оралман» мәртебесін беру қызметтері.

Шымкент қаласының еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап ҚР Бас прокуратурасының бірыңғай жүйесіне енгізіліп, қаланың кәсіпорындары мен мекемелерінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуын бақылау жұмысының тиімділігін арттыру жөнінде тиісті іс-шаралар жүргізуде. Осыған сәйкес, басқарманың мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан Еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау бойынша 2019 жылдың 6 айында барлығы 152 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 131 заң бұзушылық анықталған. Анықталған заң бұзушылықтардың негізінде 68 нұсқама беріліп, еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 5,4 млн. теңге көлемінде 40 айыппұл салынса, жалпы 110 жұмыскердің 10,2 млн. теңге жалақы қарыздары мен пайдаланылмаған жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстарының күндері үшін өтемақы төлемдері өндірілген. Сонымен қатар, салынған айыппұлдарды мәжбүрлеп өндіру үшін сот орындаушыларға өткізіліп, олар тиісті жұмыстарын атқаруда.

Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша да индикаторлық көрсеткіштерде өзгерістер бар. Мәселен, 2019 жылдың 6 айында орын алған 23 жазатайым оқиға салдарынан 24 адам зардап шегіп, оның үшеуі қайтыс болса, 1 топтық жазатайым оқиға нәтижесінде 2 адам зардап шеккен. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы» №790 қаулысына сәйкес Шымкент қаласының 2018–2020 жылдарға арналған мақсаттық индикаторлардың «Өндірістік жарақаттану деңгейі» (1000 адамға оқиғалардың жиілік коэффиценті) 2019 жылдың соңына дейін – 0,32 болып бекітілсе, бүгінгі күнге оның орындалу көрсеткіші – 0,08%-ды көрсетіп отыр. Жүргізілген тексеру материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданған.

Басқарма мамандарының араласуымен бірнеше жылдан бері жалақы қарыздарын өтемей келген 4 кәсіпорынның 23 жұмыскер алдындағы 16,7 млн. теңге жалақысы 2019 жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындысымен толығымен өтелген. Бұл тұрғыда әлі де тиісті жұмыстар жалғасуда. Басқарма жұмысының нәтижесінде қаладағы еңбек шартының заңсыз бұзылу фактісі бойынша 3 жұмыскер қайта өз лауазымына орналастырылған.

Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қазақстандықтардың ең төменгі жалақысын бір жарым есеге, 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін арттыру тапсырмасын Шымкент қаласында іске асыру мақсатында қалада жедел түрде «Жалақысы төмен жұмысшылардың жалақысын көтеру жұмысына мониторинг жүргізу жөніндегі штабы» құрылып, 70-тен астам ірі және орта кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен кездесулер өткізілген. Статистика департаментінің мәліметінше, қалада жалпы 20748 кәсіпорын, оның 143 данасы ірі, 341 данасы орта, ал 20264 данасы шағын кәсіпорын ретінде өз жұмыстарын жалғастыруда. Басқарма тарапынан атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ірі, шағын және орта 261 кәсіпорында 16722 жұмысшының жалақысы орта есеппен 22%-ға өскен. Сонымен қатар, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде қызметшілердің жалақысын 2019 жылдың 1 маусымынан бастап көтеру жоспарланған. Бұл көрсеткіш бойынша ұдайы қадағаланып, тұрақты мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасын табуда.

Шымкент қаласы әкімдігі бастамасымен әлеуметтік әріптестік және еңбек дауларының алдын алу мәселелері бойынша «Шымкент қаласының Кәсіподақтар орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасымен бірге «Шымкент қаласының әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу туралы» үш жақты комиссия құрылып, бүгінгі таңға дейін 6 отырыс өткізген. Комиссия отырысында жалақы қарыздары, өндірістік жарақаттың алдын алу, жұмысшыларға қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын азайту, еңбек дауларын болдырмау, алдын алу және жазатайым оқиғаларға алып келетін негізгі себептер талқыланады.

Шымкент қаласына 2019 жылға жұмыс берушілердің шетелдік жұмыс күшін жұмысқа тартуына 2 145 (1 санатқа – 30 адам, 2 санат бойынша – 131 адам, 3 санатқа – 1837 адам, 4 санат – 147 адам) бірлік квота бөлінген болса, бөлінген квота негізінде 39 кәсіпорын мен ұйымда 557 (1 санат-7 адам, 2 санат-26 адам, 3 санат-466 адам, 4 санат-58 адам) шетел азаматына рұқсат беріліп, 18 991 ҚР азаматтары жұмыс жасауда. Бұл көрсеткіш бойынша қазақстандық қамту үлесі – 97.1%, ал шетелден тартылған жұмыс күшінің 89,5%-ын білікті мамандар құрайды. Сонымен бірге, ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 18 тамыздағы №459 қаулысы «ҚР шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты бергені және ұзартқаны үшін алым мөлшерлемелерінің көлемдеріне» сәйкес шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені үшін және ұзартқаны үшін жыл басынан бері 121,2 млн. теңге алым жергілікті бюджетке түсіп отыр.

Елбасының 2019 жылғы 16 наурыздағы ҚР Қауіпсіздік кеңесіндегі этникалық қазақтардың проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі тапсырмасымен бір реттік акциясы ретінде Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу мақсатында 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы шешім қабылданған. Осының негізінде бір реттік жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу үшін 159 отбасы 260 адамға оралман мәртебесі ұзартылған. Сонымен қатар, 2019 жылғы 20 мамырдағы Шымкент қаласының әкімінің №420 Қаулысына сәйкес, Шымкент қаласы әкімдігінің «Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Шымкент қаласы еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басқаруына өткен. Мұндай орталық республика бойынша 3 жерде болса, соның бірі Шымкент қаласында. Бұл Орталық қызметінің мақсаты – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету. Ақпараттық және анықтамалық қызмет көрсету. Орталық осы мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:

1) Ақпараттық-анықтамалық қызметтерді ұсыну;

2) Мемлекеттік тілді, қалауы бойынша орыс тілін үйрету;

3) Қазақстан Республикасының тарихын, мәдениетін және дәстүрлерін, заңнамалық негіздерге және шағын бизнес ашу курстарын өткізу;

4) Әр түрлі мәдени шаралар өткізу;

5) Құқықтық көмек көрсету (кеңестер, консультациялар және тіркелуге көмектесу, оралмандардың көшіп келу квотасына енуге, азаматтық алуға, әлеуметтік жәрдемақылар алуға өтініштер беруге);

6) Аударма бойынша қызмет ұсыну;

7) Жұмысқа орналастыруда, кәсіби даярлауда, қайта даярлауда және біліктілігін арттыруда көмек көрсету;

8) Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

9) Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдесу;

10) Қазақстан азаматтығын алу және құжаттандыру мәселелеріне жәрдемдесу. Бүгінгі таңда орталықта 22 отбасыдан 50 адам қоныстанып, бейімдеуден өтуде.

Айта кетейік, бұл брифингке БАҚ өкілдері қатысты.

«Қызмет – ақпарат»

Яндекс.Метрика