Бұрынғы жаймашуақ күндер мен жайсаң күй, той тойлаған алаңсыз уақыт, еш нәрседен қамсыз дүбірлі жиын бүгінде бәрімізге арман болды. Өйткені төңіректі тосынан басқан түнеріңкі ахуал, сүреңсіз хәл, сұрықсыз күй еңсені басып, жұрттың бәрін амалсыз жағдайға тіреген. Айнала тынық, аспан тыныш тұрғанда, су бұрынғыша ағып, атар таң мен батар күн дағдысынан айнымай, қалыпты шығып, әдетімен батып тұрғанда, Құдай-ау, ел ішін басқан не дүрбелең, жұрт арасын жайлаған не қауіп дерсің мұны?.. Соғыс болмай, оқ атылмаған, бомба жырылып, от шашылмаған уақытта кешегі көзіміз көріп, құшағымыз айқасқан, сыр ақтарысып, сөзіміз жарасқан, жанымыз жұптасып, көңіліміз табысқан талай досымызға, одан қалды, көлденең көк аттыға, алыстағы көп аттыға қабір құштырған бұл не зауал өзі?..
Айдың күні аманында көлденең соққан, тосыннан келген, ел арасын ақырындап жайлаған бұл дертке алғашқыда көп адам сенбеді, талай жан мән бермеді. Бірақ елге елеусіз ендеп, көрінбей кірген атың өшкір тәжтажал, оның соңынан соққан өкпе дерті бірдемде өршіп, талай жас пен жақсыны, егде мен кәріні бірдей жыққанда, көпшілік бұл пәлекеттің шын үрейлі екенін хақ сезді. Сөйтіп, жоғарыда айтқанымыздай, күннің жарқын нұры шашылып, аспан жадырап ашық тұрған бейбіт кезде бір зобалаң бастылсын кеп…
Бұрындары ет жақын бауырдан, дос-жаран қауымнан, алыстан сыйласқан, қол беріп, хәл сұраудан әріге бармайтын жалпы таныстан көбіне той туралы, салтанаты асқан жиын жайлы қуанышты хабар естуші едік. Енді кімнен болса да, қаралы жаңалық мен қазалы хабарды еститін болдық. Кеше ғана алшаңдап басып жүрген талай атпал азамат бүгін жоқ, жаңа ғана желге жеткізбей жүгіріп жүрген жүздеген жігіт жерге жығылған… Талайдан бері әлеуметтік желі де, теледидар да, баспасөздер де елді жайлап, жұртты жайпап жатқан, одан қалды, талай мың жанды төсекке таңған дерттен басқаны айтуды қойған. Бұрын көбі өтірік, шыны аз болса да, жағымды жаңалықпен жұртты жарылқап жататын олар бүгінде ол әдетін сап тыйған. Құдды бір елдің үстін жазылмас дерттің ауыр бұлты басып, айықпас індеттің оты жайлап алғандай, жаңалықтың бәрі сол аурудың төңірегінен аспайды.
Қайткенде де, талайдан тойы тарқамаған, жиыны шашылмаған еліміздің бұл індет ұнжырғасын түсіріп, жанын шошытып тастады. Бұрындары анда-санда болатын кенеттен келген өлімнен, тосыннан төнген ажалдан көз жұмғандарды «мезгілсіз дүние салды» деп аһ ұрушы едік. Ал бүгінде бір тәуліктің ішінде жүздеген жас, ондаған боздақ арманда кетіп, сондай кепке ұшырап жатыр. Көпшілікті ет жақынының, бауыреті тума-туысының қазасы діңкәләтіп тастады. Мезгілсіз жер құшқандардың арасында кім жоқ дерсің, бәрінің өмірде өз орны бар жандар ғой. Қаны бір туысын, өзімен пейілі мен көңілі жарасқан жандосын өлімге кім қисын. Бұл тұрғыда біз үшін осындай дерттен көз жұмған Батырхан досымыздың қазасы қатты, қайғысы зор болды. Құдай-ау, кім ойлапты, өмірінде аурудың не екенін білмейтін мықты досымызды ортамыздан бір тажал кенеттен алып кетеді деп…
Сіз тыңдаңызшы, мен айтайын, Батырханның кім екенін! Ол бала кезден өжет болып өсті. Жігіт шағында қазақтың намысын жыртқан нағыз батыр жігіт болды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Тәуелсіздік алған қазақ ұлтының намысы жолында аянбай күреске түсті. Сол кезде Алматыда ұлттық мүдде бағытында әрекет еткен мықты жігіттердің қатарында аты шығып, әділдік үшін күресте «Борода Батырхан» деген лақап атқа ие болды. Осы атпен кембағалдың жоғын жоқтады, кедейдің сөзін сөйледі, мұқтаждың мұңын бөлісті. Осы жолда оларға қысым көрсеткен, зорлық жасағандардың сазайын тартқызып, хәлі мүшкіл көпшілікке көп көмек көрсетті.
Бәрінен де бұрын Батырхан 1986 жылы Алматыда өткен қазақ жастарының толқуында топбасшы ретінде сол кездегі советтің, оның ішіндегі орыс коммунистерінің шовинистік саясатына қасқайып қарсы тұрды. Қазақ елін тек қазақтан шыққан көсем ғана басқару керек деген ұран көтерген намысқой жастардың серкесі болып, алдыңғы қатарда ту көтеріп жүрді. Екі күн бойы бүкіл дүниені сілкінткен айрықша оқиғаның басты қаһармандарының біріне айналды. Қабырғасы берік һәм іргесі мызғымас делінген кеңес үкіметінің кемшін де озбыр саясатын әшкере қылған намысты қазақ ретінде айрықша көзге түсті.
Өкінішке орай сондағы саяси жағдайға байланысты Батырхан кейін алаңға шыққан жастармен бірге қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің қолына түсіп, біраз уақыт уақыт қудалауға ұшырады. Бірақ қанша азап көрсе де қайсарлығы мен табандылығының арқасында ол қапастан босанып шықты. Шыға салысымен, тағы да қазақтың азаттығы жолындағы күресін жалғастырды. Сол уақыттағы Желтоқсан оқиғасын қаралаған коммунистік ұстанымның дұрыс емес екендігін дәлелдеп шығуға тырысты. Өзінің мүдделес достарымен осы бағытта ұзақ уақыт бойы қажымай еңбек етті. Ақыры дегеніне жетіп, Тәуелсіз Қазақстан үкіметінің мүшелері мен дүниежүзі халықтарына Желтоқсан оқиғасын қазақ халқының тарихындағы ең айтулы көтерілістердің бірі болғанын мойындатты.
Батырхан өз өмірінде тек Желтоқсан оқиғасының ақиқатын іздеумен ғана айнналысып қойған жоқ, сонымен бірге ол, 1987-1990 жылдары Қазақ ССР Халық ағарту министрлігі жабдықтау бөлімінің бастығы, 1991-2005 жылдары «Сағынтаев ЖК» бас директоры, 2005 жылдан «Ордабасы» индустриялдық аймағының коммерциялық директоры қызметтерін атқарды. 2015 жылдан «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысы қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша төрағасы болды.
Батырхан Тұрарұлы Сағынтаев өмір бойы өз ұлтына қызмет етуден жалыққан жоқ. Ол әр уақытта қазақ тілі үшін күресті. Қоғамдағы келеңсіздіктердің бетін ашып, ақиқат жолында аянбай күреске түсті. Оның кеудесі кең, жүрегі ашық азамат-тұғын. Денсаулығы да мықты болатын. Алайда, жоғарыда айтқан, бүгінде елімізді жайлап тұрған дерт оған қай уақытта және қай жерде жабысқаны белгісіз, әйтеуір, көп ауырмады. Демде, көзімізден ғайып, көңілімізден таса болды.
Өткен айдың 20-ы күні түс қайта маған телефон соғып, өзінің теміржол ауруханасына түсіп қалғанын хабарлады. «Екі өкпем қабынып кетіпті, жөтел
қайтпай жатыр» деді алқынып. Сөздерін үзіп-үзіп айтты. Ойымда бөтен қиял жоқ мен: «Ештеңе емес, жақсы боласың» дедім. Расы, бөгде ой ойлағам жоқ. Ғұмырында ауруды білмейтін арыстай алып азаматтан, ең жақын достарымның бірі – оның осы әңгімесі мен естіген ең соңғы сөзі екенін қайдан білейін. Бір жағы – дәл сол күні өзімнің де мазам болмай, сұлқ түсіп жатыр едім. Сондықтан да, оған кәдуілгі сөзі ғой деп, онша мән бермедім. Сөйтсем, жарықтық, жандосым, менімен бақұлдасып, ақтық рет сөйлескен екен ғой.
Әлбетте, сол кезде жаңағы әңгіме екеуміздің арамыздағы соңғы сөз болғанын ол да, мен де білмегеніміз ақиқат. Алайда Алла мен періште бірдеңені білдіреді ғой. Сол түні түсіме Батырхан кірді. Екеуміз бір айдалада қатар тұрмыз. Ол маған әлденелерді айтып, қатты күлді. Бір кезде қайдан келгені белгісіз, әлдеқандай ақбоз ат жегілген үлкен де жалпақ арба қасымызға келіп тұра қалды. Батырхан сол арбаға секіріп мінді, ақбоз атқа қамшы басып, маған қарамай кетіп қалды. Арба шырылдап па, гуілдеп пе бара жатты…. Әлден соң сол шырыл мен гуілден селк етіп ояндым. Сөйтсем, басымда жатқан ұялы телефоным шырылдап жатыр. Таң енді-енді бозарып келе жатқан кез екен. Телефонның бетіне үңілсем сағат таңғы тура бес, Батырхан соғып жатыр екен. «Әй, не болды, таң атпай, телефон соғып?» дедім. Арға жақтан Батырханның үйреншікті қоңыр үні емес, әйелі Анардың дауысы шықты: «Мәке, Батырхан бүгін сағат төртте қайтыс болды…»
…Иә, маған бұл хабарды есту қандай ауыр болды десеңізші… Сол күні атқан таң Батырхансыз атқан еді… Сол таңда ұясынан шыққан күн сәулесін жер бетіне Батырхансыз шашқан еді… Ал, біз, бір топ достары, жора-жолдастары, отбасы, бала-шағасы, туыс-тумаластары одан мәңгілікке айырылған едік. Сенбейтін жағдай еді, бірақ ғайыптан келген ажал сенбейтініңді – шындыққа, иланбайтыныңды – ақиқатқа айналдырса не шара?..
Батырхан! Сен, жөнің бөлек адам едің! Сен, біз үшін өзгеден ерек, басқадан бөлек едің! Сені білетін әрбір адамның мынаған көзі жеткен: Сен, қоғамда жиі-жиі орын алып жататын келеңсіздіктермен жаның күйіне алысушы едің! Сен, қазақ халқының мүддесіне қайшы келетін кез келген саяси бағыт-бағдарламаларға қарсы тұра алатын, ұстанған бағыты мен айқын принципінен еш айнымайтын бірбеткей һәм шындық жолынан қиыс кетпейтін, мұралы ортадан мұратты ой тапқан жан едің! Сен үшін өмірдегі басты кредо – ақиқатқа жол іздеу болатын! Содан да, барлық ортада қадірің артқан сыйлы, абыройың асқан қасииетті болдың!
Батыр тектес тұлғаңа Батырхан деген атың дөп қойылған еді. Баяғыда дауыл шешен: «Тіріде сыйласыңдар! Бір күні бір-біріңнің дауыстарыңды естімей қалатын күн туады» деген екен. Сол айтпақшы, біз үшін сенің жүзіңді енді көре алмайтын, даусыңды енді ести алмайтын күннің соншалықты ерте келгені үлкен өкініш! Айналайын, Батырханым! Асыл досым менің! Қай кезде де қазақтың басынна түскен ауыртпалыққа күйініп, қаның қарайып жүруші едің. Құдай-ай, қандай ұқсастық, мәңгілік мекеніңе жаздың аптабы жер бетін күйдіріп тұрған уақытта аттанғаныңды қарашы. Расында мұнда ұққсастық бар бар. Өйткені сен, күннен жаралған іспетті азамат едің-ау…
Бақұл бол, алтындай қимас асыл досымыз! Біз бар да, сен мәңгілік қатарымыздасың!..
Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ
жазушы
Leave a Reply