2024-09-22

Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!

Сыбайлас жемқорлық  — заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайған кеселдің бірі. Оның орасан зор нұқсаны біздің  мемлекетімізге де келтіруде.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.

Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардардың  басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

Қаратау ауданы ТЖ басқармасының  жеке құрамы   сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытып, жұмыс барысында жемқорлықтың тамырын тереңдетуіне жол бермеуде. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының жоғары деңгейде ұстау үшін апта сайын кәсіби дайындық сабақтары жүргізіледі. Сабақ барысында мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытпау, кәсіби әдептілігін арттыру бағытында лекциялар жүргізіледі. Бұл іс-шаралар қызметкерлердің жеке басының қамын ойламай, парақорлықтың  дендеуіне жол бермеуіне септігін тигізуде.

Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке ел болып атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.

Е.Тасқараев

Азаматтық қорғау майоры, Қаратау ауданы ТЖ басқармасының бастығы

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика