2024-09-20

А.Сатаев: Мұндай туристік шара – елімізге керек дүние

Газетіміздің өткен санында «Nomad Explorer» тобының ұйымдастыруымен «Оңтүстік аңыздары» туристік экспедициясы басталатыны туралы жазып едік. Жеті күнге созылатын аталған экспедицияның алғашқы сапары Жамбыл облысының қасиетті орындарынан басталып, осы апта ішіндегі саяхатын толығымен Түркістан облысының аңызға толы киелі орындарына арналмақ. Құрамына 800-ге жуық осы заманғы көшпенділерді жинаған экспедицияның өңіріміздегі алғашқы бағыты Бәйдібек ауданында орналасқан Ақмешіт үңгірінен басталды.

tories/00n.jpg» border=»0″ />

Төрт туристік автобус, жетпіске жуық жол талғамайтын көліктерден құралған мұндай туристік керуен бұрын-соңды бұл өлкеге соқты ма екен?

Ақмешіт үңгірінің ерекшелігіне таңданысын жасыра алмаған туристер қуанып жатты. Керуен ішінде осы нысанды көру үшін арнайы қатысқан кісілер де көп екен. Солардың бірі Маңғыстау өңірінің тұрғыны, құрылысшы Р.Борашов былай дейді:

– Бұл үңгір – қазақ даласының кереметтерінің бірі. Бұл жер туралы көптен бері естіп, көруді аңсап жүруші едім. Міне, бүгін соның сәті түсті. «Мың естігеннен бір көрген артық» демекші, қазір ғана ішіне кіріп шықтық. Тамаша! Қазақ деген аңызы өрілген ел ғой, жерін бассаң қурайы да сайрап шыға келеді. Талай әулиелі жерлерге сапарлап жүрміз, оның ішіндегі мына қасиетті жер ерекше екен. Ауасының өзі өзгеше әсер берді. Алдағы уақытта да талай келіп, кереметін айта жүреміз деп ойлаймын.

Экспедиция құрамында танымал кісілер көп. Арасынан түстеп танығасын киноресжиссер А.Сатаевпен амандасып, сөз сұрадық:

– Мұнда бірінші рет келіп тұрмын. Алған әсерім ерекше. Жарты жыл бұрын Ә.Нұрпейісовтің инстаграм парақшасындағы фотоларынан осы үңгір туралы мәлімет алдым. Сол кезде Ақмешіт үңгірін көруді іштей көңілге түйген ем. Ұйымдастырушы М.Сейсембаев осы экспедицияға қонақ ретінде шақырғанда қуана келістім. Жорыққа Жамбыл облысынан бері қатысып келе жатырмыз. Мұндай туристік шара – елімізге керек дүние. Өйткені, осындай бағыттар арқылы еліміздің ішкі туризмі дамиды. Бұл экономикалық жағынан да тиімді болады. Ішкі туризмді дамытуға барлығымыз қол ұшын беріп, ат салысуымыз керек. Алдағы уақытта осындай қасиетті орындарды кинокартиналарда, эпизодтарда көрсетуге болады. Біз фильмдерді негізінен Алматы облысында түсіреміз. Неге? Өйткені, ол жақтың инфрақұрылымы жақсы дамыған. 200-300 адамды күтіп алатын барлық жағдай бар. Қонақүй, асхана секілді сервистік қызмет көрсетуден бастап, барша жағдайлар қарастырылған. Болашақта бұл өңірде де осондай мүмкіндіктер қалыптасып, таспаға түсіру жұмыстары жүргізеледі деп ойлаймын. Себебі, бұл жақтың табиғаты өте көркем.

tories/00no.jpg» border=»0″ />

Үңгір алдынан  қонақтар тобын күтіп алып, гидтік қызмет көрсетіп жүрген өлкетанушы Ә.Мәуленовті де сөзге тартып едік:

– Ақмешіт үңгірінің жалпы табанының алаңы 1,4 гектар. Үңгірдің ұзындығы 162 метр, ені 5457 метр, ең биік нүктесі табанынан төбесіне 36 метрге дейін барады. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың профессоры М.Тоқанов деген кісі осы үңгірдің ауасын зерттеген. Нәтижесінде, адам ағзасына пайдалы, сергіткіш қасиеті бары анықталған.

«Оңтүстік аңыздары» туристік экспедициясы Ақмешіт үңгірінен кейін Аппақ ишан мешіт-медіресесі сәулет ескерткіші және Домалақ ана кесенесіне аялдап, маршрутын жалғастырды. Экспедицияның келесі күніндегі бағыты Қазығұрт тауының бөктерінде болды.

Қазығұрт тауы өлке қонақтарын жауыннан шашу шаша қарсы алды. Ауа райының мұндай құбылысы экспедиция қатысушыларының көңілін көтермесе, түсірген жоқ. Топ-топқа бөлінген туристер киелі тау бөктерімен жоғарыға өрлеп-түсіп, аңызға толы қасиетті мекенмен танысты. Қазығұрт ауданы әкімдігінің қонақтар үшін арнайы даярлаған жолбастаушылары өңір аңыздары топтамасын ағытты. Осылайша табиғат аясындағы серуен есте қаларлықтай өтті. Экспедицияның келесі күндердегі бағыты Отырар, Түркістан, Сауран көне қалаларына арналады.

«Қызмет — ақпарат»

Яндекс.Метрика