2024-09-21

ҚАРАҚОЗЫ АНАСЫНЫҢ ҚАЗАСЫ

Әкем айтқан әңгіме

tories/25102019-7.jpg» border=»0″ />

Менің әкем Арын Қосуақов — Кеңес Одағының Батыры Қарақозы Әбдәлиевтей асыл ағасының шынайы жоқтаушысы болған. Ағайын  ағасы қаһармандықпен қаза тапқан Украинаның Запорожье облысындағы Мелитополь қаласына арнайы  сапармен барып қайтқан. Сөйтіп, батырдың ерен  ерлік дастаны жайлы көзі тірі куәгерлердің өз аузынан естіген. Бұл жайлы республикаға танымал журналист Әбдісаттар Әліп былтыр «Қарақозы Әбдәлиев – 110» айдарымен «Қазығұрт қыранына құрмет» атты мақала жазған. (Қараңыздар: республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті, № 28-29 (35-36), 12 қазан 2018 жыл).

Әкей бізге 1928 жылы қызыл әскерлердің бай-манаптар  мен ишан-молдалардың  орынсыз қудалануы; 1931-1932 жылдардағы қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтың құрбандары; 1934-1935 жылдардағы орашолақ ұжымдастыру кезеңдері жайлы  жалықпай айтып беруші еді. Өкінішке орай, ол кісінің  ешқандай қоспасыз, боямасыз айтылған әңгімелерінің бірен-сараны ғана есте қалып,  көбісі ұмытылып кеткен. Сондай есте  қалған жайттардың бірі Қарақозы атамыздың анасы — Шыныкүлдің қайғылы қазасы туралы болатын. Енді  соны Сіздерге әкемнің атынан баяндап берейін.

— Қазығұрт өңіріндегі Талдыбұлақ ұжымдық шаруашылығы  құрылғаннан кейін ауылда  кооператив ашылады. Төлебай Құрымбаев бастаған үш-төрт  арбакеш жігіттер күн шықпай ат-арбаларына бидай артып алып Шымкентке жол жүріп кететін. Кешке қарай  ұн, шай, май, қант, сабын секілді заттарды арбаларына тиеп алып, ауылға оралатын. Екі жігіт  қиналып арбаға әрең артып түсіретін 50-60 келілік қаптарды Шыныкүл апамыз бір өзі оп-оңай артып түсіре беруші еді. Ол апамыздың қолы  қарулы болатын. Ал  ерттегенде тартпаның тартуына шыдай алмаған аттар  тыпыршып кететін.

Ұжымшардың басы артық қой-ешкісін бағу  міндетін Шыныкүл  апа өз мойнына алады.  Ұсақ малды Талдыбұлақтан екі шақырымдай қашықтықтағы Қызсиген сайы мен Қаратас  төбесінде жаз бойы бағып, алғашқы қар  түскенде  мал қораға қамайтын. Міне, сол қоңыр күздің салқыны түсіп, алғашқы жауын басталған кез. Бүгін-ертең  қой-ешкіні  ауылға  түсіремін деп жүргенде жаңбырлы түні  қойға  үйірлі қасқыр шабады. Шыныкүл апамыз қолына  таяқ алып, қасқырларды қуып, дүрліккен қойларды  үйірмек болып барынша жанталасады. Апаның айқайы  мен қолындағы таяғы  құтырған  қасқырларға әсер етуші ме еді? Ол қою қараңғылықта,  жаңбырлы түнекте, жанұшыра түз тағыларына  айбат көрсете жүріп өзінің қара тастың ернеуіне таянғанын сезбей қалған.  Шыныкүл апаның аяғы тайғанақ су тастан тайып кетіп, биіктігі жиырма метрдей келетін жартастың түбіне ұшып кетіп, мерт болады.

Таң ата жаңбыр тоқтап, аспан шайдай ашылады. Оқиға орын алған жерге  жерге келген біз: Әлтай, Бөбей, үшеуміз сұмдықтың куәгері болдық. Қасқырлар тартып, әр жерде теңкиіп-теңкиіп  жатқан жүзшақты қой.  Ал апамызды  іздеп  құз түбінен  мерт болып  жатқан жерінен бір-ақ таптық. Жабылып жүріп апаның денесін құздан әзер шығарып алдық. Ауыл тұрғындарымен бірге  жерлеу рәсімін өткіздік. Сөйтіп, оқыс оқиға орын алған жерден онша қашық емес  мазаратқа апамызды жер қойнына тапсырдық.

Ақын да, батыр да, ғалым да, дана да анадан туады. Осындай жүрегінің түгі бар  анадан туылған Қарақозы ауыл жастарының көшбасшысы болатын.  Сұрапыл соғыста да алдыңғы шепте жүрген. Сөйтіп, ерен ерліктің жарқын үлгісін көрсете білген. Біз батыр атамыздың есімін  қашанда мерей-мақтаныш тұтамыз!

Әбілхайыр ҚОСУАҚОВ,

теолог-ғалым, Шымкент қаласы

Яндекс.Метрика