2024-09-20

«Оңтүстік аңыздары» экспедициясы Сауранда қорытындыланды

Өңірімізде өтіп жатқан жылдың ең үлкен туристік іс-шарасы – «Nomad Explorer» компаниясының Жамбыл және Түркістан облыстарына арнаған 7 күндік «Оңтүстік аңыздары» туристік экспедициясы саяхаттары жайында газетіміздің оқырмандарын тұрақты хабардар етуге тырысып келеміз. Ішкі туризмді насихаттауға бағытталған бұл туристік экспедицияға жергілікті әкімдіктер де белсене қолдау білдіріп, мүмкіндігінше жәрдемдесіп, мүдделік танытты.

tories/0ar.jpg» border=»0″ />

Мәселен, Бәйдібек, Қазығұрт, Төлеби, Отырар аудандарының әкімдіктері экспедиция бағыттарына сәйкес өз территорияларындағы туристік нысандар аумақтарында гидтік қызмет, жұмсақ инфрақұрылым (ауыз су, әжетхана, сілтеуіш белгілер, т.б.) қамтамасыз етуді мойнына алса, Кентау қалалық әкімдігі аталған қызметпен қоса, туристер лагерлер аумақтарында қоғамдық бақылау (ішкі істер, жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметтері), қолөнер шеберлері көрмесі, ұлттар асханасы, электрмен қамту секілді жұмыстарды қоса қамтыған. Сондықтан, бұл іс-шараның атқару басы-қасында жергілікті әкімдіктердің де орны ерекше болды.

Түркістан облысы, көне Сауран қаласы аумағында «Оңтүстік аңыздары» республикалық туристік экспедициясының қорытынды күні әрі жабылу салтанаты өтті. Жалпы, экспедиция мүшелері 22-26 сәуір аралығында Ақмешіт үңгірі, Домалақ ана кесенесі, Аппақ ишан мешіті, Қазығұрт тауы, Ақбура әулие кесенесі, Ғайып ерен Қырық шілтен, Қажымұқан мұражайы, Отырар көне қаласы, Арыстан баб кесенесі, Үкаша ата, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сауран көне қаласы және өзге де тарихи орындарды аралап, өңірдің таңғажайып тарихи және табиғи нысандарымен танысты. Бұл экспедицияға әртүрлі сала өкілдерінен еліміздің ең танымал тұлғалары: кәсіпкерлік, бизнес, мәдениет және зиялы қауым өкілдері, отандық шоу-бизнес жұлдыздары, туризм мамандары, саясаткерлер, ақпарат саласының өкілдері және өзге де сала өкілдерінен құралған барлығы 700-ден астам адам қатысты. Экспедициямен еліміздің өңірлерінен бөлек, шетелдерден де қонақтар келді. Айтулы саяхатқа Түркістан облысы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы, «Түркістан» ақпараттық-туристік орталығы мамандары да көп қолдау көрсетті. Экспедиция сапарын қорытындылау күніне арнап тарихы тереңде жатқан Сауран көне қаласы маңында «BI-Group» холдингі арнайы жазғы сахна құрып, облыстық мәдениет басқармасы тиісті жабдықтармен жабдықтады. Мұнда Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Тайқазан» гастрономиялық фестивалі ұйымдастырылып, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы іс-шаралар, ұлттық ойындар: көкпар, садақ ату және өзге де спорт түрлерінен сайыстар өтті. Ал әншілер қазақтың халық әндерін шырқады.

tories/0arr.jpg» border=»0″ />

Саяхатшы қауым тарихы тереңде жатқан Сауран қалашығын аралап, шежіресімен танысты. Сонау орта ғасырларда салынған қамал қабырғаларының биіктігі кей жерлерде 3-6 метрге дейін жетеді. Бұл ескерткіш республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіліміне енген.

Саурандағы арнайы әзірленген сахнада таңнан кешке дейін мәдени-концерттік бағдарламалар толастаған жоқ. Жиынға Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы қатысып, Түркістан облысының туристік әлеуеті мол екенін айта келіп, экспедиция жетекшісі М.Сейсембаевқа қызықты өткен «Оңтүстік аңыздары» туристік экспедициясы үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, «BI Group» холдингінің басшысы Айдын Рахымбаев көпшілікке «Уақытты тиімді пайдалану және табысқа жету құпиялары» тақырыбында шағын тренинг өткізіп, концерттік кеш соңы шырқалған қазақтың дәстүрлі әндері мен шертілген күйлері асқақтаған «The Soul of Nomad» («Көшпелілер рухы») атты этно-музыка фестивалімен түйінделді.

«Қызмет — ақпарат»

 

Яндекс.Метрика