2024-07-27

МЕМҚЫЗМЕТШІНІҢ ӘДЕБІ ТУРАЛЫ ТІС ЖАРМАДЫҚ…

tories/001kalima.jpg» border=»0″ />

Қоғам болған соң сан түрлі мәселелер орын алып жататыны заңды құбылыс. Міне, сондай сәттерде көптеген күрделі мәселелер халық пен әкімдік арасында орнаған жанды байланыс арқылы шешіліп жатады. Белгілі бір мәселемен, не болмаса басқа да қажеттілікпен әкімшілікке барсаңыз кей адамдарға сөйлеуге қорқасыз. Мойындау керек, халық арасында мұндай да пікір бар. Рас, есігін қағып, кеңсесінен кірген азаматыңыз қабағы қатулы, алдындағы қағаздарына шұқшия қарап отырса сөйлеуге именіп тұрасыз. Мұндай қызметшілердің кездесетінін де жасыра алмаймыз.

Ал бүгінгі менің кейіпкерімнің жүзінен салқындықтың ізін де таба алмайсыз, мұндай жерде дөрекілік туралы айтудың өзі артық. Кей адамдар болады жан-жағына шуағын шашып, көмек қолын созуға тырысып, өзінің қолынан келмейтін іс болса сол іске жауапты жанның кім екенін, қайда отыратынын тәптіштеп түсіндіріп айтып беріп жататын. Мұндай адамдарды іштей жақсы көріп, ризашылығыңды білдіріп тұрасың. Сондай жылышырайлы жанның бірін мен мемлекеттік мекемеден жолықтырдым.Есімі Қалимаш. Ұшырасқаннан-ақ керемет бір жылулықты сезінесіз. Бірден сеніміңізге кіргендіктен ойыңызды, сұрағыңызды именбей айтып, жауапты да сабырмен ала аласыз. Дегбірсіздік деген өзінен-өзі ғайып болады. Сапарбекова Қалимаш Қалдыгөзқызы Абай ауданы әкімі аппаратына қарасты «Жаңаталап» аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы қызметін атқарады. Мемқызметші ғана емес, әңгімелесе түссеңіз сырласыңызға айналады.

Қазақта әр адам туған жердің топырағына тартады деген пайым бар. Қалимаш Қалдыгөзқызы туылған топырақ та қасиетті, киелі саналатын жер. Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Қасқасу ауылында 1962 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. Бүгінде аяулы ана, ардақты әже атанған ол мемлекеттік қызметтің ауыр жауапкершілігінен қашпай, сүбелі еңбек етіп келеді.

Негізгі мамандығы экономист, еңбек жолын оңтүстіктегі «Шымкент құс» фабрикасында экономист болып бастаған. Мемлекеттік қызметке келген кезін Қалимаш апай былай еске алады: «Шымкент құс» фабрикасынан ана атанып, бала күтіміндегі демалысқа шықтым. Ел экономикасы тығырыққа тірелген жылдар болды ғой. Сол кездегі фабриканың жағдайы, жұмыс барысына қарай мені ақысыз демалысқа шығарды.

«Жаңаталап» ауылдық округі әкім аппараты бос тұрған жұмыс орнына жоғары білімі бар, мемқызметші болуға лайықты адамды сол ауылдан іздеп жатыр екен. Оның себебі де белгілі, ауыл мәселесін сол ауыл тұрғындары өте жақсы біледі, әрі түсініп, халықпен де тез тіл табысы алады емес пе?! Бұл 2004 жыл болатын. Мемлекетке қызмет етудің жауапкершілігі зор, міндеті салмақты екенін түсіндім. Қолымнан келетініне сенімім де болды. Өз ойымды айтып жолдасымнан рұқсат сұрап көрдім. Ол келісімін берді. Содан жұмысқа кірісіп, мемлекеттік қызметтің мектебінен өтуді бастадым. Әрине, оңай болған жоқ, бастапқыда қиыншылықтар да кездесті, бірақ, бәрін тез үйреніп, тез алып кетуге бар мүмкіндігімді салып тырыстым. Ол кезде «Жаңаталап» Шымкент қаласына қосылмаған болатын» деп Қалимаш Қалдыгөзқызы алғашқы жұмыс жылдарын асқан бір жылулықпен еске алады.

Бүгінде төрт перзент тәрбиелеп өсіріп, әже атанған аяулы жанның мемқызметшінің уақыт та, күй де талғай қоймайтын жұмысын отбасының сан тараулы тіршілігін қалай қатар алып жүргені, барлығына қалай үлгергені жайлы сұрағанымызда: «Басында барлығы қиын болды десем өтірік айтпағаным. Балалар да жас болды, жұмыс та ауқымды еді. Сондықтан оңай болған жоқ. Бұл жұмыстың қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Негізі мемлекеттік мекемедегі қызметте оның көзге көрінбейтін көп қырларын түсініп, соған шыдамдылық таныта білген адам ғана қалады. Себебі, жұмыс өз алдына, артылар жауапкершіліктің үдесінен шығу, тұрғындармен дұрыс байланыс орнату өз алдына бір күрделі дүние, осының бәрін меңгеру оңай емес. Оның үстіне бұл қызметтің әйел адамға екі есе артар жүгі бар. Сіз тек мемлекеттік қызметші ғана емес, өзіңіздің отбасы атты кішкентай мемлекетіңіздің де жұмысын ақсатпай қатар алып жүруіңіз керексіз. Елдің алдында жүрген соң сені үлгі тұтатындар болады. Инедей кемшілігіңнің түйедей болатынын да естен шығармау керек. Осы тұрғыдан алғанда менде кез-келген отбасылы әйел бетпе-бет келетін қиындықтарға мені де тап болғаным рас. Абырой болғанда сол сынақтың бәрінен өттік, мемлекеттік қызметтен кетпегенімізге қарағанда шыдамдылық таныттық деп ойлаймын. Қазір бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай жеңіл, бүгінде екі келінім бар. Кішкентай мемлекетіміздің тіршілігін жүргізіп отыратын адам бар,қазір үйге көп алаңдай қоймаймын» дейді кейіпкеріміз ағынан жарыла.

Халықпен жұмыс жүргізу бөлімі дегеніңіз негізі кез-келген мәселемен есігіңізді қағып тұрғындар келе беретін жұмысы күнде көбеймесе кемімейтін «тынымсыз» бөлім болып саналады. Мұны мен мемлекеттік қызметші тақырыбын кеңінен ашып жазып келе жатқан тәжрибемнен білемін. Мейлі әкімшілікке қатысты мәселе болсын, болмасын тұрғындар толғандырған мәселелерін ең алдымен осында келіп айтады. Ақпарат алып, қандай мекемеге, кімге бару керектігінен хабардар болып жағдайға қаныққаннан соң барып, ары қарай тиісті мамандарға жол салады. Қала вокзалдан басталады демекші, әкімдіктің қызметі осы халықпен жұмыс істеу бөліміне басталады. Ал, келушілердің бәрін сауатты, сабырлы, шыдамды деп айта алмаймыз. Сол себепті де бұл бөлімде жұмыс істеу үшін ең алдымен сабырлылық, біліктілік, білімділік, сондай-ақ жақсы психолог бола білу керек. Өйткені, біреу мұңын айтып келеді, оны да тыңдап сабасына түсіру керек. Ал, біреу көптің жырын айтып келеді, оған дұрыс жөн сілтеу керек. Келіспеушіліктер де болады, ашуға да ерік беріледі, ондайда «арбаны да сындырмай, өгізді өлтірмей» жан-жақты түсінікті тілді бәрін түсіндіріп, жеткізіп, толыққанды ақпарат беріп, ашуға берілмей жұмыс істеу керек. Қалимаш апайдың бойынан осы қиыншылыққа төтеп беріп алдын алатын мінездің барлығын табуға, көруге болады екен.

Мен жанында отырған аз уақыттың ішінде алдына келгендердің барлығына қандай көңіл күйде келгеніне қарамастан, көңілін тауып, дұрыс бағыт-бағдар беріп, бітіру керек жұмысы болса тындырып, болмаса қағазына түртіп жазып алып, ризалықтарын алып, шығарып салды. Қарап отырып риза болдым.

Ол осыдан тура он үш жыл бұрын мемлекеттік қызметшілікке келіпті. Содан бері аянбай еңбек етіп келеді. Он үш жылда мемлекет пен қоғамды байланыстырушы тұлға ретінде қалыптасып қалғанына да куә болдық.

Шымкенттің аумағы кеңейіп, жаңа шекарасы бекітілгені белгілі. Осы орайда Сайрам ауданынан «Жаңаталап» елдімекені де қала аумағына кірді. Елдімекен Сайрам ауданына қарасты болған кезден бастап сондағы әкімдікте қызмет еткен Қалимаш апайларға оңай болған жоқ. Қалаға кірген соң жұмыс бағыты да, мазмұны да өзгерді. Алғашқыда оңай болған жоқ, уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келді.

«2014 жылы наурызда біздің әкімшілік аумағы Сайрам ауданынан Шымкент қаласына енді. 1 сәуірден бастап қалаға өту процессі басталды. Жұмыссыз қалып кететіндей жағдайлар да орын алды. Алайда, Шымкент қаласы әкімдігі бұл жағдайда сол күйінде қалдырмай, қаншама жылдық еңбегімізді елеп, қайтадан тест тапсыруға мүмкіндік берді. Білім деңгейіміз қайта бір сараланып, тексеріп, жұмысқа қайта қабылдандық. Мен осы халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы болып жұмысқа кірістім.

Қалаға кіргелі міне, үш жылдан аса уақыт болды жаңа жұмыс жүйесіне үйрендік. Қаланың да тәртібін үйреніп, талабына сай болу үшін өзімізбен жұмыс жүргізіп, жұмыс барысына икемделіп қалдық. Аудан мен қаланы салыстыруға болмайды. Біз ауданнан қалаға енген кезде қаншама мәселелер болды шешімін таппаған. Су жоқ, газ жоқ ауылдар болды. Инфрақұрылым саласында көптеген мәселелер болды. Халықпен жұмыс істеу бөлімі болған соң барлық арыз-шағым осында түседі. Соның барлығын рет-ретімен шешіп, құжаттап, халықпен жұмыс жүргізіп, көтеріліп отырған мәселелердің орындысын анықтап, оң шешімін табуына қолқабыс еттік. Бұл мәселенің бәрі шешілді деген сөз емес. Әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Бірақ бірте-бірте шешімін табатынына сенемін, жұмыс жүйелі болған соң бәрі орнына келеді, тіркелген нәрсе назардан тыс қалмайды. Халықтың мәселесі біздің мәселеміз, оны шешу, тиісті орындарға жеткізу, хабардар еті тікелей біздің қызметтік міндетіміз. Халық біздің мектебіміз, үйренетініміз көп».

Осыны айтқан Қалимаш апай мына жағдайды да мысал үшін айта кетейін деп тоқталды: «Осы жақында ғана Игілік ауылының тұрғындарынан шағым түсті. Шағымда айтылғандай ауылда Алдабек Майлыбаев көшесінде азаматтық некеде тұратын ерлі-зайыптылар үйлеріне үздіксіз қоқыс тасиды екен. Көршілерден түскен арыз бойынша барып көргеніміз осы болды.Бұл жұмысқа да бірнеше күніміз кетті. Барамыз есіктерін ашпайды, қатарынан бірнеше күн бойы барып жүріп, әрең дегенде есіктерін аштырдық.оқыстардан шыққан ащы иіс қолқаңды қабады, үй адам тұратын жерге ұқсамайды. Ол аздай сол қоқыс жиналған үйде бес ит асырайды екен».

Ит аулайтын мекемеден адамдар шақыртып, төртеуін алып кетті. Ал жиналған қоқысты бес жүк артатын көлікке тиеп екі-үш күн дегенде әрең тазалап біттік. Міне, осындай да жайттар кездесіп тұрады біздің жұмыс барысында.Осы он үш жылдық жұмыс тәжрибемде бірінші рет осындай жайтпен бетпе-бет келдім. Бұл жағдай денсаулықтағы ақаулықтың салдарынан деп те айтып жатыр. Бірақ, қоғамға қауіп төндіретін кез-келген мәселе шешілуге тиіс.

Мемлекеттік қызметші де әскерилер, дәрігерлер сияқты ант қабылдайды. Онда елге, халыққа, мемлекетке адал қызмет етуге ант бересіз. Мен де сол антты қабылдадым. Сондықтан да антқа адал болуға барынша тырысамын» деп сөзін түйіндеді біздің кейіпкеріміз. Біз оның антына адал екеніне сендік.

Қалимаш апайдың бойынан байқалған тағы бір жақсы қасиет, мерзімдік басылымдарды жібермей оқиды екен. Жұмыс үстелінде елімізден шығатын басылымдардың түр-түрі жатты. Журналдар, газеттер. Беттері парақталған, тіпті кейбір беттері арнайы белгіленіп қойылған. Бәрін оқисыз ба, уақытыңыз жете ме деген сұрағымызға мүмкіндігінше қарап оқып шығамын, жұмысыма, отбасына, бала тәрбиесіне керек-ау дегендерін түртіп аламын деп жауап берді. Жасым елуден асты, жастарға бас болып, білгенімді үйретіп жүрген жайым бар, бірақ, олардан да үйренетінім де көп дейді, бас маман.

Қалимаш Қалдыгөзқызы биылғы маусым айындағы мемқызметшілердің төл мерекесінде Шымкент қаласы әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымовтың алғыс хатына ие болды. Ол қарапайым, келген адамды бірден баурап алатын қасиеті бар. Бұл мемқызметшіге өте керек қасиет. Бұл жолы біз мемқызметшінің әдебі туралы тіс жармадық. Өйткені, маған Қалимаш Қалдыгөзқызы мемқызметші әдебін анасының құрсағында бойына сіңіріп дүниеге келгендей көрінді.

Н. БАЗАРБАЙ.

Яндекс.Метрика