2024-07-27

«МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ ЕЛ ДЕГЕНДЕ ЕМІРЕНІП, ЖҰРТ ДЕГЕНДЕ ЖҮГІНІП ҚЫЗМЕТ ЕТУІ ТИІС»

Мақсат Жолдасбеков, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары:

«Мемлекеттік қызметші ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет етуі тиіс»

Қаратау ауданы Шымкент қаласындағы ең жас аудан. Құрылғанына екі жыл енді болады.Соған қарамастан жаңа аудан қаланың стратегиялық дамуына ерекше әсер етуде. Облыс орталығының іргесіндегі ауыл тұрғындары қалалық атанып әкімдіктің құжаттандыру процесі жедел әрі басқа аудандармен салыстырғанда ірі көлемде жүргізіліп жатыр. Осы орайда ауылдан қалаға қосылған аумақтың тұрмыстық мәселелері қалай шешімін табуда деген сұрақ өзінен-өзі туындауы мүмкін. Сол себепті де Қаратау ауданы әкімінің тұрмыстық шаруашылық бойынша әкімнің орынбасары Мақсат Жолдасбековпен жолығуды жөн көрдік.

Біз де осы елдің азаматымыз, біз де бір елдімекеннің тұрғынымыз жұмыс мәселесімен болсын, жеке басымызға қатысты болсын жергілікті әкімдік есігін қағатын кезіміз болады. Жадымызда кеңсесінде сықиып отырып, мәселенді сөзбұйдаға салып, кабинеттен кабинетке жүгіртетін кейбр басшылардың бейнесі бары да рас. Одан бері мемлекеттік қызметте түрлі реформалардың жүргізіліп жатқанынан да хабардармыз. Ұлт жоспары атанған 5 реформа, 100 қадамның өзінде басты қадамдар кәсіби мемлекеттік басқаруды құруға арналады. Мемлекеттік қызметшілерге қойылып отырған талап та жоғары. Осындай ойлармен әкім орынбасарының кабинетіне бас сұқтық. Жұмысбастылығына бірер апта куә болғанбыз сол себепті де бетпе-бет жүздесудің сәті түспеген. Қабылдауы жылы болды. Әкім орынбасарының Қаратау аумағына енетін әр ауылдың тіршілігімен, мұң-мұқтажымен таныстығы, сауалдарға қайтарған жауаптарынан аңғарылып тұрды. Ол кабинетіндегі аудан аумағының картасын, компьютердегі аудан картасын аша отырып, атқарылып жатқан істер жөнінде ,алдағы жұмыс жоспары жайында кеңінен толғады. Біз бұл жолы кабинетте ұзақ отырғаннан гөрі халықпен етене араласқанды жөн санайтын қызметкердің болмысын көрдік.

-Мақсат мырза, Бас жоспарға сәйкес Ордабасы, Сайрам және Төлеби аудандарының қалаға іргелес жатқан 40 елдімекен және сондағы 150 мыңға жуық халық қала құрамына кірді. Шаһар аумағының ауданы 117 мың гектар жерге ұлғайтылды. Мұның бәрі айтуға оңай болғанымен қыруар жұмысты талап етеді. Жүйе-жүйесімен таратып айта отырсаңыз

      Алдымен тарихынан бастайын. Қаратау атауы – қазаққа қасиетті саналған Қаратау тау жотасының атымен аталған. Бұлай атауды сол кездері ауданға атау беру туралы өткен қоғамдық талқылауда жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерi Мархабат Байғұт ағамыз ұсынған болатын. Бұл ұсыныс қолдау тауып, ауданымыз тарихы терең Қаратау тауларының атымен аталды.

Аудан – Шымкент қаласы әкімдігінің 2014 жылғы 7 қазандағы №2143 және Шымкент қалалық мәслихатының 2014 жылғы 7 қазандағы №41/283-5с «Шымкент қаласында төртінші ауданды құру және қала аудандарының шекараларын белгілеу туралы» бірлескен қаулысы мен шешіміне сәйкес құрылған. Аумағы 32256 га құраса, аудан көлемінде 213 мыңнан астам халық тұрады, 17 шағын аудан мен 13 тұрғын алабтар енген.

-Өзіңіз тұрмыстық мәселеге жауапты лауазымды тұлғасыз. Бүгінде ауданда ең күрделі мәселенің бірі – ауызсу болып тұр. Суды әлі де тасып ішетін, таза суға қолы жетпей отырған аймақтар да бар. Сол аймақтар таза сумен қашан толық қамтамасыз етіледі?

-Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымов аудандағы барлық әлеуметтік мәселелерді өзі жүріп көріп шығып, бұл мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бойынша 2016-2018 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспарын бекітті. Осы жоспарға сәйкес, Қаратау ауданы бойынша ауыз су мәселесін шешу мақсатында бірнеше елді мекендерде құрылыс жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда: Нұртас, Сайрам, Ақжайық, Қайтпас, Мирас ,Қайнарбұлақ шағын аудандарын сапалы ауыз сумен толық қамту жүргізілді. Бірқатар шағын аудан тұрғындары сапалы ауыз суды тұтынып отырса, кейбір тұрғын алабтарда абоненттеу жұмыстары жасалуда. Қазіргі таңда тұрғындарды ауыз су жүйесіне қосу бойынша әр апта сайын тұрғындардың қатысуымен штаб отырысы өткізіліп, туындаған мәселелер дер кезінде шешімін тауып келеді. Ал, аудан көлемінде осы жұмыстар атқарылып, аяқталуына орай жалпы тұрғындардың 89 % тәулік бойы, кесте бойынша 5 % пайызы, 6 % тасымалдау немесе ұңғыма арқылы ауыз сумен қамтылатын болады.

Ұңғыма және тасымалдау арқылы ауыз су ішіп отырған елді мекендер жоғарыда атап кеткен Қаратау ауданындағы туындаған өзекті мәселелерді шешу бойынша 2016-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына енгізіліп, биылғы жылы жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Келесі жылы құрылыс жұмыстарына қаржы бөлу мәселесі өз шешімін табады деген ойдамыз.

-Штаб отырыстарына аудан тұрғындарының қатысуы әкімдік жұмысының ашықтығын, мемқызметшілердің қызметінің сапасының дұрыстығын көрсетеді. Тұрғындар тілі-тілегін жеткізе кетейін. Елдімекендер арасында қоғамдық көліктердің қатынауы толықтай дерлік шешілмеген. Қалаға жұмысқа, мектепке қатынайтын балалар көліктің тапшылығын сезінуде. Мысалы, Қаражол аумағындағы Ұ.Арғынбеков көшесінің бойымен автобус жүрмейді. Халық саны біршама. Ол тұрғындар Қаражол бойынан екі-үш аялдама жаяу жүруге мәжбүр. Қаланың шеті де емес. Нұрсат мөлтекауданына жапсарлас қонған сол аймаққа Нұрсәтке қатынайтын автобустардың жүруін қамтамасыз етуге болмайды ма?

-Жол қатынасына келетін болсақ, 2017 жылдан бастап жаңа мемлекеттік автопарк жұмысқа қосылмақ. Бұл автопарк жаңа өзіңіз айтып отырған халықтың мұқтаждығына орай көлік қатынасын реттеп, жаңа бағыттарға көліктердің қатынауын қамтамасыз етпекші. Біздің аумақ бойынша жол мәселесінде қиындық туындаған аймақтар Шапырашты, Өтеміс, Азат сынды елді мекендер. Бүгінде қалалық көлік және автомобиль жолдары бөлімімен бірлесіп рейд жасап, тиісті шағын аудандарға қатынайтын автобус компанияларының жұмысында жіберген кемшіліктері бойынша шаралар көрілді. Жұмыс ретке келтірілді. Ал, Арғынбеков көшесінің бойына автобус жүргізу мәселесі қаралуда. Астана даңғылының ашылуына байланысты жаңа бағыттар іске қосылады деп күтілуде.

-Аудан бойынша газбен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешімін табуда? Мәселен, жаңа үйге кірген тұрғындар газ тартуда жекеменшік газ секторларына жүгінеді. Оның құнын халықтың барлығының қалтасы көтермейді. Халық шығынданып барып жеке меншік газ енгізеді, мемлекеттік газ бір-екі жылдан кейін келеді. Жарықта да сол мәселе туындауда. Осы жайында пікіріңіз қандай?

-Әрине, бұл мәселелерден хабардармыз. Қолымызда нақтылай мәліметтер бар. Жарықпен қамту бойынша жекеменшік трансформатормен отырған халық -46 пайызды қамтиды, сәйкесінше халықтың 54 пайызы сапалы электр энергиясын тұтынуда. Биылғы жылы 4 елді- мекенде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Осы құрылыстар аяқталуына қарай ауданымыздың 80 пайызы сапалы электр қуатын пайдаланатын болады. Ал, қалған 20 пайыз аудан тұрғындарын сапалы жарықпен қамту бойынша жоспарға сәйкес 2018 жылға дейін тиісті жұмыстар қолға алынады.

Табиғи газ меселесіне келер болсақ, ауданның 67% тұрғыны газбен қамтылған, 33 %-да газ құбыры жүргізілмеген. Биылғы жылы жоспар бойынша Ақжайық, Таскен, Мирас мөлтекаудандары газбен қамтылып отыр. Газбен қамтылмаған аумақтар негізі аудандағы жаңа құрылыс аумақтарын құрайды. Ал, Қайнарбұлақ саяжайының көшелері өте тар. 2-2.5 метр болғандықтан, газ жүйесін жүргізу қиындық туындатады. Дегенмен, газды жер асты емес үстімен жүргізу жоспарланған.

-Көше тарлығы туралы айтып отырсыз, сөзіңізден байқағанымыз бұл да өзекті мәселе. Соған қарамастан жаңа салынған үйлердің иелері үй жанындағы бос алаңшаларды да қосып қоршап алу жағдайлары бар. Көше тарылып, кей көшелерден көлік түгілі адам өте алмайтындай тұйықталған. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?

-Қаратау ауданы бойынша көшелерді қоршап алған фактілер әзірге орын алған жоқ. Дегенмен, Таскен тұрғын алабында бір тұрғын шағымданды. Тиеселі жерінің төрт жағы да тұйықталып, баратын жол қалмаған екен. Осы келеңсіздік бойынша тиісті сала қызметкерлерімен бірлесіп жұмыстар жүргіздік. Қазір мәселе Қаратау аудандық сотының қарауында жатыр.

-Жүргізіліп жатқан жұмыстар аз емес, мәселелер рет-ретімен шешіліп жатыр, десе де, қала құрамына қосылған елді мекенге қатысты әлі де шешімін табуы тиіс мәселелер жеткілікті. Соларды атап айтсаңыз.

-Қала аумағына енген шағын аудандар мен тұрғын алабтардың негізгі мәселелері ол – өмір сүруге қолайлы жағдайды қалыптастыру. Яғни, электр жарығы, ауыз су, табиғи газ, жол салу және мектеп құрылысын жүргізу мәселелері. Аудандағы туындаған өзекті мәселелерді шешу бойынша 2016-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Сол жоспар негізінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Яғни осы жылдар аралығында аудандағы коммунальдық мәселелермен қоса мектеп, емхана сынды әлеуметтік нысандар салу жоспарланып отыр. Биылғы жылдың өзінде 81 көшеге асфальт төселетін болады. Барлық әлеуметтік нысандарға баратын жол жиектеріне аяқжолдар салынды. Бала санының артуына орай, Қайнарбұлақ, Достық, Ақжайық, Сайрам тұрғын алабтарында мектеп құрылыстары жүргізілуде. Ал, Нұрсәт, Таскен мөлтекаудандарына алдағы жылы жаңа мектеп салынатын болады.

-Жұмыстар жүріп жатыр. Осы жұмыстарды үйлестіруші де, ұйымдастырушы да, халықпен етене жұмыс істеуші де мемлекеттік қызметшілер. Олардың бейнесін атқарған жұмыстары қалыптастырады. Қазір біз соған куә болып отырмыз. Мемлекеттік қызметкер қандай қасиеттерге ие болуы тиіс деп ойлайсыз? Сіздің ойыңызды білсек…

-Мемлекеттік қызметкер халықпен етене жұмыс жасауы тиіс. Рухани жағынан да бай, ұлттық дәстүрімізді құрмет ететін азаматтар мемлекеттік қызметте көп болса нұр үстіне нұр болар еді. Бауыржан Момышұлы айтқандай мемлекеттік қызметші «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет етуі» тиіс. Ал, мен жаңа іс бастарда үнемі жазушы М.Әуезовтің мына қанатты сөзін қайталаймын .

-Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек.

Әкім орынбасары әңгімесін осылай түйіндеді. Оның ұлт жайында, тәрбие жөнінде өзіндік пікірі бар. Елді тәрбиелейтін Зередей әжелер тәлімі мен Ұлжандай аналардың тәрбиесінің қоғамға қажеттігі туралы толғанады. Ел аналарының даналығына тәнті болады. Зейнеп Ахметованың дәстүр жайындағы ойларын оқып отырып, осындай аналарымыз көп болса, келешек ұрпақтың болашағы кемел болатынына сенемін дейді. Оның рухани дүниесі де бай, ізденісі де ілкімді екені ісінен аңғарылып тұрды. Біз іздеп жүрген мемлекеттік қызметшінің бір бейнесі осындай.

Зылиха Жантасова

Яндекс.Метрика