2024-07-27

«Shymkent Bike» велосипедтерін жалға алушылар көбейген

Шымкентте көлік кептелісі көп-ақ. Сондықтан болар,  «Shymkent Bike»-әлеуметтік жобасы іске қосылған. Яғни автомобиль мен қоғамдық көлікті алмастыратын балама.   2020 жылы 1-қыркүйектен бастап,  аталған жоба қайта жанданған.  Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес велосипедтерді жалға беретін 40 станция өз жұмысын бастады. Аталған қырық станцияда 160 велосипед бар.

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі Мұхтар Қоқанбаев велостанциялардың бүгінгі жағдайы туралы жасырмай айтып берді.

«Shymkent Bike –әлеуметтік жоба. Басты мақсаты қала тұрғындары мен қонақтарын барынша альтернативті , арзан көлікпен қамтамасыз ету. Яғни бұл жерде жылдық, алты, үш айлық абономенттер бар. Бір жылдық абономенті — 10 мың теңге тұрады. Өзім де соның белсенді пайдаланушысымын. Өйткені мен екі бөлмелі пәтерде тұрам, велосипед сатып алғанның өзінде қоятын жерім жоқ. Ал мынау қалаған кезде алдың, пайдаландың, қойып кеттің. Оны бір жаққа қалдырып кетіп, уайымдап жүрудің қажеттілігі жоқ»-деп бастады сөзін. 

Басқарма өкілінің айтуынша «Shymkent Bike. kz» сайты жобаның айнасына айналған. Қарап отырса, белсенді станциялар мен тоқтап тұрғандарының ақпаратын көруге болады.

«Яғни, басқарма тарапынан көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын білесіздер. Соның бірі Бәйдібек би мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы.  Маңындағы бір станция орнынан алынды.  Бір велосипедтік станцияны алғанымен өзге аймаққа орнату сұранысы тұрады. Дәл осы станция Төлеметов пен Өтегенов көшесінің қиылысына қойылды. Аумақта көпқабатты үй өте көп. Тұрғындардың өтініші аясында орнатып бердік. Бүгінгі күні сол аумақтың тұрғындары белсенді пайдалануда. Статистикаға сүйенетін болсам, велобайкты 2500-ге жуық адам пайдаланады. Оның алпыс пайызы студенттер мен зейнеткерлер, және үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі болса да жұмысқа жарамды жандар».

Велостанциялар  барынша веложолақтары бар көшелердің бойына және адам көп баратын нүктелерге орналастырылады.  Ең үлкен артықшылығы — ақшаны үнемдеу. Егер велосипедті жарты сағаттан артық пайдаланбасаңыз, қаржыңыз қала береді. Яғни, минутқа қарап, келесі станциядан өзгесін мініп кете беруге болады. «Өзім  қалада мініп жүргеннен кейін, пайдаланушылардың да көп екенін көріп жүрмін. Биылдың өзінде  адамдардың жалға алған уақыты -157 мың минут. Алған велосипедтердің жүрген қашықтығы 17 мың километр. Бұл көрсеткіш өткен жылы 55 мың шақырымды құрады. Биыл да бұл көрсеткіштен кем болмаймыз, өйткені қалада көлік кептелісі өте көп. Адамдар альтернативіне көшіп жатыр»-деп қосты Мұхтар Қоқанбаев.

 

 

Бұл әлеуметтік жобаның қасында, коммерциялық түрі де бар. Ол – электросамокатты жалға алу жобасы.  Қаланың алпыс нүктесінде 800-ге жуық самокат орналасқан станция бар. Велосипедтерден кемшілігі, жалға ала салысымен ақшасы төленуі керек. Яғни велобайктағыдай жарты сағат тегін деген жоқ.  Самакаттың бір минуты — 30 теңге. Бес минут мінген адам 150 теңге төлеуге тура келеді.

 

 

Яндекс.Метрика