Биылғы көктем оңтүстікке кешігіңкіреп жетті. Әдетте алғашқы қызғалдақтарды наурыздың алғашқы онкүндігінде көріп сүйіншілетіп жататынбыз. Көп күттірген көктеммен бірге, сүйінші хабар кешеуілдеді. Атырапты ақ қар жапқанда жауқазындарға не болады екен деп көңіліміздің алаң болғаны да бар.
Көктемнің сәніне айналған осы бір дала гүлі туралы толғанып жазып жүргенімізге біраз болды. Бұл өзі ауқымды тақырып. Табиғатқа ғана жетелеп қоймайды, тарихқа да жетелейді. Сол тарихты ақтарып отырып, білгенімізден білмегеніміздің көп екенін аңдаймыз. Бүгінде көпшілік қауымды «Өз даламызда өсетін қызғалдақты неге неміс пен орыстың атымен атайды?» дейтін сауалдың мазалап жүргені бар. Бүгін осы сауалға бізде жауап іздедік. Алдымен қызғалдақ жайлы аз-кем айта кетейік.
Қазақ жерінде қызғалдақтың қырыққа жуық түрі кездессе, оның ішінде 18 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген, ал оның ішіндегі 12 түрі эндемик саналады екен. Эндемик дегеніміз – белгілі бір аумақта ғана кездесетін өсімдік, не жануар түрі. Ол басқа еш жерде кезікпейді. Сондай сирек гүлдің бірі – Корольков қызғалдағы. Ерте қауыз ашатын бұл гүлдің тұқымы жайында биылғы наурыз айының алғашқы жартысында Мәлік Нүкісбеков деген азамат фейсбукте бөлісті. Биылғы жылдың алғашқы қызғалдағын көрсетіп сүйінші сұрады. Сол-ақ екен қызғалтақтанушы, орнитолог маманның суреттерін өзге жұрт бөлісе жөнелді.
Бүгін Ордабасы жотасында сол Мәлік ағаға жолығып, әңгіме- дүкен құрдық. Кейіпкеріміздің көкейіне түйгені мен бөлісер ақпараты өз алдына, қызғалдақтың біз білмейтін көп сырын біледі екен.
«ОРДАБАСЫ ЖОТАСЫ – КОРОЛЬКОВ ҚЫЗҒАЛДАҒЫНЫҢ АРАЛЫ»
– Мәлік аға, Корольков қызғалдағын көру үшін Ордабасы жотасына жиі келетін болдыңыз. Бұл қандай қызғалдақ, басқа қай жерлерде кездеседі?
– Бұл – Корольков қызғалдағы, латынша Tulipa Korolkowii дейміз, ерте гүлдейтін ерекше гүл. Негізінде, Орта Азияның шөл және шөлейтті өлкелерінде өседі. Оның ареалы Өзбекстанның Заравшан тау жүйесі, Тәжікстан мен Қырғызстанның кей бөліктері, Қазақстанның Қызылкұмы (Қарақтау деген жері) мен Белтау секілді азырақ бөлігін қамтиды. Яғни, құмдауыт, шағылды, ұсақ шоқылы тау қыраттарында өсетін жер таңдайтын талғампаз өсімдік.
Былтыр осы Ордабасы жотасында өсетіні белгілі болды. Бұған дейін ғалымдар арасында бұл қызғалдақ түрінің ең солтүстік шеткі шекарасы Белтау деген пікір қалыптасқан-тын. Қызғалдақтың Ордабасы жотасынан табылуы – әжептеуір жаңалық болды. Енді қызғалдақтың бұл түрінің солтүстік шеткі нүктесі осы Ордабасы жотасы болып тұр. Бұл жотаның өзі Корольков қызғалдағының «аралы» секілді, өйткені осы жерден 20 шақырымдық қашықта мұндай гүл кездеспейді. Қазір біз тұрған жер қызғалдақтың осы түрі кезігетін ең жақын деген Маңсары тауының өзінен 40 шақырым алыста жатыр. Осыған қарап бұл қызғалдақтың солтүстік нүктесі Белтау мен Қызылқұм емес, Ордабасы деп мөрлеп айтуға болады.
Корольков қызғалдағының статусы – Қазақстанның Қызыл кітабына енген, оның «Ерекше қорғау» аймағында тұр, заңмен қорғалады. Қазіргі өсетін аймағын ендігі жерде ерекшелеп қоршап, «Ордабасы» тарихи-табиғи қорық-музейі аумағында арнайы туристік соқпақ жасауға болады. Бұл – таптырмайтын жер ғой. Туристік соқпақ құрудың қызғалдақты қорғауға да көмегі болар еді. Өйткені, Қызыл кітапқа енген кез-келген аң-құс, өсімдікке зарар келтіруге ешкімнің құқығы жоқ. Оның үстіне, ішкі туризм легін арттыруға таптырмайтын құрал болар еді.
– Мына айтып отырған ұсынысыңызды Түркістан облыстық туризм басқармасының, Ордабасы аудандық әкімдігінің құлағына алтын сырға деп қояйық. Жаңалықты көпшілік қалай қабылдады?
– Қазір байқасаңыз, елдің тұрмыстық жағдайы көтерілді, жұрт өзін қоршаған ортаға саналы түрде қарай бастады. Енді азаматтарды тауымыз қандай, тасымыздың қасиеті қалай, көркем гүлдер қай жерде бар, аң-құстардан қай түрі қайда мекендейді деген секілді сауалдар мазалай бастады. Тағы бір атап өтетін нәрсе, ел белсенді. Мысалы, мен қазір түсірген мына қызғалдақтың суреттерін фейсбукте жариялаймын, оқитындар, бөлісетіндер көп. Әлеуметтік желіде осы аумақтың адамдары ғана отырмайды, шекара таңдамайтындықтан табиғатқа, гүлге қызығатындардың бәрі қарайды. Осыдан кейін Қазақстанның өзге өңірлері мен Ресейден көргісі келетін туристер көбейеді. Бір ғана Алматыдан осы қызғалдақты көруге ықылас танытып жүрген кісілер қаншама?
Тағы бір қызықпен бөлісейін, Қазақстанның өзге өңірлерінде кездесетін Корольков қызғалдағының түсі тек қызыл түсті болып келсе, Ордабасы жотасында қызыл түстісімен қоса сары түстісі де, аралас оранжевый түсі де кездеседі. Бұған дейін сары түсті Корольков қызғалдағы Өзбекстан аумағында тіркелген болатын.
– Фейсбукте әлеуметтік желі пайдаланушылары «Өзіміздің жерде өсетін қызғалдақ атауларын неге өзге ұлт: орыс немесе немістің атымен атайды?» деген пікірлерін күнделікті білдіріп жатады. Осы сауалға жауап бере кетіңізші. Мысалы, неге Корольков, неге Грейг қызғалдағы?
– Бұл қызғалдақ тұқымының атауы – Корольков қызғалдағы (Tulipa Korolkowii). Одан басқа дау болмауы керек. Мұны Э.Регель деген неміс ботанигі зерттеп, мінездеме беріп, ерекшеліктерін жіліктеп тұрып жазды да, еуропалық ғылыми қауымдастықтың назарына ұсынды. Ал, атау сол қауымдастықтың келісімімен ғана беріледі. Бұл – кәдімгідей ғылым! Ғылыми қауымдастық бекіткесін, қазақтың жері түгілі, атасының моласында өссе де ол атауды өзгерте алмайды.
Ғалым қызғалдақтың мұндай түрі барын дәлелдеу үшін нешеме жыл еңбектенді, пәлен жыл гүлдеу мезгілі, оның күлтесі мен жапырағы, көбею жолдары, генетикасы, пиязшығын қазып алып Еуропада зерделеу жүргізді, тер төкті. Бұл атаудың астарында бір жылдық емес, 10-20 жылға кететін күрделі жұмыс жатыр. Ал, ол істі атқару үшін ешкімге жалтақтамайтын арнайы зертханаң, ботаникалық бақшаң, жылыжай секілді құрылымдарың болу керек. Ол еңбектен бейхабар, көшеден бір қазақ келеді де «Бұны Корольков емес, Мырқымбай деп атайық» дейді. Қызғалдақты зерттеп ғылымға енгізерде сол Мырқымбай қайда жүрді? Сондықтан, мұның қазақша аты да, орысша аты да, латынша атауы да – Корольков! Керісінше, соны зерттеген ғалымға алғыс айтуымыз керек.
«ҚЫЗҒАЛДАҚ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ»
– Қазіргі қазақ қоғамында гүлді суретке түсіріп, қыр кезіп жүргенді ерсі көретіндей көзқарас бар секілді. Сөйте жүріп, өзіңіз жауабыңызда айтып кеткендей, «Қызғалдақ неге қазақша аталмайды?» деп сұрайтындар жүйкеңізге тиетінін байқадық…
– Иә, дұрыс айтасыз.
Қазір менің жасым 50-ден асып қапты. Қызғалдаққа қызығушылығым басталғанда 40-тан асқан жігіт ағасы болған екенмін. Өзіңіз көзіңізге елестетіңізші, 40-50-ден асқан жігіттер еңкейіп-тоңқайып, қыр кезіп, қызғалдақты фотосуретке түсіріп жүр. Сырт көз үшін ақыл-есі дұрыс емес секілді қабылдануы мүмкін. Бірақ, бұл дұрыс емес ұғым.
Міне, Ордабасының биігінде үш бидің ескерткіші тұр. Сол ата-бабаларымызға мың алғыс! Ол кісілер өз заманының талабын, өздеріне артылған міндетті орындады, жерімізді жаудан қорғады, бізге мұра етті. Енді біздің міндет – біздің жігіттік жалған намыс, еркектік өркөкіректік емес, келесі ұрпаққа бүгінгі табиғи мұрамызды, қызғалдағымызды жеткізу болу керек! Оны сіз бен біз атқармасақ, кімнің жаны ашуы мүмкін? Егер, ертең қызғалдағымызды жоғалтуға айналсақ, өркениетті ел өкілдері көмектесу былай тұрсын, үстімізден күледі. Бұл – елдігімізге сын ғой. Патриотизм – терең білімді қажет етеді. Білімсіз патриоттың өкірген бұқадан қай жері артық? Мен солай ойлаймын.
Қызғалдақ – ұлттық құндылығымыз болу керек. Және, сондай түсінік қалыптастыру керек.
– Қызғалдаққа қызығушылығыңыз неден басталды? Осы ізденіс жолында кезіктірген қызықты жайттарыңыз жайында айтып беріңізші.
– Менің ұстазым – Олег Белялов. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім.
Қапелімде есіңе түсе қоймайды ғой. Оның үстіне маған қызық жағдай басқаға қызық көрінбеуі мүмкін, Сонда да еске түсіріп көрейін. Бір қызықты жайт есімде, бір ғана Грейг қызғалдағының сабағынан бес қауыз ашып тұрған жағдай кезікті. Ол өте сирек кездесетін құбылыс, аномалия. Оны мен өзімнің білімім, мықтылығымның арқасында тапқан жоқпын, қызығушылық қасиетім ғана жетеледі. Қызғалдақтың арасында жүрсең, нешеме қызық көресің. Бастысы, ерінбей жүре берсең, ізденсең, сол қасиетің жетістікке апарады. Қызғалдаққа қатысты білім-білігім өзімнің жинақталған жеке тәжірибемнің нәтижесі.
«ҚЫЗҒАЛДАҚ» ДЕГЕН ӘДЕМІ АТАУ ТҰРҒАНДА БАСҚА АТАУДЫ ТЕЛУДІҢ НЕ ҚАЖЕТТІГІ БАР?»
– Қызғалдақтың тұқым шашуы жайына тоқталыңызшы. Мысалы, бір қызғалдақтың гүлдеуіне қанша уақыт керек?
– Мысалы, бір Грейг қызғалдағы гүлдеп, қауызын жарғаннан кейін мамыр айының соңына таман қауашақ байлайды. Ол қауашақ маусымның соңына қарай 500-ге дейін ұрығы пісіп жетіледі. Күзгі жел мен температураның әсерінен қауашақ ашылады да, тұқым шашырайды. Келесі жылдың көктемінде әлгі тұқымнан өскін пайда болып, білтесін топырақтың тереңіне тамыр тартады. Тереңге тамыр тартқан білтеден пиязшық пайда болады. Ол пиязшықтан 10 жыл көлемінде бір-бір жапырақтан құлақтап отырады да, 15-ші жылда барып қана қызғалдақтың қауызы көрінеді. Егер, қызғалдақ табиғи немесе антропогендік әсермен (адам қолымен) жұлынып, пиязына зақым келмесе, 75 жыл көлемінде жыл сайын гүлдей береді. Гүлді қорғаудың маңыздылығы да осында.
Шымкент қаласының шеткі аумақтары бір кездері қызғалдақтың қаптап өскен жерлері болатын. Бүгінде әр-әр жерлерде бірен-саран қызғалдақ кезігіп қалып жатады. Қаптаған қызғалдақтың сиреуінің себебі сол. Егер, қала аумағындағы бір жеке үй ауласында Грейг қызғалдағы гүл ашатын болса, оған жер иесі түсіністікпен қарап жұлмай отырса, ол 75 жыл бойы гүлдеп қана қоймай, айналасына тұқымын шашып көбейер еді.
– Әлеуметтік желілерде сары түсті қызғалдақтарға қатысты «Неге қызғалдақ, сарғалдақ қой» деген пікірлерді көріп қаламыз. «Тюльпан» (Tulipa) деген сөзге қазақша бір ғана атау бергеніміз, қолданғанымыз дұрыс-ау. Қызғалдақ, сарғалдақ, орғалдақ деп түсіне қарай атай берсек, басқасын былай қойғанда, бір ғана Грейг қызғалдағына 2-3 түрлі атау керек болады. Дұрысы, әрі бәріне түсінікті атауы «қызғалдақ» шығар. Одан тыс, «қызғалдақ» деген сөз — гүлдің түсін емес, тұқымдастығын анықтайтын дәрежеге жетті. Солай емес пе? Мысалы, «көгершін» деген атаудың түбірі «көк» деген түс болғанмен, қазір ол сөз естіле қалса бірден аппақ көгершіндер де көз алдыңа келе қалады ғой?
– Дұрыс бағамдайсыз. Дәл осы сұраққа, «Неге қызғалдақ болып кетті?» дейтін сауалға мен қарсы сұрақ қойып, «Неге қызғалдақ емес?» деп жауап беремін (күлді).
Қызғалдақтың түсі өсімдіктерде жүретін фотосинтез дейтін табиғи құбылысқа байланысты. Бір ғана біз сөз етіп отырған Корольков қызғалдағы қызыл, тоқ қызыл, сары, сарғыш қызыл, сары мен қызыл аралас ала түсті болып келе береді. Түсіне қарай атар болсақ, өзіңіз айтпақшы, бір Tulipa Korolkowi дейтін халықаралық атауды қазақшалау үшін бірнеше атау керек болады. Ал, ол атаулар қазіргідей ақпараттың секунд санап құбылып тұратын заманда қиындықтың үстіне қиындық қосу емес пе? Қолдан қиындату кімге керек?
Қызғалдақ түсінің өзгерісі жануарлардың түсі секілді гендік құбылыс. Мысалы, жылқының ала-құлалығына қарай жеке-жеке айдарламайсың ғой. Бір ғана «жылқы» атау құлаға да, қасқаға да, жиренге де атала береді. «Қызғалдақ» деген де сондай атау. Кеңес кезеңінде баспа бетінде «жауқазын» деген жасанды атау қолданылды, бірақ ол атау сіңбеді. Неге? Өйткені, «қызғалдақ» деген әдемі атау тұрғанда басқа атауды санаға сіңіру әурешілік.
«МЕНІҢ АРМАНДАРЫМНЫҢ БІРІ – ЖАҢА ҚЫЗҒАЛДАҚ ТҮРІН ТАУЫП АЛСАМ ДЕЙМІН»
– Қазақстанды «Қызғалдақтың отаны» дейміз. Біздің жерімізде әлі де ашылмай жатқан қызғалдақ түрлері бар ма?
– Қазіргі Қазақстан – бүкіләлемдік, оның ішінде еуропалық ботаниктердің назарында. Барлығы елімізді «Қызғалдақтың отаны» деп мойындап отыр. Оған негіз де бар. Мысалы, қызғалдақтың табиғи түрінің жартысы біздің елімізде кездеседі. Соның ішінде жаңадан ашылып жатқан түрлері де бар.
Соның бірі – Леммерс қызғалдағы (Tulipa Lemmersii). Ол түр тек қана Машат шатқалында өседі. Яғни, ботаниктердің тілінде айтсақ, эндемик. Бұл түрдің мен үшін ерекшелігі – қазіргі технологияның дамып кеткен уақытында, интернеттің жылдамдығы асып, адамзат ғарышты зерттеп кеткен тұста біздің жерімізде ғылымға белгісіз гүл тұқымының табылуы. Бұл қызғалдақты голландиялық Б.Леммерс деген азаматша тауып, зерттеп, оның қызғалдақтар тұқымдастығына жататынын дәлелдеп, әлемдік қауымдастықтың алдында қызғалдақтың жаңа түрі деп танылды. Бұл зерттеу жұмысы 2008 жылы басталып, 2010 жылы ресми түрде «Леммерс қызғалдағы» деп жарияланды. Леммерс қызғалдағы – қазірше қызғалдақтың әлемде табылған ең соңғы жаңа түрі.
Менің армандарымның бірі – жаңа қызғалдақ түрін тауып алсам деймін. Ол мүмкін нәрсе ғой деп ойлаймын.
– Армандар орындалады емес пе? Олай болса, «Мәлік қызғалдағы» немесе «Нүкісбеков қызғалдағы» деп атау беріліп қалатын күн де алыс емес шығар?
– Алла бұйыртып, ондай күн туып жатса, менің өз атымды беру мақсат емес, біздің жер-су атауларымыз да ғажап қой. Елеусіз-ескерусіз жатқан даламыз бар. Сол жер-суымыз бен даламыздың атын беру арқылы ішкі, не сырттан келген туристерге қазақтың атын танытуға болар еді. Одан менің атыма нұқсан келеді деп ойламаймын, керісінше сол даламызды ұлықтау арқылы мен де тарихта қалуым әбден мүмкін. Соның өзі маған жеткілікті.
– Ол мүмкін бе?
– Әбден мүмкін. Өйткені, қараңыз, Леммерс қызғалдағының ашылғаны 2010-шы жыл, кеше ғана ғой. Арада бар болғаны 10 жыл енді өтті. Ол – бір, екіншіден, қазақ жері өте байтақ, табиғаты да алуан түрлі. Бір ғана Түркістан облысында бар болғаны 2 сағаттың ішінде құм басқан таза шөлдің барқанынан бастап, қар басқан теңіз деңгейінен 3-4 мың метр биіктіктегі асқар тауға дейінгі табиғат зоналарын көре аласың. Ал, республика бойынша қарар болсаңыз, орманды тайгадан бастап, альпілік тундраны да кездестіресің. Осыншама табиғат ерекшеліктерін елестетер болсаң, даламызда қызғалдақтың ашылмай жатқан нешеме атасын жолықтыруға болады деп ойлаймын.
– Арманыңызға жетіңіз. Сол арманыңыз орындалған күнді сүйіншілетіп қайта жолығайық. Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Шымкент-Ордабасы-Шымкент
Leave a Reply