2024-07-27

«ОРАМАЛДЫҢ ҚАСИЕТІН ДӘРІПТЕУ МАҚСАТЫНДА ІС БАСТАДЫМ»

Роза Әлқожа,

әнші: 

«Орамалдың қасиетін дәріптеу мақсатында іс бастадым»

 

tories/01/photo_78092.jpg» width=»460″ height=»300″ alt=»photo_78092″ style=»float: left;» />Адамның өзіне не керектігін білуінің өзі ерекшелік. Ондай адам өмірден орнын табады.Біз бүгін еріне де, еліне де сыйлы болған қазақтың Розаларының жалғасы Роза Әлқожамен әңгіме-дүкен құрамыз.

Оның орындауындағы құлақтан кіріп, бойды алар әндер талай бойжеткеннің жүрегіндегі сырлы сезімнің қылын шертеді. Болмысында қазақ қызына тән ұяңдық пен нәзіктік бар. Халыққа сүйкімді көрініп, сүйікті болуының бір сыры осында. Еңбекқор. Сахнамен, шаңырағының бесігін қатар тербетіп жүр.Әр баланың несібесі бар деп жатамыз. Розаның былтыр дүниеге келген сәбиі оның кәсіпкерлік қырын аша келді.

 

       Роза ханым, Сіздің есіміңізден соң қызметіңіздің атауын жазайын десек, әуелі ойланып қалады екенбіз. Мамандығыңыз – журналист. Әншісіз, сазгер, ақындығыңыз да бар. Бүгінде кәсіпкерлікке келіп жатырсыз. Әңгімемізді осы жаңа бастаған ісіңізден бастасақ. Кәсіпкерлік Сізді тағы нені үйренуге жетелеп жатыр?

       Әрине негізгі мамандығым – журналист. Ақын деп халықтың өзі айтып кеткені болмаса, өзімді керемет өлең жаздым, — деп айта алмаймын. Еңбекті әншіліктің жолында жасап жүрмін. Ал, енді кәсіпкерлікке келетін болсақ, қазақтың кез-келген әйелі баяғыдан тоқыма тоқып, ұршық иіріп, тігін тігіп, өзінің отбасына қажетті дүниені жасай білген. Сол сияқты менде әйел ретінде кейінгі ұрпаққа орамалдың қасиетін дәріптеу мақсатында іс бастадым. Әрі, өзімізде де сапалы дүниелер шықсын деген оймен, қыз-келіншектерге, ер-азаматтарға арналған орамал, шарфтар шығаруды қолға алдым. Әрине бұл менің негізгі салам емес, енді ғана үйреніп зерттеп келе жатырмын. Мұнда сауданы, жарнаманы игеруге тура келеді. Кәсіп игеру, жаңа бастамаға жауапкершілікпен қарау мінезді өзгертеді екен. Менің мінезім өте жұмсақ, қазір жұмыс барысында қаталдау болу керектігін де үйреніп жатырмыз.

       Ұжымды қалай құрдыңыз? Қызметкердің бойындағы қандай қасиетті жоғары бағалайсыз?

       Бастапқыда бәрін өзіміз бастадық. Тұтынушыларға жоғары сапада қызмет көрсету үшін енді-енді тәжірибелі сатушылар, кәсіби тігіншілерді қосып жатырмыз қатарымызға. Өйткені кәсібімізді әрі қарай дамытуға көмектесетін, ойымызға ой қосатын мамандар керек.

       Бүгінгі қыз-келіншектерімізге дағдарыс қаншалықты әсер етуде, яғни орамалға деген сұраныстары қалай? Жалпы орамалдардың бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтере ме?

       Бастапқыда көпшілік орамалдарды қымбат деп ойлады. Қазір келіп алғысын айтып жатыр. Мысалы, намаз оқитын қыздың бірі: Бішкекте жасалған орамалға ине сұғып қалсаң, матасы тез ыдырап кетіп жатады. Сіздердікінің матасы да, бағасы да жақсы, — деп алғысын айтып кетті. Біздегі орамалдардың бағасы екі мың теңгеден басталады. Өзімде орамал тартатын болғандықтан, орамалдың баста тұруына, оңып кетпеуіне,  матаның сапасына көп көңіл бөлемін.

       Орамалардарды отандық өнім деп айта аламыз ба?

       Орамалдарды дайын мата түрлерінен және аппақ маталарды сәйкесінше боятып өзіміз жасатып жатырмыз. Әрине қазірше бізде матаны бояйтын құрылғылар жоқ. Боялған орамалдардың шетін тіктіреміз, шашақ немесе тас қойғызамыз. Осылайша орамал өзімізде өңделеді.  Ал, негізгі маталар Кореядан және Қытайдан әкелінген. Орамалдар өзіміздің салт-дәстүрге лайық. Бұл енді ғана басталған жұмыс болғандықтан әлі де тұтынушылардың көңілінен шығу жолында ізденістер керек екенін білеміз, ізденіс үстіндеміз.

       Сіз үшін қыз-келіншектер өміріндегі орамалдың мәні қаншалықты маңызды?

       Қыз баласы анасының, жеңгелерінің басындағы әдемі орамалға қарап, менде солардай болсам деп армандауға жетелейтін киелі дүние орамал ғой. Бойжеткенде ақ босағаны аттап келін болсам, маған да аппақ орамал тақса, — деп әрбір қыз армандап өседі емес пе? Келін түскен үйге сән беріп, шуақ шашып тұратын да осы жас келіннің басындағы аппақ орамалы. Әрі келіннің әдепті болуына да көмектесетін әдемі құрал, — деп айтар едім. Әжелерімізде басына орамал салмаса әжелік қасиеті де төмендеп тұратын сияқты болып көрінеді маған. Өзіміздің апаларымыз қос жаулықтан салып жүретін. Басына бір жаулық, иығына бір жаулық. Тіпті кейде басына екі жаулық салып жүретін. Орамал әйел басындағы байрағы, — деген  Айнұр Төлеудің бір сөзі бар. Иә, әйелдің бағы да осы орамалында.

            Елге қызметіңіз өнеріңіз арқылы көрініс табады. Іздеріңізді басқан өнердегі әріптестеріңіз саясат сахнасына шығуға талпынуда. Саясаткер болу үшін шығармашығыңыздан бас тарта алар ма едіңіз?

            Әу бастан елге сыйлы журналист деген мамандығымды әнге айырбастаған адаммын. Енді саясатпен айналысамын, — деп айта алмаймын. Өйткені, ол менің білмейтін тақырыбым. Жүрегім ән деп соғатын болғандықтан, елге әніммен қызмет еткім келеді.

       Әйел адамға кәсіпкерлікпен айналысу қаншалықты оңтайлы? Бизнес ақшаға деген көзқарасыңыздың өзгеруіне әсер етпеді ме?

       Сауда жасаудың берекелі кәсіп екендігіне Пайғамбарымыздың мына хадисі дәлел: Саудамен айналысыңдар шын мәнінде ырыстың оннан тоғызы саудада, — дейді. Адал сауда жасау нағыз мұсылманға лайықты іс. Бұл жерде біз тек еңбегімізді сатып жатырмыз. Үстіне көп үстеме қойып сатып жатқан жоқпыз. Бұл шағын ғана бизнес. Сондықтан, бұл жұмыс менің ақшаға деген көзқарасымды өзгертеді деп ойламаймын. 

       Отбасылық тақырыпқа ойыссақ, балаларыңыз болашақта жеке тұлға болып қалыптасуы үшін, қазірден қандай кәсіптерді игергенін қалар едіңіз? Және үйретіп жүрсіз?

       Менің білетінім бір-ақ нәрсе. Баланы тек жақсы көру керек.Әрі қарай кім болады, қандай кәсіпті игеру өзінің еншісінде. Қай саланы таңдасада қолдау көрсетуге дайынбыз. Іштей өнер адамы болмай-ақ қойса екен деп ойлаймыз. Өйткені өнердің жолы қиын. Екінші ұлым қазірден шығармашылыққа жақын екендігін көрсетіп келе жатыр. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған мектепте оқиды. Қазіргі біздің міндетіміз балалардың өзін-өзі танып, мамандығын қателеспей таңдауына ықпал жасау,бағыт-бағдар көрсету.Таңдау әр адамның жеке ісі. Балаға мына жаққа барсаң пайданы көп табасың деп емес, өзіне деген махаббаты сезінідіріп өсіру керек. Ол болашақта жанына жақын мамандықты таңдаса, Алла сол кәсіптен берекесін береді.

       Бұрынғының қыздары көңілі қалаған жігітіне кестелі орамал сыйлаған, — деп жатамыз. Осы дәстүрді өзіңіздің  орындауыңыздағы «Мен сыйға тартқан орамал» әні үнемі еске салады деуімізге болады. Біздің білгіміздің келіп отырғаны жолдасыңызға кестелі орамал сыйладыңыз ба? Жалпы, ерлі-зайыптылар арасындағы көзге көрінбес рухани байланысты ұзақ жылдар бойы қалай сақтауға болады?

       Бұл әнді жолдасыма кездеспей тұрып, 18 жасымда жазғанмын. Әннің сөзінің авторы ақын, Гүлнар Салықбай. Ол кісі қателеспесем 1984 жылы жазған болуы керек. Сол кезде қазақ қыздарының бойындағы әдептілікті, инабаттылықты көрсететен өлең болғандықтан, осы өлеңді таңдаған болатынмын. Иә, бұрындары қазақ қыздары орамал сыйлап қана ізет білдірген ғой. Бірақ өзім жолдасыма кестелі орамал сыйламаппын.

Балалар  үйдің дәнекері, — деп баяғыда апаларымыз айтатын. Балаларымыздың болашағын ойлап жолдасымыз екеуміз бірге еңбек етудеміз. Болашақта өнегелі отбасылармен құда болуды ниет етіп, үлкен үмітімізді үкілеп отырмыз. Отбасын сақтайтын  әрине ақыл мен сабыр. Сезім ол – мәңгілік дүние емес. Сезімнің отын ақыл жағып тұрады. Ақыл таразысына салып, сабырға келіп екеуміз бірге жоспар құрамыз. Қазақтың әрбір отбасы ақылға, сабырға негізделген ғой. Құдайға шүкір, отбасымызға Алла береке беріп тұрған шаңырақ, — деп ойлаймын.  

            Отбасыларыңыздағы керемет қағидалардың бірі ешқашан газеттің аяқ асты болып, жыртылуына жол бермейміз деген болатынсыз бір сұхбатыңызда. Қайдан келген құрмет…Әдеби ортадан алыстап кеткен жоқсыз ба?

       Біз үшін газет деген қасиетті ұғым. Кеше ғана ұшаққа отырарда «Жас қазақ», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан» газеттерін алып, үйге әкеліп оқып отырмын. Бүгінде кейбір газеттер сайтқа айналып бара жатыр ғой.  Сайтқа қарағанда, газеттен оқыған тиянақты миға қонымды. Ал, әдебиетке келер болсам,ол ортадан алыстаған жоқпын. Ақындармен жиі бірге жүремін. Бұл менің әдебиетке жақындығымды көрсетсе керек.  Адамға рухани азық беретін әдебиет деп  түсінемін.

                Адамның қалыптасуында кіндік қаны тамған жердің орны ерекше. Өсе келе алып шаһар, зәулім үйде тұрса да, туған жерге, бала кездегі үйге деген сағыныш жүрегінің түкпірінде сақтала береді. Туған жеріңіз туралы айтып берсеңіз?

                Кіндік қаның тамған жерге үнемі сағыныш болады екен. Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданындағы Жетісай қаласында дүниеге келдім. Жетісайдан 40 шақырым арыдағы совхоз Амангелді деген жерде өсіп, №52 Әлия Молдағұлова атындағы мектепті үздік аяқтадым. Сол жақтағы ұстаздарымды, бала кезімді, ауылдас көршілерімді, аңқылдақ жеңгелерімді  сағынамын. Әрине бұның бәрі мәңгілік сағыныш. Қазір ауылым Өзбекстанның қарамағына өтіп кетпегенде, ауылым үшін көп нәрсе жасаған болар едім. Әрбір азамат бойындағы ізгі қасиеті үшін туған топырағына қарыздар. Құдайға шүкір қазір бір ғана ауылдың ғана емес, алаштың қызы болдық қой. Осы елдің әрбір ауылы мен үшін бағалы. Елге, жалпы қазаққа еңбегім сіңіп жатса бақыттымын.  Өйткені рулық деңгейден, ұлттық деңгейге көтерілетін дәрежеге келдік. Алаш, қазағым, — деп еркін айтатын болдық. Баяғы бодан емеспіз. Егеменді еліміз өркендей берсін деп тілеймін.

                Соңғы сауал,  уақыт ұстатпай әбжілдік, жеделдікті талап ететен бүгінгі заманда, әлемді қалай тануымыз керек деп ойлайсыз?

            Өзі қазақ деген өте мамыражай елміз ғой. Енді бізде заманға лайықты икемделуіміз керек шығар. Заман арқа-жарқа жүрісті азайтып, пайдалы іске барынша икемделуімізді талап етеді. Бізде уақытты артық жұмсау деген нәрсе жиі кездесіп жатады. Әсіресе, тойларға барған кезде бір-біріміздің уақытымызды артығымен алып жатамыз. Себепсіз той-тойлауды, бос жүрісті азайтып, еңбекке көп бағытталуымыз керек сияқты. Жапония, Австралия елдері отандық өнімдерін шығару арқылы мемлекеттің экономикасын нығайтқанын айтады. Сол сияқты бізде білімімізді арттырып, өз кәсібімізді ашуға, отандық өнімді дамытуға тырысуымыз керек. Мұсылман – мұсылманның айнасы деген. Бір-бірімізді тәрбиелеу арқылы біз үлкен ұлт болып қалыптасамыз. Бауырмал болу арқылы еліміздің іргесін мықты болуына атсалысуымыз керек.

            Ашық-жарқын әңгімеңізге көп рахмет.

 

Сұхбаттасқан,

Әлия Ахметова

Яндекс.Метрика