2024-07-27

«Қазақтың ою-өрнегі тұнып тұрған фантазия»

       Әлемдік  өркениет дамуындағы қазақ мәдениетінің оның ішінде  қазақ халқының   көркем өнері, этнодизайнының қалыптасуы, дамуы бүгінгі таңда аса маңызды мәселе. Мемлекетіміз тәуелсіздігін жариялап, етек-жеңін жиып, елдік мұраттарымызды айқындау қолға алынғанда еліміздің суретшілері, көркем өнер  шеберлерінің ұлттық нақышқа  бай этнодизайнға қайта оралу үдерісі басталды.  
       Ахмет Ясауи университетінің  «Дизайн және бейнелеу өнері» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымының докторы, профессор Қ.Ералинмен ұлттық көркем өнер, қолөнеріміз туралы сұхбаттасқан едік. 
tories/128535_html_7124751f.jpg» width=»170″ height=»226″ alt=»128535_html_7124751f» style=»float: right;» />

       – Қуандық аға, сіз бен біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасыр жаңа технологияның заманы.Ұлттық қолөнеріміздің келбеті қалай өзгеріп жатыр?
        – Айта кету керек, еліміз егемендігін жариялап, ес жиғалы  өнерге бетбұруда қарқынды үдерістің басталғаны  байқалады. Өзіңіз айтқандай ХХІ ғасыр жаңа технологияның заманы сәндік қолданбалы өнерде де жаңа технологиялар пайда болды. Әсіресе қолөнерде жылдамдық пен өнімділікті арттыратын жаңа құрылғылар енгізіле бастады. Бүгінде бұрын қолмен жасайтын дүниелер, механикамен, мәшинемен жасалады. Осының бәрінің  ұлттық өнерге өзіндік әсері болды. Соның әсерінен қолөнердің  бұрынғы сипаты өзгерді. Бірақ, дәстүріміз сақталып қалды. Қазір байқап отырсаңыз дизайн, әсіресе этнодизайн саласы дамып келеді.
       Негізі дизайн– өнердің өндіріспен, өнім өндірумен байланысты саласы.Жаңа сала.Өнім шығарумен байланысты өнер. Этнодизайн дегеніміз не? Этнодизайн өнері – тұрмысқа қажетті ұлттық көркем  бұйымдарды жаңа заман талабы мен сұраныстарына сай, жаңа технология мүмкіндіктерімен кәсіби шеберлердің жасаған көркемдік жобалары. Немесе жасаған дизайнерлік шығармалар жүйесі. Бұрынғы қолөнер бұйымдарын қарапайым шеберлер жасаса, этнодизайн жұмыстарын қолөнер шеберлерімен қатар кәсіби маман-шеберлер де атқарады. 
       – Этнодизайнды қайдан көреміз, даму деңгейі туралы не айта аласыз?
       – Этнодизайнның дамуы барлық салада жақсы көрінуде.  Оның түрлері көп: киім дизайны, тұрмыстық бұйымдар, көлік дизайны, сәулет  дизайны(интерьер, экстрьер), ландшафт дейміз: қалаларды, жеке үйлер ауласын табиғатпен үйлесімде безендіру т.б. Мұражай дизайны деген бар. Бүгінде суретшілер, сәулетшілеріміз этнодизайнның өрістеуіне елеулі үлес қосуда. Осы орайда А.Найманбай есімі ерекше. Асқар Найманбай этнодизайнның негізін қалаған сәулетшілеріміздің бірі, елімізде көптеген мұражайларды, этнографиялық орталықтарды құрған азамат.Бақытбек Талқанбаев есімді сәулетшіні ерекше айтуға болады. Кеңес дәуірінде Ғ.Илияв деген этнодизайнер болған. Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаевтардың  ізбасары, алғашқы буын, аға буын суретшілеріміз қатарындағы тұлға. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап, 2-3 мыңға жуық қазақтың қолөнер шеберлерімен кездесіп ою-өрнектерін жинаған.  Сол ою-өрнектердің негізінде тақырыптық картиналар жазған: «Көкпар», «Қыз қуу», «Түйеші», «Байқоңыр» т.б. классикалық дүниелерді қалдырды. Ғажап суретші. «Көктем», «Жаз» картиналарын оюмен жеткізген. «Көктемді» кез келген суретші салады. Бірақ бұл,ерекше  картина. Себебі, бұ кісі оюға тіл бітірген. Орыстың өнер зерттеушісі Соколовтың: «қазақтар ою-өрнектердің ішінде өмір сүреді» -деп таңырқағаны бар. Қазақтың ою-өрнектері тұнып тұрған – фантазия. Қиялдың ғажап иірімдері  біздің ою-өрнектерімізде жатыр. Бүкіл өміріміз, тұрмысымызды ою-өрнектер құрайды. Киіз үйді қараңыз: бау-басқұрлар, кереге, уық, шаңырақ бәрі өрнекпен өрілген. Бесікті қарасақ та солай. Қазақтың қай тұрмыстық бұйымын қарамаңыз тұнған ою-өрнек. Ою өрнек– дегеніміз көшпелі тіршіліктің, далалық өркениеттің ізі.  Сонымен бірге, біз этнодизайн элементтерін аға буын суретшілер еңбектерінен көреміз.Біздің алғашқы этнодизайнерлеріміз осы алғашқы буын суретшілеріміз.  
       Аға буын негізін қалаған өнер бүгінде заманға сай дамып келеді. Ұлттық қолөнеріміз, этнодизайн саласын жаңаша тұрпатта көріп отырмыз. Мен осыған қуанамын. Кезінде, кеңестік жүйеде шығармашылық саласы тұсаулы, құрсаулы қоғамда өмір сүрді. Шіркін-ай, Әбілхан Қастеев, Ғани Илиявтар осы тәуелсіздік тұсында өмір сүрер ме еді дейсің кейде.Бірақ өткен өтті. Шүкір, қазір шығармашылыққа  еркіндік берілген заман. Бай фантазиямызды ұлттық дәстүрмен үйлестіре отырып жұмыс жасау мүмкіндігі туды. Оның үстіне ұлттық нақыштағы қол өнер бұйымдарына, этнодизайнерлік жобаларға қоғамда сұраныс жоғары. Бұл  осы саланың дамып өркендеуіне толық негіз бола алады.
       – Қандай саланың болмасын өркендеп дамуы үшін кадрдың орны ерекше,осы орайда өздеріңіз атқарып отырған жұмысқа тоқтала кетсеңіз?
       – Бізде «Сәндік өнер» деген мамандық бар. Сол мамандықты бітірген түлектеріміз гобелен, кілем, кесте тоқуды меңгереді. Әлгі ұлттық ою-өрнектерімізді танып,  өз  жұмыстарында игеріп, дәстүрімізді жалғастырады. Ұлттық өнерімізді насихаттайды. Өз жұмыстарымен облыстық, республикалық, халықаралық көрмелерден жүлделі оралып жүрген талапты студенттеріміз бар. Болашақта олар жеке көрмелерін жасап, өз мектептерін ашуы әбден мүмкін. 
       – Дәстүр жалғасын табады дейсіз ғой.Түркістанда Қолөнер шеберлерінің орталығы бар,осы орталықтың жұмысына қосып отырған үлестеріңіз қандай? 
       Бұл облыс әкімінің қолдауымен Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің жанынан ашылған қолөнер шеберлері орталығы. Орталықтан мен де өз шеберханамды аштым. Жастарды гобелен тоқуға үйретеміз.Жас талапкерлер жергілікті шеберлерден тәлім алады. Қалмырза Тасов, Абай Рысбеков сынды қыш шеберлері, зергерлер, ағаш өңдеу шеберлері, кілем-кесте тоқу шеберлерінің мектептері бар. Орталық  жанында ашылған мектепке оқушылар, колледж студенттері  тартылған, біздің студентеріміз де тәжірибе алмасады, технологияны шеберлерден үйренеді.
       Бұл мектептің орны да, маңызы да ерекше. Біздің қаламыз – туристік шаһар. Еліміздің түкпір-түкпірі  және шет елдерден туристер ағылып келіп жатады. Сол туристеріміз үшін ұлттық нақышта жасалған әдемі кәдесыйлар негізінен аталмыш орталықта жасалуда. Басқа елге барсақ, кішкентай  да болса бір өнер бұйымын алып келеміз емес пе?. Біз туристер, елімізге саяхаттап келуші қонақтарды көркем сурет картиналарымен  таң қалдыра алмаймыз. Өзіміздің ұлттық нақыштағы қол өнер бұйымдарымызбен, ұлттық мәдениетімізбен мойындатамыз. Қайбір жылы мен Түркияның Аланя қаласында «Түркі кілемдерінің» көрме-симпозиуымына қатысып қайттым. Ғажап. Олардың өнерді бағалауы, ұлттық құндылықтарды қадірлеуі маған ұнады. Сонау,16-ғасырда тоқылған түрік және парсы кілемдері сақталған.
       – Кәсіби бағдар мәселесінде, мектептермен байланыс жақсы жолға қойылған дейсіз.Қазіргі кезде  жас буын көркемөнерге қызыға ма? Суретші болғысы келетін балалар көп пе?
       –  Осыдан 10-15 жыл бұрын көркемөнерге көзқарас нашарлағаны рас. Бірақ соңғы жылдары, әсіресе этнодизайнның, киім дизайнының дамуымен біздің мамандықтарды таңдаушылардың қатары көбеюде. Дизайнер болғысы келетін талапты жастар аз емес. Десек те, жалпы білім беретін мектептерде бейнелеу өнеріне бөлінген сағат тым аз. Бұл да өскелең буынға кері әсер ететін фактор. Бейнелеу өнері балаға эстетикалық тәрбие беретін маңызды пәндердің бірі.Өкінішке орай, біздің қоғамда бұл пәннің тәрбиелік мәніне, тұлғаны қалыптастырудағы маңызына мән берілмейді. («Сурет сабағы ғой, әшейін. Сурет сабағында іс-шараға дайындалу керек». Осындай түсінік) Бұл пән де әдебиет секілді тұлғаны қалыптастыруға септігін тигізеді. Мәселен,  Тоқболат Тоғысбаевтың «Дала балладасы» атты картинасы бар. Мен осы туындыны «Абай жолы» роман-эпопеясынан кем көрмеймін. Себебі,  қылқалам шебері бұл еңбегіне қазақтың сан  ғасыр, бірнеше қоғамдық формациядағы  өмір –тіршілігін сыйдырған. Жас буын осындай туындыларды түсіне білсе, эстетикалық талғамы қалыптасса бұл дегеніңіз ғажап. Мұндай жастар ешқашан зұлымдыққа, жаман ғадетке бармас еді. Эстетика, өнер қоғамды  құтқарушы екенін әсте ұмытпауымыз керек.
       – Қандай жоспарларыңыз бар?
       – Мен өз басым, педагог-суретшімін. Осы салада ғылыми кадрлар дайындауға бір кісідей үлес қостым. Қазақстанда тұңғыш рет кандидаттық диссертация қорғау кеңесін Шымкентте аштым. Осы университетке келгелі де бірқатар ғылыми кадрларды дайындадық. 2008 жылы магистратура аштық, алдағы күндерде осы мамандықтан докторантура ашсақ дейміз. Біздің дайындаған магистрлеріміз Алматыда, Астанада Дизайн кафедраларында жемісті еңбек етуде. Докторантура бағдарламасын ашсақ, бізде тұтас жүйе, мектеп қалыптасады. Қолөнершеберлері мектебінен бастап, өнерлі жастарымыз біздің университетімізде, магистратурада, одан әрі доктарантурада білім алып шықса әмбебап маман болып шығар еді. Қазақ мәдениетін, ұлттың көркемдік мәдениетін дамытуға үлес қосатындай мамандар дайындап шығарсақ  деген ниетіміз бар.Ал, ғылыми бағытымыз – этнодизайн бола бермек. Себебі, бұл өте терең және тың сала. 
       – Әңгімеңізге рахмет, алдағы уақытта жоспарларыңыз жүзеге асып, армандарыңыз ақиқатқа айналсын!

                Сұхбаттасқан: Әтіргүл ТӘШІМ. Түркістан қаласы.





Яндекс.Метрика