2024-07-27

ШЫНАЙЫ ДОСТЫҚТА ҰЛТҚА, ДІНГЕ БӨЛІНУ БОЛМАЙДЫ

Мемлекеттік тіл – менің тілім

Гүлжамал Салыбекова,

кәсіпкер:

 

«Шынайы достықта ұлтқа, дінге бөліну болмайды»


Клиенттің айтқаны өндіруші үшін де, сатушы үшін де, қызмет көрсетуші үшін де заң. Нарықтың талабы осындай. Шымкент қаласындағы  Жеңіс саябағы маңындағы «Ниагара» жиһаз дүкеніндегі сатушы апайдың тұтынушылардың барынша көңілінен шығуға тырысып, барлық сауалдарына шынайы жауап беруі бізді бірден өзіне баурап алды. Орта жастағы өзбек ұлтының қызы қазақ тіліне де жатық екен. Өз ана тіліндей сөйлеп тұр. Сондықтан да болар біз апаймен тез тіл табысып кеттік. 

 

       Гүлжамал Қасымбекқызы әр ұлттың өзіне тән таңдайтын кәсіп түрі болады ғой. Ашығын айтқанда өзбек ағайындардың көп жағдайда ас пісіру, шаштараз, көлік жөндеу кәсібімен айналысатынын  көріп жүрміз. Қызмет көрсету, сату  саласында да өзіндік ерекшеліктері бар. Сатушылық та өнер. Оған мамандану керек. Бұрынырақта сатушы мамандығына дайындайтын арнаулы орта оқу орындары болған. Сіздің жұмысыңыз кәдімгідей келушінің назарын аударып тұр. Бұл салаға дайындықпен келдіңіз бе?

       Мен шағын жиһаз бизнесімен айналысуға жоспарлы түрде келдім дей алмаймын. Сатушылыққа мамандандым деп те айта алмаймын, бірақ тәжірибем бар. Күнкөріс, жұмысқа деген қажеттіліктен осы салаға келдім. Адамдармен жұмыс істеу оңай емес. Бірақ өзіндік қызықтары да болады. Танысың көбейіп, дос та табасың. 2006  жылдары болуы керек орталық универмагқа жиһаз сату бөліміне сатушы болып жұмысқа орналастым. Әлия есімді қазақ келіншегі екеуміз бір күнде жұмысқа кіріппіз. Жұмыс берушілер бізбен нақты жалақыға келіспеді. Міндетіміз келген клиенттерге жиһаздарды таныстырып, кеңес беру. Тұтынушылардың көңілінен шығып жиһазымыз өтіп жатса, әр сатылған бұйымнан 100 теңге беретін. Кейде бірде-бір жиһаз өтпей қалады. Осындай сәтте Әлия екеуміз түскі аста іше алмай бір-біріміздің бетімізге қарап отыратын кездеріміз болатын. Негізі қиыншылықта да қуанышта да жаныңда бірге жүрген құрбыңмен достық қарым-қатынас нығая түседі екен. Біз әлі доспыз.

       Үлкен ұжым түрлі ұлт өкілдерінің басын біріктіретіні сөзсіз. Ал, адаммен адамды жақындастыратын бір-біріне деген сенім, мұның соңы достыққа ұласады. Сіз сатып отырған жиһаздар түрлі мемлекеттерде жасалады. Әрқайсысының сапасы да, бағасы да әрқилы. Осының бәрін жетік меңгеру керек, кімдерден үйрендіңіз, жеке кәсіп ашуда қиындықтар болды ма?

       Мен жұмыс істеген ұжымда татулық өте мықты еді. Бәріміздің көзқарасымыз, пікіріміз ортақ болғандықтан шығар тілімізге, ділімізге қарамай өзара жақсы тіл табысқанымыз. Әріптестердің адамгершілігі, бір-біріне деген шынайы жанашырлығы, білгенін ішінде бүкпей жанындағы жандарға үйретуі бәріміздің өз кәсібімізді ашуға түрткі болды. Шынайы достықта ұлтқа, дінге бөліну болмайды екен. Жалил деген түрік ағайымыз болатын. Ол кісі Әлия екеумізге жиһаздардың қыр-сырын, сапасын бүге-шүгесіне дейін үйретті. Осы сәтті пайдаланып Жалилге өзіміздің мол алғысымды айтқым келеді.  Жиһаз саласында оны жарнамалау, сатуға деген өзімізге  сенім пайда болғаннан кейін екеумізде өз кәсібімізді аштық. Сол кезде универмагта жиһаздарды жеткізіп салатын көлік жүргізушісі Сергей есімді орыс жігітімен бүгінге дейін бірге жұмыс істейміз. Ол да осы  кәсіпке әбден машықтанып алған. Қандай да бір тауарым өтсе Сергейге телефон соғамын келеді де тұтынушылардың үйіне дейін жеткізіп салады, тіпті қажет кезде жиһаздарын құрып та береді.  Құдайға шүкір, бүгінде бәрімізде табысты еңбек етіп келеміз.

       Гүлжамал Қасымбекқызы жасыратыны жоқ жұмыс орнымыз ауысса бұрынғы әріптестерімізбен арамыз алшақтап қалады. Кейбіріміз «көзден кеттің, көңілден де кетеді» деп өзімізді жұбатып қоямыз. Сіздердің достық қатынастарыңыздың осындай ұзақ жылдар бойы жалғасып келуінің сыры неде?

       Бір-бірімізге деген сенімде. Өз кәсібімізге деген адалдық, жанашырлықта. Мәселен, жоғарыда айтып өткен менің құрбым Әлия қазақ қызы, Жалил түрік, Сергей орыс, мен өзбекпін. Біз бір-бірімізге сенеміз. Әлия екеуміз әлі күнге дейін жұмыс тәжірибелемізбен бөлісіп отырамыз. Жиһаздарды жеткізіп салу қажет болса баста айтқандай дереу Сергейге телефон соғамыз.

       Тұтыныушының айтқаны қай кезде де дұрыс деген қағидат бар, келісесіз бе?

       Әрине, олай болмаса жұмысың да жүрмейді. Мысалы, қазір тұтынушылыардың көңілінен шығу үшін бір емес бірнеше қоймалармен жұмыс істеймін. Дүкен тауарларында әртүрлілік болмаса келушілердің көңілінен шыға алмайсың. Әркімнің талғамы әртүрлі дегендей. Жалпы біздің өңірдің тұрғындары өздерінің қажеттілігіне алғаннан гөрі сыйлыққа бергенді жақсы көретін кеңпейіл халық қой. «Алған емес берген бай» дейді ғой дана халқымыз. Қыз жасауына жатын орындардан бөлек қонақ бөлмесінің жиһаздарына дейін әперетін ата-аналар бар. Осындайда тұтынушылардың барынша көңілінен шығып, қалталарына да қатты ауырлық түсірмей қиналмай көңілді алып кетуін қалаймын. Бәрі де жаңа бұйымды жақсы ниетпен алады. Ата-ананың жаңа бұйымдарды жаңа отбасын құрған жастарға сыйға тартуының себебі оларды алғашқыда демеп, өмірлеріне серпін берсін деген тілек қой. Менде тұтынушыларыма ыстық ықыласымды білдіріп шығарып саламын. Кейде жай ғана шығарып салмаймын, тойларына да қатысып келген кездерім болды. Кеңпейіл тойшыл халықпыз ғой. Әрі намысшылмыз. Құдалары бесік тойға шақырса намысқа тырысып бесіктен бөлек басқа жиһаздарын да апаруға тырысады ел қатары қазіргі күнде. Осындайда үстемесіз қарызға беріпте тұратын кездерім болады.  Осының бәрі бейбіт өмір мен татулықтың арқасы.

       Кәсіпте жетістікке жетуде жанұяның да үлесі салмақты ғой. Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз, елге тілегіңіз?

       Жолдасым қазір зейнеркерлік жаста. Екеуміз үш қыз тәрбиелеп ұзатқан бақытты ерлі-зайыптымыз. Қыздарымыз барған жерінде үбірлі-шүбірлі болып бақытты тұрмыс кешсе деп тілейміз. Барлық отбасылардың үйлері жанға, қоралары малға толып, бай қуатты өмір кешсін деп тілеймін. Бейбіт өмірде біздің жиһаздар елдің қажетіне жарап жатса жұмысымыз жандана бермек. Елдің татулығына сызат түспесін. Оған сіз де, біз де жауапты екенімізді әркез есте ұстап, балаларға насихат етіп атйп жүре берейік. Менің тілегім осы.

       Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Ә.ӘБІШҚызы

Яндекс.Метрика