2024-07-27

«ТӘП-ТӘУІР ЖУРНАЛИСТПІН, ҮЗДІК СЫНШЫМЕН, ОРТАДАН ЖОҒАРЫЛАУ ҒАЛЫММЫН»

 

Құлбек Ергөбек:

«Тәп-тәуір журналистпін, үздік сыншымен, ортадан жоғарылау ғалыммын»

tories/hqdefault.jpg» width=»378″ height=»336″ alt=»hqdefault» style=»float: left;» />Жазушы-сыншы, халықыралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, профессор Құлбек Ергөбек пайғамбар жасына келді. Өмірлік үлкен тәжірибесімен, қалың оқырманына берер ғылыми-рухани құндылығын том-том етіп түгендей келді. Солардың бірегейі 7 томдық «Түркістан жинағы» атты еңбектің тұсаукесері «Құлбек Ергөбек және қазіргі түркітану» тақырыбында өтетін халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда кесілмекші. Алқалы жиын алдында қаламгерге жолығып, сыр бөліскен едік.

63 жастан асқан соң тау қопарып, тас қазамын деп айту артық

— Құлбек аға, асқаралы алпыстың асуынан да асып, айтулы белес 63 жасқа келдіңіз. Артыңызға бұрылсаңыз сан тарап із сайрап жатыр: журналист-публицист, жазушы-сыншы, ғалым – Құлбек Ергөбек. Осы үш таған, үш жолдың – қай жолы сіз үшін етене. Қайсысы сара жол, қайсысы — дара жол?

 

 – 63 жас.. Жалпы, 60-тан асқан шығармашылық адамы үшін елтең-селтең, жеңіл-желпең дегеннің бәрі қалуы керек те, тек ойменен күн кешуі керек. Ойдың барлығы шығармашылыққа жетелеп жатса құба-құп. Болмаған күнде де осыған дейін жеткен жетістігім қайсы, кеткен кемшілігім қайсы деген сұрауларға жауап табуға тырысу керек. Мейлі журналист болсын, яки жазушы, ғалым болсын 63 жастан асқан соң тау қопарып, тас қазамын деп айту артық. Шынында да, мен осы үш жолды қатар ұстадым. Тәп-тәуір журналистпін, үздік сыншымен, ортадан жоғарылау ғалыммын. Осы үш таған, үш жолдың барлығы мен үшін бірдей. Көбірек ден қоятыным –әдебиет сыны болуы керек Соңғы кезде осы үшеуін түйіп көштің басын түркология деген асуға бұрып жүрген жайым бар. Менің 60-қа тарта еңбегімнің жетеуі «Түркістан жинағы» деп аталады. Түркістан дегенде осы шағын шаһармен шектелмеген жөн. Жалпы, түрік дүниесі деген ұғымда қарау керек. «Түркістан жинағы» түркі халықтарының әдебиетін, тарихын, этнографиясын тұтас қарастыратын кітаптар сериясы. 19 ғасырда генерал-губернатор Кауфман деген кісі «Туркестанский сборники» деген атпен 500 томдық үлкен еңбектер шығарған. Былай қарағанда, бұл еңбек түрік халықтарын зерттеп-зерделеп, сол халықтарды Ресей боданына бағындырудың бір жолы секілді көрінеді. Десе де, Орталық Азия халықтарының этнографиясы, тұнып тұрған тарихы осы томдықтарда бар. Кауфманның бұл еңбегі ерлікке пара-пар, ғылым үшін баға жетпес құндылық! Неге осы 19 ғасырдағы Кауфманның ерлігін, ыждағаттылығын 21 ғасырда бізге жасамасқа?! Осындай оймен мен бұл еңбекті жаздым. Бұл менің, (Құлбек Ергөбектің) «Туркестанский сборнигім»! Жеті кітапқа 7 түркі елінің аса танымал 7 түркітанушы-ғалымдары алғы сөз жазды. Ертең өтетін ғылыми конференцияда Бейсембей Кенжебаев атындағы түркі халықтары музейі, Түркі халықтары кітапханасы, Түркі халықтары Өнер галереясымен қатар осы «Түркістан жинағының» да тұсаукесері өтеді.

 

— 50-ден аса кітап, мыңнан аса мақала жазыпсыз. Аз емес… Жалпы, шығармашылық табысыңыздың кілті неде?

 

-Шығармашылық табыс деген кітаптардың аз-көптігімен есептелмейді. Таланттың жеткен биігі – каламның күш-қуаты алған асуы нәтиже болуы керек. Мәселен, С.Мұқановты бір өзі –бір кітапхана иесі деп атаған. 100 том жазып қалдырған. Есесіне, Ғ.Мүсірепов 5 том еңбекпен қазақ әдебитін төрінен орын алды. Л.Толстой 100 том жазды. Толстойдың замандасы В.Гаршин деген жазушы болды. Гаршин жалғыз еңбекпен-ақ – Гаршин. Мен С.Мұқановтың лабораториясын көп зерттедім, Б,Кенжебаевтың тәрбиесін алғанмын. Бұл кісілер сырттай қарағанда қарапайым адамдар. Бірақ қатаң режим, тәртіппен жұмыс істеген. Бұл кісілер таңертең ерте тұрып түске дейін жазған, 1-2 сағат демалып алып түннің бір уағына дейін тапжылмай отырып жұмыс істеген. Адам қанша талантты болғанымен, өзін жазушылық дағдыға бағындырмаса ол адамнан көп еңбек шығуы екіталай. Мысалы, атақты Бальзак қызқұмарлау, жеңілдеу адам болған. Тіпті шығармашылық еңбек үстінде де қыз кездесуге шақырса жазу үстелін тастап, қызық қуып кететін көрінеді… Содан өзін тежеудің жолдарын қарастырады. Мен мына шығармамды жазып отырғанда қыз-қырқынның шақыруына ілесіп кетпейін деп, шашының жартысын алдырып, жартысын қалдырып, өзін сондай «безобразный формада» ұстайтын болған. Жазу үстінде отырғанда әлгіндей шақырулар болғанда бұрынғы дағдымен орнынан ұшып тұрып, киініп, айнаның алдына келіп қарайды да: «Оу, мсье Бальзак мына кейпіңмен қыздарға қалай бармақсың? Қой тоқта! Менің жазуым бәрінен жоғары!» -деп өзін тежейтін болған. Егер мен көбірек жазған болсам, өнімді еңбек берсем өзімді жастай шығармашылық ырғақта ұстадым. Шығармашылық дағдымен жұмыс істедім. Үйде де жағдай болды, жайымды айтпай ұғатын жанымда жарым болды. Адамның мінезіне де байланысты.

 

Түрік халықтарының арасында ең кітабы көп қаламгер мен болуым мүмкін

 

Сізді кітапқұмар, еліміздегі ең кітабы көп қаламгер деседі. Кітапқұмарлық қай кезден басталды?

— Бала кезімнен кітапқа құмар болдым. Менде бала кезден Түркістан деген киелі ұғымға байланысты жарық көрген кітап бар. Еліміз ғана емес түрік халықтарының арасында ең кітабы көпқаламгер мен болуым мүмкін. Кітақұмарлық деген де бір азарт дүние. Кезінде «Союз книголюбителей» деген қоғам болды. Мен сол қоғамның белді мүшесі болдым. Оның газеті бар болатын. Сол газетте мақалаларым жарияланып тұрды. Санк-Петербург унверситетінің жанында Түркістан ғылыми-зерттеу институты және оның баспасы болған 19 ғасырда. Менде осы баспадан шыққан кітаптар бар. Атақты Бораганскийдің баспасы. Бораганский татар азаматы, Петерборда баспа ұстаған адам, (Түбі Борағаннан шыққан ғой) Абай шығармаларын баспадан шығаруға жәрдем еткені, т.б. бұл өз алдына.. Осы баспадан 1873 жылы шыққан Северцевтің «О Туркестанских животных» деген еңбегі бар. Северцев мына жағы Атыраудан жаяу түсіп Шығыс Түркістанға дейін жаяу аралаған адам. Сол өзінің жеті жылғы экспедициясының нәтижесінде Түркістан өлкесінің географиясы мен биографиясын (тарихын) зерттеп, осы ғажап еңбекті қалдырған. Әр кітаптың қолыма түсуі әртүрлі тарих, әртүрлі тағдыр. Ш.Уәлихановтың Веселовскийдің алғысөзімен жарық көрген еңбегі, Полевойдың «Историй русский словестности», «История всемирной словестности» деген 1886 жылы жарық көрген құнды кітаптары бар менде. Менің кітапханамның бай болуының, санының көп болуының өзіндік сыры бар. Б.Кенжебаев, фольклоршы ғалым К.Сейдеханов, академик М.Балақаев, Ө.Тұрманжановтар кітапханасын маған аманаттап кетті. Өзбекәлі Жәнібек кітапханасының бір бөлігі менде. Райымбек Сейтмет кітапханасы, Әдіһам Шілтерханов, ғалымдар Т.Кәкішев, С.Қирабаевтар кітапханасын маған сыйлады. Осылардың барлығы жиналып «Түрік халықтары кітапханасын» құруға негіз болды. Біріншіден өзімде бар кітаптардың сан-сапасы түрткі болды. Осыдан біраз жыл бұрын 13 мың кітаппен осы идеяны қолға алдым. Содан маған кітап берушілер, идеямды қолдап-қостаушылар көбейді. Өзбектің көрнекті жазушысы Насыр Фазыловтың жеке кітапханасынан 4 мың кітап (өзбек тіліндегі) сыйлады. Герольд Бельгердің, Камал Смайловтың жеке кітапханаларын жанашырлары маған өткізді. Бүгінгі көзі тірі ғалымдарымыз Ө.Айтбаев, Жүнісбеков, ирантанушы Өтеген Күмісбаев кітапханасынан кітаптар қосылды. Ұйғырдың үлкен ғалымы Қожахмет Садуақасовтың кітапханасы түп-түгелімен менде. Ол кісі Бейсекеңнің шәкірті болған. Жеңгеміз Омақ Садуақасова өз қолымен тізімдеп: «Сен Бейсембай ағаның баласысың ғой. Түркі халықтары кітапханасын жасақтаймын деп жүрсің. Кейінгі ұрпақтың игілігіне жарар, -деп әкеліп тапсырды.

Бұл кітапхананың тағы бір ерекшелігі – тіл жағынан да бай. Қазақ, қырғыз, өзбек, татар тілдерін былай қойғанда, алтай, шор, саха, шуаш, тіпті жойылып бара жатқан лахай(түркі жұрағаты) тілінде де кітаптар бар. Түркиялық үлкен жүректі азамат Намық Кемал Зейбек досым түрік тілінде 4 мың кітап сыйлады. Сонымен, қазір ұзын саны 32 250 дана, 24 түрік тіліндегі кітаптар жинақталды. Көп адамның кітапқұмарлығы өзінің шығармашылығына ғана пайдасын тигізеді. Түркістандағы «Түрік халықтары» кітапханасын ашуға негіз болғандықтан, менің кітапқұмарлығым, білім қуған сан мыңдаған жандарға септігін тигізетін, көпке пайдалы кітапқұмарлық болды ғой деп ойлаймын.

 

Алашұбар қоғамда бірыңғай жазумен айналыса алмайды екенсің

 

 — Алашқа мәшһүр қаламгерсіз, ғалымсыз. Соған қарамастан бір кезде мемлекеттік қызметке бардыңыз? Ол не үшін қажет болды? Жалпы, мемлекеттік қызметтің, яки депутаттықтың қаламгерге пайдасы бар ма?

— Кезінде М.Әуезов екі қоғамдық формацияны көрдім деп мақтанады екен, солай жазған. Ол кешегі феодализм мен социализм жүйесі ғой. Біз шұбар социализмды көрдік, ептеп коммунизмді де көрдік-ау, содан қалыптаспаған капитализмді бастан өткердік. Сөйтіп нарық қоғамына қадам бастық. Бұл мақтаныш емес, азап. Жазушысың ба, жазумен айналысу керек. Бірақ та, қалыптаспаған алашұбар қоғамда бірыңғай жазумен айналыса алмайды екенсің. Алашұбар қоғамда сен қай жерге керексің сол жерге кірпіш болып қаланасың (Абайша айтқанда).

 Түркістан қаласының 1500 жылдығы тойланатын жылы сол кезде қала әкімі Ө.Әметұлы мені орынбасарлық қызметке шақырды. Ол әуелі Көпен Әмірбекті шақырған ғой: «маған бір-ақ жыл орынбасар болып қызмет етіңізші»-деп өтініп. Көпен айтыпты: «менің мінезім жақсы емес, үшбұрышты кірпіш секілді, кез келген кетікке қалана бермеймін, Құлбекке айтсаң жөн болар еді-деп. Сонымен, Өмірзақ маған қолқа салды. Бармайын десем алда 1500 жылдық дүбірлі той, өзі киелі Түркістан… Сонымен, 1999 жылдың күзінде Түркістан қаласы әкімінің руханият мәселелері бойынша орынбасары болып қызметке кірістім. Осылайша менің мемлекеттік қызметтегі карьерам басталып кетті. Келер жылы ОҚО әкімінің кеңесшісі болдым. Аппарат басшысының орынбасары, бөлім басшысы болып қызмет істедім. Сонымен табаны күректей 5 жылым мемқызметке кетті. Мен бұған өкінем бе, қуанам ба? Өкінемін, әрине! Өкінетінім: шіркін-ай, жазатын небір қуатты шағым «ананы неге өйтпейміз, неге бүйтпейміз» деген айқай-ұйқаймын, идеологиясы қалыптаспаған қоғамда идеолог болып, орынтақта отырумен кетті. Ал, енді қуанатыным: Сапарбаевтай әкімдіктің эталоны іспетті азаматпен қызметтес болуым, оның қамқорлығын көруім, сол кісімен үзеңгілес жүріп мемлекеттік қызмет дегеннің не екенін ұқтым. Халық деген қандай категорияға жататынын білдім. Халық деген ұлы ұғым, әлбетте. Ал, бірақ сол халықты алдап-арбаудан, пайдаланып кетуден біздің басшылар алдына жан салмайды екен. Арасында бірді-екілі Сапарбаевтай азаматтар болмаса көбі халық үшін жұмыс істемейді. Көбінің жүрегінде халық емес «өзім» деген түсінік қалыптасқан. Мемлекетшілдік мүддеден өз мүдделері жоғары. Бес жыл мемлекет қызмет жүйесінде жүріп осыны ұқтым. Одан осы университетте 1-ші вице-президент (проректор), вице-президент, министрлік өкілі болып11 жыл қызмет атқардым. Менің басшылықтағы ұстазым – Бердібек Сапарбаев. Сапарбаевтан алған тағлымым, тәжірибем өмірлік азығым болды десем артық емес. Сапарбаевтай ел мүддесі үшін қызмет ететін әкім сирек. Ол «Отырар» кітапханасы сериясын ашу туралы идеямды қолдады. Өзім жазбағанмен, жазғандарға қолдау көрсетіп, сол тұста облыстағы көп қаламгерлерге септігім тиді. Облыста «Қуғын-сүргін құрбандарының» мұражайын, Отырарда Ш.Қалдаяқов мұражайын аштық, Бекеңнің қолдауымен. Түркістанда «Түрік халықтарының кітапханасын» құру туралы идея сол тұста болған, бірақ басқа қызметке ауысып кетуіне байланысты тоқтап қалған-тын.

Мен университетте басшы болғанда күні-түні ел үшін қызмет еткен «кіші Сапарбаев» болуға тырыстым. Осы жылдарда да шығармашылықты бірінші орынға қоя алдым деп айта аламймын.

Әлгі, шығармашылық дағдыңыз, режиміңіз бұзылды ғой..

-Әрине, бұзылды. Барынша қаламыма адал болуға тырысқаныммен, көп уақытым басқару қызметіне кетті. Жазатын есіл уақытым кетіп қалды. Жалпы, жазушысың ба, жазумен айналысқан абзал. Қаламгер қаламынан қуат алып, шығармасы көпке шуақ болып шашылса маңдай тердің ақталғаны.

 

Менің ұғымдағы әдемілік сыртқы кескін-келбетпен, ажарымен ішкі жан дүниесінің үйлесімі

 

 — Сізді қыз-келіншектерді «жақсы көреді» дейді. Қадыр Мырза Әлі өзінің «Жазмышында» әлем жазушыларының ғұмырына барлау жасап, олардың ортақ «диагнозын» қояды. Соның бірі қаламгерлерде жиі кезедесетін «қызқұмарлық синдромы» туралы жазды… Сіз ше?

 

Бұл сұрақ енді алпыстан асқан адамға қойылатын сауал емес. Десе, де жауап берейін. Шығармашылық адамы болған соң қыздарды жақсы көрмеу мүмкін бе? Мұқағали айтпақшы қыздар деген әдемі ғой, әдемілік қой. Әдемілікті жақсы көрмеу баяғы Вольтердің «Кандиді» секілді, я болмаса Панглос тәрізді «мұрын, құлақ адамға көзілдірік кию үшін ғана керек» деген секілді шолақ түсінік болып кетпейді ме? Иә, мен де қыздарды жақсы көргем, әлі де жақсы көреміз. Оның үстіне көп адам әдемілікті ажар-көрік деңгейінде ғана ойлайды. Менің ұғымдағы әдемілік сыртқы кескін-келбетпен, ажарымен ішкі жан дүниесінің үйлесімі. Чеховтың: «адамның көзі – ішкі жан дүниесінің елшісі» дегеніндей…

 Шираздан шыққан Хафиз ақынның

«…Сол Шираздың сұлу қызын өмір бойы сүйер ем,

Бір меңіне Самарқан мен Бұхараны берер ем»- дегенін қайда қоярмыз, Тараздың аруларын жырға қосқан Сағдиды, Омар Һаямды, 70-тен асқанда Ульрикаға ғашық болған Иоганн Вольфган Гетены қайда қоярмыз?! Аяғында ұлы ақын сол қасіреттен қайтыс болған. Ульрика бейбақ тұрмыс құрмай отырып, қартаяды. Гетенің өзін сүйгенін кеш түсініп, өзегін өкініш өртеп, аһ ұрады. Өзіміздің Ғабең де (Мүсірепов) Раиса Мұхамедияроваға үйленгенде егде тартып қалған-тын. Бірақ, Ғабең Раисаны құлай сүйді. Шын сүйді. Махаббат мәңгі жыр. Қаламгер ұғымындағы «қыз» яки «сұлулар» категориясы ұзақ әңгіме…

 

Мен Б.Кенжебаев рухындағы ұстазбын

 

— «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы». Сіз басы Б.Кенжебаевтан бастап ұстазға жарыған жансыз. Өзіңіз ше? Жолыңызды жалғар шәкірттеріңіз бар шығар.

 

 — Мен шынында да ұстазға жарыған адаммын. Б.Кенжебаев кабинетіне шақырып алып: «Қарағым не жазасың? Сенің қолыңнан жазу келеді»-деді. Кішкентай бозбала шағымнан (1 курста) қолымнан жетелеп, үйіне алып барып, аш құрсақ студентке сорпа-суын беріп, тапсырма беріп, тапжылтпай отырғызып әдебиетке баулыды. Жазуға бағыттады. Ұстаз дегеннен гөрі әкелік қамқорлыққа келеді. Алланың берген бұдан артық бағы жоқ шығар. Ақыр аяғында кемпірі дүниеден өткен соң бізді қолына алды. Бейсекең иманды әке, мен ибалы бала болдым. Батасын алдық. Мен туралы қаншама пікірлер қалдырған күнделіктерінде. Тоғыз жылдай бір шаңырақ астында өмір сүрдік. Өз әкеміздей қадірлеп, ақ жауып, арулап шығарып салдық. «Қарияға өз әкесіндей қарады, жылқы сойып шығарып салды» дегізген, жақсы атаққа жеткізген жарым Баянға осы ретте дән ризамын.

 …Ұстаз демекші , өткенде бізді «Айтуға оңай» хабарына шақырды. Әңгіме арқауы ұстаз бен шәкірт. Жанымдағы екі әріптесім: «анау да менің шәкіртім, мынау да» деп бөсе жөнелді. Менің бетімнің оты шықты. Біздің ұстазымыз Б.Кенжебаев (40 жыл ұстаздық етіп, сан мың маман тәрбиелеген) «мен сіздің шәкіртіңізбін» деп бейіл білдіргендер болмаса бәрін бірдей шәкіртім дей бермейтін. Керісінше Белгібай Шалабаев деген ұстазым болды, дәріс берген студенттердің бәрін шәкіртім деп санайтын. Былай қарағанда екеуінікі де теріс емес. Бірақ мен Б.Кенжебаев рухындағы ұстазбын. Бейсекең шәкірттерін баласынан артық көретін. Мені кім шәкіртім дейді со кісіге шәкіртпін, мені кім ұстазым дейді сол адамға ұстаз болуға бейілдімін. Бұл менің өмірлік ұстанымыма байланысты, екінші жағы әдеби ортадан ертерек провинцияға ойысып кеткен адаммын. Жалпы, мені ұстаз тұтатын азаматтар бар. Олар мен жайлы жазып жүр. Мен сол азаматтарды қадірлеймін, жанымдай жақсы көремін. Ұстаз бен шәкірт дегенде үндестік. Блок айтқандай: «Поэзия сынь гармонии». Бұл ішкі үндестік мінездің, көзқарастардың үйлесіміне алып барады.

…Бірде бір әдемі аққұба әдемі қыз бала келді де: «Аға мен сіздің шәкіртіңізбін»- деп өзін таныстырды. Мен онша шырамыта қоймадым да: «Қалқам саған сабақ бердім бе» деп сұрап едім. Ол өзінің бір «приключениесін айтып берді. Осында журналистік білім алып, Алматыға барады, жұмыс іздеп. Біраз редакцияларды жағалайды. Басшылар «Түркістанда жартымды журналист тәрбиелейтін адам жоқ. ҚазГУ бітірген журналистердің өзі көңілден шықпайды кейінгі кезде»-дейтін көрінеді. Көп редакцияның табалдырығын тоздырады, еститіні осы жалғыз сөз. «Содан тауым шағылып, төзімім таусылып бір есікке келгенде жөн сұраған бір азамат(ұмытпасам Р.Отарбаев болуы керек)

 –Кімдерден дәріс алдың?-деп сұраса:

-Құлбек Ергөбек –дейді.

-Ол кісі сабақ берсе, сенен журналист шығады. Жарайды, онда сені қызметке қабылдаймыз-депті. Өзі айтып берген әңгіме. Осы әңгімеге мен недәуір семірдім (қартаяйын дедік пе, қайдам). Орысша айтқанда маған «приятно» болды. Содан бері Жадыра Нармахановамен шығармашылық байланыстамыз. Қазір «Ұлан» газетінің бас редакторы. Өзі бір талапты, жақсы бала, айналайын. Өз перзентімдей. Жадыра екеумізді жақын еткен әлгі ұстаз бен шәкірт арасындағы – гармония!

 

— Әңгімеңізге рахмет! Тойыңыз тойға ұлассын, аға!

 

Сұхбаттасқан: Әтіргүл ТӘШІМ

Яндекс.Метрика