2022-08-08

Дәурен БОСЫМБАЕВ, Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары: «МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ МАҒАН ТӘРТІП ПЕН ӨЗ-ӨЗІҢМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУДІ ДЕ ҮЙРЕТТІ»

alttories/001 daur.jpg» />

Халықпен тығыз байланыс жасап, елдің мұң-мұқтажын тыңдай алатын да, оның бір шешімін табуға жол көрсетіп жіберетін де мемлекеттік қызметші. Олар тікелей халықпен жұмыс жасайды. Мемқызметші болу екінің бірінің қолынан келетін іс деуге тағы болмайды. Бұл үлкен жауапкершілік, халықпен етене жұмыс істеуге икемділікті, көпшілдікті, білімді, парасаттылықты, ұлтқа, Отанға деген үлкен сүйіспеншілікті талап ететін жұмыс. Аталған қасиеттер бойыңнан табылмаса онда мемқызметші болуың қиындау.

Осы орайда біз Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Босымбаев Дәурен Әбдікәрімұлымен жолығып, «Мемқызметшінің бір күні» айдары аясында әкім орынбасарының бір күндік жұмысымен таныстық. Жасыратыны жоқ, көпшілігіміздің ойымызша әкімдер, орынбасарлары салқын кабинетте отырып, келгендерге салқын жауап беретін кісімшіл көрінеді. Алайда, олай емес екеніне біз Дәурен Әбдікәрімұлымен жұмысымен таныса жүріп өрбіген сұхбат барысында толық көз жеткіздік.

Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданы көлемі жағынан да, мәдени ошақтар мен демалыс аймағының көптігімен де, халқының тығыздығымен де ауқымды аудан. Дәурен Әбдікәрімұлы аудан әкімінің халықпен жұмыс жүргізу және инфраструктура саласы бойынша орынбасары екен. Инфраструктура дегеніңіз көгалдандыру, аудан көлемін абаттандыру, жарықтандыру, тазалық осы сынды тынымсыз тіршілік.

Уақыт тілі таңғы 8.00-ді көрсетіп тұр. Жұмыс күні А. Байтұрсынов көшесі бойындағы тазалықты тексеруден басталды. Дәурен Әбдікәрімұлымен тазарту жұмыстарын бақылай жүріп, әңгіме тиегін ағыттық.

– Алғашқы мамандығыңыз медицина саласымен тығыз байланысты екен. Балалар хирургі болып қызмет де жасапсыз. Енді мемлекеттік қызметтесіз. Денсаулық саласында жүрсеңіз түсінер едік, ал сіз әкімдіктесіз. Қалай келдіңіз, не себеп болды?

– Иә, дұрыс айтасыз Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының түлектерінің бірімін. Бұл мамандықты үлкендердің араласуынсыз өзім таңдап, үлкен жауапкершілігін сезіне жүріп келгенмін. Айта кеткен орынды болар, білім – алған оқу орнының үздік түлектерінің бірімін. Ауру-ханада қызмет атқарып жүргенімде Об-лыстық денсаулық сақтау басқармасына, медицина саласындағы мемқызметшінің бос орындарына конкурс жарияланыпты. Бағымды сынап көруді ұйғардым. Мем-лекеттiк қызметшiлер, бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға үміткерлерді және құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін азаматтарды тестілеу орталығына барып тестілеуден өтіп, конкурсқа қатыстым. Бағалау парағым жақсы болды, бірақ уақыттан кешіккен екенмін. Мені содан соң ОҚО Ішкі саясат департаменті ұйымдастыру-әдістемелік бөліміне қыз-метке жіберді. Міне, мемқызметке келу жолым осылай басталды.

– Түсіне, түйсіне білген адамға мем-қызметшіге қойылатын талап пен ар-тылатын жауапкершіліктің жүгі ауыр. Өзіңізге қандай талаптар қойдыңыз, осы жөнінде айта кетсеңіз.

– Әрине, оңай емес, қызметке барды да «бірден үйреніп кеттім» десем өтірік болады. Кез-келген жұмыстың өз ауыртпашылығы болады емес пе? Ал, мемлекеттік қызметшілерге артылар жауапкершілік басқа мамандықтардан бір саты жоғарылау. Себебі, біз тікелей Елбасының халық арасындағы өкілі саналамыз. Мемлекетті халықпен тығыз байланыстырып тұрған мемқызметшілер. Ал, мемқызметшілер мен секілді көптеген Дәурендерден тұ-рады. Сондықтан мемлекеттік қызметші – ол қоғам алдында өзінің жауапкершілігін сезіне алатын тұлға болуға, білімді де білікті болуы тиіс. Елбасының тікелей өкілі болғандықтан мемқызметші халық пен биліктің арасын жалғайды, ал, жақындастыру бірден-бір міндеті. Ол үшін адам өзімен күнделікті жұмыс істеуге тиіс. Мемқызметші тұлғалық өсу туралы ұмытпау керек. Ол өзіңді ғана емес айналаңды да зерттеу, зерделеу, өзіңе-өзің күнделікті есеп беру. Өзіме осындай талаптар қойдым. Осы тұрғыда жұмыс жасап, барынша халықпен тығыз байланысты болуға тырыстым. Білім сенің бет-бейнең, айтқан сөзде тұру, өз ісіңе адалдық міне осындай қасиеттерді тәрбиелеу басты міндет болды. Егер өз болмысыңа жауап бере алмасаң, басқалар үшін қалай жауап бересің. Өзіммен осы бағытта жұмыс істедім және ол жұмысымды көрініс тапты деп ойлаймын.

– Мемқызметшінің қызметтік этикасы бар. Оған сай болудың өзі үлкен ізденісті қажет етеді…

– Иә, дұрыс айтсыз. Біз жұмыстан тыс, жеке өмірде де өзімізге артылған жауапкершілікті ұмытпауымыз тиіс. Айтылар сөзімізге, ісімізге жауаптымыз. Қайдан жүрсең де мемқызметші болғасын саған елдің назары мен көзқарасы өзгеше бо-лады. Сонымен қатар жоғарыда айттым, мемқызметші өзінің ішкі түйсігін, білімін де жетілдіріп отыруы шарт. Сен қайда жүрсең де, қай тұрғыдан алғанда да мемқызметші атына лайықты болуың керек. Сондықтан тығыз жұмыс жоспарыма қарамастан кітап оқып, ішкі түйсігім мен білімімді арттырып отыруға тырысамын. Көп ізденемін, оқимын. Қызметтің өзі мен үшін бір үлкен мектеп. Осы мектепте барынша үлгілі оқушы болуға тырысып бағамын. Әр адамнан, әр тұр-ғынмен кездесуден, қызмет барысында туындап жататын мәселелердің бәрі мен үшін сабақ. Мәселені бар ынтаммен шешуге атсалысамын. Сонымен қатар спортқа, салауатты өмірге де ден қоямын. Біздің жұмыс кестемізбен спорттық клубтар, спорт залдарына барып жаттығуға мүлдем уақыт жоқ. Сондықтан бар уақытты тиімді пайдаланып, жаттығуларды үзбеймін.

– Қандай жаттығулар жасайсыз?

– Кір тасын көтеріп жаттығамын. Оған аса көп қаражат та, уақыт та, үлкен аумақ та керек емес.

 

ТАЗА КӨШЕГЕ ҚОҚЫС ТАСТАУҒА ҰЯЛАСЫҢ

– Көзімізбен көрдік, расында халықпен тығыз байланыста екенсіз. Әр мәселені шешуге деген ынта-ықыласыңызды қарапайым адамдармен сөйлесе білуіңізден де байқадық. Жаңа әр кездесуім сабақ дедіңіз. Мемлекеттік қызметке бүгін келген жоқсыз, не үйрендіңіз? Мемлекеттік қызмет нені үйретті?

– Ең алдымен жауапкершілікпен қоса уәдеге беріктікті үйретті. Осыны бөле-жара айтар едім. Әр бір қызмет еткен сала маған әр түрлі пайдалы дүние үйретеді. Осы лауазымға келгеніме жыл тола қойған жоқ. Ауданның инфраструктура, тазалығына жауаптымын. Қаланың тазалығы деген қашанда өзекті бізде. Күнде таңертең қала жұртшылығы көшеге шыққанда таза-күтімі бар көшелерді кө-реді. Жұмыс барысында байқадым, сол таза көшелер мен аулалар бір түннің ішінде қоқыс шашылған жерге айналып кетеді. Таң атпай жатып тазалық жұмыстары қайта жүргізіледі. Тазалықшылар үлгермей жатса сол тұрғын үйлердің, не сол орамның адамдарынан арыз-ша-ғымдар келіп түседі. Осы орайда қаламыздың тазалығын қамтамасыз ететін жан-дардың ерен еңбегін атап айтқым келеді. Қыстың аязы, жаздың аптабында бел жазбай еңбек ететін сол кісілердің бір күндік жұмысын бақылап көріңізші. Еңбектеріне деген құрметіңіз артады. Таза көшеге қайтып қоқыс тастауға ұяласың. Бұрындары біз де студент болдық қой, суы таусылған бөтелкені көрсетпей тастап кеткіміз келетін. Сондай қылықтар әр адамнан кездеседі. Міне, бұл қызмет мені осы жағынан көп тәрбиеледі. Қала аумағындағы тазалықтың қандай үлкен еңбекпен келетінін ұғындым. Одан бөлек халықпен тіл табысуды, ұстамды болуды, үнемі қырағылықпен өз-өзіңе сыни көзбен қарауды үйрендім. Әлі де үйретері көп деп ойлаймын.

– Әл-Фараби ауданы, Шымкент қаласындағы ауқымды аудандардың бірі екені рас. Аудан көлемі, инфра-құрылымы жайлы айтып өтсеңіз…

– Жалпы Әл-Фараби ауданына қысқаша тоқталатын болсам, аудан Шымкент қаласының орталық бөлігінде орналасқан және 14380 га жерді алып жатыр. Аудандағы тұрғындардың жалпы саны – 211 820 адам. Соның ішінде еңбекке қабілетті адамдар саны – 84561, балалар саны – 43815, зейнеткерлер саны – 23658. Аудан аумағында 15-тен аса ұлт өкілдері тұрады.

Көп қабатты тұрғын үйлер 665, жеке үйлер саны 14054.

Ауданда инфрақұрылым жүйелері (газ, су, электр жарығы, жылу, кәріз) толығымен шешімін тапқан деп айтуға болады.

Тек көршілес Сайрам ауданынан өткен елдімекендер Откорм совхозы және 276 орамдадарда инфрақұрылым жүйелерін (газ, су, электр жарығы, кәріз) дамыту керек. Бұл бойынша тиісті бөлімдерге ұсыныс енгізіліп, 2018 жылдың сметасына енгізілді. 2019 жылы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, шешімін табады.

Ауданда жалпы 311 көше бар, оның 249 асфальт, 54 шағал, 8 топырақ жабындыда. Біздің ауданның аумағына қаланың көркін келтіріп тұрған көптеген нысандар кіреді, бірнеше саябақтар, демалыс орындары, мәдени ошақтар бар.

 

ТАЗАЛЫҚ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ МЕН ҚОНАҚТАРЫНЫҢ САНАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ДҮНИЕ

– Бүгін бір күндік жұмысыңызға куә болдық, қаладағы тазалық жұмыстарымен таныстық. Әр күннің жұмыс кестесінің әртүрлі болатынын білеміз. Аудан әкім орынбасарының жұмыс кестесі қалай түзіледі? Таң атты, жұмысқа келе жатырсыз, не туралы ойлайсыз?

– Қаланың тазалығына қарап сүйсінемін. Көзіме кемшілік түссе түртіп аламын. Ал, ойым туралы айтатын болсам, мемқызметші мемлекет пен халық арасын байланыстырушы дедік қой. Сондықтан ең алдымен мемлекеттің мерейін көтеру басты қағида болуы керек мемқызметшіге. Осы туралы ойлаймын және күн сайын сол мақсатта жұмыс атқарамыз. Алдағы күндегі жұмыстың жоспарын бір күн алдын талқылап, шешіп аламыз. Әл-Фараби ауданы жеті аумаққа бөлінген. Аптаның әр күніне сол жеті аумақты бөліп қойғанбыз, аралап, көріп, тексеріп, тұрғындармен жұмыс жасап жатамыз. Одан бөлек кеңседегі жұмыстар, тұрғындарды қабылдау, хаттарға жауап беру, арыз-шағымдарды қарау, қабылдауға келген тұрғындардың мәселесін шешіп беру, жиналыстарға қатысу, мемлекеттік маңызды шаралардан тыс қалмау секілді жұмыстар жалғасын тауып жатады. Тек мен ғана емес маған берілген бөлімде басқа да мамандар бар сол әріптестеріммен бірлесе отырып барлығын шешуге, үлгеруге тырысамыз. Біздің жұмыс қала тазалығымен тікелей байланысты болғасын түскі үзілістен соң қайтадан сол мәселемен келген кейбір тұрғындардың жағдайын көруге барамыз, шешіп беруге тырысамыз. Қала тазалығы мәселесі күрделі мәселе деуімнің себебі, ол түпкілікті шешілетін мәселеге жатпайды. Тазалық қала тұрғындары мен қонақтарының санасына байланысты дүние. Адамдар әртүрлі болатыны сияқты сана да әртүрлі. Ең қызу жұмыс кешке басталады. Жұмыс күнінің соңында ертеңгі күнге жоспар құрып, бүгін атқарылған жұмыстардың есебін шығарамыз. Жарықтандыру, аулаларды электр жарығымен қамту, көп қабатты үйлердегі балалар алаңшаларының жағдайына жауапты болғандықтан, жұмыстан шығып аумақтың кешкі жарықтандырылуымен танысамыз. Кемшілік болса жазып алып, ауыстыратын болса белгілеп, ертеңгі жұмыстың жоспарына енгізіп, тиісті мекемеге ескертіп жатамыз. Бүгінде күн ұзарғандықтан кешке 8-9-дар шамасында аралап шығамыз. Бізде таңертеңнен бастап жоспарлы түрде жұмыс жүргізіледі. Жоспарсыз жүйелі жұмыс жүргізу бос әурешілік. Осыны ескергендіктен күнделікті жоспарды күн сайын жаңартып та отыратын кездер болады. Таңнан басталған жұмыс күн ұясына батқанға дейін тынымсыз жалғасады. Бұл жалғыз менің емес біздегі осы бөлімнің мемқызметшілерімен бірге жасалатын жұмыс. Біздегі қыз-жігіттердің барлығы дерлік өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, мемқызметшіге артылған жүктің қаншалықты үлкен маңызға ие екенін жете түсінетін жандар.

 

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ МАҒАН ТӘРТІП ПЕН          ӨЗ-ӨЗІҢМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУДІ ДЕ ҮЙРЕТТІ

– Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімінің аппаратында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы не айтар едіңіз?

– Аудан облысымыздың орталығы Шымкент қаласының ең орталық ауданы болғандықтан барлық жоғарғы және орта арнаулы оқу орындары, саябақтар, мәдени ошақтар, театрлар мен кинозалдар, алып сауда орталықтары, негізгі базарлар мен сауда қатарлары біздің ауданда орналасқан. Сондықтан да жүргізілетін жұмыс сан салалы, мәдени, экономикалық, әлеуметтік болып бөлініп кете береді.Ең басты бағыт, бұл ауданның тазалық жұмыстары. Неғұрлым адам көп болған сайын, кө-шелердің ластануы мен қоқыс қалдықтары соғұрлым көбейе түседі.

Осыған орай, тиісті 7 аймаққа үш тазалық мекемесі жауапты. Олар: Бек-Асыл Сервис», «Бәйтерек Л.Б.», “Нұр Сат” ЖШС-тері. Тиісті мекемелер тарапынан, әр аймақтарда таңғы 8.00 ден кешкі 17.00 ге дейін тазалық жұмыстары жүргізіледі. Мереке және демалыс күндері кезекші бригада жұмыс жасайды.

Сонымен қатар, қураған ағаштарды, сынған, құлаған бұталарды тазалау жұмыстарына қосымша жауапты мекеме жұмыс атқарады.

Әл-Фараби ауданы аумағында 665 көпқабатты тұрғын үй, онда 2183 кіреберіс орналасқан. Барлық аулалар мен ішкі орам жолдары, тазалық жұмыстарымен қам-тылған. Ауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үй тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырылып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Одан өзге қураған, қажетсіз өскен ағаштар қырқылады, көпқабатты үйлердің алдына балалар алаңшасын салу толықтай қамтылып біткен жоқ, әр жылдың жоспарына бірнеше көп қабатты үй кіргізіліп, балалар алаңшасымен жабдықталуда. Биылғы жоспарға 77 көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыруға және балалар ойын алаңшаларын орнатуға құны 837,1 млн. теңге болатын сметалық құжаттама әзірленді. Бұл жұмыстар атқарылса, қалған 118 аула келесі жылдарға қалады.

– Байқаймын таңнан қара кешке дейін жұмыс жалғасады екен. Дегенмен бәріне қалай үлгересіз?

– Мемқызметшіге ең қажетті талап пен тәртіптің бірі мүмкіндігінше барлығына үлгеру. Сондай жауапкершілікті алған соң үлгеруге тырысасың. Бауыржан Момышұлы атамыз «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген ғой, егер тәртіпке бағынып, тәрбиеңізді түзеп, өз-өзіңізді жеңе алсаңыз күн тәртібіңізден барлығына орын табуға болады. Мемлекеттік қызмет маған тәртіп пен өз-өзіңмен жұмыс істеуді де үйретті.

– Жергілікті билік халықпен қаншалықты жақын?

– Бүгінде мемқызметшілердің атқарып жатқан жұмыстары ашық, ешқандай бүкпелеу, тықпалау жоқ. Мемқызметшіні жоғарыдағы бақылау мен қоса халықтың өзі де толық бақылап отыра алатын жағдай бар бүгінде. Біздің ауданның ғаламторда сайты бар, онда аудан көлемінде атқарылып отырған жұмыстар, оған кімдердің жауапты болғаны, болашақ атқарылатын жұмыстар барлығы дерлік жарияланып отырады. Азаматтарды қабылдау кестесі, әкімнің жоспарлары бәрі дерлік бар. Бүгінде технология дамыған заман, қабылдау телефондары тынымсыз жұмыс жасап тұр. Сондықтан халық пен билік арасы алшақ деп айта алмаймын. Керісінше өте жақын, біте қайнасып жұмыс атқарылуда деуге толық негіз бар.

 

БАЛА КЕЗІМДЕ ӘКЕМНІҢ КІТАП ОҚЫП ОТЫРҒАНЫН КӨП КӨРГЕНМІН

– Сөзіңізден байқағаным кітап көп оқиды екенсіз? Бұл қажеттілік пен әлде дағды ма?

– Екеуі де деп айтуға толық негіз бар. Тарихи кітаптарды, басқару өнері жайлы кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Бала кезімізде әкемізден ерте айрылып қалдық. Сол кісіден ала алмаған тәртіпті, тәрбиені, мінезді кітаптан алдым десем болады. Ата-ананың жүріс-тұрысының өзі тәрбие. Бала кезімде әкемнің кітап оқып отырғанын көп көргенмін. Сондықтан да құмар болдым-ау деймін. Есімде, әкемнің қолынан Марк Твеннің кітаптары түспейтін. Білімімді жетілдіріп отыруға тырысамын.

– Патриотизм деген ұғым бар. Ұлтқа, елге деген махаббат десек қателеспейтін шығармыз. Сіз қаншалықты патриотсыз?

– Патриот болу кез-келген мемқызметшіге керек сезім, түйсік. Тек мемқызметшіге емес осы елдегі әрбір азаматқа керек дер едім. Осы сезім арқылы кез-келген адамның санасында «елімнің өркендеуіне, болашағына, бүгінгі дамуына қайтсем қол ұшымды беремін?» деген жағымды ой қалыптасады, осы ойдан іс-әрекет басталады. Әр азамат осылай ойлай білсе біздің еліміз бұдан да мәдениетті, саналы, көркем, дамыған, өркендеген ел болады. Болашаққа, жас ұрпақтың патриот екеніне сенемін.

– Халықпен жұмыс жүргізу оңай емес, кейде түсініспеушіліктер де туындап жатады. Мұндай мәселелер қалай шешімін табады?

– Міне, өзіңіз де бізбен бірге жүріп көріп отырсыз, халықпен жұмыс жүргізу оңай емес. Әртүрлі мінезді, әртүрлі ойлы азаматтар бар. Бірақ, біз бәрін тыңдауымыз керек, түйткілді мәселелерді шеше алсақ өзіміз шешіп, біздің құзыретімізге жатпайтын болса, құзырлы органға жіберіп жатамыз. Әрине, айтып кеттім халықтың арасында аласы да, құласы да бар. Ол заңды. Мемқызметшінің ең басты қағидасы да солардың бәрімен бірдей мәмілеге келіп, тіл табыса білу. Мәселенің оң шешім табуына ықпал жасау. Кейде тұрғындар өз міндеттерін түсінбей барлық жұмысты біздің мамандарға артып қоятын жағдайлары да болады. Кейбіреулердің көзқарасы сондай, 100 жақсылықтың 1-уі орындалмай қалғанның өзінде орындалған 99 пайызына рахмет айтпай, белгілі бір себептермен бітпей қалған 1 пайызы үшін шағымданып жататындар да кездеседі. Ондай сәттерде әрине қиындау… Біздің оң имиджімізді қалыптастыруда қарапайым халықтың үлесі зор. Неге екенін қазіргі қоғамда теріс нәрсе тез тарайды да, жақсылық қалып қояды. Әйтпесе, бүгінгі мемқызметші көп өзгерген. Жан-жақты жауапкершілікті ұғынған, тіпті қонаққа бару әдебінің өзінде ішкі түйсігінде мемлекеттің өкілі екенін, халық алдындағы сол мемлекеттің кішкентай бөлігі екенін ұғынып тұрады.

– Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

– Мен қара шаңырақта қалған ұлмын. Сондықтан отбасымыз ең алдымен анамыздан басталады. Бүгінге дейінгі еткен қызметтерімнен алған тәжірибем мен бірге сол анамның ақ батасының арқасында адал қызмет етіп келе жатырмын. Екі перзенттің әкесімін, Аллаға шүкір.

– Үлкен рахмет.

Сұхбаттасқан Нұрсұлу БАЗАРБАЙ.

 

Оймақтай ой

ҮШ ТІЛДІЛІКТІ ЕҢ АЛДЫМЕН ОСЫ МЕМҚЫЗМЕТШІЛЕР ИГЕРУ КЕРЕК

Бүгінде өзім мықты саясаткер деп бағалайтын Елбасымыздың Мәңгілік ел болу идеясында үш тілділікті білу де басты бағыттардың бірі ғой. Ал, үш тілділікті ең алдымен осы мемқызметшілер игеру керек. Сондықтан бүгінде ағылшын тілін оқып, үйреніп жүрмін. Адам үйренуден жалықпау керек. Себебі өмірдің өзі мектеп.

Яндекс.Метрика