2024-07-27

Бегайым ИТЕНҚЫЗЫ: «МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ БОЛУ ҚАЙ ЖАҒЫНАН АЛЫП ҚАРАСАҢЫЗ ДА ТӨЗІМДІЛІККЕ ҮЙРЕТЕДІ»

tories/001begayim.jpg» border=»0″ />

23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күні. Мемлекеттік қызметші болу мәртебелі міндет. Сонымен қатар артар жауапкершілігі мен жүгі де жеңіл емес екенін біріміз білсек біріміз білмейміз. Елбасымыздың өзі «Әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі және жинақтаған тәжірибесі есепке алына отырып құралады» деп еді бір сөзінде. Ал сол мансапқа қызықпай, қаншама жылдан бері бір орында отырып, өз ісіне, көрсетіп отырған қызметін тұтынушыларға адалдық таныта білу кез-келгеннің қолынан келе бермейтін ізгілікті іс. Сондай жандардың жандардың бірі де бірегейі деп Бахтыбаева Бегайым Итенқызын айтуға болады. Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында Бегайым Итенқызымен сұхбаттасудың сәті түсіп еді.

– Отбасы мемлекеттің тірегі. Мемлекеттік қызметшіні де отбасы тәрбиелейді. Кез-келген мамандықтың өз ауыртпалығы мен өз қызығы болады. Осындай жауапкершілігі мол жұмысты еш қиынсынбай жүргізіп келе жатқан Бегайым Итенқызы қандай отбасында тәрбиеленді екен? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

– 1962 жылы Қызылорда облысында дүниеге келдім. Берекесі мен мерекесі жарасқан, білімге, оқуға ерекше көзқараспен қараған,бала тәрбиесін бірінші кезекке қойған отбасында тәрбиелендім деп айта аламын. Әкем сол кездегі совхозда бас есепші болған. Анам 30 жыл ауылдық кеңесте председатель болды. Міне, осындай жауапкершілігі жоғары, білімді шаңырақта, саналы ата-ананың тәрбиесін көріп өстім. Қазақта айтады ғой «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» деп. Мен де жауапкершілігі қаншалықты ауыр болса да мемлекеттік қызметті таңдадым.

– Еңбек жолыңыз қалай басталды?

1984 жылы Жамбыл технологиялық институтын бітіріп Шымкент қаласына тұрғын үй саласына жас маман болып келдім. Ол Кеңес үкіметінің кезі, жас маманның бар жағдайын жасап беретін уақыт болатын. Сол жерде қызмет етіп жүріп пәтер алу бақыты бұйырды. Есепші болып, одан соң бас есепші болып қызмет еттім. 1992 жылы Шымкенттегі үш ауданның бірі Дзержинский ауданына екінші санаттағы маманы болып ауыстым. Аудан әкімі Б.Жылқышиев еді. Жұмысқа деген жауапкершілік, ізденістің арқасында сол әкімдікте бірінші санаттағы маман, бас маман болдым. Одан кейінгі еңбек жолым жалпы бөлім басшысы қызметінде жалғасты.

– Сонда сіздің мемлекеттік қызметші болып еңбек етіп келе жатқаныңызға ширек ғасыр болыпты.

– Иә, 1992 жылдан бастап есептесек 25 жыл.

– Демек сіз еліміздің басқару саласындағы сан түрлі өзгерістерді, қиындықтарды, сол кездегі қалыптасу кезеңдерін өз көзіңізбен көрдіңіз. Еске ала отырсаңыз, әкімдік жүйесі, тәуелсіз елдің мемлекеттік қызмет жүйесі қалай қалыптасты?

– Әрине, оңай болған жоқ. Ел болып, еңсе түзеу жолына түскен кезімізде қоғам да, халық та, билік те, басқару органдары да сан түрлі қиындықтармен бетпе-бет келді. Осының бәрін жеңіп шығуға, еңсере білуге ең алдымен Елбасымыздың көрегенді саясаты мен, дұрыс қабылданған шешімдер септігін тигізді деп сеніммен айта аламын. Басқару бұл жүйе.Тірі организм сияқты өсу, қалыптасу процесінде түрлі өзгерістерге ұшырайды. Кемшін тұстары түзеледі, жетілдіріледі.

– Мемлекеттік қызметші болу оңай жұмыс емес. Оның артар жауапкершілігі өте ауыр. Бұл салада жүріп не үйрендіңіз?

Мені бұл қызмет мынаған тәрбиеледі деп кесіп айтпасам да, мен мемлекеттік жұмыстың жауапкершілігі мен ауыртпалығын, қызығын ата-анамның еңбек жолынан бала кезден бастап көріп өстім. Тәртіптің не екенін мен отбасымда-ақ сезініп, біліп өскенмін. Себебі, ата-анам басшылық қызметтерде жүрген соң үйіміздегі қонақтардың өзі сол кісілердің әріптестері болатын. Олардың барлығы тәртіптің, бір сөздің, жалпы халықпен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерген нағыз өз жұмыстарының шеберлері еді. Сол кісілермен дастархандас болып, әңгімесін тыңдап, тәлімін көріп өстім. Сондықтан мен бұл жұмысқа бала кезден дайын болдым десем артық айтқаным емес.

Мемлекеттік қызметші бола жүріп көп нәрсені үйренуге болады. Халықпен жұмыс істеу. Біздің жұмысымыз халықпен тығыз байланысты болғандықтан қалыпты жұмыс кестесі болмайды. Себебі, сан түрлі түйіні мол мәселелер күтіп тұрғанда өзге нәрсеге мойын бұруға мүмкіндік болмайды. Себебі, бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Сондықтан сол артылған жауапкершілікті ақтауға тиіссің. Сол себепті де мен жұмыстағы өз жауапкершілігіме әрқашанда үлкен мұқияттылықпен қараймын. Осыншама уақыт аралығында ауырып қалып, жұмыстан қалып кеткен емеспін. Мазам болмай денсаулығым кішкене сыр беріп тұрса да, жұмысқа келемін. Өткені, сені шешілуге тиіс қаншама жұмыс күтіп тұрғанда үйде отыру мүмкін емес. Бүгінде көптеген жастар бар өздерін қатты жақсы көреді. Кішкене ауырса жұмысты ысырып қойып денсаулығына байланысты демалыс алып жататын. Менде олай емес. Бұл қызмет айттым ғой адамды көп нәрсеге үйретеді. Мемлекеттік қызметші болу қай жағынан алып қарасаңыз да төзімділікке үйретеді. Тіпті, демалыс күндері, мереке күндері де тым алысқа кетіп қалмауға тырысамын. «Мені жұмыстан іздеп қалар» деген ой мен асқан жауапкершілік аса көп қыдыруға да мұрша бермейді. Мүмкіндігінше қаладан шықпаймын.

– Демек сіз өз жұмысыңызды қатты жақсы көресіз ғой?

– Әрине, қатты жақсы көремін. Қай салада болмасын өз жұмысыңды жақсы көрмесең ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмайсың. Қанша ауыртпалығы мол болса да, жауапкершілігі жоғары болса да жақсы көремін. Кезінде бір әкім айтқан «сізді өзге қызметке жоғарылатайық» деп. Келіспедім. Себебі мен жалпы бөлімде істегеннен кейін бұл саланы жақсы көремін,бұл жерде жанды жұмыс қайнап жатады. Адамдармен үнемі байланыста боласың, мұң-мұқтажын білесің, қаланың тынысы бар бұл салада. Ал, мен оны сеземін. Сондықтан да жоғарыласам деген ниет менде болған емес. Жалпы бөлім мемлекеттік қызметтің айнасы деуге болады. Себебі, қандай мәселе болмасын ең алдымен жалпы бөлімге келіп түседі. Мен таңертең ерте келсем, не жұмыстан шығып бара жатқанда есік алдында әлдекімді күтіп отырған кісілерді көрсем мені «Кімге келді? Не жұмыспен келді? Қандай шешілмеген мәселесі бар?» міне, осы сұрақтар толғандырады. Жалпы бөлім болғасын мүмкіндігінше барлығын бақылауға тырысамын. Көп жастарды жұмыстан шыққанда кімнің кімді күтіп отырғаны, кім не істеп отырғаны аса ойландыра қоймайды. Ал мен есік алдында кім, неге отыр? Осының бәрін сұрауға, білуге уақыт табуға тырысамын. Өйткені, ол адам мемлекет көрсетіп отырған қызметке үміттеніп келді.Ал, ол қызмет сапалы көрсетілуі керек. Адам біздің басты байлығымыз, оған барлық уақытта құрметпен қарауымыз керек.

– Сіз келген уақыттағы мемлекеттік қызметті бүгінгімен салыстыруға болмайды. Басқару технологияларын айтпағанның өзінде жұмыс барысында қолданатын техниканың өзі қазіргі кездегі жұмыс істеу техникаларымен салыстыруға да келмейді. Солай емес пе?

– Дұрыс айтасыз, біздің кезімізде қазіргідей техника дамымаған-ды. Компьютер жоқ, ксерокөшірме деген жоқ, кәдімгі баспа машинкасымен жұмыс істедік. Механиканың аты механика қателесуге мүлдем болмайды. Бір әріптен грамматикалық қате кеткеннің өзінде әлгі жазбаңызды басынан бастап қайта жазып шығасыз. Қазіргідей әріпті өшіріп орнына компьютердегідей жаза салу жоқ. Осы салаға қазір келетін жастарға өте жеңіл, әрі жұмыс істеу оңайырақ. Себебі, маман істеуге тиіс жұмыстың қаншамасын кабинетте отырып-ақ дамыған техникамен бітіріп тастауға болады. Ең қарапайым хатқа жауап жазуды не болмаса хат жіберуді алайықшы. Ол кезде хатты жазылған соң қайта бір оқып шығып басшылыққа жіберілетін, қол қойылғаннан соң адресатқа пошта арқылы салынатын. Ал қазір олай емес, барлығын ғаламтор арқылы бітіре салуға болады. Біз егемендік алған алғашқы жылдары қалыптасу кезеңінде біраз қиындықтардан өттік қой. Су жоқ, электр жарығы жоқ деген секілді. Міне, сол кездерде осы әкімшіліктегі әр адамға көпқабатты үйлер бөлініп беріліп, түнгі үш-төртке дейін жүріп сол тұрғындардың төлем ақыларын тексеріп, жағдайларын көріп, шешіп беруге тырысатынбыз. Сондай қиындықтарды да өткіздік. Одан өзге қарапайым тұрғындар көре бермейтін қаншама қым-қуыт мәселелер шешіліп жатты . Ол кезде аяққа енді тұруға ұмтылып жатқан мемлекет едік. Бүкіл күш, бүкіл қиындық осы мемлекеттік қызметшілерге, басқару тетігінде жүрген жандарға түсті. Біз бәрін көрдік, соның бәрінен өтіп, міне бүгінгі дамыған, жұмыс жүйеленген уақытқа жеттік. Ал осыған жету үшін қаншама мәселеден, қаншама қиындықтан өттік. Сол кезде басшылықта болған әкімдерге де бұл мәселелер оңай тиген жоқ. Дегенмен, біз сол қиындықтан Елбасымыздан бастап бүкіл халық, ел болып шыға алдық. Бұл үлкен жұмыстың нәтижесі, жемісі деп білемін.

– Ал енді сол жаңа технологияның барлығын қалай меңгеріп алдыңыз? Қазір заманауи техниканың барлығымен жұмыс істей алатыныңызды көріп отырмын.

– Бұл уақыт талабы. Қаласаңыз да қаламасаңыз да осы салаға керек, жұмысыңызға қажетті дүние болғасын бізде жастармен жағаласып барынша үйренуге, білуге тырыстық, әлі де үйреніп келеміз. Бұл жұмыстың, қазіргі уақыттың талабы. Мемлекеттік қызметші болғандықтан біз талапқа сай болуымыз керек ең бастысы. Ағылшын тілін үйрету курстарына да бардық жастармен бірге, компьютерді үйрену курсы ма, оған да бардық. Өзімізді барынша дамытуға тырысып жатамыз. Егер сіз заман талабына сай маман болмасаңыз, онда сіздің қызметіңізден ешкімге пайда жоқ. Сондықтанда барынша үйренуге талпынып жасымызға қарамастан алға ұмтылып жүреміз. Елуден ассақ та жастармен теңесіп біз де келе жатырмыз.

– Кітап оқисыз ба?

– Кітап оқуға уақытым аса көп бола бермейді. Оның үстіне кітапты бастаған соң оның соңына жеткізіп оқу керек. Ондай мүмкіндік бола бермейді. Мен жалпы елімізде шығатын газеттерді оқып, шолу жасап, қарап отыруға тырысамын. Журналдарды жақсы оқимын. Мерзімдік басылымдарды қарап жүруге тырысамын. Соның ішінде денсаулық саласына қатысты газет-журналдарды қарағанды жақсы көремін. Сыртта жүрсем де үнемі осы бағыттағы газет-журналдарға алдымен көзім түседі.

Жақында өзіңіз сияқты мемлекеттік қызмет саласында жүрген маманмен сұхбаттасқанымда «мен осы қызметіме келгелі үш бастықты көрдім әрқайсысынан әртүрлі тәжірибе алдым» деп еді. Сіз ширек ғасырлық еңбек жолыңызда қанша әкіммен қызметтес болдыңыз? Қайсысы қандай қасиеттерімен есіңізде қалды?

– Шынымды айтайын, Шымкент қаласына әкім болып келген барлық десем де қателеспейтін шығармын әкімдермен бірлесе жұмыс атқардық. Әрқайсысы өзінше жеке-жеке тұлға. Әрқайсысының өзінің жастарға, қоғамға үлгі болар тұстары болды. Барлығы дерлік осы елдің, халықтың игілігі үшін, қаланың көркеюі үшін жұмыс атқарғаны белгілі. Менің есімде әрқайсысы әр түрлі қасиеттерімен қалды. Солардың ішінде дәл қазіргі Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовты ерекше атап өтер едім. Білімді, жан-жақты мұндай іскер азаматтар әкім болсын, жоқ басқа салада жұмыс істесін біздің қоғамға керек деп ойлаймын. Мұның бәрі менің бастығым болғаны үшін айтылып отырған сөз емес. Ол кісі шынында да жан-жақты. Өте білімді де білікті басшы. «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгені істеген жұмыстарынан, білімінен көрініп тұрады. Бұл кісіден ұстамдылықты, білімділікті, біліктілікті. қарапайымдылықты үйренуге болады. Тағы бір қыры алдына келген тұрғындардың мәселесін барынша шешіп беруге, қолынан келгенше сол мәселенің түйінін тарқатуға тырысып бағады.

– Қоғамда мемлекеттік қызметшілерге деген көзқарас жақсы жағына өзгеріп келеді. Дегенмен, тұрғындардың басым бөлігінде әкімшілікте қызмет ететін мемлекеттік қызметшілердің көпшілігі кабинеттен шықпайды деген ой қалыптасқан. Алайда, осы сала жайлы тарқатып жазып келе жатқандықтан менің өзім мемлекеттік жауапкершілігі ауыр, жұмысы қаншама қиындықтардан тұратынын ұқтым. Осыншалықты жауапкершілікті, уақытты талап ететін жұмыста жүру сізге ауыр емес пе?

– Жоқ ешқандай да ауыр емес. Себебі, мен өз жұмысымды жақсы көремін. Біздің міндетіміз өз эмоциямызға ерік бермеу. Қанша ренжіп отырсаңыз да, ашуланып отырсаңыз да өзіңізді тежей білуіңіз керек. Маған бұл саланың тағы бір бергені адамдармен жұмыс жасауға үйретті. Алдымызға қаншама мәселелермен сандаған адамдар келеді. Денсаулығымен, әлеуметтік мәселесімен, бір көше, көпқабатты үйдің кейбір мәселелерімен бөліседі. Солардың барлығымен сөйлесе жүріп, әңгімелесе жүріп психолог бола бастайсың. Қайсысымен қалай сөйлесуді, не айтпақ болғанын айтпай түсіне беретін жағдайға жетесің. Себебі, жұмыс барысы солай. Мұнда көпшілігі ашуланып, кейбір мәселелерде ренжіп келіп жатады. Ондай кісілермен әңгімелесіп отырғанда олар менің сөзіме, жүзіме қарап отырып барынша сабырлы болуға тырысады. Бұл менің осыншама уақыт жасаған жұмысымнан алған ең үлкен тәжірибем десем артық айтқаным емес. Ашуланып келсе де әңгімелесе келе басылып, мәселесін жай бір қалыппен айтуға тырысады. Біз халық үшін отырмыз, халықтың елдің мұң-мұқтажын барынша шешіп беруге, жағдай жасауға тырысамыз. Менің үнемі айтатын тағы бір ұстанымым: «Біз халықтың адамымыз, солар үшін еңбек етеміз». Иә бұл шындық. Біз сол халықтың, қоғамның мәселелерінің оң шешімін табуы үшін жұмыс атқарамыз. Бұл кез-келген зайырлы мемлекеттің ең басты ұстанымы.

– Мемлекеттік қызметшілердің өз этикасы, әдебі бар. Қарапайым ғана тойға барғанның өзінде сізге тойға келген тойшыл қауым, ел басқаша қарап тұрады. Сіз ондай ортада өзіңізді қалай ұстайсыз?

– Мемлекеттік қызметші ол мемлекеттің бір өкілі. Сондықтан өз ісіңе, сөйлеген сөзіңе, жүріс-тұрысыңа жауап бере алатындай болуың керек. Сені көріп тұрып қаншалықты тәртіпті, тәрбиелі екеніңді халық сезінуі керек. Мен де барынша өз қызметіме сай болуға тырысамын. Барынша байқап жүремін. Той деген қазақтың қазынасы ғой. Сол тойға барғанның өзінде мүмкіндігінше көзге түспей, тым қатты назар аудартпауға тырысамын. Елдің назарын аудару үшін оғаш қылық, оғаш қимыл керек. Біз ондайдан барынша аулақ жүруге тырысатын мамандық иелеріміз. Таңертең ерте жұмысқа келемін, кешке қайтамын. Содан кейін біз жастарға үлгі екендігімізді де ұмытпауымыз керек. Осыны естен шығармаймын. Біздің мекемедегі әріптестеріміздің арасында менімен жастары шамалас жандар азайып бара жатырмыз. Жастар көп. Барынша соларға үлгі болуға тырысамын.

– Кезінде сіз де жас маман болдыңыз, ол уақыттарыңыз аталған саладағы ең қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді. Сол кезде кеңес сұрап, қандайда бір мәселені шешу барысында ақылы мен тәжірибесіне жүгініп алдына жиі барып тұратын, кеңес алып тұратын , үлгі тұтарлық жандар болды ма?

– Әрине болды. Себебі, бірден осындай жағдайға жетпейсің ғой. Жұмыс, сан түрлі мәселені шешу жолдарын үйрене жүріп маман ретінде қалыптастырады. Біз де ақыл-кеңес сұрап тұратынбыз. Жас кезімде бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеп отыратын тәжірибелі жандардың жанымда көп болғанын қалайтынмын. Себебі, жас маман соларға қарап үлгі алып, сол кісілерден көп нәрсе үйренеді емес пе?. Мен жұмысқа келгенде Табанды Әжібекұлы деген кісі бар болатын, сол кісіге жиі барып ақыл сұрайтынмын. Кейбір түйінін шеше алмай жатқан мәселенің шешілуіне талай рет көмектесті. Ол кісіні облыс жұртшылығы жақсы біледі. Зейнеткерлікке шыққан соң да осы қала әкімдерінің біріне кеңесші болды. Хат жазуға да мамандану керек.Оның өзіндік үлгісі болады. Мәселені аз сөзге сыйдырып, түсінікті етіп жазу керек. Ой ықшамдауға қалыптасу керек. Хат жазсам да «көріп жібересіз бе?» деп аға буынның алдына жиі бардым. Оған арланған емеспін. Мұны үйрену дейді.

– Ал, бүгінгі жастардың арасында сондай ақыл-кеңес сұрап келетіндер бар ма, алдыңызға?

– Сыйлайтын, құрметтейтіндері бар. Келіп ақыл сұрайтындары да жоқ емес. Бірақ өте аз.

– Мемлекеттік қызметші – бұл жауапкершілігі мол жұмыс. Сол жауапкершілігінен болар көпшілік жастар бұл салаға келуге жасқанады, сескенеді. Сондай жастарға не айтар едіңіз?

– Иә, қолына диплом алған жас мамандар келеді. Бірақ көпшілігі тұрақтамайды. Қиындығынан, жауапкершілігінен қашады. Сырт көзге тыныш, бірқалыпты жұмыс болып көрінетіндіктен оңай деп ойлайды. Шынын айту керек, мұнда келіп қайнаған жұмыстың ортасына сіңіп кетуге көпшілігі дайын болмай шығады. Сондықтан жастарға айтар едім, қиындықтан қашпау керек, одан шығар жол табуға, нағыз маман болуға тырысу керек деп. Баста айттым, мемлекеттік қызметші қоғамның айнасы іспетті. Қоғамға үлгі боларлық тұлғаға айналу үшін қиындыққа шыдай білу керек.

– 25 жыл аз уақыт емес, осыдан он шақты жыл бұрын қоғамның мемлекеттік қызметшіге деген көзқарасы қандай еді? Қазір қалай өзгерді? Осы жағына кішкене тоқталып өтіңізші.

– Он жыл бұрын емес, одан бұрынырақта халық көп нәрсеге мән бермеді деуге болады. Ол кезде еліміз енді еңсе түзеп келе жатқан шақ. Қоғамда қордаланған сан түрлі мәселелер болды. Бірақ адамдар ең бастысы күн көріс, жан бағудың қамымен жүрді. Біз сондай қиын кезеңнен өткен елміз. Сондықтан көп нәрсеге назар аудармады. Ал қазір халықтың көзі ашылған . Үйінде отырып-ақ кей мәселелердің шешу жолдарын айтып жатады. Мұны жанашырлық деп түсіну керек. Өйткені, халық та, мемлекеттік қызметші де бір қоғамда өмір сүріп жатыр. Сол себепті де оның кемшілігі де, жетістігі де ортақ. Мемлекеттік қызметшілер бүгінгі уақытта біліктілігін көтеріп отыруға мүдделі. Өйткені, халықтың санасы өзгеріп, өсіп келеді.

– Сіз қызмет еткен жылдар аралығында Шымкент қаласы қалай өзгерді?

– Бұдан біраз жыл бұрынғы Шымкент пен қазіргі Шымкентті салыстыруға да келмейді деуге болатын шығар. Өте қарқынды түрде дамып келеді. Сан түрлі саябақтар, демалыс аймақтары, тазалыққа көңіл бөлу, түрлі мәдени ошақтардың салынуы мұның барлығы үлкен еңбек пен келген игі істер. Қаланың іші, аулалар жарықтандырылуда, балалар алаңшалары салынып, адамдарға соның ішінде балаларға жақсы жағдай жасауға бет бұра бастадық. Менің Таразда тұратын таныстарым «Біз қазір Астана, Алматы емес Шымкентке келіп демалып кететін болдық. Шымкент қаласында демалуға жақсы жағдай жасалған. Алматыдан кем емес» деген пікір айтады. Сырт көз осылай дейді. Мұның өзі Шымкент қаласының дамып, көркейгеніне дәлел болса керек.

– Ашық-жарқын сұхбатыңызға рахмет. 23 маусым кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Ел игілігі үшін еңбектеріңіз ақталып, сол еңбектің жемісін көріңіздер!

Нұрсұлу БАЗАРБАЙ.

Яндекс.Метрика