2024-07-27

«Мықты боламын десең, жеңіліп көру керек!»

       Еңбек адамы. Ол туралы жиірек айтылып жүр, соңғы кезде. Мен өзімше өзіме бүгінгінің елдікке қызмет еткен ең еңбекқор адамы кім деп сұрақ қойдым. Тапқан сияқтымын… Спортшылар. Егер олар маңдай терлерін сыпырып, еңбектенбесе, көк байрағымыз желбіреп, елдігіміздің мәртебесі асар ма еді… Спортшы еңбегінің жемісі маңызды екен, өте маңызды!
       Ол кикбокстан 2007 жылдан бастап қатарынан 5 дүркін Қазақстан Республикасының Чемпионы атанған. 2010 жылы Ташкентте өткен Азия аралық жарыстың чемпионы, 2012 жылы Украинада өткен әлем чемпионатында кубокты иеленді. Халықаралық дәрежеде өткен жарыстарда 15 рет жеңіс тұғырына көтерілді. Осы уақытқа дейін шаршы алаңда түрлі дәрежеде 94 кездесу өткізіп, соның 82 кездесуін жеңіспен аяқтаған. Оның ішінде 21 қарсыласын нокаутқа түсірген. Ерінбей, еткен еңбегінің арқасында алған марапаттарын да санап шықтық. 30 медаль, 5 кубок. Халықтың оған еңбегіне, өнеріне қарап берген лақап аты «Барс» екен. Бүгінгі кейіпкеріміз Ғалымжан Өтегенов туралы анықтама орнына айтарымыз осы. Ал, әңгімеміз былай өрбіді.

       -Ғалымжан спортқа қалай келдің? Әңгімені осыдан бастасақ…
       — Спортқа деген қызығушылығым бала күнімнен басталды. Шынымды айтайын, мектеп табалдырығында жүргенде оқудан көрі спортқа қатты қызы-ғатынмын. Жасыратыны жоқ, дайындыққа асығып жүріп мектепте сабақ аяқталмай жатып қашып кететін де күндерім болатын. Жаттығуда ғана емес, үйде жүргенде де өзімше ауыр темірлерді көтеріп, азанда да кешкісін жүгіріп жүретінмін. Құрдастарымызбен күн сайын жиналып жұдырықтасып, күре-сіп, футбол ойнайтынбыз. Ол бір керемет кездер еді. Қазіргі жетістіктерімнің кілті сол балалық шақта жатыр. Ол мені спорт әлеміне жетеледі. 
Мектепте жүріп кикбоксингтен ау-данаралық жарыстарда жеңімпаз атандым, сонда мені Шымкенттегі «Қажымұқан» атындағы спорт орталығының жаттықтырушысы Жаңабай Әшірбеков байқап өз тәрбиесіне алды. Спорттың биік шыңдарын сол кісімен бірге бағындырдым. Үйретті, баулыды, жат-тықтырды. 
       — Ұстанымың бар шығар…
       — Өмірдің өзі еңбек.
       — Еңбегің нәтижелі екенін көріп отырмын, оған мына жетістіктерің куә. Қазір қайдасың, қандай кәсіппен шұғылданасың?
       — Спортпен, әрине. Ол күнделікті еңбекті қажет етеді, жарыстардан қалмауға тырысамын. Спортты қойып кететіндей мен қартайып қалған жоқпын ғой. Жасым енді жиырма беске шықты. Бұл әлі спорттан қайтатын жас емес. Ал, қосымша жұмысым, студенттер, оқушылармен жұмыс істеймін, дене шынықтыру сабағының мұғалімімін. 
       — Шәкірт тәрбиелеп жүрсің ғой?
       — Осыдан екі жыл бұрын Шымкенттегі №68 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі едім. Күреске икемі бар-ау деген оқушылармен кешке қарай жаттығу жұмыстарын жүргіздім. Байқасам, балалар айтарлықтай талантты, әжептеуір талпыныстары бар екен. Денелерін әбден шынықтырып, күресті меңгерді-ау деген кезде араларынан 2-3 баланы жарыстарға шығарып көрдім, сенімімді ақтады, ұятқа қалдырмады. Қазір де жарыстарға қатысып жүр. Сонда бір іштей қуандым, мен тәрбиелеген, үйреткен артымнан ерушілердің мақсаты биік екенін таныдым. Елге қызмет ету осындайдан басталады ғой. Үйренгеніңмен білген дүниеңнен біреу үлгі алып, сол нәрседен сусындап жатса одан асқан бақыт бар ма? Менің де пайдам біреулерге тиіп жатса онда менің жолымды, бағытымды дұрыс таңдай алғаным ғой. Не десек те ұстаз үшін шәкірттерінің орны бөлек.
       — Мемлекеттік рәміздер, соның ішінде туымыздың құдіретінің керемет екенін білетін спортшы қауымнансыз. Жеңдіңіз, Қазақстанның туы желбіреп тұр, сезіміңізді суреттеп бере аласыз ба?
       — Ол сезімді, шынымды айтсам, айтып жеткізе алмаймын. Сөз жетпейтін де сезімдер болады. Ол өте үлкен, биік тұратын сезім. Тіпті намысыңнан да жоғары. Сол үшін талай қымбатыңды да қиюға болады. Жетістігіңмен бірге байрағымыз желбіреп жатқанда осыдан артық, осыдан асқан бақыт қайда бар екен деп тұрасың. Осыдан артық бақыттың жоқ екендігіне көзің де жетеді.
       — Өзің сияқты спортшылардан кімді бағалайсың, құрметтейсің?
       — Мен Қазақстан үшін еңбек еткен әрбір спортшыны жеңілсін, жеңсін бағалаймын. Әр спортшы жалғызым… Өйткені спортқа қадам басып,таңдауын жасаған адам ол — айқын мақсаттың айналасында жүреді. Ел үшін бірдеңе жасасам деген талпыныста болады. Жазғы олимпиаданы еске түсіріңізші, біздің спортшылардың жігері қандай болды, қазақты қандай жетістіктерге көтеріп тастады. Сол жарысты көріп отырып «Қазақстанның алған 7-ал-тынына 8-ші алтынды мен салғаным да ғой» деп өз-өзіме сыймай кеттім. Әттең кикбоксинг олимпиадаға кірмеген, егер осы спорт түрі олимпиада ойындардың қатарында болғанда мен соған бар күш-жігерімді салатын едім. Әттең, әттең деген күйі жүрмін.
       — Спорт, ол да өнер, тағы қандай өнерің бар?
       — Тағы бір қырымды ашайын. Өнер-ге жатқызуға бола ма, болмай ма оны білмедім. Мен кикбоксингтен бөлек ережесіз жекпе-жекке шығып тұрамын. Елдің намысы да бар, қаражат жағы да бар.
      — Ережесіз жекпе-жек көрінісінің өзі қорқынышты…
      — Менің ондайға етім үйреніп кеткен. Ер болып жаратылған соң қорыққан жараса ма екен? 
      — Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Жеңілген сәттеріңде қандай көңіл-күйде боласың?
      — Толықтай келісемін. Жеңіс пен жеңіліс үнемі бір арнада, оны бәріміз де мойындаймыз. Бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Өмір заңы солай. Тіпті, бокстың королі Майк Тайсонның да жеңілген сәттері бар. Бірақ, жеңіліс меніңше әрбір мықты спортшы үшін керек. Неге дейсің бе? Себебі жеңіліс адамды жігерлендіріп, бір жасаған қателікті қайта жібермеуге үйретеді. Жеңілген соң сол қателіктің орнын толтыру үшін қайта әрекет жасайсың, келесі де жеңісті ұстағың келеді. Ол қарапайым тілде тәжірибе десе де болады. Ал өмірінде мүлдем жеңілмей өтіп кеткен адам жоқ, ондай болмаған да. Жақсылық пен жамандықтың қатар жүретіні секілді ғой.
      — Жарыстарда көңілің толмай, төрешілермен келіспейтін кездер болды ма?
      — Өтірік сөйлемей-ақ қояйын, ондайлар орын алды. Бірақ Қазақстанда емес. Мен Азия чемпионатында Таш-кентте финалда өзбек азаматымен түс-кен едім. Кездесуді аяқтадық. Сонда мен сөзсіз жеңгенімді білген едім. Ойымда да ештеңе болмаған. Жеңіс ме-нің жағымда болатын. Бірақ төрешілер жеңісті өзбек азаматына беріп жіберді. Бірақ сөз таластырып жеңгендігімді айтпадым. Ондай әдет қазаққа жат. Азияның жеңімпазын осылайша өзбек ағайындарымыз қолымнан жұлып алды. Көрші елдің сол қылығына іштей қапа болып қайтып едім. Бірақ оған еш мойымадым. Ондайлар менде ғана емес қой, талай спортшылардың басынан өткен. Ал Қырғызстанда өткен ережесіз жекпе-жекте маған тиесілі көлікті қырғыздар қимаған. Жеңсем де жеңілген-нің алатын ақшасын ұстатып шығарып салды. Одан да түңіліп кеткен жоқпын. Еңбектену керек, тағы да еңбек, жаттығу дедім де туған елге оралдым.
       — Жарыстан алмасаң да астыңда немістің БМВ көлігі бар екен. Немістердің көлігі майды көп қажет етеді. Үнемшілдікке қалайсың?
       — Шынымды айтсам, мен үнемшіл бола алмаймын. Рас айтасың, майды көп жесе де мен неміс автокөлігін жақсы көремін. Менің мінезім де осы кө-лікке сай келетін сыңайлы. БМВ көлігі газды басқан сайын алып ұшып зымырай береді. Мен де сол ұстаныммен біргемін. Алған бетімнен қайтқым келмейді.
       — Қандай жарыстарға дайындалып жүрсің?
       — Дайындалғанмын. Ол енді өтіп кетті. Мен 2013 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатына жолдама алған едім. Сол жарыста тағы бір қазақ атын танытсам деп едім. Бірақ, қаражаттың тапшылығынан жете алмай қалдым. Өкініш те болды, бірақ, амал не. Осындайда қалталы азаматтар жайлы ойлайсың. Солар мен үшін емес ел үшін шамалы әрекет жасаса, көңіліміз көкке көтеріліп қалар еді-ау. Елдің де, біздің де. Бірақ ондайлар табылмады.
       — Басыңнан өткен қызықты оқиға туралы айта аласың ба?
       — Менің ойымда көп оқиға сақтала бермейді. Есімде қалған біреуін айтып берейін. Кішкентайымда спортқа қатты қызығып жүрген кезімде, ағам Бақыт-жан екеуіміз боксқа қатыстық. Бір күні жарысқа қатысып, мен жеңіліп қалдым. Ал Бақытжан жеңіп кетіп грамота алған еді. Үйге келген соң грамотадағы Бақытжанның атын өшіріп өзімнің атымды жазып әке-шешеме көрсеткенім бар. Неге екенін білмеймін сол әрекеттен кейін мен үнемі жеңіп келетін болдым. Маған сол ағамның грамотасы жолашар болған сияқты. 
       — Бойдақтардың санын көбей-тіп жүр екенсің? Неге үйленбей жүрсің?

       — Дәл қазір менің таңдадым деген сыңарым жоқ. Бойдақтардың қатарын ұзамай азайтатын шығармын. Әлі мына қызды аламын деген шешімім жоқ. Сол тақырыпта өзімнің де басым қатып жүр. Менің жүрген ортам сондай ма? Әлде мен жөні түзу қыз жолықтыра алмай жүрмін бе, түсінбеймін. Бірақ, бір тойымның болары анық.
       — Сол тойдың ұзамауына біз де тілектеспіз, жетістігің көп болсын!
Жарылқасын Үсентаев «Қызмет» газеті

Яндекс.Метрика