Жалпы, қазақ түсінігінде «Сыр – Алаштың анасы» дейтін тіркес қалыптасқан. Ал, Қаратау туралы ше? «Ақтабан шұбырындыдан» бас сауғалаған Алаш ұрпағының паналаған қорғаны болды десек, әкесін асқар тау санайтын көшпенді баласы үшін ол тау – «әкесі» ме екен? Жә, мәселе елдің әке-шешесін анықтауда емес, сол арқылы Созақ жұртының қазақ тарихында алар орнын айтқымыз келгені еді. Қазақ хандығының ең алғашқы астанасы деп әспеттелетін Созақ қаласы мен сол өңірдің еліміз тарихынан алар орны ерек екені белгілі. Шу бойында құрылған ең алғашқы Қазақ мемлекеті Жетісу мен Бетпақдала арасын жайлай жүре қазіргі Созақ өңірін басты тарихи сахна етіп алғаны белгілі. Мәселен, «Алаша хан» туралы аңызда жүздіктерге бөлінген әскербасылары Тамғалытас мекенінде таңбаларын тасқа басып, елдіктің нышанын көрсеткені туралы айтылады. Ол Тамғалытас та осы қазіргі Созақ ауданында жатыр.
Бүгінгі айтпағымыз да облысымыздың осы Созақ пен Шу өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштердің жайы еді. Әңгімені әріден бастауымыздың себебі де сол.
Қазіргі Созақ ауданы территориясында бірнеше сәулет ескерткіштері сақталған. Олардың дені ХІХ ғасырға жататын ерекше нысандар, болғанмен, көбі бұзылып, қирап жатыр екен. Өткен аптадағы сапарымызда Түркістан облысының тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, қайта қалпына келтіру және пайдалану орталығының бастамасымен Ордабасы, Бәйдібек, Созақ аудандарындағы ескерткіштерді қамтыдық. Бірақ, сапарымыз бірнеше ауданды қамтыды дегені болмаса, негізінен Шу өңірінде өтті. Қамтылған тарихи-мәдени нысандардың жай-күйі туралы басынан бастап баяндайық, оқып көріңіз. Қызықты тұстары бола қалса, көңіл түкпіріне түртіп ала қоярсыз.
АҚБҰЛАҚТА ӘЛІ ДЕ ПАЙДАЛАНУҒА ЖАРАМДЫ НЫСАН БАР
Шымкент шәрінен шыққан экспедиция мүшелері мінгескен көлік Ордабасы ауданына қарасты Ақбұлақ ауылы ортасынан орын тепкен ескі сәулет нысанына аялдады. Бұл нысан – ХІХ ғасырдың соңында іргетасы қаланған шіркеулік мектеп (церковно-приходская школа) екен. Аталған нысан сол дәуірдегі орыс басқыншылығынан кейін біздің өңірге көшіріле бастаған қарашекпенділердің балаларына арналып салынған. Шіркеулік мектеп жалғыз емес, жанында шіркеу де тұр. Дегенмен, облыстық мәдени ескерткіштер тізіміне осы мектеп еніпті. Қазіргі таңда шіркеу ғимараты Ақбұлақ ауылының клубы (мәдениет үйі) қызметін атқарып келе жатса, шіркеулік мектеп ғимараты қирап, қабырғалары арсиып тұр. Шіркеулік мектептің ғимараты Кеңес заманы тұсында ауылдың кітапханасы ретінде пайдаланып, ауыл тұрғындары игілігінде болса, тәуелсіздік алғалы қаңырап қалып, кейінгі жылдары тіпті қирандыға айналыпты. Ауыл тұрғындарынан сұрай қалып едік, көшенің қарсы бетінде көрші тұрған Бауыржан деген жігіт аталған нысанды қайта қалпына келтіріп, пайдалануға беруге келісетінін, ауыл тұрғындары да қолдайтынын алға тартты. Расында, нысан қабырғасында аздаған шытынаған белгілері болмаса, әлі де пайдалануға толық жарамды көрінді. Орналасқан жерінің геокоординаты 42.389863 солтүстік ендік, 69.344713 шығыс бойлықта.
Келесі күні Созақтың Жуантөбесі маңындағы Шу өзені түнемелеп, таңертеңмен өзен бойлап 30 шақырымдай шығыс бағыттағы Тасты ауылына жеттік. Тасты ауыл әкімдігі ғимаратынан 3 шақырым солтүстік-шығыста, Шу өзенінің оң жағалауында «Қоскамералы кесене» деп аталатын сәуле ескерткіші бар екен. Кесене қабырғасы ХІХ ғасырда Шу арнасындағы топырақтан құйылған қам кірпіштен қаланыпты. Қазіргі кейпі жауын мен желге езіліп, қара топырағы мүжіліп, Бетпақтың құмды даласына сіңіп барады екен. Қазақтың ерекше «Созақ сәулет стилінде» жасалған бұл ескерткіш өз заманында ауқатты отбасыдан шыққан кісіге арналса керек. Жергілікті тұрғындар да кімге арналып салынғанын ұмытқан, тек таманың құрақ руынан шыққан тұлға болғаны ғана еміс-еміс айтылып қалады екен. Кесененің орналасқан геокоординаты 44.819813 солтүстік ендік, 69.190070 шығыс бойлықта орын тепкен.
ТАСТЫДАҒЫ СӘУЛЕТІ КӨРІКТІ КЕСЕНЕЛЕР
Тасты ауылы маңында орналасқан екінші нысан – Байна молда кесенесі. Тарихи-мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне осы атаумен енген екен. Ал, тұрғылықты халық өкілдерінің айтуынша бұл кесене найманның салауат деген руынан шыққан Байна және Байсал деген қос азаматқа арналып салынған деседі. Кесененің геокоординаты 44.848415 солтүстік ендік, 69.091097 шығыс бойлықта, Тасты ауыл әкімдігі ғимаратынан 8 шақырым солтүстік-батыста, Шу өзенінің оң жақ бетінде орын тепкен. Бұл сәулет ескерткіші де ХІХ ғасырда қам кірпіштен қаланғанмен, сыртқы келбеті күйген кірпішпен қапталып, әдемі көркемделген екен. Қазіргі кейпі түм жүдеу, күмбезі мен порталды төбесі құлап, тек екі қабырғасы ғана қалыпты. Оның өзі құлауға жақын тұр.
Байна молда кесенесінен оңтүстікке, бірнеше шақырым ауылға қарай жүргенде алдымыздан Рүстембек кесенесі деген нысан жолықты. Бұл кесене де ХІХ ғасыр ескерткіші. Қалыңдығы 1 метрден асатын қам қірпіштен өріліп, сырты күйген кірпішпен қапталған. Құлағалы тұрған қазіргі көрінісінің өзінен бұл ескерткіш өз заманының нағыз сұлу ғимараттарының бірі болғанын байқауға болады. Нысанның орналасқан жерінің геокоординаты 44.810911 с.е., 69.138440 ш.б., Тасты ауыл әкімдігі ғимаратынан 2,5 шақырым батыста, Шу өзенінің оң жағалауында тұр.
Бір ғана Тасты ауылы маңында осындай көркем кесенелерді көрдік. Осының өзі ХІХ ғасырдағы көшпеліліктен қол үзе қоймаған қазақ қоғамында Шу өзенінің үлкен рөл атқарғанын, ал қазіргі Тасты ауылы маңында қыстау мен жайлауға көшу жолы мен сауда жолдары өткен өткел болғанын бағамдауға болса керек. Айтпақшы, осы Тастыда өткен ғасырдың соғыс жылдарында салынған Теміркөпір әлі де ел игілігіне қызмет етіп тұрғанын көрдік.
ТЫЛСЫМДЫ ЖҮСІПБЕК КЕСЕНЕСІ
Тастыдан қайта Жуантөбеге қарай жолға шықтық, 20 шақырымдай жүргенде жолдың сол жақ бетінде отырған жалғыз малшы қосын көрдік. Келесі аялдауды жобалаған Жүсіпбек кесенесі осы маңда еді, сондықтан малшы тұрағына бұрылдық. Бұл қос түйеші Ерман ақсақалдың мекені екен. Ерекең жөнімізді сұрап алғасын, өзі жолбасшы болмаса Жүсіпбек кесенесіне жолды таба алмайтынымызды ескертіп, жол бастай кетті. Жаңадан бой көтере бастаған сексеуілді орман ішімен жылжи, біресе оңға, біресе солға бұрыла отырып құмды-сортаңды жолмен 5 шақырымдай жүргенде бір бұрышы ғана қалған көне ескерткішке келдік. Бұл кесене Қазақтың соңғы ханы Кенесарының немересі Жүсіпбекке арналып ХІХ ғасырдың соңында салынған екен. Өз заманында еңселі ғимарат болғанмен, қазір құлаған қирандыдан тек бір бұрышы ғана тұр, күйген кірпіштері шашылып жатыр. Өз көзімен көргісі келетін оқырман үшін геокоординатын көрсете кетсек, 44.682098 с.е., 68.974993 ш.б., Жуантөбе ауыл әкімдігі ғимаратынан 15 шақырым оңтүстік-шығыста, Шу өзенінің сол жақ бетінде.
Жуантөбе-Тасты жолынан бермен Жүсіпбек кесенесіне дейін жолбасшы болып келген Ерман ақсақал жол-жөнекей осы кесенеге қатысты оқиғаларды айтып келген-тін. Соның ішінде осы кесене маңына он шақты жыл бұрын еш жөн-жосықсыз көктас орната салған Жүсіпбектің ұрпақтары, олардың қайтар жолда Жуантөбеге жетпей жол апатынан қайтыс болғаны туралы әңгіме де болды. Ал біз болсақ ол әңгімеге мән бермей, қашандағы дәстүрімізбен мәшенеден түсе сала, сыртылдата фотолатып, селфилетіп кеткенбіз. Бір қызыққа жолықтық. Смартфонымызға түсірген фотоларымыздың біразы өздігінен өшіп кетіпті. Басқа жерлерде түсірілгендері бар да, дәл осы Жүсіпбек кесенесінің айналасында түсірілген суреттер жоқ. Қызық…
Жүсіпбек кесенесінен кейін бұрылған нысанымыз – Байғара кесенесі болды. Бұл нысан да ХІХ ғасырдан жеткен мұра. Найман ішіндегі бағаналы руынан шыққан Байғара деген шонжар байға арналып салынса керек. Орналасқан жерінің геокоординаты 44.882146 с.е, 68.687433 ш.б., Жуантөбе ауыл әкімдігі ғимаратынан 17,5 шақырым солтүстік-батыста, Шу өзенінің оң жақ бетінде. Егер, көзбен көргіңіз келсе, шеңгелді-жусанды дала кезіп, топырақты 26-30 шақырым жол жүру керек болады. Дегенмен, осынша қиын жолға татитындай көркемдігі байқалып тұратын әдемі ескерткіш екен. Бұл нысан да уақыт сынағына шыдамай, күмбезі мен жарты қабырғасы құлаған, ал бір бөлігі қисайып жалп еткелі тұр.
ШАЯНДА ҚҰПИЯСЫН ЖАСЫРЫП ЖАТҚАН СӘУЛЕТ ЕСКЕРТКІШІ БАР
Түркістан облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, қайта қалпына келтіру және пайдалану орталығының басшысы Ж.Керімұлы бастаған топ тағы бір күн Шу өзені бойына аялдады. Жуантөбе маңындағы Теміркөпір жанына жеңіл қос тігіп, өзен жағасынан қураған шеңгелдің сүйекті бұталарынан жалынды алау жақтық. Ағысы тоқтаған Шу өзенінің сарқынды көлшіктерінің біріне қармақ салып, кешкі салқынмен балық ұстауды ойлағанбыз. Қармақты алабұғаның бірен-саран ұсақ шабақтары мен ақбалық қапқаны болмаса, жарытымды олжа түсе қоймады. Есесіне, көлшік ортасына Бақытжан лақтырған тор қоржынға сазан шабақтары мен өзен шаяндары топырлап түсіп жатты.
Ертеңіне күн шыға Жуантөбеден Шаян арқылы Шымкентке жолға шықтық. Түске таяу Шаянға жетіп, осындағы көпшілікке танымалдығы аз «Уақытша жерлеу орны» деген нысанға соқтық. Бұл сәулет ескерткіші Аппақ ишан кешенінің күнбатыс тұсында тұрған Қосым ишан кесенесі маңында, 43.023372 с.е., 69.370662 ш.б. геокоординатында орналасқан. Екі-үш метр тереңдікте қазылып, қабырғасы күйген кірпішпен қалана отырып, төбесі топырақпен жабылған екен. Ескерткіш ХІХ ғасырдың екінші жартысына жатқызылады. Қазір ескерткіш үстін қаңылтыр жабынмен бастырма жасап, кіреберісіне темір есік орнатылыпты. Кіреберіс дәлізінің алдын топырақ құлап, жауып қалған, ішіне ену мүмкін болмады. Арнайы жабдықпен тазалап, ішкі құрылыс жобасын көруге болса керек.
Бұл нысан өз заманында нендей қызмет атқарғанын жергілікті тұрғындар да білмейді. Тіпті, Бәйдібек ауданы әкімдігінің тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғауға жауапты мамандары да жарытымды мәлімет бере қоймады. Жазба әдебиеттер ішінде «Свод памятников истории и культуры Казахстана» дейтін жинақта там-тұмдаған аз мәлімет кездеседі. Ол жердегі деректе осы жерасты нысанында қаза болған адамдардың мүрдесін уақытша сақталғаны айтылады. Демек, ортағасырларда қазіргі Қостанай мен Қарағанды облыстары аумағында сақталған «дің» деген құрылыс қызметін атқарған-ау. Аталған «дің» дейтін имараттар көшпелілердің қыс мезгілі мен жаугершілік заманда қайтыс болған кісілерін тоң және өзге де әсерлерден жерлеу мүмкіндігі болмай, мәйітті уақытша сақтайтын рөл атқарған. Кейін жайма шуақ уақытта мәйітті қайта алып, жер қойнына тапсырып отырған. Мына құрылыс туралы дерек сондай сипаттама беріп тұр. Жерасты нысанының құрылыс жобасын қарар болсаңыз, бірнеше бөлмеден тұрғанын байқайсыз. Оның бір бөлмесі жоғарыда аталғандай мүрде сақтайтын орын болса, қалған бөлмелері қылует секілді әр түрлі қызмет атқаруы мүмкін.
Осы жерде Жандос мырза бір қызық жайттың шетін шығарды. Оның айтуынша, өткен ғасырдың 70-ші жылдары аталған нысанға бір кісі кіріп, онда жүзі тірі адамның түріндей бір кісі жатқанын көрген екен. Қандай адам, қанша уақыттан бері жатқанын шамалап та біле алмаса керек. Мәшһүр-Жүсіптің денесі қайта жерленген оқиғадағы құбылысқа ұқсатып, мүмкін әулие кісі ме екен деп еске алып қойды. Не де болса, ресми аты «Уақытша жерлеу орны» аталатын бұл сәулет ескерткішінің құпиясы мол болып тұр.
Осы сапарымызда Оңтүстіктің жұрт біле бермейтін, құпияға бай, әрі көркем сәулет ескерткіштері әлі де көп екенін ұқтық. Біз аялдаған, оқырман назарына ұсынып отырған нысандар сол көп тәберіктің көзге көрінген бір бөлшегі ғана екенін түйдік. Алған әсерімізбен бөлісе отырып, сізді де осындай құпиялы мұраларымызды түгендеуге шақырамыз.
С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Шымкент-Ордабасы-Созақ-Бәйдібек-Шымкент
Leave a Reply