ҚАЗЫҒҰРТ ТАУДЫҢ АРҒЫ ЖАҒЫ МЕН БЕРГІ ЖАҒЫ

Газетіміздің бетінде сериялы жарияланып келе жатқан «Таңғажайып Түркістан» өлкетану экспедициясының жолжазбасы үзіліп қалып еді. Соны жалғаудың реті енді ғана туып отыр. Есіңізде болса, күнделік жазбасы Қаржантаудың етегіндегі Келіншектастың жанына келген еді ғой. Қазығұрт ауданы аумағына жобаланған 3 күндік сапарымыз кезінде тарихи-мәдени ескерткіштер мен қасиетті-киелі орындардың бірнешеуіне аялдадық.

Жақсығұл мерген кесенесі, Аққұм ауылы

ЕСІМ ХАННЫҢ ОРДАСЫН ҚОРЫҒАН ЖАҚСЫҒҰЛ МЕРГЕН

Әлқисса, Келіншектастан кейін сапарымыз Қарабау өзенін өрлей жалғасты. Маршрутымыз бойынша келесі соққан жеріміз Жақсығұл мерген кесенесі болды (орналасқан жерінің геокоординаты 41°46’41.1″N 69°41’20.9″E). Бүгінде Жақсығұл мерген атын жалау қылып көтеріп, жұртшылыққа таныстырып келген ақын Ә.Аймақ пен мәдениет қайраткері С.Бәйдеуовтер еді. Ол екеуі де қазір ортамызда жоқ.

Жақсығұл мерген ХҮІ-ХҮІІ ғасырлар шамасында өмір сүрген батыр, Есім ханның қазіргі тілмен «гвардия» дейтін арнайы жасаққа келетін қосынның басшысы болған. Бұл туралы Қазанғап жырау жеткізген «Еңсегей бойлы ер Есім» дейтін жырда Есім хан жорыққа аттанып бара жатып ордасын қорғауды Жақсығұл мергенге тапсырады:

«Жақсығұл мерген, елде қал!

Қылатын сенің ісің бар.

Шолғыншы болып айналып,

Асынып мылтық байланып,

Елдің шетін електеп,

Некен саяқ деректеп,

Рахат, ұйқы көрмейін!»-дейді. Одан кейін Есім хан мен Тұрсын ханның қақтығысына ұласқан «Қатаған қырғыны» дейтін азаматтық соғыста да, Салқам-Жәңгірдің 500 қолмен жоңғардың қаптаған әскерін Орбұлақта қырған соғысында да Жақсығұл мергеннің орны жарқырай көрінеді. Қазақ хандығы мемлекетін сыртқы жаудан қорғау, ішкі қақтығыстарды реттеу, елдікті нығайту ісінде елеулі орны бар тарихи тұлға. Жақсығұл мергеннің мекен еткен жері «Еңсегей бойлы ер Есім» жырында Бадам мен Тоғыс арасы, Есім хан ордасын тіккен Қасқасу мен Сайрамсу атырабына көрші жатқаны айтылса, бүгінде батырдың моласы Аққұм ауылының іргесіндегі Қарабау өзенінің оң жағасында тұр. Шамасы, «Қатаған қырғынынан» кейін оңтүстікке ығысқан қатаған мен қаңлы руларынан босап қалған Қаржантау алқабына келіп, қоныс еткен секілді. Кесене 2006 жылы салынып, батыр моласының басы қарайды.

СЫРҒЫМАЛЫ АЛТЫНЫ БАР СЫРҒАН КӨЛ

Аққұм ауылынан Қаржантауға қарай Қырыққыз тас мүсіндері мен сарқырамасының (орналасқан жерінің геокоординаты 41°45’17.2″N 69°42’32.3″E) көркем табиғат пейзажын тамашалап (бұл жер туралы таныстырылым материал газетіміздің 2018 жылғы қазан айындағы санында жарияланған), кештете Сырған көлінің жағасына жайғастық. Сырған көлі (орналасқан жерінің геокоординаты 41°44’58.2″N 69°44’57.9″E)  Қаржантаудың Шет Қаржан өзені бастау алатын шатқалында орналасқан. Жағасы қоғалы-қамысты болса, көл үстіне төне қарауытқан тау жотасын доланалы орман басқан. Ал, күнгей бетіндегі қырқа қара қошқыл құз жартасты, жалаңаштау болып келеді. Көлге құятын өзен сағасында суды сүйетін қаратал мен ақ терек ағаштары қатарласа өсіпті. Көлдің суы мөлдір, салқын. Суға шомыларда сақтанған дұрыс. Алдымен су температурасына денені үйретіп алмаса, суық су аяқ-қолды тырыстырып, көл тереңге батырып кетуі ғажап емес.

Көлдің көркемдігіне тіл жетпейді. Бұл көл өткен ғасырдың 50-ші жылдарында қатты селдете жауған жауын салдарынан таудың бір қыраты сырғып кеп Шет Қаржан өзенінің арнасын жауып қалу салдарынан пайда болған. Көл тереңінде Алматының Көлсай көлдеріндегідей ағаш діңгектері әлі күнге дейін бар. Су астын таспалайтын камера алып, көл астының пейзажын түсірсе, ғажап дүние шығар ма еді. Бұл көл жайында ел арасында ертегіге бермес аңыз-әңгімелер көп. Жуандығы адамның қарасанындай жуан қара жылан, алтын іздеген геологтардың құпиялы қазасы туралы неше түрлі құбылған әңгімелер назарыңды аудармай қоймайды.

Жылқышы ата кесенесі

Таңертеңмен «Байшұбарымызды» мінгесе тау өзенін кеше еңіске қайта түстік. Етектегі Қаруылтөбені айнала, ортағасырлық қала Тентектөбені жағалай Шынар өзенінің жағасына келдік. Шынардың Қаржансуға құятын тұсында Жылқышы ата кесенесі мен мешіті, Көзді ата бәйтерегі тұр, шипалы Шынар бұлағы да осында  (орналасқан жерінің геокоординаты 41°48’57.8″N 69°43’42.5″E). Жылқышы ата кесенесі жайында 2019 жылғы наурызда газет бетінде таныстырып едік.

Жылқышы ата мешіті, ХІХ ғ.

Ал, ХІХ ғасырдан жеткен мешіт жайлы не жазба, не ауызша жарытымды дерек жоқ. Тек, ХІХ ғасырда, патша өкіметі тұсында Жетісу және Үштамғалы болыстығына қарасты елдің бірнеше ауылда осындай Ғайып ата мешіті, Оқ Жүніс ата мешіті секілді бірнеше мешіт салынғаны белгілі. Жылқышы ата мешіті соның бірі. Мешіт 2 бөлмеден тұрса, алдында ағаш ұстынды айван-бастырмасы бар. Шатыры ХІХ ғасырда біздің өңірде жаңалық ретінде пайдалана бастаған қаңылтыр материалымен жабылған. Бұл ғимаратты өңірдің сәулет ескерткіштерінің қатарына қосу керек.

Сынтас қалажұрты, Х-ХҮІ ғ.ғ.

МЫҢ ЖЫЛДАР БОЙЫ АУЫЗ СУ ЖЕТКІЗІП ТҰРҒАН СУ ҚҰБЫРЫН БІЛЕСІЗ БЕ?

Жылқышы ата кесенесінен Қаржан жолымен Сынтас қалажұртына өттік. Сынтас қалажұрты облыстық маңызы бар Шарапхана-Бірінші мамыр автожолының Алтынтөбе ауылына бұрылар қиылысында, Келес өзенінің сол жағасында тұр (орналасқан жерінің геокоординаты 41°53’53.4″N 69°33’45.3″E). Археологтардың дерегінше, Сынтас қалажұрты Х-ХҮІ аралығында өмір сүрген. Бір қызығы, мұнда мыңдағын жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан ауыз су жүйесінен әлі де су ағып тұр. Бұл қалажұрттан табылған қыш құбырларды археолог ғалымдар Х ғасырға жатқызады. Осы қалажұрттың маңында әлгі қыш құбырмен ағып келетін бұлақ суы әлі күнге дейін ағуын тоқтатқан емес. Аңыздың айтуынша, бұл ауыз су сонау Өгем тауының арғы бетінен қыш құбырмен тартылыпты деседі.

Археологтар қаланың өмір сүрген уақытын нақты хронологиялық жағынан даталағанына қарамай, жергілікті халық аузындағы аңыздарға үңіліп көретін болсақ, қала жасын одан да әрі ҮІІ-ҮІІІ ғасырларға тереңдетуге болады. Аңыздың айтуынша, Сынтас қалажұрты араб басқыншыларынан ерте кезеңде өмір сүргенге ұқсайды. Қаланың «Сынтас» деп аталуы туралы аңызда солай суреттеледі. Ертеде (аңызда нақты уақытты атамайды) қалада тас, ағаш, қыш тақталарға қашалып көне жазумен жазылған жазбалар сақталған екен. Былайша айтқанда, сол заманның кітапханасы, не мұрағаты қызметін атқарса керек. Сондықтан да, өз заманында бұл қала «Сынтас» деп аталыпты. Араб жаулаушылары ислам тарату мақсатында жорық жасай отырып, осы қала маңына келеді. Қала ерлікпен шайқасып, жауға берілмейді. Амалын тауып, таудан бастау алатын су құбырды бекітіп, қаланы сусыз қалдырады. Содан кейін ғана қала жау қолына өтеді. Жаудың қолбасшысы «шайтанның шимайы» деп, қаладағы барлық жазуы бар тақтатастарды қиратуға пәрмен береді. Содан ешбір жазбасы қалмай қиратылып, өртеніп, қала күл үйіндісіне айналған екен.

Тесіктөбе қалажұрты, Х-ХҮІ ғ.ғ.

ТЕСІКТӨБЕНІ ҚОРҒАМАСА ТҰРБАТ ҚАЛАЖҰРТЫНЫҢ КҮЙІН КЕШУІ МҮМКІН

Сынтас қалажұртынан бұрылған сапарымыз Жаңабазар арқылы Тесіктөбе бағытына ойысты. Жігерген өзенінің жоғарғы жағында, өзеннің сол жағалайындағы биік жарқабақта Тесіктөбе қалажұрты (Х-ХҮІ ғ.ғ.) орын тепкен (орналасқан жерінің геокоординаты 41°54’25.1″N 69°47’38.8″E).

Бұл археология ескерткіші ірі 2 бөлікті төбеден тұрады. Төбенің шығыс жақ бетінде үңгірдің аузы көрінеді. Қалажұрттың «Тесіктөбе» деп аталуының себебі осы үңгірге байланысты. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл үңгір өз заманында жерасты жолы қызметін атқарыпты. Жерасты жолының келесі шеті біресе Қазығұрт тауынан шығыпты делінсе, біресе Түркістан, не Тұрбаттан шығыпты делінеді.

Тесіктөбеде археологиялық қазба жүргізілмеген, зерттелмеген. Қазір төбе үстін ауылдың 3 үйі бөлісіп, қоршап алған. Жергілікті әкімдік бұл археология ескерткішін қорғау туралы сол тұрғындарға түсіндірме жұмысын жүргізіп, қорғауға алмаса, 2020 жылғы Тұрбаттағы қалажұрттың жойылып кеткеніндей бұл да жоғалып кетуі мүмкін.

Күн төбеден ауа Өгем аңғарына асатын тұстағы үлкен Қырыққыз тас мүсіндеріне (орналасқан жерінің геокоординаты 41°56’31.2″N 69°57’57.3″E) жетеміз деп жоспарлап едік. Үш сатылы асудың үшінші сатысына барғанда «Байшұбар» көлігіміз сыр берді. Тежегіш сұйықтығы түтіктен атылып, жүруге мұрша бермеді. Таулы жолда тежегішсіз жүру өте қауіпті. Әйтпесе, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің шлагбаумы тұрған тұсқа бірнеше шақырым ғана жол қалып еді. Әттеген-ай. Шопырымыз Дәулет ағаға жәрдемдесе жүріп, көліктің тесілген тежегіш жүйесі түтігінен сұйықтық атылмастың қамына кірісіп, уақытша бір тірлік тындырғандай болдық. Сонымен амалдап қайта Тесіктөбеге қарай ылдиладық. Кештетіп Тесіктөбенің жоғарғы жағындағы шипалы Көктен ата бұлағы (орналасқан жерінің геокоординаты 41°53’10.1″N 69°50’21.7″E) басына келіп, сонда түнейтін болдық. Бұл жерде қонуға қажетті заттың бәрі: тапшан да, төсек те, қазан-ошақ та, отын да, ыдыс-аяқ та бар. Бұлақ басында тұрған Есенаман қалпе кесенесінің шырақшысы Ерген атаның әңгімесін түнімен тыңдап шығудың реті келді.

Жарғалық қалажұрты, ҮІІІ-ХҮІІ ғ.ғ.

ЖАРҒАЛЫҚ СҰЛТАНРАБАТТЫҢ КҮЙІН КЕШСЕ, ТАҢДАНБАҢЫЗ

Таң қылаң бере «Байшұбарымызды» шуылдатып қайта жолға шықтық. Ендігі бағытымыз Қазығұрт тауының шығыс жақ асуынан асып, Төлеби ауданындағы тарихи-мәдени ескерткіштер бағытына өту. Көкібел ауылынан Алғабас ауылына қарайғы автожолдың жағдайы жақсы. Бірінші мамыр ауылына жетпей, Бадам өзенінің сол жағалауында Зағамбар деген ауыл бар. Сол ауылдың іргесінде Жарғалық (Яргалык) деген қалажұрт (орналасқан жерінің геокоординаты 42°06’14.8″N 69°52’15.6″E) орын тепкен.

Қаланың «Жарғалық» деген атауы «жаңғақ көп өсетін жер» дегенді білдіреді екен. Мысалы, алма бағын «алмалық», жүзім бақшасын «жүзімдік» дейтін секілді «Жарғалық» топонимі де ерте заманғы «жаңғақлық» сөзінен түп тартады. Жарғалық қаласын «Свод памятников истории и культуры Казахстана» дейтін жинақта  ҮІІІ-ХҮІІ ғасырлар шамасында өмір сүргенін түртіп қойыпты. Ал, ортағасырлық жазба деректерде төрт қақпалы Сайрам (Исфиджаб) қаласының бір қақпасы осы Жарғалық қаласының атымен аталғаны жайлы дерек бар. Демек, Жарғалық – өз заманының дүрілдеп тұрған, бекінісі мығым, сауда жолындағы ірі орталық болған қала. Оған орналасуы жағынан да барлық қолайлы жағдай бар. Сулы Бадам арнасы, сауда жолының бойы, құнарлы егістігі, жайлауға жақын тау бөктері, стратегиялық жағынан шекаралық бақылау мүмкіндіктері де осы Жарғалыққа тән. Жергілікті тұрғындар да ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы Төле бидің бір ордасы осы қалада болғанын қосады.

Өз заманында дәуірлеген көне Жарғалықтан бүгінде тек цитадельдің жұрнағы ғана қалыпты. Оның өзі жан-жағынан жырымдап топырақ алына-алына биік жарға айналған. Қалажұрт жармен бірге құлап тынудың алдында тұр. Еліміздегі көне ескерткіштердің осындай мүшкіл жайын көрген сайын жүрегің қан жылап, көңілің қынжыла түседі. Өткеннің мұрасын қажет етпейтін не деген жабайы болдық, бұл деңгейге қалай түстік десеңші. Жыртқыштана қирата түсеміз.

Мансұр ата кесенесі, ХІХ ғ.

Осы Жарғалықтың іргесіндегі көне қорым ішінде Мансұр ата кесенесі тұр (орналасқан жерінің геокоординаты 42°06’08.5″N 69°52’13.5″E). Кесене құрылымы жағынан ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басына жатады. Шаршы күйген кірпіштен тұрғызылған. Кесененің бүгінге аман жетуінің бір сыры – сол қалың қорым ішінде қалып қойғаны болса керек. Мансұр ата туралы деректі 2014 жылы жарық көрген «Қазыналы Оңтүстік» топтамасының «Сайрам аңыздары» деп арналған 146-шы томынан кезіктірдік. Авторы белгісіз болса да, ерте замандағы өңір тарихын нақтылауда бұл кітаптың салмағы бар. Онда Мансұр атаны сопылықтың шыңына шығып, қасиет қонған әулие кісі еді, кесенесі Жарғалықта деп суреттейді. Оның баласы Ғайып атаның мазары да осы маңайда екені сол еңбекте айтылады. Сәулет ескерткішін реставрациялау қажет екен.

Экспедиция мүшелерін Төле би ауданында бір жағдай қатты таңдандырды. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау ісіне тікелей міндетті жергілікті әкімдік өкілдері мен жауапты аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлері Жарғалық қалажұрты мен Мансұр ата кесенесі сәулет ескерткіштері жайында дым хабары жоқ. «Осындай ескерткіштер біздің ауданда бар ма?» деп өзімізден сұрап, таңданып тұр. Осыдан кейін ертеңгі күні Жарғалық қалажұрты Сұлтанрабат қалажұртының күйін кешіп, топырағы сатылып жатса, таңданбайтындай болдық. Осылайша, Төлеби ауданынан көңіл құлазып оралдық.

 

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Қазығұрт-Төлеби-Шымкент

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика