ИСЛАМҒА ДЕЙІНГІ КЕЗЕҢ ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ ӨЛКЕСІ

Газетіміздің өткен сандарынан жарияланып келе жатқан «Түркістан ғажайыптары» экспедициясы күнделігін жалғасақ деп едік. Оңтүстік өңірі тарих және мәдениет ескерткіштері, киелі және қасиетті орындарға бай екені белгілі. Облыстың қай ауданына барсаң да алдыңнан елең еткізер мәдени мұра жәдігері қарсы алып тұрады. Әр ауданның өзіне тән ерекшеліктері бар. Сондай ерекше аудандардың бірі Түлкібас ауданы. Бірақ, бұл өңірдің басты құндылығы – Ислам дәуіріне дейінгі ескерткіштердің шоғырын жинаған. Сонау Тас дәуірінің неолит кезеңінен бастап, қола, темір, ортағасырлық кезеңдерді қамтитын жәдігерлі жерлер бар. Тіпті, темір және ерте ортағасырлық дәуір элементтері ислам дәуірінің мәдениетімен астасып, кешен құрайтын да ескерткіштер таңданысыңды тудырмай қоймайды.

 Оқырман қызығушылығы арта түсті ме? Ендеше, ретімен таныстыра баяндауға рұқсат етіңіз.

ТАМШЫ ӘУЛИЕ БҰЛАҒЫ

Түлкібас ауданының Шымкент жақтан кіретін қақпасы Машат каньоны. Коньонның ішінде өзен бойлай демалыс орындары мен балалар лагерьлері жайғасқан. Өзен жағалап өрлеген сайын шатқал тарыла түсіп, құз-жартастардың көрінісі ерекшелене береді. Машат пен Дәубаба өзендерінің құйылысына жақын жерде, Машат өзенінің сол жағалауында биік жарқабақтан сорғалай тамшылап бастау алатын «Тамшы әулие» («Плачущая пещера») деп аталатын бұлақ бар (орналасқан жерінің географиялық координаты 42°25’40.7″N 70°00’56.3″E). Жергілікті тұрғындар мен алыс-жақыннан келетін жұрт бұл жерді киелі санап, зиярат, түрлі рәсімдерін жасап жатады. Жоғарыдан тамшылаған судың сұлулығы, тасқа жабыса өскен қына-мүк пен жайқалған ағаштардың пейзажын тамашалау үшін келетін туристер саны да мол мұнда.

Тамшы сорғалап ағып жатқан тұстан 7-8 метрдей жоғарыда екі үңгір бар, арасы 8 метр шамасында. Алыстау жерден қарағанда сол екі үңгір екі көз секілденіп көрінеді. Сондықтан болар, оны жергілікті тұрғындар «Тамшы әулиенің екі көзі» деп атайды. Расында да, қашықтау тұстан қараған сыр көзге бастаудан тамшылап тұрған құбылыс жылап жатқан адамның бет бейнесін көз алдыңызға елестетеді екен. Бұлақтың тамшылап жатқан тұсының астыңғы жағы қуыстау келеді. Шамасы, нешеме уақыттан бері тамшылаған су қара тасты сыздата өзгеріске ұшыратып, жартастың геоморфологиялық келбетін өзгертсе керек. Осы қуыста биіктігі 2 метрге жуық, жалпы ені 1,5 метрдей көлденең тұрған тас бар. Тастың беті тегістеу, онда диаметрі 35-40 см келетін ойым бар. Оны жергілікті халық «Тамшы әулиенің қазандығы» деп атап, келгендер осы аралықтан су ішіп жатады екен.

Тамшы әулие бұлағы маңы мен оған қатысты айтылатын аңыз-әпсаналардан исламға дейінгі кезеңнің элементтерін анық байқауға болады. Астарында көне дәуір адамдарының «су культі», «бұлақ культі» дейтін рәсімдік мән жатыр. адамзат тарихындағы политеизм, шаманизм, тотемизм сенімдерінен бөлек, түркі әлеміне ортақ тәңіршілдіктің діни жоралғыларында да су культінің ерекше орны бар. Соған қарағанда, табиғаттың ерекше құбылысы – биіктен сорғалай тамшылаған Тамшы әулие бұлағы бір кезеңдерде қасиетті орын саналып, тарих қойнауынан жеткен оның қасиеттілігі жайындағы ауызша мәдени қабат жергілікті тұрғындар санасымен бірге бүгінге жетсе керек.

КӨНЕ ҮЙСІН ДӘУІРІНЕН ХАБАР БЕРЕТІН ДӘУБАБА ӘУЛИЕ

Халық санасында сандаған ғасырлардан қатталып жатқан тарихи ақпараттар бар. Ол ақпарат арадағы түрлі кезеңдердің ықпалымен құбылып отырғанмен, негізгі мәні өзгермейді. Мысалы, «Қазығұрттың басында кеме қалған» деп басталатын аңыз кейінгі ислам ықпалымен өзгеріске ұшырағанымен, астарындағы түркілік келбеті, сарыны тірі. Сол секілді, Дәубаба, Түркібасы әулиелерге қатысты айтылар әңгімені де осы тақырыпта сабақтауға болады.

Келтемашат ауыл округінің орталығы Кершетас ауылынан жоғары өрлеп кететін асфальт жол бар екен. Дәубаба сағанасына бару үшін сол жолға түстік. Біресе жоталармен биіктеп, біресе еңіске құлдылай отырып, Жиынбай, Дәубаба, Сеславино ауылдарын аралай, Дәубаба өзенінің жоғары жағына көтерілдік. Жолбасшымыз болған аудандық мәдениет бөлімінің қызметкері Бауыржанның айтуынша, Сеславино деген ауыл атын өзгертудің еш реті келмей тұрған сияқты. «Дәубаба» деген атауға көрші ауыл тұрғындарымен таласып, соңында ауыл бұрынғы Кеңес заманы кезіндегі атауынан құтыла алмай жатыр екен.

Сеславинодан жоғарғы тұсынан 4 шақырымдай тау бөктерімен оңтүстік бағытта  жүргенде «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің «Түлкібас» кардонына жетесің. Корданның шлагбауынан өткеннен соң шығысқа қарай, Дәубаба өзенінің оң жақ жағалауымен кететін жолмен өрлеу керек болды. Жалпы, Дәубаба әулие кесенесіне баруды мақсат етсеңіз, жол талғамайтын көлік мінгеніңіз жөн, асты пәс көліктің жолы емес. Орманшылар кардоны мен Дәубаба кесенесінің арасы 2,5 шақырымдай. Кесененің орналасқан географиялық координаты 42°25’02.0″N 70°14’21.3″E.

Дәубаба кесенесі орналасқан шатқалдың екі қапталы да аршалы-доланалы орман. Табиғаты тамылжып тұр, пейзажы керемет. Кесененің алдында сары долана мен өрік ағашы тұр. Айналасы коршалған үлкен көне қорым екен. Қорым ішіндегі Дәубаба әулиенің кесенесі 3,5-3,5 метр. Шатыры жартылай күмбезделіп жабылған. Қаңылтыр материалдан жасалған күмбезше үстіне жарты ай қойылған. Қорымға кіргеннен кесенеге дейін екі шетіне тас қаланған жалғызаяқ жол бар. Шығыс жақ бетінде бір түп кәтіреңке ағашы тұр. Күмбез ішінде Дәубаба әулиенің қабірі бар. Қабірдің биіктігі 70-75 см, ені 65 см, ұзындығы 2,5 метрдей. Еденіне киіз, көрпе төселген.

Дәубаба әулиенің нақты қай кезеңде өмір сүргенін ешкім білмейді. Дегенмен, кейбір жазбагерлер халық аузындағы аңыз және шежірелік деректер мен ежелгі Қытайдың жиһанкезі Сюань-Цзяньнің жазбаларындағы мәліметтерді салыстыра отырып, б.з.д. ІІ ғ.-б.з.V ғ. аралығында өмір сүрген Үйсін мемлекетінің негізін қалаушы Күнби (Гуньми) билеушімен шендестіреді. Сюань-Цзянь нің жазбасында «…хұндардан естуімше, үйсіндердің ханының аты «Күнму» екен. Күнмудың әкесі Нәнді би (Нандуми) тегінде Чилан мен Дүнхуаң аралығындағы Ұлы иозымен (Юэчжи) қанаттас отырған кіші мемлекеттің билеушісі екен. Ұлы иозылар Нәнді биді өлтіріп, олардың жерін тартып алған, халқы босып Хұн еліне барып паналаған» деген дерек айтылып, Күнмуды (Күнби) аң-құс асырағаны сөз болады. Ал, шежіреші Қазыбек бектің еңбегінде осы Күнби деп аталған кісі атауы Дәубаба деген тұлғаға сәйкеседі. Осы дерекке сүйеніп, кей авторлар Дәубаба әулиенің өмір сүрген дәуірін б.з.д. ІІ-І ғасырларға жатқызады.

Дәубаба әулие өз заманында айтқаны дөп түсіп жататын әулие, көріпкелдігі бар кісі болған деседі. Жұртын бірлік пен ынтымаққа, татулыққа шақырған қоғам қайраткері. Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» дейтін кітабында «Бабаның аты Дәу болмаса керек, ол ат ірілігіне, батыр тұлғалығына қарай аталған» деген дерек береді. Дәубаба немесе Дәу ата атымен аталатын тағы бір киелі орын Төлеби ауданының Бірінші мамыр ауылында да кезігеді.

ТҮРКІ ЗАМАНЫНАН ЖЕТКЕН БЕЛГІ-МЕКЕНДЕР

Дәубаба әулие кесенесінен шыққан сапарымыз Түлкібас станцияның үстіндегі қыратта орналасқан Көктерек әулие тұрағында жалғасты (орналасқан географиялық координаты 42°28’49.9″N 70°15’37.9″E). Мұнда әулиенің қасиетті шипалы бұлағы бар екен. Бұлақ жанында зияратшылар үшін салынған үлкен үй бар. Әулиенің аты-жөні, қай кезеңде өмір сүргені белгісіз. Тек, есте жоқ ескі заманнан бүгінгі таңға дейін кеселіне дауа іздеген қауым шипалы бұлағынан ем тауып, көңіліне медет тұтатын киелі мекен саналады. Көктерек әулие мекені мен Түркібасы әулие белгісі арасын көзбен ойша сыза қоссаңыз, бір белдеуде орналасқанын байқайсыз. Бұл екі әулие орналасқан биік нүктелер Түлкібас өңірінің қос мұнарасы секілді, қарауылдап тұрғандай. Екі әулие замандас болып, бір-біріне дем беріп тұратын қасиеті болыпты деген аңыз бар. Демек, Түркі қағанаты заманынан қалған белгілер болса керек. Өйткені, соңғы кездері қос әулиенің бірі Түркібасы әулие белгісін сол заманға телитін деректер көптеп кездесіп жатыр.

Көктерек әулие тұрағынан соң Қаратау тау жүйесінің тізбегі басталатын Түркібасы әулие белгісіне соқтық. Кесене секілді тұрғызылған белгі Азатлық ауылының іргесінде, биік тастақты жотаның күнгей бетіндегі шоқыда орналасқан. Дәл іргесінен Алматы-Тәшкен автожолының ескі тармағы өтеді. Жол жағасында автотұрағы мен зияратшылар үшін жағдайы (әжетханасы, дәрет алу орны, мешіті, т.б.) жасалған орталық бар. Сол жерден қырға қарай жетелейтін баспалдақтар басталады. Ұзындығы 400 метрдей болатын баспалдақтармен тіке көтерілгенде Түркібасы әулиеге арнап салынған мұнара-белгіге жетесіз (орналасқан географиялық координаты 42°33’14.0″N 70°17’59.5″E).  Тастан қаланған сегіз қырлы мұнараның үсті қаңылтыр күмбез жабынмен жабылған. Мұнара-белгінің ішінде бұлақ бар. Бұлақ көзін айналдыра таспен өріп шығып, бұлақ суына түсетін баспалдақ жасалған. Бұлақ көзі ортадағы диаметрі 1 метрдей келетін дөңгелек шұңқырдың ішінде көлкіп тұр. Мұнда келетіндер баспалдақпен төмен түсіп, ниет етіп су ішіп жатады.

Мұнара-белгінің алдындағы орындықта отырған жігіт ағасы өзін Сайрам ауданындағы Жібек жолы ауылының (бұрынғы Свердлов колхозы) тұрғынымын деп таныстырып, 1990-шы жылдары аяғы істемей қалған кезде осы Түркібасы әулиенің шипасын көрдім деп отыр. Оның айтуынша, «әулиенің аты ол кезде Түлкібас еді, кейін оқымыстылар араласып, Түркібасы деп аталатын болды» дейді.

Белгінің айналасында кесек-кесек тастан үйілген обалар қорымы болғаны байқалады. Сол оба-қорғандарға жүргізілген қазба жұмыстарына орай Түркібасы әулиенің өмір сүрген кезеңін ерте ортағасырлық Түркі қағанаттары (Көктүрік, Түрік, Батыс Түрік, Түргеш қағанаттары) дәуіріне жатқыза бастаса керек. Бір кездері марқұм К.Исмайылов ағамыз осы Түркібасы әулиеге қатысты «Тәңіршіл түркі кезеңі тұлғасының басына неге күмбез орнатып, құран оқиды? Ол кісі мұсылман емес қой. Өзінің сеніміне сай діни ритуалдар атқару керек емес пе?» деп ойын айтып жүретін. Біздіңше, түркі дәуірінде қаған, әскербасы болған деп дәріптеліп жүрген Түркібасы әулиенің бүгінгі ұрпағы мұсылман ғұрпын ұстанатындықтан, ата-бабасына арнап өз заманына сай діни рәсімдерін атқара берген жөн шығар. Бастысы – баба рұхын ұмытпай, ескеріп отыру ғой.

НЕОЛИТ ТҰРАҒЫ – ҚАРАҮҢГІРДІ БІЛЕСІЗ БЕ?

Түлкібас өңірінің келесі бір тарихи орны – Қараүңгір тұрағы (б.з.д. 5-4 мың жылдықтар). Ол Арыс ауыл округіне қарайтын Мақталы ауылынан 10 шақырымдай солтүстік бағытта, Қаратаудың қойнауында, Қараүңгір өзенінің аңғарында орналасқан (географиялық координаты 42°39’45.8″N 69°54’55.9″E).

Қараүңгір тұрағына бару үшін: Алматы-Тәшкен автожолының Састөбе кенті тұсындағы жолайырықтан бұрылып, Састөбені жанай өтесіз де Керейт (Ильинка) ауылынан солға, Арыс өзенінің оң жағалауын қуа отырып Мақталы ауылына жетесіз. Мақталының ауылдық клубынан кейінгі бұрылыстан оңға бұрылып, солтүстік бағытты ұстана отырсаңыз, жол каналдан өтетін көпір арқылы ауылдан алып шығады. Бір шақырымдай жол жиегіндегі жиделі жолақ біткесін солтүстік-батысты бағытқа алып 3 шақырымдай жүргенде егістік алқапқа кезігесіз. Сол тау бөктерінлегі егістік алқапты 4,5 шақырымдай аралай жүріп, егістік аяқталар тұста тік еңіске жолығасыз. Осы тұста көліктің тежегіш жүйесін бір тексеріп алған жөн болады. Өйткені, алдыңызда қырды тігінен және қиғаштай түсетін ұзындығы 600 метрдей болатын қызыл топырақты ұзын еңіс тұр. Еңіске түссеңіз, Қараүңгір өзенінің таулы шатқалы қарсы алады. Өзен жағалап 1,2 шақырымдай жүргенде Қараүңгір тұрағының үңгірі алыстан қарауытып көрінеді.

Тау шатқалының кіреберісінде Қараүңгір тұрағы, одан әріректегі қуыста 8-10 метрден құлайтын сарқырама, тұт ағашы басым тоғай, қалың көлеңкенің аясында сәкі (тапшан) тұр. Қараүңгір тұрағы өзен деңгейінен 7 м биіктікте, ені кіреберісінен есептегенде 20-25 м, ұзындығы оңтүстік-шығысында 21 м, солтүстік-шығысында 8,75 м дейін, биіктігі 2 м-ден 16 м дейін. Табалдырығын есептегенде 20 м кейін үңгірдің төбесі 11,5 м дейін төмендейді, содан соң үңгір кеңейіп төбесі 2,7 м дейін биіктейді. Үңгір іші топыраққа айналған құс саңғырығына толы, қабырғасын ежелгі заманнан бергі оты жағудан қалған ыс басқан. Түкпірі аласаланып барып тұйыққа тіреледі. Түкпіріндегі биіктігі адам еңкейіп жүретіндей. Төргі қуысы бейне бір қалмен қаланғандай тасқа барып тіреледі.

Мұнда жыл сайын келетін туристер мен зисратшылар саны мол. Әсіресе, қызғалдақ гүлдейтін маусымда келетіндер көбейе түседі. Қараүңгірді көргісі келетіндердің қатарында ішкі туристерден бөлек, шетелдік саяхатшылар да кездесіп қалады. Өйткені, тас дәуірінен жеткен мұндай тұрақтардың саны біздің өңірде санаулы ғана.

Түлкібас өңірінен осылайша тарих қойнауына сүңгіп қайтқандай әсермен оралдық. Мұндай саяхаттар арқылы өңір тарихын танып қана қоймай, сана көкжиегін кеңейте түсесің. Егер, жолбазбамызбен қызықтыра алсақ, сіз де сапарымызға ілесіңіз. Саяхаттаңыз.

С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Шымкент-Түлкібас-Шымкент

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика