МӘҢГІЛІК ЕЛ БОЛАШАҒЫ – БІЗДІҢ ҚОЛЫМЫЗДА!

tories/001mangi-el.jpg» border=»0″ />

«Мәңгілік Ел» идеясында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев басты жеті құндылықты атап көрсетіп: «Ел дегенде, жер дегенде – білегін сыбанып, іске дайын тұратын, еліміздің жарқын болашағы үшін күресе білетін, намысты ұрпағымыз болса, қоғамымыздағы ұлттық бірліктің іргесі шайқалмаса, ұлтымыз өз әдет-ғұрпын, таза тілін сақтаса Мәңгілік ел боламыз, бұл – жеңіске жетуіміздің негізгі кепілі. Міне, біздің басты байлығымыз да – осы. Рухы еркін халық қана кез-келген мәселені шеше алады, әлемдік деңгейде өз орнын таба алады.

Қазақ халқы өзінің тарихи негізгі ұлттық құндылықтарын өзі де танып, өзгеге де танытып, ұлттық тілін құрметтеп, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелегенде ғана руханияты жоғары, зайырлы қоғам бола алады. Бұл – біздің үшінші құндылығымыз», — деген-ді. Осыны оқып алып мен өзіме, «Мен қандаймын?», «Мен кіммін?», «Мен елім «Мәңгілік ел» болуы не істей аламын?» деген сауалдарды жиі қоятын болдым. Өзімше мақсаттарымды да осы сауалдар төңірегінде айқындадым.

МАҚСАТТАР ОРЫНДАЛАДЫ!

Фармацевтика академиясының студенті болғандықтан негізгі мақсатым шетелге мобильділікпен барып, оқып келу деп бір түртіп қойдым. 2016 жылы жаз айында Гданьск қаласына академиялық мобильділікке конкурс шыққанда қатты қуандым. Сайыстан өтіп, барып келу мүмкіндігіне ие болдым.

20 қыркүйек күні таңертең ұйқылы-ояу жүгімді алған бойы әуе-жайға беттедік. Көлікте отырып ішімді керемет күй бөледі. Керемет сезім. Мен қазақтың қарапайым ғана қызы 3 айдан астам уақытқа шетелге оқуға бара жатырмын!. Бар болғаны сабағымды жақсы оқыдым, тіл үйрендім, алдыма мақсат қоя білдім! Бұл қуаныш сезімі əрине. Өзімді бір жағынан мақтап қойдым. Жақсы оқып, ізденбегенде бұндай мүмкіндік келмейтін еді деп. Алдымен елдегі бейбітшіліктің, одан кейін əке-шешем мен академияның арқасында осындай дəрежеге жетіп отырмын деп шүкіршілік еттім.

Әуежайға шығарып салуға группаластарымыз келіпті. Сол кезде біздің біртұтас отбасы екенімізді сезіндім.

Тіркеуден өтіп, отбасымызбен қоштасып, ұшып кеттік. Шымкент-Мәскеу-Варшава-Гданьск бағытында ұштық. Ұшулардың арасы біраз ұзақ болды. Ол уақытты да бос жібермедік, сол жердің адамдарымен танысып алдық. Мұны мен өзімше, көп тіл білудің кереметі деп түсіндім. Гданьскке түстік, жүгімізді алдық. Қарапайым киінген, ағай қарсы алды. Өзі көп сөйлемеді. Жатақханаға 2 бөліп көлікпен апарып тастады. Жатақханаға келдік. Бөлмелеріміз таза, жиһаздары көп, əр бөлмеде жуынатын орны бар. Барлық жағдай жасалған. Ыңғайлы үйлестірілген. Біздің ойымыздан шықты. Өз үйімізде жүргендей сезіндік жатақханада. Hallera 241 де тұрдық, теңіз жағалауында 10 минуттық жер.

Жатақханадағы көршілеріміз ақжарқын адамдар болды. Біз магистранттар, phD докторлардың жатақханасында тұрдық. Білімдінің аты білімді ғой ол кісілер ойыңа ой қосатын, терең ойлы əңгімелерді көп айтатын. Əсіресе Tomash мырза. Ол өз өмірінде көп қиындық көрген адам. Сол кісі арқылы Польшада білім жүйесі қандай екенін біліп алдық. Биология ғылымдарының магистрі Michał мырза біздің Қазақстанға, оның табиғатына ғашық жандардың бірі болып шықты. Əйелі екеуі қазақша ән тыңдауға құмартып, бізден түрлі ақпараттар сұрады. Бір күніміз осылай өтті.

Келесі күні қаланың орталығына шықтық. «Stare Miasto» деп аталатын қала орталығының əсемдігін сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Бір-біріне жалғасқан көп қабатты үйлердің əрбірі өздігімен ерекшеленеді. Оларда көп қабатты үйлердің соғылуы біздікінен мүлдем өзгеше. Сол орталықта жүргенде шымкенттік адамдарды кездестіріп қалдық, өз туысымызды көргендей қуандық.

Оқу орнымыз туралы айта отырайын. Оқу орны өте таза. Қызметкерлері өте сыпайы. Жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сол құралдардың ішінде «Капиллярлы Электрофорез» аппаратымен жұмыс жасауға мүмкіндік туды. Фармацевтикалық химия пəнінен осы аппараттың қыр-сырын үйрендік. Бұл қазіргі заманда белгісіз химиялық құрылымды анықтауға арналған ең сенімді аппараттың бірі болып табылады.

 

ЖҮРГІЗУШІ ДЕП ЖҮРГЕНІМІЗ PHD ДОКТОРЫ БОЛЫП ШЫҚТЫ

Гданьск Медициналық Университетінің ұстаздары бір сөзбен айтқанда қарапайым, өте білімді, ғылымға берілген жандар. Мәселен Bartosz Wielgomas — токсикология кафедрасы PhD докторы, 21 ғылыми-зерттеу, 873 шолу, 140 дәйексөз авторы, Piotr Kawczak — фармацевтикалық химия кафедрасы PhD докторы, 23 ғылыми-зерттеу, 806 шолу, 145 дәйексөз, 18 мақала авторы (әуежайда күтіп алған кісі, қарапайымдылығы сонша, алғашында оны жәй жүргізуші деп ойлағанбыз), Natalia Anna Miekus — адам және жануарлар физиологиясы кафедрасы PhD докторы, 9 ғылыми-зерттеу, 573 шолу, 15 дәйексөз, 9 мақала авторы, Damian Szczesny — биофамацевтика және фармакодинамика кафедрасы докторанты, 8 ғылыми-зерттеу, 280 шолу, 26 дәйексөз, 8 мақала авторы, Katarzyna A. Gruchala — медициналық және фармацевтикалық құқық кафедрасы докторанты, 1 ғылыми-зерттеу, 14 шолу, 1 дәйексөз, 1 мақала авторы, Paulina Dąbrowska — токсикология кафедрасы магистранты, Aleksandra Pawelec – токсикология кафедрасы магистранты, 1 ғылыми-зерттеу, 39 шолу авторы. Осы кісілерден мол тәжірибе алдық.

Гданьсктің ең керемет жері – теңіз жағалауы. Елді, жерді сағынған кезде сағынышымызды басатын жеріміз сол теңіз жағалауы болды. Теңіздің өзіндік хош иісін иіскеп өмірге қуат алатын едік.

Ал, халқы жайлы айтатын болсам, қарапайымдылығымен, жоғары адамгершілігімен, əрдайым қол ұшын беруге дайындығымен есімізде қалды. Алғашқы күндері қаланы жақсы білмей адастық. Жатақханаға қалай қайтарымызды білмей бір атайдан көмек сұрадық. Ағылшынша: «Халлера даңғылына қалай жетеді? — деген едік, ол кісі барынша түсіндіруге тырысты. Сөйлесе келе ол жақтың жасы үлкен азаматтары орыс тілін білетінін, жас азаматтары ағылшынша сөйлейтінін білдік. Атай біздің қаланы жақсы білмейтінімізді біліп, жолды өзі көрсетіп жатақханаға дейін алып келді. Өз уақытын қиып, жан жүрегімен көмектесуге тырысатын поляк халқы бізге қатты ұнады.

 

БІЗ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚАЛАЙ ТАНЫСТЫРДЫҚ…

Желтоқсан айында «Менің елім – Қазақстан» атты іс-шара өткіздік. Іс-шараның басты мақсаты — Гданьск Медициналық Университетінің ұжымын, студенттерін Қазақстан мемлекетінің бай тарихымен, мол мәдени мұрасымен және ұлттық салт-дәстүрлерімен таныс-тыру болды.

Іс-шараға қонақ ретінде Piotr Kawczak, Natalia Anna Miekus, Damian Szczesny, Katarzyna A. Gruchala, Paulina Dąbrowska, Aleksandra Pawelec секілді жоғары дәрежелі мұғалімдер мен үздік студенттер шақырылды.

Алдымен «Менің елім – Қазақстан» атты бейнеүзік көрсеттік. Таспада Қазақстан жайлы жалпы мәліметтер, оның ғажайып табиғаты, астанасы – Астана, бас қаласы – Алматы, жасыл қаласы – Шымкент жайлы деректер болды.

Іс-шараның келесі бөлімі «Қазақ елінің салт-дәстүрі және ұлттық тағамдары» деп аталды. Бұл бөлімде Жанарысұлы Ербол, Иманқұл Мұхамеджан қазақ елінің салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық нақыштағы киімдері жайлы презентация жасады. Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйі салтанат құрды.

«Ұлттық тағамдар» бөлімінің сән-салтанаты бәрінен де асып түсті. Қонақтарды арнайы жайылған қазақы дастарханға шақырдық. Дәмді бауырсағымыз, құртымыз, басты асымыз нарынды өз қолымызбен әзірледік. Мұның бәрін ерекше сезімде, жанымызды мақтаныш сезімі кернеп жүріп жасадық. Қазақ елі көпұлтты ынтымағы жарасқан тәуелсіз ел болғандықтан жайылған дастарханда тек қана қазақ ұлтының емес өзге өзбек, татар, орыс секілді ұлттардың самса, чак-чак, түшпара, палау және де өзге де дәмді тағамдары, сусындарын қоюды да ұмытпадық. Бұл бөлімде қонақтарымызбен тағамның құрамындағы заттарды табу үшін ойын ұйымдастырдық. Ойында ерекше көзге түскен Katarzyna A. Gruchala сыймен марапатталды.

Спабек Баян «Әдемі қыз» атты қазақтың байырғы әнін орындады. «Қара жорға» биі биленіп, қонақтардан еріктілер шығып, ең жақсы билеген Natalia Anna Miekus ханымға сый-сияпат берілді.

Іс-шара соңында қонақтарымыз: «8 қырлы бір сырлы Қазақстанның студенттері! Сендерге мың алғыс. Осы қалпыларыңнан таймаңдар. Бізді Қазақстанда күтіңдер!» — деген алғыс сезімдерін білдіріп, арнайы сертификаттар табыстады.

Біз өзіміздің білімді екенімізді көрсете алдық, Гданьск Медициналық университетінің фармацевтикалық факультетінің белсенді жастарымен достасып, əртүрлі тақырыпта пікірталастар жүргіздік. Олар бізге арнайы уақытын бөліп, ескі тарихи аумақты көрсетті. «WESTERPLATTE» деп аталатын жерге бардық. Ұлы отан соғысындағы сұрапылдың куәсі болған жерде тарихтан сыр шертілді. Ол тарихтың ішінде біздің аталарымыздың да аты аталды. Олар туралы айтылғанда көзімізге еріксіз жас үйірілді.

Гданьскпен қоштасу күнінде өзімізше ерекше өткіздік. Теңіз жағалауына барып, теңіз даусын естіп лəззат алдық. Сол күні теңіз бізді қимағандай бурылдап-гүрілдеп өз күшіне сала түсті. Ауа райы да күрт өзгеріп, бізбен қимастықпен қоштасқандай болды.

Таңғы 4-те өзімізге «ақ жол» тілеп әуежайға қарай жылжыдық. Сағат 8-ге жақындай бергенде əуеге көтерілдік. Қаптаған бұлттардың арасынан Гданьск қаласының əсемдігін көзбен бір суретке түсіріп алдық.

«Гданьск-Варшава» — «Мәскеу-Шымкент» бағытында ұштық. «Варшава-Мәскеу» бағытында ауа-райы жағдайына байланысты ұшақ кеш қонды. Біз ұшақ ішінде уайымдап, қобалжыдық. «Енді Шымкентке қарай қалай ұшамыз? Ұшаққа отыру уақыты өтіп кетті, ал біз əлі қонбадық. Не болады?» — деген уайым тыныш отыруға мұрша бермеді. Ұшақ қонды. Біз жүктерімізді ала жүгірдік. Сөйтсек, Мәскеу-Шымкент бағытындағы ұшақтың ұшу уақыты біз үшін ұзартылыпты. Ұшақтың стюардессалары бізге жол көрсетіп, аман-есен Шымқалаға ұшып келдік.

Ертесіне қалаға шықтым, айналамның бәрінде өзім сияқты қазақтың қара домалақ ұлы-қызы жүр, соларды көріп, «өз үйім – өлең төсегім, өз елім – алтын бесігім» деген осы екен ғой деп ойладым. Айтайын дегенім, Гданьск қаласынан жан дүниесі, сана-сезімі оянып,басқа қырынан танылып, ойы толыса түскен, бәсекеге қабілетті қазақ жастары оралды.

Біз ел дегенде, жер дегенде – білегін сыбанып, іске дайын тұратын, еліміздің жарқын болашағы үшін күресе білетін, ұлтымыздың әдет-ғұрпын сақтаған, тілі мен мәдениетін мақтаныш ететін, көп тіл білетін, әлем жастарымен терезесі тең, еркін рухты намысты елдің намысты ұрпағымыз. Міне, біздің басты байлығымыз да – осы.

Айгерим АУЕСХАНОВА,

ОҚМФА-ның 5 студенті.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика