«ХАЛҚЫМ МЕНЕН ӘЛДЕҚАЙДА БИІК!»
Отбасылық байқауға қатысқан балалар осыны түйсініп қайтты
Ұлт болашағы үшін алаңдап өткен қазақтың бір туар ұлы қаһарман батыр атамыз Бауыржан Момышұлы: «Мен үш нәрседен қорқамын. Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айта алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын», – деген екен. Бүгінде батыр бабамыз айтқан осы үш олқылықтың орны әлі күнге толық толыға қойған жоқ. Дегенмен ұлттық құндылықтар мен қазақ тіліміздің мәртебесін арттыра түсу үшін түрлі-түрлі іс шаралар өтіп, болашақ ұрпақтың санасына саңылау тауып, ұғындыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Сондай айтулы іс-шараның бірі – Романова Наталья Сергеевна басқаратын Шымкент қаласындағы Оқушылар сарайында «Ана тілі» айлығы шеңберінде дәстүрлі түрде өткізілетін «Ана тілі және отбасы» атты байқауы. Бұл жолы жобаға Оқушылар сарайының әдіскер маманы Сәрсенкүл Әбдірайымқызы жетекшілік етсе, жобаның сахналық нұсқасына Шолпан Амантұрқызы жауапты болды. Ал аталмыш байқауды ұйымдастырушыларға қолдау көрсеткен Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы, «Ана үйі» қоғамдық қорының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы, «Ару аналар» қоғамдық бірлестігі, Қалалық ардагерлер кеңесінің Әжелер алқасы.
tories/0001ot.jpg» border=»0″ />
Байқаудың шымылдығын «Еркетай» би ансамблі ашты. Мың бұралған талдырмаш қыздардың өнерінен соң сахна төріне аталған мекеменің білікті педагогі Перизат Аширбекова Сайлауқызы жанұясымен шығып «Аққу арман» әнін орындап көрермен көңілін бір серпілтіп тастады.
Бұл жолы байқауға өнерлі алты отбасы қатысты. Байқауға қатысушылардың өнері, қазақ тіліне деген құрметі мен отбасылық ұстанымдарына баға беретін қазылар алқасының төрайымы Жүсіпова Ғалия Жүсіпбекқызы болды. Сондай-ақ қазылар алқасының құармынан қалалық «Өнегелі отбасы» байқауының жүлдегері Есалиева Айдынкүл апа, Бану Құралбекқызы, Жанат Әпенқызы, сонымен қатар облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының тіл маманы Заңғар Бахтиярұлы табылды.
Ұлттық құндылық пен тілдің негізгі бастауы отбасы екені баршамызға аян. Төрт бөлімнен тұрған байқауға отбасылар өте жоғары деңгейде дайындалып келгенін көрсетті.
Қазақилықтың иісі аңқып, әлдебір жасандылықтан ада өткен байқауда табиғилық басым болды. Әсіресе көңіл қуантарлығы отбасылар әкесі,шешесі, баласы болып шектеліп қалған жоқ, ата-әжелерімен бірге шығып ұрпақтар сабақтастығын паш етіп, сахна төрінің көркін келтірді. Аталарымыздың ұрпағына айтар әңгімесі тұщымды болды, әжелеріміздің ертегісі тыңдағанды ұйытты. Қалай болғанда да әженің аузынан шыққан ертегінің жөні бөлек екеніне жиналғандар тағы да бір мәрте көз жеткізді.
Әр отбасы өзіндік ерекшелігімен дараланды. Таныстыру сайысында қандай отбасы екендіктерін домбырамен әуелетіп әнге қосқан, юары мен нарын жыр шумағымен төккен отбасылар ерекше есте қалып, көрермендерді «ә, бәрекелді!» дегізді. Өнер бөлімінде Сапаховтор өзгелерден оқ бойы алда тұрды.Отбасылық ансамбль мүшелерінің кәсіби сахнада шыңдалып келе жатқаны бірден көзге ұрып тұрды. Музыкалық композициялары көрерменді бір серпілтіп тастады. Ал, Серікбай отбасы замана мұңын жырлай алғандарымен өзгелерден ерекше көзге түсіп, жүректерді тебірентті. Әсіресе тарихқа шегініс жасап ұлы тұлға Қаныш Сәтбаевтың қазақи болмысын аша түскен төмендегі әңгімесі сәтті шықты.
«Қазақ даласының қазба қазынасын ағылшындарға мойындатқан Қаныш Имантайұлы құрметті ғалым ретінде Англияға жасаған бір сапарында У.Черчилльдің «сіздің ұлтыңызды айыра алмай тұрмын» дегеніне: «Мен көшпелілердің ұрпағымын, қазақпын», – деп жауап беріпті. «Сонда барлық қазақ нақ сіздей алып тұлғалы әрі бойшаң жаралған ба? – деп сұрапты ол таңғалып.
Сол кезде Сәтбаев: «О, жоқ, мырза, халқым менен әлдеқайда биік!» – деген екен». Өз мәнерімен орындалған осы әңгімеден соң жиналғандар отбасы өнеріне рухтана қол соқты.
Мұнан өзге, әннен шашу шашып, мың бұрала биімен көзге түскен, сахналық көрініс арқылы ана жүрегінің мейрімділігін аша түскен отбасылар да болды.Әр отбасы шама-шарқынша отбасындағы ұлттық құндылықтарды дәріптеді, қазақ тілінің тәрбие құралы бола алатынын көрсетті. Үй тапсырмасында өздеріне белгіленген тақырыпты қорғап шыққан отбасылар Отан, ұлттық құндылықтар тақырыбымен қоса рухани жаңғыру мен қазақ тілінің мәртебесі мәселелерін ортаға тастады.
tories/0002ot.jpg» border=»0″ />
Байқау жайында оқушылар сарайының басшысы Романова Наталья Сергеевна былай дейді:
«Бізде ана тілі айлығы жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Бұл оқушылар арасында ана тіліне деген құрметті арттыру мен қатар, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіріп өсулеріне өз септігін тигізеді. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты да тілге, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру. Сонымен қатар оқушылар сарайы мен ата-аналар арасындағы байланысты нығайту. Баланың өсіп-өнуі, оның бойына ұлттық болмысты сіңіруі ең бірінші кезекте отбасындағы ата-анамен білім ордасындағы тәрбиеге байланысты. Бүгінгі іс-шара өз үддесінен шыға алды деп ойлаймын. Себебі, өздеріңіз де куә болдыңыздар қаншама жақсы да құнды дүниелер айтылды. Осы арқылы жас өскелең ұрпақтың санасына аз да болса сәуле түсіре алған болсақ онда бұл біз үшін үлкен жетістік,мақсатымызға қол жеткізе алғанмыз. Біздің ұжым тек мұнымен тоқтап қалмайды балаларды, ата-аналарды алда әлі талай жақсы жаңалықтармен құнды дүниелермен қуантатынымызға сенемін. Бүгінгі байқауға қатысқан отбасылардың барлығын да құттықтаймын. Сахна төріне отбасыңмен шығудың өзі жеңіс деп есептеймін. Баршаңыздың шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын!».
Айта кетейік отбасылық байқаудың бас жүлдесін Сапаховтар отбасы иеленсе, бірінші орынға Серікбай әулеті лайық деп танылды. Ал қалған Бибосынов ,Раманқұлов,Мырзатаев, Кенжалы әулеттерінен келген отбасылар екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.
Ақниет БАҚЫТ
Leave a Reply