Өңірімізде көптеген мәдени және тарихи ескерткіштер жеткілікті. Олардың көбі Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласымен көтерілген «Киелі орындар географиясы» жобасымен жұртшылық назарына ұсынылып, насихаттала бастады. Дегенмен, әлі де атқарылар жұмыс көп. Мәселен, кейбір нысандар «Киелі орындар» тізіміне енгенімен, оларға жауапты мекеме былай тұрсын, кейбірінің техникалық құжаттары да жоқ. Осы орайда, облыста орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауға алып, әр аудандарда қорық-музей ашу туралы ұсыныс білдіреміз. Ойымызды басынан бастасақ…
tories/0ys.jpg» border=»0″ />
Өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштер меншік иелігіне, материалдық сақталуына, күтімі мен бабына қарай жағдайлары әркелкі. Кейбірінің ешбір заңды не жеке тұлғалық иесі жоқ болса, тіпті, кейбірінің техникалық құжаттамалары күні бүгінге дейін әзірленбеген. Тарихи-мәдени ескерткіштер тізімінде болып, аттары аталғанымен, толық инвентаризациялық жұмыстар жүргізілмеген. Бұл мәселе – тек Түркістан облысына ғана емес, Шымкент қаласына да ортақ.
Мәселені өзімізге таныс Қазығұрт ауданының мысалында айтар болсақ, бұл ауданда «Киелі орындар» тізіміне енген әрі туристер легін көп қабылдайтын нысандар: Ақбура кесенесі, «Кемеқалған» монументі, Ысмайыл ата және Ысқақ ата сәулет кешендері. Аталған тізімге соңғы кездері «Салқам-Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүр» кешені қосылды. Бұл ескерткіштер арасында тек «Кемеқалған» монументінің ғана техникалық құжаттары бар, меншік иесі айқындалған. Ал Ақбура кесенесі, Ысмайыл ата және Ысқақ ата сәулет кешендерінің ешбір құжаттары да, кімге тиесілі екенін растайтын құжаты, меншік иесі де жоқ.
Ескі ортағасырлық ескерткіштің құндылығы қайда қалмақ?!
Тарихы сонау ХІІ ғасырдағы Қарахан дәуірі мен ХІV ғасырдағы Ақсақ Темір заманына кететін ескерткіштерді ертеңгі күнге осы қалпында сақтап, жеткізудің өзі нешеме күшті қажет етеді. 2017 жылы Ысмайыл ата сәулет кешеніндегі Жәбірейіл ата, Ысмайыл ата, Қошқар ата кесенелері мен Шілдехананың ішкі қабырғалары және күмбездерінің ішкі жағы жауын-шашын ылғалымен көгеріп, сылақ жабындары көшіп түсе бастағанда жеке демеушілер еcебінен жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Сол кезде жергілікті әкімдік тарапынан ескерткіш күмбездерін осы заманғы қаңылтыр жабынмен жабу ұсынылған. Сондай-ақ, Ысмайыл ата кесенесінің еден жабынын осы заманғы алабажақ кафельмен бүтіндеген жұмыстар жүргізілсе, Ысқақ ата кесенесіне пластик материалдардан дайындалған есіктер орнатылған. Сонда, ескі ортағасырлық ескерткіштің құндылығы қайда қалмақ?! Үйлеспек түгілі, моральдік қисын таппайсың. Бұлар – сәулет ескерткіштері, ал археологиялық ескерткіштердің хәлі бұдан да төмен.
«Мемлекет қамқорлығында» деп көрсетілетін археологиялық ескерткіштерді жергілікті әкімдіктер қорғаудың орнына үй іргелік учаске ретінде беріп жіберсе, енді бірін ауыл тұрғындары өз беттерінше топырақ алатын карьерге айналдырған. Мысалы, ортағасырлық Тесіктөбе қалажұртының орнын 4 бөлікке бөліп, 4 үй қоршап алса, ортағасырлық әдебиеттерде «Газгирд қаласы» деп кездесетін Шарапхана қалажұртының орнын бүгінгі күні таппайсыз. Тұрғындар құрылыс материалдарына пайдаланып, тегістеп тастаған.
Петроглиф беттері: адамдардың қашалған аттарына толып кеткен
Ал қола дәуірінің ескерткіштері – Ұясу петроглифтерінің хәлі тіпті мүшкіл. Қорғауға алынбау салдарынан петроглиф беттері осы заманғы адамдардың қашалған аттарына толып кеткен. Қола дәуірінің тағы бір ескерткіштері – оба, қорғандардан да осы заманғы тонау белгілері көрініс таба бастаған. Мұндай тарихи-мәдени ескерткіштерге атүсті қарау мен вандалдық көріністер тек Қазығұрт ауданында ғана емес, Бәйдібек, Ордабасы, Созақ секілді бірнеше аудандарда кездеседі.
Аталған олқылықтарды қорық-мұражай құру жолымен қалпына келтіруге болады. Әр аудан аумағында тарихи-мәдени ескерткіштерді біріктіре отырып, қорғау аймақтарын құру керек. Бүгінге жеткен ескерткіштерді сақтап қала алсақ, соның өзі – керемет олжа болмақ. Жекелей тоқталсақ, қорық-музей құру арқылы:
1) Тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтауға қол жетеді;
2) Ақылы билеттік жүйе арқылы ескерткіштерді тамашалауға келген туристерден мемлекетке табыс түсіруге болады;
3) Жұмыс орындары ашылады;
4) Келушілердің есебі тұрақты жүргізіліп, сапалы статистикалық дерек қалыптасады;
5) Шырақшы секілді шала сауатты азаматтардың орнына маман гид-экскурсоводтар қызмет етіп, кәсіби қалыптасу мен сапалы қызмет қалыптасады;
6) Ақпараттық насихат та жеңілдеп, әр алуан алып қашпа аңыздардан кәсіби ақпараттық бір арнаға түседі;
7) Ғылыми зерттеу алаңдары қалыптасып, таным мен ғылымда (археологиялық, тарихи-танымдық, фольклор-этнографиялық, т.б.) жылжу басталады;
8) Тұрақты тақырыптық-танымдық туристік маршруттар қалыптасады;
9) Ескерткіштерді ұстап отыру үшін тиісті жөндеу жұмыстары тұрақты жүргізіледі және демеушілердің қалтасына қараған қайыршылықтан құтылады.
tories/0sala.jpg» border=»0″ />
Иесіз туристік нысандар 5 млн.теңге тапқан
Келген туристерден табыс табу мүмкіндігі туралы жоғарыда айттық. Енді салыстыру үшін аудандағы иесіз туристік нысандар және Қазығұрт аудандық музейінің табыстарымен салыстырсақ. 2018 жылдың 10 айында аудандық музей келуші туристерден 400,0 мың теңге кіріс түсірсе, Ысмайыл ата сәулет кешеніндегі кесенелерге зиярат етуші туристер 3500,0 мың теңге, Ақбура кесенесіне зияраттаушылар 1500,0 мың теңге қаржы қалдырған. Егер, коммуналдық мекеме деңгейіндегі қорық-музей құрылатын болса, осы қаржының өзі қажетті штаттық бірліктерді ұстап отыруға жетіп қалады. Бұған ақылы билеттік жүйе мен кәсібіи гид-экскурсовод қызметі қосылса, табыс үстіне табыс жалғайды.
Осы ұсынысымызды Қазығұрт аудандық музейінің директоры О.Тәжиевпен бөліскенімізде екі қолдап қолдайтынын білдірді. Тіпті, ұсыныста айтылған қорық-музей жобасының іргетасын өзі басқаратын аудандық музейден бастауды құптады. Өйткені, аудан тарихын таныстыруға арналған аудандық музей мен аудандағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауға бағытталатын қорық-музей қызметтері жағынан бір-бірін толықтыра түсетінін айта келіп, бұл тұрғыда «Ордабасы», «Отырар», «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайларының тәжірибелері назарға алынса деп тілек білдірді. Ал кезінде «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы директорының орынбасары болған Ғ.Садықов болса, мұндай қорық-музейді аудан аумағымен шектемей, облыстық деңгейде құрылып, аудандарда филиалдарын ашу қажеттігін айтты. Оның ойынша, мұндай форматта құрылатын қорық-музейлер жалпы облыстағы барлық тарихи-мәдени ескерткіштерді қамтымаса, олардың хәлі жыл өткен сайын нашарлап бара жатқанын айтты. Тиісті сала мамандары осылай дейді.
Қалай болғанда да, аудандардағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, қалпына келтіру, насихаттау, турист тартуға бағытталған қорық-музей құру – күн тәртібінде тұрған бірінші мәселе. Ескерткіштерді жаңғырту, реставрациялау, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, ашық аспан астындағы музей жабдықтау секілді жұмыстар екінші кезектегі мәселе. Енді кешіксек, тағы да қаншама ескерткіштерімізден айрылып қаларымызды кім білсін?..
Авторы – Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Leave a Reply