«Светлейщий» деп таңданған немесе сыры кетпеген сәулет ескерткіші

Түркістан облысында ең танымал әрі жақсы сақталған сәулет жауһарларының бірі – «Аппақ ишан мешіт-медіресесі» сәулет кешені. Бұл ескерткіш құрылысына қарай ХІХ ғасырдың күмбезді-порталды ортаазиялық сәулет стиліне жатады. Мұндай күмбезді құрылыс нысандарының ерекшелігі күмбездердің тек көркемдік мақсатта ғана емес, дыбыстық аккустикасы қоса ескерілуінде болса керек.

tories/0az.jpg» border=»0″ />

Сәулет кешені бір сызық бойында орналасқан 3 бөліктен: Дәрісхана, Мешіт және Медіресе нысандарынан тұрады. Мешіт сыртындағы құрылысы жеке жоспарланған мұнара бүгінгі күнге жетпеген, тек орны ғана сақталған. Жалпы кешен ғимараттарында барлығы 35 күмбез болса, оның 31 күмбезі (біреуі мешіттің негізгі үлкен күмбезі және 30 кіші күмбездер) мешіт нысанында. Кешен толығымен күйген кірпіштен қаланған.

Сәулет кешені алдынан бізді Бәйдібек аудандық сәулет көркем музейінің қызметкері Мухаббат апай қарсы алып, ескерткіштің тарихы мен ерекшеліктері туралы таныстырылымын дәрісхана нысанынан бастады. Дәрісхана кешеннің солтүстік жағында ағаштар арасында жеке орналасқан. Оңтүстік жағынан мешіттің айванына жақын. Нысан үстіндегі күмбез цилиндрлі барабан тәрізді жабынмен қабысып, әдемі көрінеді. Дәрісханаға кіру есігі шығыс жағынан. Онша үлкен емес құрылыс нысаны медіресе мұғалімдеріне арналып салынған. Сонымен қатар, мұнда бір бөлмеде медіресеге қажетті кітап қоры сақталса, күмбезді бөлмесінде тәліптер дәріс алып, құран оқып, дін қызметкерлері діни тақырыптарда талқылаулар мен түрлі діни рәсімдер өткізген.

Кешеннің Мешіт нысанында жұма және айт намаздары тұрақты өткізіліп тұрған. Айт намаздары кездерінде Қаратаудың күнгейі және теріскей бетінен арнайы ат шалдырып, мешіттен орын алу үшін бір жеті алдын келіп түнейтіндер көп болған. Алдыңғы сапта тұрған имамның дауысы дөңгелек пішінді кіші күмбездермен жаңғырып, мешіт сыртындағы айванның соңғы қатарындағы кісілерге толық естілген. Мешіттің 31 кіші күмбезі дыбыстың жеткізуін қамтамасыз етіп, осы заманғы микрофонның қызметін атқарған. Екі жақтаудағы кірпіштен қаланған ұстын ортасында мешіт жылуын қамтамасыз ететін пеш пен түтіндіктер болған екен. Ғимарат әлі де діни рәсімдер өткізуге жарамды. Бұл нысанның екі қапталында шатырға шығатын баспалдақтар бар. Жоғары көтерілгенімізде Мухаббат апай үлкен күмбездің цилиндрлі барабанының терезесінен бір кездері көне кітаптар табылғанын айтты. Демек, дін мен діндарларды қудалаған Кеңес дәуірі орнаған заманда Мешіттің сондай қуыстарына ескі кітаптарды жасырғаны белгілі болды.

tories/0aza.jpg» border=»0″ />

Ө.Жәнібековтің бастамасымен мемлекет қамқорлығына алынған

Медіресе нысаны П әрпіне ұқсас жобада салынған. Ішкі бөлмелер саны 32, оның ішінде нысанның бұрыштарында орналасқан 4 үлкен бөлмелері оқу бөлмелері қызметін атқарса, 3 (шығыс, батыс және солтүстік жақтарында орналасқан) бөлмесі дәліз, ал қалған 25 бөлмесі шәкірт тәліптердің жатын құжырасы болған. Мұнда 100 бала жатып, білім алған. Бізді бір таң қалдырғаны, құжыра бөлмелердің төбелерінде жатын орындар үшін тапшандар пайдаланылған, ал едендері күйген кірпіштен құюластырылып, еден астынан жылытылатын  етіліпті. «Жылы еден» дейтін дүниені осы заманның жаңалығы деп ойласақ, аталарымыз сол дәуірде пайдаланыпты. Медіресенің оқу бөлмелерінің құрылыс жабыны күмбезді. Оның себебі дыбыс жаңғырығының ескерілуінде.

1926 жылға дейін діни білім беру, оқу-ағарту орталығы болып келсе, одан кейінгі жылдары есігі жабылып, қараусыз қалған. Кей жылдары медіресе ғимараты қызылдардың «Сауат ашу үйіне» айналса, әр жылдары қойма, аудан әкімшілігінің ғимараты, абақты болған. Ал Мешіт нысаны кинотеатр, астық қоймасы болса, дәрісханада қазынашылық орналасып, қызметтерін атқарған. Қараусыз қалған жылдары сәулет ескерткішінің тоз-тозы шығып қираған. Мешіт алдындағы биіктігі 40 метр болатын мұнара сол кезде бұзылып, жойылған. 1970 жылы Алматы қаласындағы «Қайта қалпына келтіру шеберханасы» қолға алып, қайта қалпына келтірсе, 1982 жылы Ө.Жәнібековтің бастамасымен мұнда «Кілем және тоқыма бұйымдар» мұражайы ашылып, содан бастап мемлекет қамқорлығына алынады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланған 2000 жылы толық күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне пайдалануға берілді. Қазіргі таңда мұнда Бәйдібек аудандық сәулет, көркем музейі орналасып, қамқорлыққа алған, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні ескі Медіресе құжыраларында аудандық музейдің тақырыптық көрмелері жайғасқан. Музей қызметкерлерінің қызметтік кабинеттері де осында. Құжыраларды шетінен қарай бастасаңыз, халық ақыны О.Тайманов, Ұлы Отан соғысы, аудан территориясындағы ортағасырлық қала-мекендерден табылған бұйымдар, металл өңдеу құралдары, халық тұтынған ескі бұйымдар, табиғи тастар коллекциясы, қолөнер бұйымдары, этнографиялық секілді бірнеше тақырыптарға бөлінген көрмелер бірінен кейін бірі қызықтыра түседі.

tories/0ac.jpg» border=»0″ />

Аппақ ишан жайлы аңыз

Осындай тамаша сәулет ескерткішіне аты берілердей Аппақ ишан кім болған? Ел аузында Аппақ ишан туралы аңыз-әңгімелер көп. Соның бірін музей қызметкері Мухаббат апай айтып берді. Аңыз желісі былай дейді:

Бұл өңірге, яғни, Шаян өзені бойындағы елге ислам дінін насихаттау мақсатымен 1840 жылы Қосым және Құлатай деген ағайынды діндарлар келген. Өзеннің оң жақ жағалауынан қам кірпіштен мешіт салып, жергілікті тұрғындардың діни сауатын ашуға кіріседі. Күн санап дін іліміне қызығушы жұрт көбейіп, үлкен мешіт-медіресе ашуды көздейді. Қосымның баласы Сейдахмет ишан Дамашыққа барып, қырық күн жатып осы кешеннің сызбасын сызып әкеледі. Осы кезде Сейдахмет ишанның баласы Мағзұм сол кезеңдегі діни орталық болған Бұқара қаласында білім алып жатқан екен. Қосым ишан немересін Бұқарадан қажетті ілім-білімді алғанын алға тартып, Шаянда жобаланған мешіт-медіресе құрылысын жүргізуді басқару үшін шақыртады. Атасының сөзін жерде қалдырмай, Сейдахметұлы Мағзұм Тәшкендегі Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфманның рұқсатын алып, құрылысты бастайды. Генерал-губернатор алдына кірген сәтінде Мағзұмның түр-келбетіне барлай қарап отырып, жүзінен тамып тұрған нұрды байқайды да, «светлейщий» деп таңданған екен. Содан бастап Мағзұмды жергілікті жұрт атын тіке атамай, «Аппақ ишан» деп атай бастапты. Мағзұм Бұқарадан Шаянға жолға шыққанда 3 құрылыс ұстасы мен 3 ағаш ұстасын ерте келген. Мешіт-медіресе келбетінің ортаазиялық Бұқара сәулет стиліне ұқсас болу құпиясы да осы байланыста жатыр. Дегенмен, үлкен сәулет кешенінің барлығы осы алты ұстаның қолымен біткен жоқ. Жергілікті тұрғындар да топтанып, бірі құрылысшы болса, екіншісі тасымалдаушы, енді бірі қаржылық қолдаулар көрсеткен. Құрылыс 10 жылға созылып, ел бірлігінің арқасында асарлатқан іс осылайша үлкен кешенге айналған. Кешеннің алғаш біткен нысаны – Медіресе ғимараты. Медіресенің құжыраларында сабақ жүргізіліп жатқанда, мына шетте Мешіт пен Дәрісхананың құрылысы қатар жүріп жатқан. Медіресе алғашында 3 жылдық білім берсе, кейіннен құрылыс толық аяқталғанда 7 жылдық білім беруге көшкен. Толық пайдалануға берілген сәтінде білім алатын тәліп-мүриттер саны 150-ге дейін ұлғайып, 20-ға тарта мұғалім сабақ беретін іргелі оқу орнына айналған. Кітап қоры да ұлғайып, араб, парсы, көне шағатай тілдерінде әдебиеттер жинақталған үлкен кітапхана пайда болады. Осылайша сол заманның ең беделді білім ордасы болып, тәліптер арасынан танымал кісілер шығады. Тіпті, сол дәуірде аты Орта Азиямен тығыз байланысты аталатын әскери тұлға Садық сұлтан, ақын Шәді төре, Манат қыз, Ұлбике ақын секілді танымал тұлғалар осы медіреседе білім алған. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін 40-50 жылдық тарихы бар ірі оқу ордасы 1926 жылы жабылып, дін қызметкерлері жаппай қуғындала бастайды. Аппақ ишан мен оның отбасына ірі көлемде астық салықтары салынып, ол салықты өтей алмағасын мешіт-медіресені қызыл өкіметке тапсырады да, өзі бас сауғалап Шымкент, одан ары Тәшкенге қашуға мәжбүр болады. 1930 жылы Шымкентте қолға түседі де, Алматыға, одан ары қарай Павлодардағы абақтыға жабылып, 1931 жылы сол жақта қайтыс болады. Павлодар қаласында «Ишандар» деген зират бар, ол жерде қазақ даласының түкпір-түкпірінен абақтыға айдалған көптеген ишан, имам, діндар һазіреттер мен дін өкілдерінің мүрделері жатыр. Осы «Ишандар зиратына» Аппақ ишан да жерленіп, басына «Ақ ишан» деген жазу қойылыпты.

2014 жылы Аппақ ишанның 150 жылдығы осы кешенде аталып өтті. Сол жиында кіндігінен тарайтын ұрпақтары бас қосып, қазір кешеннің Дәрісхана нысанында тұрған Аппақ ишан тұтынған экспонаттарды (жайнамаз, шапан, сәлде шалмасы т.б.), ата-баба шежіресінен деректерді музейге тапсырған. Бұл жерде тұрған кітаптардың көпшілігі – кезінде медіреседе оқу барысында пайдаланылған әдебиеттер. Мәселен, мұқабасы көне қалың кітап мешіттің бас күмбезінің терезесінен 1928 жылы табылған. Араб қарпін оқи алатын кісілерге көрсеткенде, Құранның түсіндірме аудармасы болып шыққан. Исламдық сопылық пәлсапа ұғымдарын бейнелейтін символдық белгілер салынған экспонаттар музейге келушілерді қызықтырмай қоймайды.

Шаян ауылына келіп, осындай ерекше сәулет ескерткішімен таныса жүріңіз.

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика