«Әр реформаның жүзеге асуы мемлекеттік қызметшіге байланысты»

Шымкент қаласындағы Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы ғимаратында Нұр-Сұлтан қаласындағы ақпараттық алаңынан бейнебайланыс арқылы брифинг өтті. Бұл жиынның ерекшелігі аумақтардағы департамент өкілдерімен онлайн режимде бейнебайланыс орнатылып, кері байланысу мүмкіндігі қаралған.

tories/0aw.jpg» border=»0″ />

Жиында жалпы еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс және оның бүгінгі жағдайына баға беру, мемлекеттік қызметшілердің факторлық-баллдық шкала бойынша жаңа еңбекақы жүйесіне сәйкес төленген бонустар нәтижесі, «Еуразия» ұлттық университеті базасында алғаш рет HR-мамандарды оқыту мәселелері талқыға салынды. Талқылауға әр түрлі сала сарапшылары тартылған. Бұл сарапшылар елімізде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның орындалуы бойынша өздерінің пікірлерін білдірді. Яғни, жұмыс қаншалықты дұрыс жүріп жатқаны туралы екшеп, өздерінің ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік туды.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Б.А.Палымбетов «Кәсіпкерлер палатасының» басты мақсаты елдегі бизнестің дамуына жан-жақты қолдау көрсетіп, жағдайлар жасау екенін ескерте отырып, өздерінің жұмыс барысында Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігімен тығыз байланыс орнатқанын айтты. Оның сөзінше, еліміздің әр аймағында сыбайлас жемқорлықпен күрес және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі өңірлік кеңестер құрылған. Бұл органдардың құрылуы өңірлік мәселелерді дер кезінде шешуге ықпал ете бастаған. Мәселен, аумақтардағы кәсіпкерлерден түсетін шағымдар саны 70–80 мың болса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 40 пайызға азайған. Бұның барлығы – мемлекеттік органдармен бірлесе атқарған шараларының нәтижесі. «Дегенмен, мемлекеттік қолдауларды пайдалануын рәсімдеу кезінде кәсіпкер шенеунікпен сыбайлас жемқорлыққа қатысты қақтығыстарға ұшырап, кәсіпкер жалғыз қалатын кездер кездесіп қалады. Бұл тұрғыда әлі де бірлесіп атқаратын жұмыстар бар», – деді Б.Палымбетов.

«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Р.С.Ошақбаев өзі басқаратын орталық жыл басында 2015–2020 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлық қарсы стратегияның орындалуына қатысты сараптамасы жарық көргенін айтты. Бұл стратегия жемқорлыққа қарсы күрес құжаттамаларының негізгі қайнар көзі саналып, жағымсыз құбылысқа қарсы күрестің мемлекеттік бағытын айқындайды. Базалық жағынан жемқорлық ұғымы, бұл – жеке таңдау көрсеткіші деп түсінеміз, сондықтан бұл ұғыммен қатар «жемқорлықты түйсіну индексі» деген ұғым қолданылады. Орталық басшысының айтуынша, «Елдегі жемқорлық деңгейі қандай?» дегенде, тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді қоғамдық пайдалану кезінде жемқорлықпен соқтығысу ықтималдығы әлеуметтік сауалнамалар негізінде анықталатынын білу маңызды. Мәселен, қазіргі кезде тұрғындар ХҚКО-дағы кезек, құжат әзірлеу мерзімі және өзге де қызметтер алу кезінде туындайтын қолайсыздықтарға қатысты көбірек шағымданады екен. «Кейбір мемлекеттік органдар өздерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-шаралар жоспарын бекіткенде тиімсіз пунктермен толтырған. Жекелеген мемлекеттік органдарға тоқталар болсақ, мәселен, Білім және ғылым министрлігінде республикалық іс-шаралар жоспарына мемлекеттік сатып алу процесіндегі мектептердегі ыстық тамақпен қамту конкурстарына жосықсыз қатысушыларды қатыстырмау шарасын қосқан. Бұл онсыз да заңнамалармен бекітілген жалпыға ортақ тәртіп. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-шараларын жасақтау кезінде мүмкіндігінше ашықтық пен қоғамдық бақылау шараларын қосқан тиімді болар еді», – деді орталық басшысы.

tories/0awy.jpg» border=»0″ />

Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары А.А.Шаимова мемлекеттік қызметшілердің факторлық-баллдық шкала бойынша жаңа еңбекақы жүйесіне тоқталды. «Елбасы Н.Назарбаев тиімді мемлекеттік аппарат құру туралы мақсат қойды. Себебі, әр реформаның сәтті жүзеге асуы мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігіне тікелей байланысты. Осы орайда, оларға қойылатын негізгі талап – қоғамға әсер ететін тиімді нәтижелерге қол жеткізу. Қазіргі кезде бұл – мемлекеттік аппарат жұмыстарын бағалайтын басты көрсеткіш. Сонымен қатар, осы қағида жаңа жалақы жүйесінің негізінде салынған. Оның негізгі ерекшелігі, мемлекеттік қызметшінің жеткен жетістігі мен жұмысының соңғы нәтижесі жалақы есептелуі кезінде ескеріледі. Сондай-ақ, сыйақылардан бас тартып, еңбекке ынталандырушы ретінде және қызметшінің тиімділігін арттыру мақсатында бонустар есептеуді қолдана бастадық. Типтеріне қарай тағайындалатын бұл бонус пен сыйақылар сырттай қарағанда бір нәрсе көрінгенімен, мотивацияның түрлі тәсілдері саналады. Мысалы, бонустар қызметшінің жылдық жұмыс қорытындысымен жылына бір рет төленеді» деді ол. Айгүл Амантайқызының айтуынша, бонустар әр қызметшінің түзілген жылдық жеке жұмыс жоспарының атқарылуын бағалауға байланысты анықталады екен.

Мемлекеттік қызметшілердің тиімді еңбекақы төлеу жүйесін жүзеге асырудың негізгі мақсаты да сол сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Бұл жүйені іске қосу былтыр басталып, биыл рет-ретімен аймақтарда атқарыла бастаған. Брифинг соңында сарапшы мамандар тарапынан мемлекеттік қызмет саласындағы ашықтық пен қоғам алдындағы беделін көтеру төңерегінде қорытындыланып, сараптау нәтижелері алда ескерілетін болды.

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика