Көне Қарнақ – қолөнершілер мен металл өңдеушілер мекені немесе Кентау қаласының атасы

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы арқылы қолға алынған бағдарламаның «Киелі Қазақстан географиясы» аясында біршама нысандардың танымалдығы арта бастады. Солардың бірі Түркістан облысының жергілікті маңызы бар киелі орындар тізіміне енген Шаммат (Шаһмұхаммед) ишан мешіт-медіресесі. Мәдени-тарихи ескерткіштерді қорғау саласында бұған дейін мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы тарихи және мәдени құндылығымызды ғылыми тұрғыда зерттеу мен жандандыру бағытында үлкен бетбұрыс жасалған еді. Оның ішінде өлкемізде ежелден мекен еткен ата-бабамыздың тіршілік тынысынан дерек беретін жартастағы таңба суреттер, оба-қорғандар, суармалы егіншілік ошақтары, мәдениет пен сауданың орталығы болған ірі қоныс-мекендер мен ортағасырлық қалалар дәуірлер қойнауынан бізге жеткен бабалар аманаты. Көне заманнан жеткен қазақ топырағындағы әрбір археологиялық және мәдени ескерткіштің халық тарихынан хабар беретін өзіне тән ерекшелігі әрі уақыт тереңінен ақпар беретін маңызды мұралық қасиеті бар. Солардың бірі бүгін біз әңгімелемеп отырған ХІХ ғасырдың тағы бір жарқын ескерткіші – Қарнақтағы Шаммат ишан мешіт-медіресесі.

tories/00kar.jpg» border=»0″ />

ХХ ғасырдың басындағы сурет

«Қызмет» газетінің алдыңғы сандарында жазған Жылаған атаға сапарымызда ас-су үшін жолай Қарнақ ауылына аялдап едік. Сол сәтте осындағы Шаммат ишан мешіт-медіресесі деп аталатын сәулет ескерткішінің маңынан өткенбіз. Сол жолы уақыт тығыздығына байланысты бас сұға алмап едік, бүгін арнайы ат басын бұрудың сәті түсті. Қарнаққа кіргеннен сонадайдан көрінетін көне қала орны Базартөбені айнала жүрген жолымыз аздан соң күмбезі көрінген, бүгін сөз еткелі отырған сәулет нысанына жеткізді. Ортаазиялық Тәшкен сәулет стилінде салынған мешіт-медіресенің құрылмы да ерекше. Бұл нысанның тарихы көне Қарнақтың тарихымен астасып жатқандықтан, алдымен ауыл тарихымен таныссақ. Бұл ниемізді осы жерде орналасқан музей қызметкері біле қойса керек, Қарнақтың сан ғасырлық дәурені туралы әңгімелей жөнелді…

Елімізде көптеген ортағасырлық археологиялық ескерткіштер болса, соның бірі – қарт Қаратау баурайынан орын тепкен Қарнақ қалажұрты. Көне қала орны қазіргі Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылының ортасында. Оған жету үшін облыс орталығы Түркістаннан 23 шақырым солтүстікке немесе Кентаудан 10 шақырым батысқа қарай жүру керек. Ортағасырлық Қарнақ өз заманында Орта Азияның ғылым мен білімнің ірі орталықтарының бірі болған. Сондай-ақ, мұнда қолөнер кәсіпшілігі де ілгері дамыған. «Қарнақ – қолөнершілер мен металл өңдеушілер мекені» дейтін сөздің мәні осында жатыр.

XVIII-XIX ғ.ғ. бұл өңір 10-11 мың халқы бар кент саналып, 4 медіреседе жергілікті халық сауатын ашқан. Түркістан қаласындағы әйгілі Тайқазанды 1399 жылы Қ.А.Яссауи кесенесі үшін Ақсақ Темірдің бұйрығымен тебриздік ұста Абдул-Әзіз құйған. Ғасырлар қойнауынан бастау алатын Қарнақ қаласының тарихына аз-кем көз жүгіртер болсақ, онда осы жерден табылып жатқан археологиялық мұралар қала тарихын б.з.д. І мыңжылдықтарға апарады. Мұны темір дәуіріне жататын қорымдар дәлелдейді. Қарнақ қаласының орнын зерттеуді 1947 жылы А.Н.Берштам басшылығындағы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы, 1986 жылы К.Байпақов басшылығындағы ҚРҒА тарих, археология және этнология институты тарапынан құрылған экспедиция зерттепті. Аталған экспедициялар ғылыми зерттеу қорытындыларына сүйенсек, Қарнақ қаласының орнындағы төбе ортағасырларда «Ішкент» (Ишкент, Ишкат, Ішкікент) деп те аталған екен. Ауыл ортасында орналасқан көне қала орны қазіргі уақытта «Базартөбе» деген атпен белгілі. Оның көлемі 8-9 гектар, биіктігі 10-11 метр болатын қолдан үйілген топырақ төбенің үстіне салынған. Х ғасырдағы деректерде Сығанақпен қатар аталатын ірі қала болғаны айтылады. ХІ ғасырда М.Қашқари «Қарнақ – оғыздардың қаласы» деп жазады. Сол кездері әкімшілік-территориялық басқару жағынан Ұлы Жібек жолы бойындағы Яссы қаласына бағынышты болған. Қала ХІІІ ғ. моңғол шапқыншылығы салдарынан күйреп, ХV ғ. басында қайта қалпына келген деп саналады. ХVІІІ ғ. орыс деректерінде Қарнақ қаласы кен өндіріп, қорғасын еріткен сол заманның металлургтері мекен еткен қала саналыпты. 1860 жылы Ресей қарамағына өтіп, жаңа үлгідегі қыстақ формасына өте бастаған. Қала цитаделі үсті толып тазарып, сол маңда тұрақты түрде базар ұйымдастырылғандықтан төбе «Базартөбе» деп аталған. ХІХ ғ. соңында Қарнақ 13 көше, 13 мешітке бөлінетін 2 мың тұрғыны бар қыстақ болған. Ал ХХ ғ. басында қыстақ аумағы ұлғайып, 27 көше мен 27 мешітке бөлініп, 5 медіресе білім бергені туралы дерек бар.

tories/00karn.jpg» border=»0″ />

Қарнақтың тарихын бір арнаға жинақтап, бай мұрасын таныстырып отырған бүгінгі келбеті – ауыл орталығандағы ескі мешіт-медіресе ғимаратында орналасқан «Шаммат ишан» музейі. Бұл нысан 2005 жылдың 26 мамырынан бастап музей болып ашылған. Ал 2008 жылдың желтоқсанында «Кентау қалалық музейінің» филиалы боп қайта құрылды.

Халық аузындағы әңгімелерде Шаммат ишан (Шаһмұхаммед ишан) діни білімді әкесінен жастайынан үйреніп, Қарнақ медіреселерінің бірінде білім алғаны айтылады. Ілім-білімге жастайынан қаныққан бала діни «ишан» мәртебесін алып, өзі де халықтың сауатын ашуға бет бұрады. Мешіт-медіресе құрылысын бастап, жергілікті ұсталардың жұмысымен бітіреді. Ғимарат құрылысы бірнеше бөлікке бөлінген секілді. Алғаш бұл орында мазар, мешіт болып, кейіннен медіресе ретінде қайта құрылған. 1789 жылы Кіші Ақсарай, 1876 жылы Үлкен Ақсарай салынады. Кіші Ақсарайдың астында қылует бар. Ал Үлкен Ақсарай мешіт рөлін атқарумен қатар, мұнда медіресе тәліптері дәріс алып, сауат ашқан. Үлкен және Кіші Ақсарай арасын дәліз бөліп тұр. Үлкен Ақсарай іші шығыстық сәулет өнерінің тамаша өрнектерін пайдалана отырып безендірілген. 1890 жылы ағаш ұстынды бастырма мен қосымша сауат ашу бөлмелері салынып, 1896 жылы ғимараттың жалпы құрылысы аяқталады. Медіреседе балаларды оқыту 1917 жылға дейін жалғасып, сол жылы ғимарат балалар үйі ретінде 1928 жылға дейін пайдаланылады. Одан кейінгі жылдары пайдаланусыз қаңырап қалып, 1982 жылға дейін қараусыз қалған. Осы кездері ауылдың тарих пәні мұғалімі Б.Мырзаев өңір тарихына қатысты жәдігерлер жинаумен айналысып, кішігірім халықтық музей ашады. Содан 2005 жылы музей болып ашылады да, 2009 жылдан бастап Үкіметтің қаулысына сәйкес «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде «Қазқайтажаңғырту РМК көмегімен қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, 2011 жылы толық аяқталады.

Бұл – сәулет ескерткіші ХІХ ғасыр ескерткіші, құрылымы бірнеше мерзімдік бөліктерге бөлінетіндіктен үш бөліктен тұрады дедік. Үлкен мінәжат залы, ішінде жерасты ғар-қылуеті бар кіші зал, ескі мазар үстіне салынған шаруашылық бөлмесі мен дәлізден тұрады. Құрылыс бөліктерінің әртүрлі уақытта жүргізілуі композициялық жобасында да бөлектеніп көрініс беріп, едендерінде де 1,5 метрге дейін баратын елеулі айырмашылық тудырған. Кешеннің осылайша біріктірілуі барлық үй-жайдың сәулеттік-декоративтік үйлесіміне ұласқан. Ғимараттың бірыңғай көлеміне қосылып, жалпы интерьердің гипс түрінде жасалған мәнерлі жапсырмалары және түркістандық А.Яссауи ханакасындағы қабырға өрнектерін (сталактит, цоколь панелдері, көгілдір реңк, өсімдік текті қабырға суреттері) қайталайтын безендірулер көркем шыққан. Мешіттің аула жағындағы фасады полихромды өрнектермен безендірілген ағаш төбелі детальдері бар биік айванмен шешімін тапқан. Фасадында екі залы да күмбезді жабынмен жабылған. Кешен жалпы соңында Г тектес болып келетін алды айван тәріздес жабылған көп бөлме-құжыралар жайғасқан бір қабатты медіресенің қосымша құрылысымен қорытындыланған.

Қазір музейдің жалпы алаңы 320 шаршы метрді құрап, 29 бөлмеден тұрады. Құрылымы 3 бөліктен тұрады: Жәдігерлер бөлмелері, Үлкен Ақсарай және Кіші Ақсарай. Жәдігерлер тұратын бөлмелер тақырыптық көрмелер формасында жасақталып қойылған. Қойылған экспонаттардың дені ортағасырлық және жаңа кезеңінен сыр шертеді. Музей жәдігерлерінің 80 пайызы қолөнер туындылары саналады. Әсіресе, ата-бабамыздың қолданған тұрмыстық бұйымдары, қыш, керамика және мыстан жасалған ыдыстар, майшамдар, самаурын, таразы бұйымдары музей экспонаттары қатарында. Үлкен диірмен тасы, қол диірмен, мақта тазалайтын және май сығатын құрылғылар – Қарнақ халқының неше ғасырлардан бері егін шаруашылығымен және қолөнер кәсібімен айналысқанының дәлелі. Музейде әскери қару-жарақтың бірнеше түрі сақталған. Сондай-ақ, мұнда күміс, бағалы тастардан жасалған әшекей бұйымдар зергерлік өнердің бағасын көрсетіп тұр. Келушілерді қызықтыратын ендігі бір экспонаттық қатар нумизматикалық тақырыптағы әртүрлі кезеңдерге жататын монеталар мен қағаз ақшалар қойылған көрме мен бағалы көне кітаптар қоры. Кез келген кісі оқи бермейтін ескі заманның кітаптары осында сақтаулы. Бұл кітаптар халықтың діни сауаттылығын арттыруда Шаммат ишан мешіт-медіресесінде және Қарнақтың өзге де ескі оқу орындарында оқу құралы ретінде пайдаланылып, бүгінгі күнге жетіп отыр.

tories/00karna.jpg» border=»0″ />

Қазіргі таңда музей – өзінің жаратылысы жағынан ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту мекемесі. Қордағы асыл мұраларды сақтаумен қатар, жаңғырту, құндылықтарды жинақтау, толықтырумен де айналысып келеді. Бұл нысаннан көне Қарнақтың тыныс тіршілігімен танысып, сонау ортағасырларға саяхаттап қайттық. Қазыналы Қаратаудың ерте замандардан бері металлургтердің мекені болғанына көзіміз жетті. Демек, Кеңес заманында тау-кен ісін дамыту үшін салынған Кентау қаласының атасы осы Қарнақ болса керек. Жеті металл қосып Тайқазанның дәл осы жерде құйылуының да себебі осында шығар деп ойладық. Музей орналасқан мешіт-медіресе аумағынан шыққасын өзеннің арғы бетіндегі мың жылдық тұт ағашын көріп, қайтар жолға шықпақпыз. Ол енді басқа сапар, басқа жолжазба болмақ…

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика