2024-09-23

Жүк тасушыдан ПРЕЗИДЕНТКЕ дейінгі жол

Қазаққа кәсіп керек

Адамдық қалыпты шыңдап, жақсылыққа ұмтылу мен жігер намысты қамшылаудың арқасында жетістікке жете білген адамдар бар. Бірақ, санаулы. Бүгін біз сондай санаулы жанның бірінің табыс құпиясын таратып айтпақпыз. Оның айтқан әңгімесінің бәрінен тәлім алуға болады. Ол өтініш айтып немесе көмек сұрап барған адамға жол көрсете алады. Оқығаны, өмірден тоқығаны, тәжірибесі бар. Намысты, патриот, халқын жан-тәнімен сүйеді. Кез-келген адамның құм болған жігерін жанып, болашаққа деген үмітін оята алады. Жақсылықтың жаршысы, үлгілі әке, сүйікті жар. Кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген, қиындықтарды жеңе білген. Аты  жөні Марат Әміржанұлы.

tories/060920193333.jpg» border=»0″ />

Мараттың табыс формуласы

Кез-келген істе, қолға алмас бұрын алдымен ойымда орындалу өрнегін жасаймын. Алла тағаланың адам баласына махаббат пен еркіндікті шексіз бергендігін қабылдаймын. Осы екі ұғымға үлкен ықылас ниетпен қараған кезде, айналаңыз бірлік, татулық, жеңіс, табыс биігінде болады. Ойға алған әрбір игілікті істе, Алланың өзі қолдау беріп қанаттандырып, мүмкіндіктер беріп отырады.

 

Өмірлік бағдарлама

«Өмір сүру мүмкін емес жағдайдың өзінде, өмір сүріп үйрен». Бұл сөйлем кеңес дәуірінде мектепте оқығандарға жақсы таныс. Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» кітабында айтылады. Марат өмірлік бағдарламасын сол мектеп қабырғасында қалыптастыра бастады.

Не нәрсеге болса да іштей бекіну керек, қандай жағдай болмасын, «Тек қана, АЛҒА!» Осы сөздерді іштей жүз бәлкім мың, бәлкім одан да көп қайталаған шығар. Нәтиже санасында жатталып қалды.

Шұғайыпов Марат Әміржанұлы 1979 жылдың 4- сәуірінде Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Котяевка ауылында дұниеге келді. Ресейге шекаралас жатқан, Қиғаш өзенінің бойында орналасқан жерде, қарапайым мұғалімдер отбасында өсті. Әке-шешесі сол Құрманғазы ауданы, Котяевка ауылындағы Н.К Крупская атындағы орта мектепте, қырық жыл ұстаздық етті. Халыққа сыйлы, абыройлы, үлгілі жандар болды.

Бала кезінде тектілік туралы үлкендерден көп еститін. Сол әңгімелерден атасы Шұғайыптың елге белгілі қари және балықшы болғанын біліп өсті. Елге жасаған жақсылығын жыр ғып айтқан үлкендер «текті еді ғой» деп әңгімелерін қайтаратын. Арғы аталары Түсіп, Әкімқұл, Барсалы да атақты сынықшы болған екен.

 

Сатушы бала

Мұғалімнің баласы Марат неге екенін ес білгеннен саудаға бейім болады. Отбасында ақшаға деген мұқтаждық болмаса да, 2-сынып оқып жүргенде кептірілген балық сатты. Таңғы сағат 7-де балығын арқалап паромға келіп тұратын. Осы уақытта жағалаудың арғы бетінен бергі бетіне өтетін камаздар өтеді. МАраттың балығын алатын сол камаздардың жүргізушілері. Кейбірі жас баланың еңбекқорлығына сүйсінеді, кейбірі тілін қызық көріп алады балығын. Әйтеуір арқалап шыққан балығының бәрін түске дейін сатып, ары қарай сабағына барады. Қалмайды, кешікпейді. Сатушы бала үлгілі оқушы да бола білді.

Мектепті тәмәмдаған соң, Атырау қаласына келіп, «Атырау техникалық колледжіне» жоғарғы балмен қабылданып, экономика мамандығын сырттай оқып жүріп, біршама қара жұмысқа жегіліп те көрді. Әр жұмыста мінезінің шыңдалатынын байқады. Табанды бола бастады. Сабырлы болуды үйренді, ең бастысы елмен тіл табысуды меңгерді.

 

Шай королі

Таңды таңға атырып, он адамның істейтін жұмысын екі жігіт бөлісіп алып, вагондардан жүк түсіретін. Осылай еңбекпен тапқан ақшаның қадірлі болатынын түсінді. Жинаған ақшасын саудаға салды, шай сатты. Тірліктің көзін тапқан адамның алдында дөңгеленіп кете баратыны бар емес пе?! Шәйдің 147 түрін сатып, «Шәй Карольі» атанды. Бұл халық берген атау.

Сауданың қыр-сырын меңгерген соң атақты «Проктэр Энд гэмбл» компаниясында Атырау облысы бойынша диллері қызметін атқарды. «Прима» компаниясында «Колгейт», «Палмолив» брэнд өнімдерін сатудан Қазақстанның барлық қалалары арасында, алғашқы орыннан көрінді.

Ерінбейтін. Ықшамаудандарды үйме-үй аралап хабарландыру тарататын Күнделікті тұтыну тауарларын үйіне дейін жеткізіп беретін қызметті жасақтады. Бұл өз кезегінде тауар айналымын екі-үш есеге арттырып жіберді. Кім не сұрайды осының бәрі базаға енгізіліп тауар түрі күннен-күнге артып отырды.

 

845 мың доллар қарыз

Қол қусырып отырған кезім болмапты, дейді өткен өміріне әңгіме айтып отырып сапарлап қайтқан Марат кәсіпкер.

Жаңаөзен қаласында болған оқиғаның бизнесіме тигізген зардабы орасан болды. 845 мың АҚШ доллар қарызға кірдім. Бір басымда он екі кредитім болды. Миллиондаған тауарым күлге айналып бір күнде тақырға отырдым. Жан-жағымның бәрі қарыз. Көрдім, түсіндім бірақ берілмедім. Бұл оңай шаруа емес, ккүнде,сағат, минут сайын өзіңмен күресесің. Бір Марат жеңіліп өмірден баз кешіп жатса, екінші Марат өзін-өзі жеңіп ЖЕҢІМПАЗ атанып жатады. Осылай өз-өзімді тәрбиеледім. Бұл сынақты- сабақ деп қабылдауға өзімді үйреттім. Сол-ақ екен ары қарай өмір сүріп, аяққа тұрудың жолын іздей бастадым. Қиындық, жоқшылық мені мойытқан жоқ, алға ұмтылдым.

 

Табысты боламын деп уәде бердім

Не нәрсеге болса да іштей бекіну керек, қандай жағдай болмасын, «Тек қана, АЛҒА!» Менің санамда бала кезде сіңген осы сөздер жаңғырып тұрды.

Сол бір қиын сәттерде, басымнан өтіп жатқан ауыр жағдайды емес, әкешешемнің мейірімді жүздерін, маған жасаған қамқорлықтары мен махаббаттарын еске алып, көз алдымда елестетіндей күш таптым. Осылай үздіксіз ойлап, жаңаланып отырдым.

Оңаша отырғанда, о дүнелік болған ол кісілерді көз алдыма елестетіп, оларға табысты боламын деп уәде бердім. Ұмтылыс беретін ойлар өзіме тапсырма алған сәттерден туындады.

Бес баламен Ресей жеріне көшіп келіп, Ресейдің бірнеше қаласынан бизнесімді қайта дамыттым. Бөтен елде жүрмін, не болады деген ой келмеді. Жат жерде табыс тауып жүріп түйгенім, адамның өзіндік энергиясы оянса, ол кез-келген жерде табысқа жете алады. Ойға алған істі дер кезінде орындау, әр сәт сайын табысқа жақындата түседі. Қай істе де қарапайымдылық пен кішіпейілділік, алдыңа келіп тұрған адамға махаббатпен қызмет көрсету, өрісіңді кеңейте түседі.

 

Жыл сайын туылған әр перзент, маған күш-қуат беріп, өмірге деген құлшынысым артты

Қиын кездерде Алла тағалаға сиынып жүріп, жыл сайын өмірге келіп жатқан періштелерді Алланың сыйы – деп қабылдап, артқа шегінбедім. Жыл сайын туылған әр перзент, маған күш-қуат беріп, өмірге деген құлшынысым арта түсті.

Қазақстанда құрылған халықаралық компанияның шет елдік нарығын дамыттым. Ресей жерінде жүріп «қазақ азаматтары мынадай» дейтіндей нәтиже көрсеткім келді. Жұмыс нәтижелі болды. Бес жарым жылда Ресейдің Санк-Петербург, Москва, Казань, Стерлитамак, Новосибирск, Кемерово, Кросноярск, Барнаул, Екатеринбург, Псков қалаларында қазақстандық компанияны табысты, қарқынмен дамыттық. Халықаралық деңгейде жиырма төрт семинар өткіздім. Осы уақыт ішінде маған сын болған он екі кредиттерімді толық төлеп біттім. Орал қаласындағы мемлекеттік М. Өтемісұлы атындағы университетін «педогогика және психология» мамандығы бойынша қызыл дипломмен, оған қоса Атырау қаласындағы «Экономика және заң» универститетін «Заңгер» мамандығын тәмәмдадым.

Елге, жерге, сағыныш жүректің түбінде жүрді. Бір күні компания президенті болу ұсынысы жасалып Қазақстанға оралдым. Табысқа жетуіме бірден-бір ықпал еткен отбасым, жан-жарым Эльназ ханыммен, тоғыз баламмен (төртеуі Рессей жерінде туылды) Алматы қаласына көшіп келдім. Оныншы балам елге келгенде дүниеге келді.

Менің елге келгендегі басты мақсатым халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру арқылы, әр қазақстандыққа өзімнің пайдамды тигізіп, халқымыз әлеуметтік жағынан жақсарса және қазақ халқы кредиттің не екенін білмейтіндей байыса екен деген тілек. Ол үшін әрине әр адам еңбектену керек. Бірінші кезекте өз-өзімен жұмыс істеуді қалыптастырса, бірін-бірі сыйлауды әдетке айналдырса, сөйлеу мәдениетін дамытса алынбайтын қамал жоқ. Ең бастысы ұлт болмысын жоғалтпау керек. Ол өзінен-өзі жоғалып кетпейді. Оны әрқайсымыз өзіміз жоғалтамыз. Әйел аналарға деген құрметті арттыру керек, әйел түзелсе — қоғам түзеледі.

Әйелден әйелдің несі артық, біріншіден, ақыл-есі артық,

Сыртқы түрін қарасам, ақ құбаның зоры артық

Қыпша белді қара торы артық

Келімі келген әйелдің, жарқыраған тісі артық.

Ұмсынып бала көтерген, алтын құрсақ іші артық.

Байсалды болса мінезі, тындырымды ісі артық.

Бойында болса қуаты, пайдаға артар күші артық!

Марат мырза әңгімесін осылай қорытындылады. Ал, біз өзімізше түйін жасадық.

ТҮЙІН: Қоғам-отбасынан басталады. Отбасындағы сыйластық,қамқорлық, қоғамдағы ынтымақ пен бірлікке ұласады. Осы арқылы біз ұлтты тәрбиелейміз. Көшпенділер мәдениетін жалғаған Ұлы дала ұрпағы заманына сай, азаматтық жеңімпаз келбет көрсетті. Маратты айтып отырмыз әрине. Алдағы ел болашағы осындай азаматтарымыздың келелі істері мен тәрбиелеген ұрпақтарына тікелей байланысты. Бүгінгі кейіпкеріміздің жүріп өткен өмір жолы, көпшілікке үлгі. Оның өмірлік қағидасы, осы күнге дейін сынбай келуінің құпиясы, кілті жоғарыда айтылған сөздерінде жатыр. Қазіргі таңдағы қоғамда бізге жетпей жатқан өмірге құлшыныс қайдан оянады десем, отбасынан, ата-ананың қамқорлығын көруден, қиын кезде дәтке қуат табу, қажыр қайраттың оянуы, бала кезден әке-шешенің еңбекке баули отырып махаббатқа тойындырып өсірген еңбегінен қалыптасады екен.

Гүлзат Мұхтарқызы

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика