2024-09-23

Автостоп – қызықты әрі қауіпті саяхат

Саяхатшы көзімен…

Автостоппен әлемнің 50 елінде болған жиһанкез Шымкентке келді. Үш жыл бұрын Кипр арқылы жолға шыққан украиндық Олег Петров Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін аралап, Қытайға өтіп, одан Қазақстанға келіпті. Еліміздің Алматы мен Тараз қалаларында болған саяхатшы Шымкенттің кеңпейіл қонақжайлығына ризашылығын білдірді. Шымқаладағы ұлттық тағамдардан тамсана отырып дәм татып, мұндай тамаша дәмді Еуропа мен Азия елдерінен кездестірмегенін жеткізді.

tories/13092019-6.jpg» border=»0″ />

«Қытай мен Қазақстан шекарасынан өткесін дүние кеңейіп салғандай күй кешіп, өз отаныма оралғандай сезімде болдым. Өйткені, үш жыл бойы түрлі тілді Азия елдерін шарлай жүріп, алғаш мәрте орыс тілді елге өткенде қалай қуанбайсың?» дейді Олег. Саяхатшы бұл сапарында Азияның 35 елінде болса, бұның алдындағы маршрутында Еуропаның 15 елін көріпті.

Жиһанкез Еуропа мен Азияның ерекшеліктерін айта келіп, «Азия қай жерден басталады десеңіз, азиялық менталитетті, яғни адамдары жылы қатынасты ұнататын аймақтың бәрі Азия. Ол әсіресе Кавказ бен Қырымнан бастап шығысқа қарай жүрсеңіз ерекше білінеді» деді. Олег киім үлгісі мен шаш қою үлгісін ерекшелеп, Дон казактары мәнеріне бейімдеп алыпты. Оның айтуынша, мұндай стиль қазіргі Украинада ерекше сәнге айналған. Казактар туралы әңгімелегенді ұнататын Олег бұл сәннің 2013 жылдан басталғанын, украиндардың ескі тек – казактыққа бет түзегенін айтып, қазақ пен украин халқы сонау қыпшақ дәуірінде туысатынын тілге тиек етті. Мүмкін, әр сөзінің арасында бізге қарап, жақын тартып, «брат мой» дей беретін әдеті сол қыпшақ дәуірін еске салғысы келгені болар деп түйдік. Олег жиһанкез Шымқалада 1 апта болады. Шымкент қаласы мен қала маңындағы тарихи ескерткіштерді және көркем табиғатын тамашаламақ  ниетте.

Енді еліне бет алған сапарында жол-жөнекей Шымкенттің дәмді гострономиялық ерекшелігін айта жүретін болады. Өзі солай деп отыр.

Азия елдерінде 2016-2018 жылдар аралығында 3 жыл тұрған сәтінде саяхаттаумен қатар жұмыс та істеген. Олег жергілікті тұрғындар үшін ағылшын тілі мұғалімі, шахмет пен гитара үйретуші, актер болып қызмет етсе, шетелдіктер үшін гид қызметін атқарып қаражат тауыпты. Шымкенттің тағамдары қытай асханасынан он есе мықты деп отыр. Шымкентке арнаған уақытын қаланың көрікті орындарымен танысу және қалаға жақын Батыс Тянь-Шань тауларын тамашалауға арнап, ұлттық тағамдардан бешбармақ пен қымыздан дәм татқысы келеді. Қазақтың ұлттық ерекшеліктерін көргісі келеді, әсіресе үйлену тойларында болсам деп ниеттеніп отыр. Өзі де Украинада асаба болғандықтан, біздің елдегі салт-дәстүрге сай атқарылатын тойларын көзімен көруді армандайды.

«Менің саяхатымның басты ерекшелігі, ешбір шығынды қажет етпейді, шығын бола қалған күннің өзінде өте аз. Автостоптың басты қасиеті де сол емес пе, өте шағын бюджетпен-ақ талай жерді көре аласың. Екіншіден, менің ұстанымым – қызықты әрі мағыналы өмір сүру болғандықтан, 5 жылымды жиһанкездікке арнадым. Мен осы бірнеше жыл ішінде кейбіреулердің бүкіл өмірінде көрмейтін нәрселерін көрдім. Үшіншіден, төртіншіден деп санамалап ерекшеліктерді тоқтамай айта беруге болады. Өмір сүру салтым бойынша, сіздердің ата-бабаларыңыз секілді көшпелілікке жақынмын»-дейді О.Петров.

 

Анықтама орнына:

Автостоп — саяхаттың ерекше әрі қауіпті түрі. Біздің елге бұл туризм түрі тәуелсіздік алғаннан кейін ғана батыстан енген. Мұның басты ерекшелігі, саяхатшы ешбір ақысыз жолай кетіп бара жатқан көлікпен жүре береді. Оның қызметі, жолкіре орнына сапарлас болған жүргізушіге өз сапары мен түйгені туралы қызықты әңгіме айтып беруі міндетті. Автостоперлердің әңгімешіл болып келетіні де содан болса керек. Автостоп мәдениетінің жолда көлікке қол көтеруінің де өз ерекшеліктері бар. Егер, саяхатшы автостоппен жолаушылағысы келсе, жол бойында тұрғын сәтінде саусақтарын жұдырықтап, тек бас бармағын тік көтеріп тұруы керек. Батыста қаладан-қалаға қозғалған көліктер мұндай туристік дәстүрді жақсы біледі және автостоперлерге құрметпен қарайды, оларды тегін жеткізіп қана қоймай, тамақтандырып та жатады. Әдетте мұндай туристік жолаушылау тәсіліне студенттер мен жастар көбірек жүгінеді. Автосоперлердің көп жүгінетін көлік түрі – жүк көліктері болып келеді. Автостоп мәдениеті дамымаған елдерде мұндай туристік қозғалу тәсілі кейде тиімсіз. Мәселен, ақы төлемей көлікке міну дейтінді түсіне бермейтін ТМД елдері секілді елдерде тіпті адам өміріне қауіпті де болуы мүмкін. Мұндай жолаушылау түрі біздің елдегі ең жас туристік мәдениет болып саналады.

С.Дүйсебайұлы

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика