Жандос Қалтаев: «Бүгінгінің баласы кішкентайынан мансап пен креслоны армандайды. Неге?»

Мемлекеттік қызмет өз деңгейінде үлкен мектеп. Мұнда үйренуге, азамат ретінде қалыптасуға, кез-келген мәселеде екі тараптан қарай отырып анықтауға мүмкіндіктер бар. Қарапайым азамат, қоғамдық ұйым қызметкері ретінде ойлаған нәрселерімізді мемлекеттік механизм ішінен қарап, барлығы оңай емес екеніне көз жеткізіп, басқа қырынан ұқтық. Бұл Шымкент қалалық Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жандос Төлембекұлы Қалтаевтың пікірі.

Жандос Төлебекұлын мұнан басқа қандай мәселелер толғандырып жүр сұқбатымызда осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

tories/13092019-7.jpg» border=»0″ />

Мемлекеттік қызметке қоғамдық ұйымнан келген адам халықтың мұң-мұқтажын біліп келеді

– Президенттің Қазақстан – халқына  арналған Жолдауын көрдіңіз, таныстыңыз. Жолдауда мемлекеттік емес ұйымдарға баса назар аударды. Сіздің еңбек жолыңызды қарап отырсақ, бірыңғай мемлекеттік емес ұйымдардан бастап, саяси ұйымдардың ұйымдастыру алқасында болыпсыз. Жолдауда қоғамдық ұйымдар істеріне қан жүгіртер бастамалар деп қайсысын бөліп жарып айтар едіңіз?

– Менің білуімше, біздің елде президенттің халыққа арнаған Жолдаулары 1997 жылдан басталған. Ал кейбір мемлекеттерде, тіпті Ресейдің өзінде мұндай жолдаулар бізден кейін бастау алады. Бұл-мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты, инфрақұрылымды жетілдіру, әлеуметтік-экономикалық даму үдерісінің жыл сайынғы басымдықтарын анықтау, приоритеттерін айқындау бойынша жылма-жыл жұмыс жасау. Қателеспесем, көрші Қытайда бұрынғы біз өткен Кеңес дәуірінің жоспарлы экономикасының қалдықтары – бес жылға жоспарлап, соны іске асырады. Біздегі жолдауларда жыл сайынғы басымдықтарды айқындап, биліктің барлық тармақтары сол жолдауда айтылған басымдықтарға назар аударып жұмыс істейтін болады. Бұл – меніңще, дұрыс нәрсе. Өйткені, қазіргі заманның соншалықты тез дамуына байланысты, бұл өте керек дүние. Бес жылдық жоспардың да өз артықшылықтары бар болар, дегенмен біздегі 2050 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына негізделген жыл сайынғы жолдаулардың артықшылығы бар деп ойлаймын.

Еліміздің екінші президенті Қ.Тоқаевтің кешегі жолдауы экономикалық және әлеуметтік мәселелерге басымдық берген ерекше Жолдау болды. Бұл тұрғыда дарынды баланың қабілетін дамытуға қатысты бастамасы, отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен «Бақытты отбасы» бағдарламалары туралы түйгеніміз өте көп. Жолдауда «7-20-25» бағдарламасына да тоқталды. Қазір ол бағдарлама бойынша қарыз алушының отбасылық табысы орташа есеппен айына 320 мың теңгені құрауы тиіс болса, табысы аз адамдар  бұған қатыса алмай отыр. Сондықтан 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен, пайыздық алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Бұл – өте тиімді жеңілдік болмақ. Аталған бағдарлама бойынша бірінші кезекте көпбалалы және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар қамтылмақ.

Сондай-ақ, жолдауда айтылған отбасылық кәсіп туралы жекелей тоқталған абзал шығар. Қазір біз әлеуметтік жағдайы төмен, отбасы мүшелері түгел болғанмен табыс көзі жоқ отбасыларымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ондай отбасы мүшелерін қысқа мерзімді қайта даярлау курсына жолдаумен жібереміз, немесе жеке кәсібін ашуға көмектесеміз. Бұл – жаңа кәсіп ашқысы келетін кісілерге таптырмайтын дүние, әрі жақсы қадам. Кәсіп ашып жатса, жолдауда айтылғандай 3 жылға дейін толық салығынан босатылып жатса, ол да үлкен көмек. Әрине кәсіп ашу – басында отбасыға экономикалық жағынан әжептеуір ауырлық болғанмен, жолдауда айтылғандай тексеруге мораторий жарияланса, кәсібінің аяққа тұрып кетуі барысында стимулға айналып, үлкен септігін тигізеді және мультипликативті эффект болады деп ойлаймын. Осылайша отбасылық кәсіпке бет бұрады. Былай қарағанда мамандық алу, 2-3 жыл оқу, оған қаражат төлеу әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына қиын. Ал кәсіп бастау, жеке кәсіпкерлікті тіркету, ол өте оңай, тіпті 15 минут қана. Менің ойымша, жолдаудағы керемет нәрсенің бірі осы отбасылық кәсіп.

 

– Еңбек жолыңыз мемлекеттік емес ұйымдардың жастар бірлестігі арасында басталғанын жоғарыда айттық. МЕҰ-нан мемлекеттік қызметке ауысу қиын болмады ма? Көкейге түйген қиын сабағыңыз не болды?

– Қиындықтар болды, әрине. Қиындықтар неге байланысты дегенге келсем, қиындық тек жаңадан келгендіктен қызметтің кейбір қыр-сырлары, білмейтін дүниелер, хаттамалардағы тапсырмалардағы ұсақ-түйектер ғана. Мемлекеттік қызметке келер алдында «НұрОтан» халықтық демократиялық партиясының орталық аппаратында 5 жылдай жұмыс істедім, ол сала мемлекеттік қызметке жақын сала болды. Тұрғындардың арыз-шағымдары мен халықпен етене жақын жұмыс істедім. Сондықтан, бұл қызметке келгенде қатты қиналдым деп айта алмаймын. Хаттардың мерзімі, хаттамалық тапсырмалар, арыз-шағымдарды қарау тәртібі секілді тәртіптер екеуіне де ортақ. Бірақ, мемлекеттік қызметтің өз деңгейіндегі тиімділіктері бар.

Мемлекет дегенді үлкен механизм десек, бұл қызметке қоғамдық көзқарас деңгейінде келген дұрыс деп ойлаймын. Механизм баяу қимылдайтын болса, бизнес шапшаң қимыл арқылы табысқа кенелуді ойлайды. Мемлекеттік қызметке кәсіпкерлік саладан келген кісі жұмыстан түсетін тиімділікті ойлайды, қоғамдық құндылықты ойлай бермейді. Сондықтан, мемлекеттік қызметке қоғамдық саладан келгендіктен, тұрғындардың мұң-мұқтажын көбірек біліп, түсінесің және оны оңтайландыруға, мәселесін шешуге тырысамыз. Мемлекеттік қызметке қоғамдық ұйымдардан келудің тиімділігінің өзі осы деп ойлаймын.

Мемлекеттік қызмет өз деңгейінде үлкен мектеп. Мұнда үйренуге, азамат ретінде қалыптасуға, кез-келген мәселеде екі тараптан қарай отырып анықтауға мүмкіндіктер бар. Қарапайым азамат, қоғамдық ұйым қызметкері ретінде ойлаған нәрселерімізді мемлекеттік механизм ішінен қарап, барлығы оңай емес екеніне көз жеткізіп, басқа қырынан ұқтық. Жоғарыдағы айтылған қиындықтар, артықшылықтары мен тиімділіктерінің өз сабағы барын осылай білуге болады.

 

Мемлекеттік қызметші болуға деген қызығушылық кемінде 4-5 есе ұлғайған

– Қазіргі қызметіңізге орналасқаныңызға 1 жылдан асыпты. Жұмысқа кіріскенде жоспарлаған істеріңіз орындала бастады ма? Жоғарыда жастар мақсат қоя бермейді, мансап пен креслоға қол жеткізгеннен кейін не істерін білмейді дедіңіз. Сіздің мақсатыңыз не еді?

Жаңа да айтып кеттім, бұл қызметке келмей тұрып, қоғамдық салада  жүргенімде мемлекеттік қызмет туралы көп сын айтатын едік. «Тым қатаң», «тым жабық», «қатып қалған жүйеден шыға алмайды» деген секілді. Сол сындарды кезінде өзім айтқандықтан, қазір сол сынға мүмкіндігінше лайықты болуға тырыстым. Өз-өзіме баға бере алмаймын, сырттай бағалау керек шығар. Дегенмен, сол қағидаларға сәйкес болуға тырысып, жолдан таймауға күш саламын.

Одан бөлек, жоспарларымыз болды. Әрине, барлығы бір күнде бола салмайды. Десек те, жылдар бойы тұрақты атқарылып жатқан жұмыстардан, жүріп бара жатқан көштен бөлек, қазірдің өзінде жаңаша істелініп жатқан жұмыстарымыз бар. Оның бірі – «Отбасы кеңесі». Ол туралы кейінірек толықтырып айта жатармыз. Менің ойымша, бұл қызметтен кете қалсақ та, бір кездері осындай дүниені кезінде біз бастап едік, бір отбасыны аман сақтап қалуға септігіміз тисе, ол де біз үшін мақтаныш болатын шығар. Және осы біз бастаған «Отбасы кеңесі» жүйесі ары қарай да жалғасын табады деп ойлаймын.

Осы орайда басқармаға қарасты жастар ісіне қатысты жүзеге асырылып жатқан тағы бір бастамамыз туралы айта кетейін. Жастар ұйымдарында, қоғамдық ұйымдарда, жастар мәслихаты, «ЖасОтан», өзін-өзі басқару жүйелерінде басшылықта жүрген кезімде «адамдар неге жастармен тығыз жұмыс істемейді?» деп ойлайтын едім. Қазірде біздегі Жастар орталығын біреу білсе, біреу біле бермейді. Заң нормалары бойынша «жастар» дегенде 14-29 жас аралығындағы азаматтар кіреді, қалада олар 260 мың адам. Яғни, қаланың 26% жастар құрайды. ЖОО, колледж, мектеп қабырғаларында оларды қадағалайтын механизмдер бар, мұнан басқа қадағалаудан тыс қалған жастар да бар. Олар оқымайды, жұмыс істемейді, біліктілігін жоғарылатпайды, кәсібі де жоқ. Халықаралық ұйымдар оларды «NIT» (not imploing end traning) деген категорияға жатқызады. Біз осы топпен қалай жұмыс істейтінімізді ойландық, арнайы «Аутридж» (outright) бөлімін аштық. Бұл жүйе бұрыннан бар дүние, бірақ тек қана жабық топтармен жұмыс істеуге қолданылған. Тәжірибе алмасу мақсатымен Еуропа одағындағы Эстония еліне барғанымызда осы жүйе жұмысымен таныстық. Бұл жүйенің артықшылығы «NIT» топтарын мақсат-мүдделеріне қарай жеке-жеке жұмыс жасап, қоғамға қайта тарту жұмыстарын жүргізеді. Мәселен, қаладағы базарлар дүйсенбі күні демалатын болса, онда жұмыс істейтін жастар ол күні қайда барады? Мешітке барып басқа да діни топтарға кіріп кетулер жиі орын алып жатады. «NIT» жастармен жұмыс жүргізуді бірінші топ ретінде базардағы жастардан бастап, екінші топқа аулаларда сенделіп бос жүретін жастарды, үшінші топқа түрмеден босап шыққан пробация қызметінде тіркелген жігіттерді топтап, жекелей жұмыс істей бастадық. Демеушілер есебінен концерттік бағдарламалар, спорттық іс-шаралар ұйымдастыру арқылы оларға баратын жол тауып, тіл табыса алдық. Сәуір айынан бастап 2 мыңнан азаматтарды қамтып, бастамамыз өз жемісін бере бастады. Нәтижесінде барлық оларға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, семинарларға қатыстыру, тіпті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы да әңгіме қозғау мүмкін болып отыр. Бұл «Аутридж» жүйесі республика бойынша іске асқан жастармен жұмыс істейтін инновациялық әдістердің бірі, алғашқы жоба. Бұл бастаманың болашағы бар, келешекте бұдан да керемет нәтижесін көрсетеді деп ойлаймын.

– «100 нақты қадамның» ең алғашқы тарауы «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» деп аталады. Осы тұрғыда жастар мен жас мемлекеттік қызметші үшін қажетті категорияларды атап беріңізші. Не жасалып жатыр? Әлі тағы да нендей шаруалар атқарылу керек деп ойлайсыз?

Қазіргі таңда «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» өте жүйелі қолға алынған. Шымкент қаласында пилотты түрде факторлы балдық шкала енгізілген. Яғни, үнемдеу арқылы, қателеспесем, Шымкентте 721 мемлекеттік қызметші бар. Егер салыстыру үшін айтар болсақ, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында бізден екі есе көп. Бұрын 80-90 мың теңге көлемінде жалақы алып келсе, қазір ол екі есеге өсіп отыр. Жалақы мөлшері көбейгенін 2018 жылдың желтоқсан айынан сезіндік. Бұрын мемлекеттік қызмет конкурсындағы 1 орынға 3-4 адам қатысса, қазір сол орынға 10-15 адам қатысады. Демек, мемлекеттік қызметші болуға деген қызығушылық кемінде 4-5 есе ұлғайған. Оның үстіне жалақысы көбейген қызметшінің жауапкершілігі де артқан, оларға қойылатын талап та көтерілген. Екінші бір көрсеткіш, егер бұрын қызметшілердің жұмыстан шығуы мен жұмыс ауыстыруы көп болса, қазір ол көрсеткіш мүлде төмендеген, 5-6 пайыздың деңгейінде ғана. Менің ойымша, «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» қадамының негізгі құралдарының бірі уақыт тиімділігі мен еңбек ресурсын дұрыс пайдалану болса керек. Бұған тайм-менеджмент, электронды жүйелерді іске қосу процестері де кіреді. Осындай керемет дүниелер мемлекеттік қызметшінің имиджін көтермелейді.

 

Жалға берілетін пәтерлер жастар үшін 5 жылға тегін, бірақ сатып алу құқығынсыз беріледі

– Басқарма қандай мемлекеттік қызмет көрсетеді? Индикаторлық көрсеткіштердің өсу-кему жағдайына тоқталып, олардың туындау себептерін айтып берсеңіз.

Біздің басқарма – отбасы, балалар және жастар іс жөніндегі басқармасы деп аталады. Мұндай басқарма республика бойынша жалғыз Шымкент қаласында ғана бар. Басқа облыс, қалаларда жоқ. Басқарма жастар ісі басқармасы, білім басқармасы және әлеуметтік қорғау басқармаларының кейбір міндеттері мен функцияналдық қызметтерін топтастыру нәтижесінде туындаған. Басқармаға 2 балалар үйі, «Кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығы» және «Жастар ресурстық орталығы» қарайды. Осы 4 мекеменің функцияналдық қызметтері және одан өзге де басқарма тарапынан көрсетілетін 10 мемлекеттік қызмет арқылы ісіміз көрінеді.

Басқарма көрсететін 10 мемлекеттік қызметтің ішінде негізгі көп сұраныс қорғаншылық-қамқоршылық бөліміне тиесілі. Егер, бір азамат мүлкін сатқысы келсе, ал оның иесі бала-шағасы болса, онда міндетті түрде біздің басқарманың қызметіне жүгініп, рұқсатын алу керек болады. Екінші бір қызмет, азаматтарымыз шетелге шығатын болса, тұрақты тұруға біздің басқарманың рұқсаты керек. Сондай-ақ, азаматтардың соттылыққа қатысы туралы, бала асырып алу, психодиспансерде есепте тұруы секілді қызметтер мен құжаттарды атқаратын болсақ, қазіргі таңда барлығы электронды түрде беріледі.

Жолдауда дарынды балаларға жағдай жасау көтерілді. Оларға қолдау көрсетуді қазірден бастап жолға қойып, мүмкіндігінше оларға жағдай жасау. Жастар бала кезінен қандай мамандық иесі болып, кәсіппен айналысатынын айқындап алса, соғұрлым біздің қоғамда өте белсенді болады. Осыдан біршама жыл бұрын арнайы жүргізілген әлеуметтік зерттеудің нәтижесі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сол зерттеу қорытындысымен жастарға қатысты 2 мәселе анықталған болатын. Бірінші мәселе, жастардың мақсаты жоқтығы мен мамандық таңдай алмайтындығы. Соның салдарынан қазіргі уақытта диплом алып шыққан түлектердің басым бөлігі өзінің мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл – отбасыда дұрыс кәсіп үйретпеу, баулымау салдарынан туындайды. Барлығымыз үйде әзіл болса да министр, әкім, бастық боласың деп айтып жатамыз. Бұл баланың санасына сіңеді де, екінші мәселені тудырады. Екінші мәселе, бала кішкентайынан мансап пен креслоны армандайды. Неге? Жоғарыда айтқандай «әкәм бол, министр бол…» деп тілек айтамыз, әзілдейміз, көтермелейміз баланы.

Мансап пен кресло армандау жаман нәрсе емес, бірақ мәселе неде? Мәселе – сол мансапқа жетіп, креслоға отырғаннан кейін қандай пайдалы жұмыс істеймін деген ойдың болмауында. Біз балаға әкімнің, министрдің қызмет барысын мемлекетке қызмет ететінін, халықтың қызметшісі екенін түсіндіріп жүрміз бе? Адалдық туралы ой саламыз ба? Ой болмаған жерде әрекет тек қана жеке басының мақсаты мен мүддесі үшін әрекетке ұласады. Мансап иесінде жақсы істер, оның қоғамға пайдалылығы, нақты іс-шаралар жоспары емес, тек бастық болып, көбірек пайда табу туралы ой ғана болады.

Осындай ой салған зерттеулердің нәтижесін қарай отырып, шешу жолдарын талқыладық. Қала жастарының 5-10 жылдан кейін қандай болуы қажеттігін айқындайтын басты-басты 5 басымдық айқындап алдық. Бірінші қасиет – білімділік пен кәсіби мамандану, жан-жақтылық, үнемі білімін жетілдіріп отыру. Екінші қасиет – мықты денсаулық, салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану әдеті және оны насихаттау. Үшінші қасиет – кәсіпке бейімдік, іскерлік қабілет, кәсіпкерлік. Бұл қасиет алдын айтылған бірінші қасиет арқылы бірін-бірі толықтырып отыруы керек. Төртінші қасиет – баспаналы әрі отбасылы болу, өйткені бұл қасиет қоғамның негізгі тірегі. Бұл бағытта «7-20-25» бағдарламасы, көп балалы аналарға арналған 2 пайыздық «Бақытты отбасы» бағдарламасы, сондай-ақ, республикалық маңызы бар 3 қалада жастарға берілетін 1000 жалдамалы пәтер мүмкіндіктері бар. Жалға берілетін пәтерлер жастар үшін 5 жылға тегін, бірақ сатып алу құқығынсыз беріледі. Бұл мерзім ішінде жас отбасы өзіне басқа баспана алу үшін қаржы жинауға мүмкіндік алады. Бесінші басымдық – азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді, қоғамда болып жатқан процестерден хабардар болуы керек. Өкінішке орай қазір азаматтарымыздың бірқатары экономикалық белсенді болғанмен құқықтарын білмей жатса, бірқатары құқықтарын ббілгенімен, өз міндеттерін білмей жатады. Мынаған қараңыз, бес жыл ішінде республика бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар 77 мыңнан 1,4 миллионға дейін көбейіп кеткен. Бұл деген сөз мемлекет қазынасына үлкен салмақ. Жоғарыда аталған бес басым қасиет анықталғасын, олармен жұмыс жүргізу керек болды. Осы орайда жастар арасында үгіт-насихат арқылы жұмыстар басталды.

 

Ерікті болу мәртебелі іс

– 2020 жыл «Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы» және «Волонтер жылы». Осы бағыттағы жұмыс жоспары қандай?

АҚШ-та тәжірибе алмасу мақсатында 2011 жылы барғанымда байқағаным, тіпті 60-70 жастағы кісілер де еріктілікпен айналысады екен. Бос уақыттарында жастардан қалыспай қоғамдық жұмыстарда жүреді. Еріктілік – олар үшін мәртебелі іс. Мәселен, АҚШ департаментіне қызметке кіру үшін кемінде міндетті түрде 2 жыл қоғамдық жұмыстарда ерікті болып қызмет атқаруың керек. Тіпті дамушы елдерге барып, 2-3 жылыңды гуманитарлық көмекке арнап, тіл үйрену талаптары да бар. Олардың ерікті болу санасының дамығаны соншалық, мектеп қабырғасынан бастап еосы бағыттағы істеріңіз арнайы кітапша мен сайттарда есепте болады, жинаған тәжірибеңіз зая кетпейді. Ресейде 2018 жылы «Еріктілер жылы» іске асқан кезде ендірілген жүйелерді бізде де енгізерде ескерілуі керек.

Жоғарыда атап өткен 5 басымдықтардың бірінде жастарды қоғамдық және экономикалық үдерістерге тартуымыз керек деп едік. Осыған байланысты бірден-бір жобамыз «Рrofessional» деп аталады. Жұмыссыз жастар тәжірибе жоқтығынан көп зардап шегеді. Өйткені, университет қабырғасында алған теориялық білімі мен нақты практикасы қабыса бермейді. Ал, жұмыс берушілер жастардан тәжірибе сұрайды. Біз өзіміз Шымкент қаласында орналасқан ең мықты деп таныған 100 мекеме таңдап, тізім жасақтадық. Біздің басқарма, жұмыспен қамту орталығы және тізімге енген мекемелер арасында үш жақты меморандумға қол қойып, жұмыссыз жастар арасынан осы мекемелер мен мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеп тәжірибе жинағысы келетіндерін жинадық. Біздің жоба негізінде тәжірибелік жұмысқа барған жасымыз барған жерінде ары қарай жұмысқа орналасып қалып жатса жақсы, жұмысқа орналаса алмай қайтып келіп жатса оның өзі де жақсы. Өйткені, сол арқылы әлгі жас азамат өзінің қателігі мен бейімін анықтап, тәжірибе жинақтайды да, анықталған бейіміне қарай дағдыларын дамытып, басқа кәсіпорынға жолданады. Осылайша өз орнын, өз жұмысын табады. Егер жол қаражатына қиналатын болса, Жұмыспен қамту орталығы арқылы «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы 60,0 мың теңге қаржы бөлу арқылы сол кәсіпорында тәжірибелік ісін жалғастыра алады.

Кеңес одағының қазіргі қоғамға кері әсерінің бірі ата-анамызда да бар. Олардың пікірінше, бала мектеп бітіргесін міндетті түрде ЖОО-на түсу керек дейді. Меніңше, бұл дұрыс емес. Біріншіден бала әлі таңдау жасамаған, екіншіден өз бейімін анықтамаған. Батыстың әдісі дегеніміз де сол – бала мектеп бітіргесін еңбекке араласады, ұнаған саласына маманданады, біліктілігін арттыру мақсатында оқуына түседі. Бұдан екі тарап та ұтады. Осы мәселені ата-аналарға түсіндіріп жатырмыз.

Волонтерлік ретінде «Рrofessional» жобасын ілгерілетіп алып кетсек, керемет дүние болар еді. Және әрбір өзінің энергиясын, уақыты мен қаржысын үнемдейтін азамат жұмысқа келген кезде нағыз кәсіби маман болып шығар еді.

2020 жылы «ТМД-ның мәдени астанасы» болатын Шымкент қаласында көптеген мәдени шаралар жоспарланған. Соған дайындық ретінде биыл қараша немесе желтоқсан айларының бірінде ТМД елдерінің жас өкілдерін жинап, үлкен форум өткізу жоспарымыз бар. Бұл шара Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесе өтетін болады. Келесі жылы атқарылатын мәдени шаралар жоспары енді жасақталып жатқандықтан, 100 өкіл қатысатын форум аясында түрлі тақырыптарда кеңес құрылып, жоспарлар бекітілсе, меніңше тиімді болмақ.

 

Біздің елді ажырасу бойынша шағымдану 753 теңге

–  Елімізде өткен жылдармен салыстырмалы түрде соңғы жылдары ажырасудың өскені айтылуда. Тіпті әрбір екінші отбасы ажырасады деп статистикаға сілтеме беріп жатады. Шымкенттегі отбасын құру мен ажырасу деректері мен себептеріне тоқталыңызшы.

Барлық нәрсе отбасында басталады дедік. Біздің басқарма отбасы басқармасы болғандықтан, негізгі индикаторларымыздың бірі – ажырасу. 2013-2019 аралығындағы динамикасына тоқталсақ, 2013 жылы ажырасудың үйленгендерге қарағандағы қатысы 26% болды, ал 2019 жылға қарай бұл көрсеткіш 38,5% болған. Яғни 12,5% ұлғайған. Оның себеп-салдарына тоқталар болсақ, бірінші себеп әлеуметтік-экономикалық мәселе, тұрмыстық жағдай, отбасын алдын-ала жоспарламау салдары. Екіншісі себеп, ол – ерлі-зайыптылар өзара түсініспеу салдары. Бірінші кезіккен қиындықтардың өзіне төзбей ажырасып жатады. Ажырасуды мәселе шешу жолы деп қарастыратындар көп. Үшінші себеп туысқандардың араласу салдары. Өмір болғасын, мәселелер де сөз басында айтқанымыздай жеке-жеке приоритет бойынша емес, аралас та болады. Жұмыссыздық, тұрмыстық қиындықтар қатарласқан сәтте екінші тараптан «ішіме сыйған қыз сыртыма да сияды» деген сияқты сөздермен туысқандар араласып, қыздарын алып кетіп мәселені ушықтыра түседі. Осындай ажырасу кезінде қиындық туғызатын, бірінші зардап шегетін ол арадағы бала.

Осы арада ерлі-зайыптыларды татуластыру мен отбасын сақтап қалу мәселесі шығады. Отбасын сақтап қалу бойынша басқарма тарапынан бастама көтеріліп екі жұмысты: алдын алу және татуластыруды қолға алдық. Осы бастамамен арнайы отбасы психологтарын жинап, әдістемелік құрал жасақтап, ЖОО, колледж студенттері арасында үгіт-насихат, түсіндірме жұмыстарын жүргізе бастадық. Отбасылық мәселе туындаған сәтте қалай болатыны, ата-анасын отбасылық модель ретінде алу, сол жердегі қарым-қатынасты зерттеуді бастадық. Отбасылық конфликт туындай қалса, ажырасу тақырыбын мүлде алып тастап, барлық шешу жолдарын қарастыра бастаған сәтте ғана жастар ойлана бастайды екен. Өткізген бірнеше семинарларымыз жемісін бере бастады. Семинарлардан кейін бірқатар жастар ажырасамыз деген ойларынан қайтқанын айтса, бірқатары отбасын құруға дайын екенін жеткізіп жатты. Ондай семинарларда айтылатын сөз жастарға өтімді болу үшін танымал кісілерді де шақырып тұрамыз. Мәселен, алдыңғы семинарымызға қоғам қайраткері, 5-ші шақырылым депутаты О.Асанғазы қатысып, жастарға өз ақылын айтты. Бұл – профилактика, ажырасудың алдын алу болса, меморандум арқылы жүзеге асып келе жатқан екінші шаруамыз – медиация арқылы ажырасқалы жатқан отбасыларды сақтап қалу шарасы. Қалалық сот пен қала әкімдігі тарапынан біздің басқарма болып меморандум жасағанбыз. Меморандум шеңберінде Абай ауданы сотына бардық. Ол жерге күніне ажырасу бойынша 30 іске дейін келеді екен. Біздің басқарма жанынан қоғамдық бірлестіктер, қоғам белсенділері, медиатор, заңгер, психолог, полицей, имам секілді әр-түрлі сала өкілдерін жинап, 8 адамнан тұратын «Отбасы кеңесін» құрдық. Кеңес мүшелері Абай ауданы сотының ғимаратында орналасқан, кеңеске төрағалық ететін кісі сот, медиатор Е.Отарбаев деген азамат. Ажырасу үшін сотқа шағымдануға келген азаматтарға ажырасуды туындататын мәселелерді түсіндіреміз. Қазіргі таңда кеңестің 8 отырысы өтті. Онда 61 іс қаралып, 7 іс медиация арқылы бітсе, 13 арыз иесі шағымын кері қайтарып алған. Яғни, нақты нәтижеге қол жетіп, кеңестің жұмысы арқылы шағымданушылардың 30 пайыздайының отбасы сақталып қалып отыр. Ажырасатын азаматтардың ортақ мүлкі мен балалары болса, сот іс бойынша 6 ай ішінде шешім шығара алады. Егер, бала-шағасы болмаса, мүліктерге қатысты дау-дамай бола қоймаса, бірнеше күн ішінде шешім шығып қалады. Сондықтан, азаматтармен жеке-жеке жұмыс жүргізу, психологтар мен дағдарыс орталығын тарту арқылы, қазір біз қоғамның бір бөлігін ажырасудан аман алып қалып жатырмыз десек те болады. Әр аптаның сейсенбісінде сағат 15:00-де кеңестің отырысы болып тұрады. Ешбір ақысыз, қоғамдық негізде тамаша дүние пайда болды. Осы бастамамызды өзге де аудандарға сот органдары, ардагерлер ұйымы, үй комитеттері, ауыл және көше билері арқалы тарату жоспарымызда бар.

Бір айта кетерлік келеңсіз жағдай, қазір ерлі-зайыптылардың ортақ баласы мал-мүлкі мен баласы болмаса, egov.kz электронды үкімет порталында ешбір сот отырысынсыз-ақ ЭЦҚ арқылы 1 ай ішінде ажырасу мүмкіндігі бар. Мұнда сотқа дейінгі медиациялық процестердің қатысуынсыз өтіп кетіп жатыр. Сот ғимаратына келмей-ақ атқарылатындықтан біздің басқарма жанынан құрылған татуластыру кеңестерінің назарынан тыс қалып қойып отыр. Еліміздегі электрондыландыру мен цифрландыру арқылы дамудың қоғамға зияны дегенде осыны айтуға болар. Бізден осы мәселені шешу үшін аталған процесті күрделендірсе деген ұсыныс бар. Өйткені, жүктілік 2-3 айдан кейін ғана белгілі болатын табиғи құбылыс. Мәселен, шай үстінде отырып ұрсысып қалған жас жұбайлар электронды түрде ажырасуға шағым түсіреді де, олар 1 ай ішінде ажырасып кетіп, 2-3 айда аяғы ауырлығы анықтала қалса, бірінші зардап шегетін ана мен оның баласы емес пе? Оның үстіне шешім шығарғаны үшін 2-3 АЕК көлемінде төлем төлейді екен. Яғни, бұлай ажырасу өте оңай. Сондықтан, бұл процесті күрделендіру қажет. Бұл орайда кейбір шетелдік тәжірибелерді ескерген дұрыс секілді. Мысалы, Еуропада, оның ішінде Мальтада ажырасу процесі дүние жүзіндегі ең тиімсізі екен. Ол елде қоғам котоликтік сенімде болғандықтан ажырасу – ең жек көріністі құбылыс, әрі ең қымбат төлем талап етілетін болғандықтан ажырасқысы келетіндер Англияға барып ажырасады екен де, қайтып кеп ешкіге тіс жармай бір шаңырақ астында өмір сүре береді екен. Дәл қазір біздің елді ажырасу бойынша шағымдану 753 теңге ғана. Бұл төлемді 100 есе көбейтсе, 21 мың теңгелік атаулы әлеуметтік көмек үшін ажырасу да біршама төмендер еді деп ойлаймын. Осы ұсынысымызды жан-жақты зерделеп, тиісті салалық министрлікке жолдадық.

– Әңгімеңізге рақмет! Істеріңізге сәттілік тілейміз!

Сұқбаттасқан Сейдалы Дүйсебайұлы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика