2024-09-23

М. Тәжібаев: «Билік жайлы көзқарас мемлекеттік қызметшіге қарап қалыптасады»

Мәртебелі міндет

Елбасының «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» бағдарламасында негізгі тарауының бірі «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» деп аталады. Бұл тақырыпқа Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та соңғы жолдауында ерекше екпін беріп, «Мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту қажет» деп тоқталған болатын. Осы орайда, Шымкент қаласындағы ең жас саяси қызметкерлердің бірі, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Марат Әбдімәжідұлы Тәжібаевқа жолығып, бағдарлама мен президент Жолдауы тапсырмалары жайында әңгіме-дүкен құрып едік. Еңбек жолын қарапайым жетекші маман лауазымынан бастап, бүгінде іргелі аудан әкімінің орынбасарына көтерілген Марат Әбдімәжідұлының айтары да көп екен.

tories/20092019-111.jpg» border=»0″ />

Маңызды мәселе – инфрақұрылым мен қысқы маусымға дайындық

– Жергілікті әкімдіктерде атқарылар жұмыс көп. Тұрғындар да сіздердің істеріңізге көп жүгінеді. Дәл қазіргі күнде өзекті мәселе не боп тұр?

– Қазіргі таңда ең бірінші кезекте құзырлы мекемелермен ауданның шалғай орналасқан елді мекендерін электр жарығымен, ауыз сумен, табиғи газбен, жалпы алғанда, инфрақұрылым жүйелерімен қамту мәселесі тұр. Сондай-ақ, қысқы жылу маусымына көп қабатты тұрғын үйлерді дайындау, азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмыстары атқарылып жатыр. Сонымен қатар, күнделікті жеке мәселелерімен келген тұрғындармен жеке қабылдау жүргізіліп тұрады.

– Жыл басынан бері аудан әкімшілігіне тұрғындардан қанша арыз-шағым түскен, тұрғындарды қандай мәселелер толғандырады? Қаншасы қанағаттандырылып, мәселесі шешімін тапты?

Қаратау ауданы әкімі аппаратына жыл басынан 534 өтініш келіп түскен. Ол жердегі басты сұрақтар әлеуметтік көмек және инфрақұрылым мәселелері. Оның 224 өтініші қанағаттандырылып, мәселесі шешілді. Ал, 237 өтініш басқа құзырлы мекемелерге жолданды.

–2019 жылдың 3-ші тоқсаны қорытындылануға жақын. Аудан әкімінің жұмысын бағамдайтын бірнеше көрсеткіштерге (инвестиция көлемі, ашылған жұмыс орындар саны, ана мен бала денсаулығы, білім сапасы, бюджет игерілуі секілді) тоқсан қорытындысымен тоқталсаңыз, өсім мен кему болса, себебіне тоқталсаңыз.

Біздің ауданымызда орналасқан «Тассай» индустриалды аймағында жалпы құны 5,1 млрд.теңгені құрайтын, 381 жаңа жұмыс орны мен 10 жоба іске қосылды. Ал, жыл соңына дейін инвестиция құны 19,5 млрд.теңгеге 300-ге жуық жаңа жұмыс орны мен 3 жобаны іске қосу жоспарлануда.

Ана мен бала денсаулығы – ұлт байлығы. Сондықтан да медицина саласының ең өзекті әрі көкейкесті мәселесі екені анық. Халқымыздың баянды болашағы мен мемлекетіміздің ертеңі ана мен бала денсаулығына тікелей байланысты. Бүгінгі таңда біздің бүкіл жұмысымыз денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Ауданымызда 8 денсаулық сақтау мекемесі бар. Аталған мекемелерде ана мен бала денсаулығын сақтау мақсатында бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Жалпы ауданымызда 36 мектеп орналасқан. Онда 40 813 бала білім алуда. Жаңа оқу жылында әкімшілік-іскерлік аумағындағы №132 мектеп пайдалануға берілді.

 

7 айда 423 әкімшілік хаттама

– Қаратау ауданы қалада жаңадан құрылған аудан, әрі құрамына Сайрам ауданының кейбір аудандары қосылғандықтан мәселесі көп аудан саналады. Ретсіз сауданы ауыздықтау қиындық туғызып жатқан жоқ па? Қалай шешіп отырсыздар?

Шымкент қаласы Қаратау ауданының аумағында 24 елді мекен орналасқан, оның ішінде Сайрам ауданынан 11 елді мекен қосылған. Қаратау ауданы әкімі аппараты кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің іс-шара жоспарына сәйкес, аудан аумағында ретсіз сауда орындарын болдырмау және алдын алу мақсатында Қаратау ауданы жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, 2019 жылдың 7 айында белгіленбеген жерлерде сауда жасаушы тұлғаларға Қаратау ауданы ЖПҚ қызметкерлерімен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің талаптарына сәйкес 423 әкімшілік хаттама толтырылды.

– Ауданда атқарылып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру, балалар және спорттық алаңшаларын орнату төңерегіндегі жұмыстар туралы айтып берсеңіз.

Қазіргі таңда, аудан аумағында орналасқан көпқабатты үй тұрғындарынан түсетін арыздар мен өтініштердің көп бөлігі аулаларды абаттандыру бойынша жазылуда. Өйткені, 2005-2010 жылдары пайдалануға берілген көпқабатты үйлер аулаларындағы балалар алаңшалары әбден тозығы жеткен.

Сонымен қатар, жастардың бос уақытын тиімді өткізу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында спорт алаңшалары мен жаттығу тренажерлары жеткіліксіз болып отыр. Осыған орай, аппарат қызметкерлері тарапынан аудан аумағында тозығы жеткен аулаларға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, қажеттігіне орай абаттандыру жұмыстарын жүргізуге жобалар әзірленген. Жобаға сәйкес, аулаларға заманауи үлгідегі балалар ойын алаңдары, спорттық жаттығу тренажерлары мен футбол, воллейбол және  баскетбол алаңдары алдағы уақытта салынатын болады.

 

143 көпқабатты тұрғын үй ауласы абаттандырылады

– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылып жатқан жобалар бар ма?

Шымкент қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 15 сәуірдегі «Шымкент қаласының көпқабатты тұрғын үйлер аулаларын абаттандыру туралы» №309 қаулысымен, аудандағы көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру және ашық спорт алаңшаларын орнату жұмыстарын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүргізу тапсырылған болатын. Тапсырмаға сәйкес, «Нұрсәт» шағынауданында тозығы жеткен 57 аула 143 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру, балалар ойын және спорттық жаттығу тренажерларын орнату мен 19 ашық спорт алаңшаларын салу мақсатында жобалық-сметалық есептемелері мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы әзірленді. Әзірленген жоба мен шығыс көлемдері  Шымкент қаласының экономика және бюджетті жоспарлау басқармасымен келісіліп, экономикалық қортындысы алынды.

Қазіргі уақытта, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру мәселесі қалалық мәслихаттың қарауына ұсынылды.

– Кейде тұрғындар коммуналдық қызмет пен тазалық жұмыстарына шағымданып жатады. Бұл салаға бөлінген қаржы мен қызмет көрсетуші компания және оның жұмыстары туралы айтып берсеңіз.

Қаратау ауданы аумағындағы ішкі орамдық жолдар мен аулалардың санитарлық тазалау жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында аудан территориясы 10 аумаққа бөлініп, оған аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары бекітілген.

Санитарлық тазалау жұмыстарына жыл басынан бастап 211,0 млн теңге қаржы бөлініп, «Қазақ Строй Жол» ЖШС мекемесі тарапынан тазалау жұмыстары атқарылуда. Ал шөп ору, қураған ағаш бұталарын қырқу, ағаштардың түбіндегі бұталарды ашу, тал әктеу жұмыстарына 33,0 млн теңге қаржы бөлініп, «Созақ ауданының мүгедектері» қоғамдық бірлестігі тарапынан жүргізілуде. Сондай-ақ, аудандағы бей-берекет қоқыс жиналатын орындарды жою мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын мекемелермен келісім-шарт түзу қажеттігі жөнінде елді мекен тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, аудан бойынша 2019 жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мекемелер мен тұрғындардың келісім шарт түзу көрсеткіші 98% жетті.

Ал, бей-берекет қоқыс тастаушыларды тәртіпке шақыру мақсатында Қаратау ауданы әкімі аппараты өкілдерімен және жергілікті полиция  қызметкерлерімен бірлескен рейдтік іс-шаралар қоқыс көп тасталатын аумақтарға ұйымдастырылып отыр.

Аудан көлеміндегі мекеме қызметкерлері, орам (квартал), көше, үй басқарушыларының және тұрғындардың қатысуымен 12 рет сенбіліктер өтті.

 

Шағынаудандар мен тұрғын алаптарда мәселе болмайды

– Тұрғындардың ауыз су, жол, жарық, табиғи газ, қоғамдық көлікпен қамту мәселелері де маңызды шығар. Мәселелерді шешу жолы мен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз.

Қаратау ауданы аумағындағы елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз су, электр жарығы, табиғи газбен қамту мақсатында қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, 2019-2021 жылдарға дейінгі даму жоспары әзірленген. Аталған іс-шара жоспарына сәйкес, бірінші кезекте инфрақұрылым жүйелері қамтылмаған аумақтарды қамту бойынша жұмыстар атқарылуда.

Атап айтқанда, сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары Сайрам тұрғын алабының Жаңақұрылыс аумағы мен Достық шағынауданының жаңақұрылыс аумағында жүргізілуде. Ал, Тассай тұрғын алабы мен Тұран шағынауданында жұмыстар қаржы тапшылығына байланысты уақытша тоқтап тұр.

Сапалы электр жарығымен қамту мақсатындағы құрылыс жұмыстары Асар-2 шағынауданы мен Тассай, Өтеміс және Шапырашты тұрғын алаптарында кестеге сәйкес жүргізілуде. Достық шағынауданының жаңақұрылыс аумағын сапалы электр жарығымен қамту үшін құрылыс жұмыстарын атқаруға мемлекеттік сатып алу рәсімдері атқарылуда.

Табиғи газбен қамту бойынша Асар-2, Достық, Тұран, Тассай шағынаудандарын табиғи газ жүйелеріне қосу мақсатында жобалар әзірленуде. Алайда, Шымкент қаласында табиғи газ қысымының жетіспеушілігіне байланысты жобалар уақытша тоқтатылуда. Себебі, қала аумағында табиғи газбен қамту мәселесін шешу мақсатында «АГТС-3» (АГРС-3) стансасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Қорытынды алынуына қарай, құрылыс жұмыстарына қаржы бөлуге ұсыныс беріледі. Осы жұмыс аяқталса, аудан аумағындағы шағынаудандар толық сапалы табиғи газбен қамтылатын болады.

Қазіргі таңда жол жөндеу жұмыстары аясында Достық, Нұртас шағынаудандары мен Тассай тұрғын алабындағы жалпы 15 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары, сонымен қатар, Достық, Қайтпас, Асар-2 шағынаудандары мен Қайнарбұлақ саяжайы, Орманшы, Мәртөбе, Қайнарбұлақ тұрғын алаптарындағы жалпы 11 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы, алдағы уақытта электр жарығы, табиғи газ, ауыз су және жол салуда алдағы уақытта барлық мәселе шешімін тауып, шағынаудандар мен тұрғын алаптарда мәселе болмайды.

– Күні кеше ғана Президент Қазақстан халқына жолдауын жолдады. Кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындардың табыстылығын арттыру мен жергілікті бюджеттің түсімін көтеруде жергілікті әкімдік ұйымдастыру жұмыстарын талапқа сай орындамағанын айтты. Осы сауалға тоқталып және өзге де Жолдаудан түйгеніңізбен бөліссеңіз.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы – бұл мемлекетіміздің жаңа уақыт талабына сай өсуі мен əлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қарқынды енуіне бастайтын сенімді көпір.

Жолдауда маңызды шешімдер қатарында халықтың әл-ауқатын көтеруге негіз болатын кіші және шағын бизнестің барлық нысанын алдағы 3 жыл бойы табыс салығынан босату, бизнеске қолайлы жағдай жасау, халықтың аз қамтылған бөлігі үшін баспананың қолжетімділігін арттыру, әлеуметтік-мәдени саланы қолдау сияқты басты проблемалар туралы айтылды.  Кәсіпкерлікті  қолдау бойынша  Жолдауда жаңашыл шешімдер де бар. Осы бағытта алдағы уақытта жұмыстар атқарылатын болады.

 

Мұң-мұқтажымен келген халықтың орнына өзіңді бір сәт қойып көрші

– Мемлекеттік қызмет – мемлекетіміздің айнасы десе де болады. Мемқызметшінің жұмысына қарай мемлекетке деген сенім қалыптасады. Сондықтан да мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігі өте жоғары. Өзіңіз де осы елдің азаматы ретінде мемлекеттік қызметтерді тұтынасыз. Көбіне не нәрсеге назар аударасыз, көңіліңіз толмаған кездер болды ма?

Өте орынды сұрақ. Халықтың билік жайлы көзқарасы мемлекеттік қызметшіге қарап қалыптасады. Мемлекеттік қызмет саласында жұмыс атқарып жатқаныма биыл 11 жыл болыпты. Дегенмен, әрбір азаматтың бойында халыққа адал қызмет етемін деген принцип болуы керек. Осы ұстанымды мен де ұстанып келемін. Мемлекеттік қызмет саласына алғаш келген жастарға өзімнің барлық тәжірибем мен кеңестерімді айтуға тырысамын. Барлық мемлекеттік қызметшілерге айтарым, сол – «мұң-мұқтажымен келген халықтың орнына өзіңді бір сәт қойып көрші» деп кеңес берер едім… Мен, мемлекеттік қызмет саласындағы меритократия қағидасы бойынша жетекші маманнан бастап, әкім орынбасарына дейін көтерілгенімді, яғни әрқашан аянбай еңбек етсең, жемісі боларын барлық жаңадан жұмысқа кірген жас мемлекеттік қызметшілерге үнемі айтып жүремін. Жастардың мемлекеттік қызмет саласына қызығып, еліне адал қызмет ету жолында келіп жатқанына көңілім толады.

– Жас мемлекеттік қызметші жаңадан жұмысқа кіріскен сәтте қызметтік жүктемелерден бөлек өзге қандай тапсырмалар бересіз? Нені үйренуі керек? Сіздің өзіңіз қалыптастырған мемқызметші мектебіңіз бар ма, оның ерекшелігіне тоқталсаңыз?

Мемлекеттік қызметші – халық пен билік арасындағы көпір. Өйткені, олар халықпен тікелей жұмыс жасайды. Сондықтан да, әрбір мемлекеттік қызметшінің ар тазалығы, білім деңгейінің тереңдігі, ішкі рухани байлығы, адамгершілігі, іскерлігі  әрдайым өзгеге үлгі болуға тиіс деп ойлаймын.

Мен қалыптастырған мемлекеттік қызметші мектебім, ол барлық қызметкерлерге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумда айтқан мемлекеттік қызметшінің 8 этикалық ережесіне сай болуы керек. Атап айтқанда:

1. Билік пен өкілеттілігін адал және дұрыс жұмсауы;

2. Мемлекеттік қызметте өзінің қамы үшін емес, мемлекеттің игіліне жұмыс істеуі және мемлекеттік қаражатты өзінің қалтасымен шатастырмауы;

3. Шенеунік «Қалай өмір сүріп жатырсың?» деген сұрақтан қорықпай өмір сүруі;

4. Өте маңызды нәрсе, заң талаптарымен толық келісіп, өмір сүруі;

5. Кез келген орында, кез келген қызметте, қандай да жағдай болмасын өз елінің халқы мен азаматтарының сенімін жоғалтпай, жұмыс істеуі;

6. Қазақстандық мемлекеттік қызметші әділеттіліктің, сыпайылылықтың өнегесі болуы керек, адам арасында өзін ұстай білуі;

7. Ұжымды басқармай тұрып, өзі бағына білуі және өзінің қызметкерлерінен талап ететінін, өзі орындай алуы керек.

8. Егер мемлекеттің мүддесіне зиян тигелі немесе сыбайлас жемқорлық іс-әрекет дайындалып жатқанын байқаған жағдайда, дереу шара қолдану қажет.

 

Мемлекеттік қызмет адамды жан-жақты жетілдіріп,  шыңдап, өмірде табанды болуға үйретеді

– Басшы ретінде қандай басқару менеджментін басшылыққа аласыз? Жергілікті басқаруға қай тәсілдер тиімді? Өзіңіз қайсысын қолайлы көресіз? Басшы ретінде қызметкерлеріңізге, шәкірттеріңізге, өзіңізге қоятын талаптарыңызға тоқталсаңыз. Өзіңіздің мемлекеттік қызмет саласына қатысты ұсыныс-пікірлеріңіз болса, бөліссеңіз.

Қаратау ауданы әкімі аппаратында 30 мемлекеттік қызметші, жиырмадан астам келісім-шарт негізінде қызмет атқаратын мамандар бар. Талап бәріне бірдей — сапалы орындаушылық және қатаң еңбек тәртібі. Әркімнің өз міндетіне жоғары жауапкершілікпен қарап, үнемі ізденісте, жаңашылдыққа, іскерлікке  ұмтылуы керек. Ең бастысы – халыққа адал қызмет етудегі ниеті дұрыс болуы керек.

– Күн сайынғы жұмысыңызды неден бастайсыз? Қалай аяқтайсыз? Бос уақытыңызда атқаратын шаруаларыңызды айтып беріңізші?

Жұмыс уақытын тиімді пайдалана білу үшін  әр күніңді жоспарлап қойған дұрыс. Бірақ, өкінішке орай, жобалаған жоспардан тыс мәселелер де көтеріліп жатады. Әрине, жұмыс уақытын барынша тиімді пайдалануға тырысу керек. Сонымен қатар, бос уақыт бола бермейді, ондай мүмкіндік болған жағдайда отбасыммен табиғатқа шығып демалғанды, әсірісе спортпен және сурет салумен шұғылданғанды жақсы көремін

–  «Әдеп» кодексі талаптарына жауап бере алмаған, сол себепті жұмыстан босатылған қызметші, не шәкіртіңіз болды ма? Мүдделер қақтығысын қалай шешесіз?

– «Әдеп» Кодексінің негізгі талаптары – ол тұрғындардың мемлекеттік мекемелерге деген сенімін арттыру, мемлекеттік қызметшілердің өзара қарым-қатынасында жоғары мәдениетті қалыптастыру болып табылады.

Аппарат қызметкерлерінің «мемлекеттік қызметші» деген абыройлы  атаққа лайықты болып, теріс іс-әрекеттерімен көлеңке түсірмеуі әрдайым басты назарда болуға тиіс. Ондай теріс қылықтарымен көзге түскен қызметкерлеріміз жоқ. Аппараттағы барлық қызметкерлеріміз – жастар. Жастар – еліміздің болашағы. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметкерлер тарапынан мүдделер қақтығысына әкеліп соқтыратын әрекеттер орын алған жоқ  және алдағы уақытта да  жол берілмеуін қадағалаймыз.

– Соңғы дәстүрлі сауалымыз, мемлекеттік қызметші болу үшін нендей қасиеттерге басымдық берер едіңіз. Оның келбеті қандай болуы керек? Шәкірттеріңізге қояр талабыңыз? «Үздік мемлекеттік қызметші» дегенде қызметкерлеріңіз арасынан, әлде әріптестеріңізден кімді атар едіңіз?

Мемлекеттік қызметші болу – қоғам, мемлекет тарапынан білдірілген  үлкен сенім екенін түйсіне отырып, барынша жауапкершілікті сезіне білу деп білемін.

Қазір, менің 2012 жылы қала әкімінің «Үздік» жастар премиясының «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» номинациясымен марапатталғаным есіме түсіп отыр.

Мемлекеттік қызмет – тек қызмет қана емес, тәлімді мектеп. Ол мектеп көп уақытты, тиянақтылықты, жылдам шешім қабылдай білуді, сергектікті талап етеді. Мемлекеттік қызмет адамды жан-жақты жетілдіріп,  шыңдап, өмірде табанды болуға үйретеді. Жастай бойыңа сіңірген тәрбие мен дағды өмірлік бағдарыңа айналары анық. Мемлекеттік қызметші бір ғана саламен шектеліп қалмай, жан-жақты болуға ұмтылып, заман талабынан қалмай білімді жетілдіріп отыруы керек.  Әр қызметкер үздік қызметші болуға ұмтылғаны жөн деп ойлаймын.

Әріптестеріміздің ішінде «Үздік мемлекеттік қызметшіге» лайықты деп Қосжанов Дархан деген жігітті айтар едім. Себебі, мәдени-ағарту жұмысы бөлімі басшысының орны бос болғандықтан бөліміндегі барлық жұмыстарды өзі тиянақты атқарып келеді.

– Әңгімеңізге рақмет! Істеріңіз өрлей бергей!

Сұқбаттасқан С.Дүйсебайұлы

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика