Бесік жыры — басты жыр

Ертеде енді ғана ата-ана атанайын деп жатқан екі жас ауылдың абызына келіп, дүние есігін ашқалы жатқан баламызды қалай тәрбиелейміз деп кеңес сұрайды екен. Сонда абыз оларға кешігіп қалғанын айтады. Бір-біріне таңдана қарасқан ерлі-зайыптыға ауыл ақсақалы балаға тәрбие ана жатырында жатқанда-ақ беріле бастайды деген екен. Бұл әңгімені бәріміз де түрлі әлеуметтік желіден оқығанбыз, көргенбіз. Дегенмен, астарына үңіле қойғанымыз шамалы шығар.

tories/04122019-10.jpg» border=»0″ />

Сондықтан да, қазіргі таңда өз баласы өз ата-анасынан бас тартып жатқанын көргенде, алаяқтар мен ұрылар арамыздан шыққанда таңқалысамыз. Ал соның тамырының тереңнен аз іздейміз. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген Мұхтар Әуезовтың сөзін негізге ала отырып, «Ақылды қала-ақылды ұлт үшін» тұжырымдамасының аясында 22 қараша күні Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Бесік жыры-басты жыр» атты жас аналар байқауы өтті. Нәресте шыр етіп дүниеге келгеннен кейін алғаш еститін әуені бесік жыры. Қазақ халқы сәбидің мінез құлқын қалыптастыруда бесік жырының орны ерекше деп қараған. Тәрбиеге тигізер пайдасы да ұшан теңіз деп білген. Бала бойынан табылатын ізгі қасиеттерді де осы әуенмен байланыстырады. Әйткенмен бүгінімізде киелі әуенімізден алшақтап, бесік жырын ұмытқандар да баршылық. Бұл байқауды өткізудегі басты мақсат – өскелең ұрпақтың рухани қазынамыз кітапқа деген қызығушылығын арттыру, ұлттық мәдениетіміз бен ұлттық кодымызды сақтау, жаңғырту болып табылады. Ертеден-ақ қазақ анасының әлдилеген әуенді бесік жырымен ауызданған. Халық қаһарманы, көрнекті қазақ жазушысы Бауыржан Момышұлы мен үш нәрседен қорқамын дейді. Біріншісі – өзінің баласына бесік жырын айтып бере алмаған анадан, екінші – өзінің немересіне аңыз әңгіме, ертегі айтып бере алмаған ата мен әжеден қорқамын дейді. Және де екі қазақтың бір-бірімен қазақша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын деуінің өзінде мән жатыр. Себебі, үшеуі де бала бойында патриоттық сезімді, өз тіліне деген жанашырлықты қалыптастыруда үлкен роль ойнайды. Ал ұлттың жойылуы ең бірінші тілден басталады. Осы құндылықтарды жаңғыртып, өскелең ұрпақ санасын ояту үшін өткізілген бұл шараны ашып беруге қонақ ретінде жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қзақстан еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұт ағамыз шақырылған. Мархабат атамыз шара басында қойылған сахналық көріністе жас әке мен жас ананың сәбилі болған сәттегі қуанғанын көріп, өзінің ең алғаш әке атанғандағы

сезімін есіне алды. Ол шақтарда қазіргі Тұрар Рысқұлов, кезінде Ванновка деген жерде аудандық газетте жұмыс істеп жүрген. Сонда қызды болғанын естіген Мархабат атамыз бүкіл көшеге жар салып, «Мен қызды болдым» деп перзентханаға дейін айғайлап барған екен. Ең алғаш әке жүрегін елжіреткен Ақлимасы да жақында ғана елуге толыпты. Әр ата-ана үшін перзентінің дүниеге аман-есен келуі қандай маңызды болса, одан кейін берілетін тәрбие де сондай маңызға ие екендігін айтты. Сондай-ақ, қазіргі кітапханалардың рухани сала аясында халықпен жұмыс жасауда көш бастап келе жатқандығын атап, алғысын білдірді. Ерінбей жалықпай, түрлі-түрлі форматта жас буын мен аға буынды бір жерге жинау үлкен қажыр мен еңбекті талап етеді. Ал жарыстың демеушілері «Бал Текстиль» кілем фабрикасының басшысы Талғат Ысқақов пен «Наурыз Пластик» ойыншықтар фирмасының директоры Рабиға Байтемірова, жеке кәсіпкер Райхан Исабекқызы қатысушыларға өз тілектерін видео арқылы жеткізді. Осындай мерейлі іс-шараның ұйымдастырылуына себепкер болып, руханиятымыздың дамуына үлес қосқысы келген азаматтарға өз кезегінде көрермендердің де алғысы шексіз. Жас аналар өз бақтарын сынаған бұл жарыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең сәлемдесу, екінші кезең үй тапсырмасы ретінде берілген буктрейлер болса, үшінші кезеңде аналарға жазушы Қарауылбек Қазиевтің «Иманжапырақ», ақын Нармахан Бегалыұлының «Жаз жалбыз», жас ақын Біржан Байтуовтың «Бізден де өтер жиырма бес» атты кітаптарының желісі бойынша экран арқылы сұрақтар қойылды. Жарысқа қатысушы алты үміткердің ішінде ұстаз да, тілші де, үй бикесі мен бала-бақша тәрбиешісі де бар. Үйдегі күйбең тірлік пен түздегі жұмыстарының ауырлығына қарамастан бұл сайысқа қатысқан әрбір ананы жеңімпаз десек те болады. Көздерінде аналық мейірім тұнып тұрған үміткерлер сахнаны бесікке айналдырып, тербеп отырғандай сезілді. Сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, өнерлерін барынша паш етуге тырысқан бұл сайыста қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Ақпан батыр атындағы №10 жалпы орта мектептің ұстазы Аягөз Қамытбекке бұйырды. Барлық қатысушыларға демеушілердің сыйлықтары табысталды. Ұйымдастырушылардың мақсаты сайыс арқылы келген қонақтардың санасында халқымыздың ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртуға септігін тигізу болатын. Жастардың отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, рухани адамгершілік пен патриоттық сезімін оятуға ықпал ету. Тәрбие тал бесіктен басталады десек, ел болып бесігімізді түзеуіміз керек.

Айжамал Махашова

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика