Шымкент қаласында инфекциялық дертке шалдыққан науқастарға дер кезінде көмек көрсету мақсатында Жеңіл атлетикалық спорт кешенінен провизорлы 150 орын дайындалды. Мұндай провизорлы орындар алдағы уақытта да ашылатынын Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов айтып өтті.
– Қазіргі таңда Шымкент қаласында науқастарды емдеу үшін 2870 төсек-орын бар. Оның 650-і жұқпалы ауруханаларға, 2220-сы провизорлы орынға арналған. Жалпы, олардың 447-сі бос. Маусым айының соңында Шымкент қаласында жұқпалы аурумен ауырғандар күрт өсті. Яғни, пневмониямен ауырған науқастар саны 5,8 есеге артты. Ал ЖРВИ-мен ауырған науқастар саны 2 есеге өсті. Осыған байланысты жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалатындар 5 есеге көбейді. Орта есеппен 1 күнде 2100-дей шақырту түсе бастады. Бұл шақыртуларға дер кезінде қызмет көрсету үшін Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов арнайы тапсырма берді. Осы тапсырмаға сәйкес қалада провизорлы орындар мен күндізгі стационарларды көптеп ашып жатырмыз. Бүгінде Самал-3 шағынауданындағы жаңа мектептен 400 орындық провизорлы орын, политехникалық колледжден 150 орын ашылды. Ал аптаның соңына дейін 400 орынға жеткізіледі. Сондай-ақ, бүгін Жеңіл атлетикалық спорт кешенінен 150 орын дайындалды және 1 шілде күні ол 450 орынға жетеді. Мұнда барлық медициналық құрал-жабдықтар қамтылған. Қазіргі уақытта қалада жұқпалы ауруға шалдыққан науқастарға орын жеткілікті. Осы ретте дайындалған провизорлы орындар бойынша дәрігерлер науқастарға жедел көмек көрсетеді деген сенімдеміз, – деді Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Амантайұлы.
Айта кетейік, қалада жұқпалы дертке шалдыққан науқастарды емдеу мақсатында провизорлы орындардан бөлек, күндізгі стационарлық емдеу жұмыстарының да қызметі күшейтілуде. Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы
Leave a Reply