БЕКЕН ҚАЙРАТҰЛЫ: «АТ ҮСТІН АЛТЫН ТАҚТАН АРТЫҚ КӨРГЕН ХАЛЫҚПЫЗ»

ӨМІР ДЕРЕК

Бекен Қайратұлы – Моңғолияның Баян-Өлке аймағынндағы Қобданқол ауылында дүниеге келген. 1980 жылы мектепті бітірген соң  Ұлан-батыр қаласында орналасқан Сухе-батор атындағы Әскери жоғары институттың «Артиллерия» бөліміне қабылданып, оны 1984 жылы лейтанат шенінде үздік бітірді. 1984-1991 жылдар аралығында әртүрлі әскери қосындарда взвод командирі, саяси қызметкер тәрізді міндеттерді абыройлы орындап, 1989 жылы Моңғолия Жастар одағының «Үздік интеллигент» алтын медалімен марапатталды.

1991 жылы Атамекенге оралып, Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданына қоныстанған. 1995 жылдан бастап Тарбағатай аудандық «Тарбағатай нұры» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. 1997 жылдан ел ордасына келіп «Астана ақшамы» газетінде, «Тіл және қоғам» журналында,  Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығының Астана қалалық филалында жетекші маман, «Намыс.kz» сайтында  бас редактор қызметтерін атқарған. 

2009 жылы «Күміс жамбы» атты публицистикалық  жинағы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді. 2014 жылы «Қазақтың атбегілік өнері» Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының тапсырысымен, «Самұрық –Қазына» әл-ауқат  қоры демеушілігімен  жарық көрген. 2016 жылы  «Қазақия қалай отарланды?»  деректі-публицистикалық кітабы шыққан.

Бүгінде «Egemen Qazaqstan» газетінде шолушы, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ақпарат саласының үздігі».

—————————————————————————————————————-

– Бекен аға, Тәуелсіздікпен бірге, алғашқы лекте Атамекенге оралған бауырларымыздың бірісіз. Алғашқы кезде «тосырқаушылықтан» ба екен, сізге мына үш сұрақ жиі қойылыпты.  «Қайдан келдің?», «Неге келдің?», «Не әкелдің?». Осы үш сұраққа үш өлең жазып, жауап бердім», деп жаздыңыз. Осы өлеңді жазуыңызға  не себеп болды?

– Кеңес билігінің кезінде шетел ауған қазақтарды «бай-феодал», «қашқын», «отанға опасыз» деп мансұқтап, жеккөрушілік көзқарас басым болды.  Біз көшіп келген 90-жылдары бұл мәселе әлі де сол қалпында еді. Адамдар санасында қатып қалған қатқыл сұрақтарын бізге көлденең тартты. Сондықтан қоғамдағы кейбір қате түсінікке, қоғам тарапынан туындаған сұраққа жауап беруге тура келді. Бұл өлеңдер жайшылықтан емес, осылай қайшылықтан туды. Төменде сол өлең жолдары:

Қайдан келдің дейсіз бе?

Алтай таудың ар жағынан келдім,

Бай-Өлке аймағынан келдім,

Әлі өңі бұзылмаған,

Қазақтың қаймағынан келдім.

Не әкелдің дейсіз бе?

Бабамның мұратын әкелдім,

Қажымас қуатын әкелдім.

Ескі қазақтың,

Инабат-ұятын әкелдім.

Өнердің көрмесін әкелдім,

Қыздардың зердесін әкелдім.

Сіздер ұмытып қалған,

Қазақтың бейнесін әкелдім.

….

Атамекенге неге келдім?

Алтын Ордамды көрейінші деп келдім,

Қолым ұшын берейінші деп келдім.

Шетте тудым, шетте өстім ағайын,

Дәл ортаңда өлейінші деп келдім.

Осы  үш сауалға осылай жауабым жаздым да иығымнан бір жүк түскендей жеңілдеп қалдым. Содан  Алматыға Смағұл (Елубаев) ағама хатпен жолдадым. Ол кезде С.Елубай «Парасат» журналының бас редакторы. Өлеңім журналда, «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды.

  Елге оралуыңыздың өзі біршама тарих десеңізші…

 – Иә, ол бір қызық хикаят…

…Бай-Өлкеде тап-таза қазақы ортада туып өстім.Кәдімгі көшпелі тұрмыс: жаз жайлау, қыс қыстауға көшеміз. Мектепті ана тілінде оқып бітірдім. Үйімізде радиоқабылдағыш болды. Кешке «тоғыздың хабары» дейтін 30 минуттық аймақтың жаңалығы мен концерті аралас ақпарат айтады. Бұдан басқа ешқандай жаңалық көзі жоқ. Осы «тоғыздың хабарынан» қазақстандық өнер адамдарының айтқан әндері анда-санда беріліп тұрады. Маған тұңғыш рет «Қазақстан» дейтін ел барын естірткен осы радио. Атамекенге деген ұлы сағыныш  міне, сол бала кезден басталды.

1980 жылы орта мектепті тәмамдап, Ұлан-батыр қаласындағы Әскери институтқа курсант болып қабылдандым. Күніне 15-20 шақырым кросс жүгіреміз. Жолымызда Кеңес Армиясының әскери қосындары орналасқан. Биік дуалдың сыртына солдаттар қиқалақтатып жазулар жазыпты. Жүгіріп келем, оқып келем… Бір қарасам «Чимкент» деп тұр. Көзіме оттай басылды. Қаптаған қалқа-моңғолдың ортасына үйренісе алмай жүрген мен байғұсқа ана жазу қол бұлғап тұрған атажұртым сияқты елес беретіндей…

1991 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстанға ел көші басталды. Иә, ақсарбас, енді не тұрыс! Тура мамыр айының басында басшылықтың атына әскери қызметтен босату жайлы өтініш жаздым.

Шығыс Қазақстан облысына қарасты Тарбағатай ауданына баруға бекіндім. Тарбағатайды таңдаған себебім: Қазақстанға көшуді ойлаған күннен бастап «Қайда баруым керек?» деген сұраққа басым қатты. Содан ҚазССР энциклопедиясы дейтін 12 томдық зілдей кітапты екі апта ақтарып қоныс іздедім. Сол кітапта: «Іс-құжаты қазақ тілінде жүргізген жалғыз аудан бар. Ол – Тарбағатай» деп жазылған екен. Осы сөз менің ол жаққа атбасын бұруыма себеп болды.     

1991 жылдың қыркүйек айының 28 күні жалғыз отбасы  Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Қазақстан кеңшарына көшіп келдік.

Тура қазанның 1-күні совхоз берген қара купәйке мен керзі етікті киіп алып, жұмысқа шықтым. Кешегі жалынды жас офицер – совхоздың қара жұмысшысы. Ауыл айтады: «Совхозға моңғолдан бір қара жұмысшы кепті». Бірақ мен еш ренжімедім. Түрмеде жүргем жоқ, атамекенде қазақтың қара жұмысын істегенде не тұр, дәтке қуат отбасым қасымда, өз Отанымдамын. Үш  жылдан соң аудандық «Тарбағатай нұры» газетіне қызметке ауыстым.1998 жылы жаңа астананың қазығы қағылған тұста осында қоныс аударып, қалалық газетке қызметке тұрдым. Кешегі артиллерия офицері «қалам» атты күшті қаруды қолға алып, қайта маманданып, руханият майданында қызметке кірістік.

– «Күміс жамбы» атты кітабыңызды оқып шықтым. Қаламды қару еткеніңіз де, серік еткеніңіз  де жинағыңыздағы ізденіс іздерінен аңғарылады. Тың деректер, таңғаларлық аңыз бен ақиқаты қатар хикаяттарға қанықтық.

– Жоғарыда айтып өттім ғой(өлеңім жайында), қоғамға жауап қату үшін көшіп келген халықтың кім екенін пайымдату үшін қолға қалам алу керек болды. Шетелдегі қазақ диаспорасының (Моңғолия, Қытай)  өмір тарихы мен тағдыр-талайына қатысты жазылған очерктерімнің топтамасы 2009 жылы  кітап болып шықты. Бұл кітапта бұрын көпшілікке беймәлім болған  мағлұматтар, деректер  мол. Шетелде өмір сүрген қазақтардың тағдыр-тарихын,әдебиеті мен мәдениетін Атажұртқа таныстырған  танымдық еңбек, соны соқпақ, тың сүрлем десек те болады.

– Елбасының Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламасы ұлт ретінде дамудың дайын концепциясы деп жүрміз. Оның жүзеге асуы жарқын болашағымыздың кепілі екеніне күмән жоқ. Осы бағдарламалық мақаланың мәнін тарқатып бере аласыз ба?

– Жалпы, Тәуелсіздіктің екі тұғыры бар. Бірі – рухани, екіншісі –тұрмыстық(экономикалық). Біз сол экономика тұғырына  көбірек мән бердік те, рухани тұғыры беки қоймады. Былайша айтқанда,ұзақ жылдар халқымыздың бойында тапталып келген отарлық санадан арылуға, есік көзінде қалып қойған тілімізді төрге оздыруға, жылдар бойы мансұқталып келген тарихымызды  жаңғыртуға, жасампаз етуге мән бермей келдік. Осы тұрғыдан арнайы концепциялық бағдарлама керек еді. Экономикалық тұрғыдағы жақсы бағдарламар жасалып, мықты менеджмент жолға қойылып, елдің әлеуметтік жағдайы жақсара бастады. Бірақ руханият соның тасасында қалып қойды. Халықтың санасында  рухани дүние емес, материалды құндылық бірінші орынға шығуы себепті «ақшаң болса билік те, байлық та болады» деген түсінік қалыптасты. Бұл өте қауіпті тенденция. Мұның салдары қоғамдағы  жемқорлыққа, енжарлыққа (елге жаныашымаушылық) алып барды. Бұл тенденцияға тоқтау салатын тек мемлекет, мемлекеттік тұғырлы бағдарлама. Міне, кеш те  болса да концепциялық бағдарлама жасалды. Кеш те болса рухани жаңғыруды, ұлттың рухани тұрғыдан модернациялануы қолға алынды. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін салиқалы пікір, батыл ұстанымдарға құрылған маңызды құжат. Бұл бағдарламаның өзегі – Ұлттық код!

 Ұлттық код дегеніміз – ұлттық болмыс. Яғни, бір халықты басқа халықтан ажыратып, танытатын және сол халықтың әлем қауымдастығы алдында басқаға ұқсамайтын таным-түсінігі мен бітім-болмысын айқындап тұратын сипаты. Бұл сипаттың ерекшелігі  – дара халықтың жаратылысындағы айырықша антропологиялық генези­сінен бастап, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан дәстүр-салты, мінез-құлқы, арман-мұраты, тілі мен ділі, тұрмыстық-шаруашылық негіздеріне дейін толық қамти алуында. Бір сөзбен айтқанда, этностың тұтастығын сақтап тұрған кілтінің бүтін болуы. 

Қазіргі жаһандану кезеңінде жойы­лып кетуден аман қалуын ойлаған әрбір халық  алдымен өзінің байырғы рухани-тектік қасиеттерін мейілінше жаңғыртып, осы арқылы заманауи ғаламдық бәсекелестікке төтеп бере алу жағын ескергені жөн. Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өте өзекті, керемет пайдалы дүние. Бірақ мұны науқаншылдыққа айналдырып алдық. Бұл дұрыс емес. (Кешегі кеңестік «ура, партияшыл» әдеттен бе екен, қай нәрсені ұрандатуға бейімбіз ғой, жалпы). Науқаншылдық жүрген жерде шынайылық болмайды, бетінен қалқып, бер жағынан қарайтын жүрдім-бардым тірліктер бел алады. Рухани жаңғыру емес, мұның атын отарлаудан құтылу деп алу керек пе еді деп те ойлаймын.

 2014 жылы жарық көрген «Қазақ атбегілік  өнері» атты еңбегіңіз де оқырман жылы қабылдады.  «Жылқы жайындағы  оқулық» десе де болғандай, төрт түлік төресі турасында  жан-жақты қамтылған энциклопедиялық еңбегіңіз де Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» концепциялық еңбегімен сабақтасады екен. Қазақтың жылқысын «жоқтап», жылқыдан айрылған, алыстаған, «жуасыған» бүгінгі қазақтың рухын жоқтап жүрген жайыңызды аңғардық…

– Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасының жалғасы іспетті Елбасының  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы шықты. Онда: «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі» деп атап өтті.

Адамзат  баласында генетикалық сана және тарихи сана деген болады: осы екі сана орнықпайынша ол халық аяғына тұра алмайды. Біреудің жетегінде кетеді, не біреудің қаңсығын таңсық көретін болымсыз ұлтқа айналады.  Халқымыздың генетикалық санасы жылқытанымда, жылқы мәдениетінде жатыр. Жылқы мәдениеті, атты мініске үйретудің өзі дара ілім. Елбасы айтқандай, қазақтың жылқытану өнері әлмисақтан қанына сіңген төл мұрасы. Яғни генетикалық жадысының туын­дысы. Жылқытану ілімі – жылқыны сынау және баптаудан тұрады. Яғни, жыл­қының әуелі сынын білген адам оны баптай да алады. Ерте заманда өмір сүрген атақты сыншылар тірі жылқыны былай қойып, далада жатқан қу сүйекке қарап-ақ оның тіріде қандай жылқы болғаны жайлы сын-сипатын айтатын болған.

Алаштың  көрнекті ақыны І.Жансүгіров: «Қазақ халқы ежелден жылқы баққан, Артық көрген ат үстін алтын тақтан» деп жазды. Жылқы жануары халқымызбен бірге туып, біте қайнасқан, қазақтың рухы десек те болады. Оны эпикалық дастандардан аңғаруға болады. Батырлар жырының қай-қайсының алып қарамаңыз, елде бір батыр туады, соған лайық тұлпар жаралады. Ол тұлпардың тұрқы да бөлек, түйсігі де мықты. (Жалпы, жылқының түйсігі ерек, адамнан ақылды!) Екеуі тізе қосып елді жаудан қорғайды. Тайбурыл, Байшұбар, Шалқұйрық,  Керқұла ат қай-қайсы болмасын, көбінің сарыны осылай  келеді. Яғни, қазақ халқы ықылым заманнан ат үстінде жүріп елін-жерін қорғаған аламан жорықтарға аттанып, олжа әкелген. Бабаларымыздың «Ер қанаты – ат», немесе «Атқа мінсе ердің арқасы қозады» деген тәмсілдер бекер айтылмаған.

 Қазақ даласын отарлаушылар қазақ пен жылқының  рухани-тұрмыстық һәм жауынгерлік байланысын  жақсы білген. Мысалы, Сібір шебінің әскери басшысы генерал-майор Веймарн  Сыртқы істер коллегиясына берілген құпия  есебінде: «Қазақты тыншытып, жуасыту үшін, білдіртпей, бірте-бірте қазақтың  күші мен байлығының қоры – жылқысын азайту керек. Қазақ жылқысыз болса бізге қауіпсіз», деп жазды. Сол сияқты жылқытанушы ғалым Ахмет Тоқтабай өзінің «Қазақ жылқысының тарихы» атты еңбегінде ХІХ ғасырдың соңында Зайсан маңында өмір сүрген орыс-казак атаманы Рябушкиннің айтқан дерегін келтіреді: «Бұл қазақ деген атқа мінсе есерленіп кетеді. Ешкімге бағынбайды. Қазақты бағынышты ұстау үшін аттан айыру керек. Қазақ қалай аттан айрылады, бұдан момақан, сорлы халық жоқ». Кеңес өкіметінің алғашқы 20-30 жылдарында да қазақ жылқысына небір қиянаттар жасалды. Жаппай, ет комбинаттарына өткізілді. Малынан айрылып, аштыққа ұшыраған халық көрші шет елдерге босты. Бұл көшті тоқтатудың бір амалы көлігінен айыру керек деп, Тарбағатай өңірінде белсенділер әр ауылдың жылқысын  жиып алып, ор қаздырып, жаппай  зеңбірекпен қырып салған деректер Қ.Ысқақ ағамыздың кітабында кездеседі. Қазақ даласында 1916 жылы 4,3 млн жылқы болса, 1940 жылы 1 млн-ға жетер-жетпес жылқы қалыпты. Орын толмас нәубетке, аштыққа ұшырады. Ең үлкен қасіретіміз сол: ұлттың генетикалық жадысында берік орныққан «жылқытану» ілімі жойылды.

Табиғатпен  тел өскен қазақтың, айналасындағы тіршілік атаулыға жақындығы, оның сыры мен өзіндік тілін түсінетін ерекше сұңғыла түйсігі әлсіреп барады. Сондықтан бабалары жылқының тілін білген қазаққа «Қазақтың ат бегілік өнері» туралы кітап жазып ұсындым. Бүгінгі қазақтың бәрі атбегі болып кетсін деп те жазғам жоқ. Бұрын қазақтар жылқыны дүбірінен таныған. Үйде отырып ақ, сырттағы атты «бұл Күнгейбайдың көк жорғасының жүрісі» немесе «бұл Қалқабайдың тор атының жүрісі ғой» деп жылқыны дүбірінен, аяқ дыбысының ырғағынан біліп отырған. Ал қазіргі қазақтарда осы танымдық жады әлсіреп кеткен.Жадымызды тірілту керек!

Түйіндей келгенде, жылқы мәдениетін білмей, жылқы мәдениетіне деген көзқарасымызды жаңғыртпай біз жаңғырған, жетілген халық болуымыз екіталай.

– Қазақтың ұлтттық ойындары туралы жазып, оларды ұлықтау жайында телехабарларда жиі бастама көтеріп жүрсіз. Осы төңіректе ойыңызды білсек.

– Қазақтың ұлттық ойындары туралы да жаздым. Асық ату, көкпар тарту, жамбы ату, садақ тарту, тоғызқұмалақ т.б. Қандай ғажап, қандай тағлымды десеңші біздің ойындарымыз! Бала табиғатпен үйлесімде өседі, шеберлікке баулиды (асық атудың өзі мергендік), зердесін, ақыл-ойын шыңдайды(тоғызқұмалағыңыз тұтас – алгебра). Сайып келгенде, баланы  жастайынан жауынгерлік рухта тәрбиелеу.  Бұл ойындардың барлығы да жауынгерлік өнермен өрілген. Жауынгерлік өнеріміз ұлттық ойын ретінде ұлықталған. Бұларды жай ғана ойын деп қарауға келмейді. Бұл ойындар ұлтты  тұтастандырып тұрған рухымыздың ұстындары еді. Отарлау саясатының ойранынан, ұзақ жылдарғы озбыр саясат салдарынан біз осы болмысымыздан айырылып қалдық. Бұл тақырыпта «Қазақия қалай отарланды?» атты деректі-публицистикалық кітабым 2016 жылы жарық көрді.  Бұл еңбекте XI-XV ғасырдағы Алтын Орда дәуірінен бастап, кеңестік кезеңдегі ұлт дағ­да­ры­сы, демографиялық ахуал, рухани жұтаңдық – бәрі көрініс тапқан.  Ұлты­мыздың арғы-бергі кезең­деріндегі небір сұрқай сұм­дық­тарды оқи отырып, содан сабақ алсақ, Тәуелсіз еліміздің түтіні түзу, іргесі бүтін болса деген ниетті аңғартады бұл кітап.

Түйіндей келгенде, айтарым: мені қатты алаңдататын дүние – қоғамда қалыптасқан ұлтсыздық. Осы қалыпппен кете беретін болсақ, жаһандану дәуірінде жұтылып кету қаупі де жоқ емес. Ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртпай, ұлықталмай біз ешқашан ұлттық мемлекет құра алмаймыз. Осы есте болса деймін.

– Әңгімеңізге, рахмет, аға! Арман тілектеріңізді АЛЛА қабыл етіп, рухымыз тіктеліп, еліміздің айбыны асқақтай берсін!

Әңгімелескен: Әтіргүл ТӘШІМ

Нұр-Сұлтан

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика