«Ел қорғаны — батырлар» атты облыс аудандары мен қала оқушылары арасында жыр байқауы өтті. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы «Ел қорғаны — батырлар» атты эпостық жырлардан байқау өткізді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп атап өткен Мемлекет басшысының бастамасын қолдай келіп, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы облыс аудандары мен қалалық мектеп оқушылары арасында түркі әлеміне ортақ батырлық эпосын насихаттауды қолға алды. Жас ұрпақты халық поэзиясының рухани мұрасы, салт-дәстүріне деген сүйіспендік пен патриотизмге баулуда «Ел қорғаны — батырлар» атты эпостық жырлардан байқау өткізді.
Байқауда Филология ғылымдарының кандидаты, ОҚМПУ доценті, Амангелді Мамыт, филология ғылымдарының кандидаты ОҚМПУ аға оқытушылары Тоғатай Омар, Қарлығаш Сапарбаева төрелік етті.
Үміткерлер «Қайратты туған ер еді…» бөлімінде түркі әлеміне ортақ батырлық эпостарын жыршылар мақамымен жатқа орындап бақ сынасты. «Алатаудай айбатың, Ер екенсің айтулы» – атты 2-бөлімде әдеби-теориялық білім сайысына түсті.
Қорытындыда жүзден жүйрік шыққан сайыскерлерден Сарыағаш ауданынан келген Абдиев Ерсінбек I орынды жеңіп алды. Көптің таңдайын қақтырған жігіт жыр жаттап қана қоймай, актерлік шеберлігін көрсетті.
Ал Шымкент қаласының атынан қатысқан Ахмет Салман II орынды жеңіп алды. Көптің ішінен үздік шыққан Салманның мәнерлеп оқу ырғағы ешкімге ұқсамайды.
Ордабасы ауданының намысын арқалай келген Жаңабек Жанайым III орынды иеленді.
Сонымен қатар, байқауда ұлттық рухта әндер орындалды. Жиналғандар батырлардың ұрпағы екенін мақтана еске алып, бабалар ерлігіне тағзым етті. Кейінгі толқын батырлар жырын жаттап, батыл болып өсіп келе жатқанына тағы да көз жеткізе тарқасты.
Leave a Reply