2024-09-20

А.МАЛАХОВ: «ЖАҢА ҚОҚЫС КОНТЕЙНЕРЛЕРІНІҢ САПАСЫ ТЕКСЕРІЛГЕН»

«Shymkent Adaldyq Alany» жобасы аясында Шымкент қаласы Еңбекші ауданына орнатылатын қоқыс жәшіктеріне қоғамдық бақылау жүргізілген. Бұл туралы аталған жобалық кеңсенің фейсбук парақшасында тікелей эфир арқылы мәлімет таратқан.

Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары А.Малаховтың айтуынша, контейнерлер барлық талаптарға жауап береді, алдағы уақытта тауар жеткізушімен арада ешбір дау туындамас үшін әрқайсысына жеке-жеке сот сараптамалық қорытынды алынған.

Әкім орынбасары сатып алынған контейнерлер аудандағы барлық қоқыс алаңшаларының барлығын қамтуға жетеді деп отыр. Онда да, қазір қызмет етіп тұрған жәшіктердің ішінде жарамдылары да бар, оларға тиіспей, тек пайдалануға жарамсыздары ғана ауыстырылмақ. Ескірген жәшіктерді қоқысқа тастамай, қала маңындағы шағынаудандарға жөнелтіп, оның орнын осы жаңадан алынған 600 жәшікпен алмастырылмақ.

Аталған сот сараптамалық қорытындыда «Қорытынды: жеткізіп берушінің жеткізген тұрмыстық-қоқыс контейнерлері техникалық сипаттамада көрсетілген талаптарға толық сәйкес келеді» деп анық көрсетілген дейді Александр Александрұлы.

Айта кетсек, әр қоқыс алаңшаларына көпқабатты үйдің тұрғындар санына қарай 3-4 жәшіктен орнатылады.

Яндекс.Метрика