Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов қызметіне кіріскелі шалғай елді мекендердің инфрақұрылымы мен коммуналдық мәселелерін шешу қажеттігін, және бұл мәселе ұдайы қадағалауында болатынын айтып жүр. Бұл тақырып, әсіресе, қалаға жаңадан қосылған елді мекендерге тікелей қатысты. Осы мәселеге келгенде қаланың өзге аудандарына қарағанда Абай ауданына қарасты ауылдардың мәселесі көбірек қозғалып тұрады.
Мәселен, табиғи газбен қамтылу мәселесін Ақтас шағынауданы тұрғындары көптен көтеріп жүрген болатын. Аталған түйткіл бойынша мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаруалар жайында тұрғындарға түсіндіру мақсатымен Абай ауданы әкімі аппаратының сол шағынаудан бойынша халықпен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Әміржан Шойынбетов пен қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының Жобаларды әзірлеу және ауызсумен қамту бөлімінің басшысы Абай Ашаевтар жолға шыққан болатын. Тиісті сала өкілдерінің ақтастықтармен кездесуіне біздің редакция тілшісі де қатысып, шалғай елді мекен тұрғындары көтерген мәселелері және олардың шешілуі үшін атқарылып жатқан шаралар жайына қаныққан еді. Сұрақ-жауап форматында өрбіген әңгімені назарыңызға ұсынамыз.
«ГАЗ ҚҰБЫРЫ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ 2021 ЖЫЛЫ ТОЛЫҚ АЯҚТАЛАДЫ»
Тұрғындар: – Ақтас шағынауданына табиғи газ жүйесі қашан тартылып, қай уақытта толық қамтылады?
Абай Ашаев: – Ақтас шағынауданында 2013-2014 жылдары ауызсу мен электр жарығы жүйесі тартылып, біршама инфрақұрылыммен қамтылған. Ал, табиғи газ жеткізілмеген болатын, мәселелеріңізге қанықпыз, таныспыз. Осы мәселені шешу мақсатында «Ақтас тұрғын алабын табиғи газбен қамту» жобасын қарап, бюджеттен қаржы бөлуге сұраныс бергенімізге бірнеше жыл болды. Бұл жобаға Ақтас, Арғымақ шағынаудандары, Ақтас-1, Ақтас-2 және Ақжар тұрғын алабының жаңа бөліктерін газбен қамту жұмыстары енеді.
Биыл жақында ғана тиісті қаржы табылып, жобалық сметалық құжаттарын (ЖСҚ) әзірлеуге ақша бөлінді. Жеңімпаз анықталып, маусым айынан бастап мердігер компания «Ред Лайн» ЖШС жұмысына кіріскен болатын. Қазіргі таңда жобалаушы мекеме жұмысын аяқтауға жақын, келісім шартқа сәйкес жыл соңына дейін ЖСҚ әзірленіп бітуі тиіс. Сонымен қатар, жыл соңына дейін жасалып біткен ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өтіп, қорытындысы бекітіліп қалады деп көздеп отырмыз. Биыл осы жұмыстар толығымен бітетін болса, келесі жылдың бюджетіне табиғи газбен қамтитын жүйенің құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы қарастырылып, жыл соңына дейін пайдалануға беруге күш саламыз. Бірақ, ол – жоспар. Өйткені, қосымша шешілуі тиіс жұмыстар кезігуі мүмкін. Ондай қосымша кедергілердің бірі Ақтас-2 тұрғын алабы аумағынан өтетін халықаралық маңызы бар «Орта Азия-Қытай» газ құбыры үстінен өткізу келіссөздері ұзаққа созылуы мүмкін. Осындай кейбір кедергілер қосымша уақытты қажет етуі мүмкін. Дегенмен, олар қанша уақытқа созылса да, ЖСҚ-ның қорытындысы 2020 жылдың қаңтар-ақпанынан ары аспауы қажет. Одан арыға ұзатпаймыз. Егер, олай бола қалса, құрылыс-монтаж жұмыстары да 2022 жылдың бірінші жарты жылдығына дейін толық аяқталып қалады.
ЖСҚ әзірлеуге биылдыққа бөлінген қаржы 31 млн теңге. Қазір енді үлкен магистральді құбыр Сәуле шағынауданы тұсынан үлкен жолды жағалай Ақтастағы бұрынғы постқа (жаңа жол ескі жолмен екіге айырылатын тұс) дейін тартылады да, 2 жерден, Ақжарға бұрылатын жер мен Ақтасқа кіретін жерлерде жоғары қысымнан төменгі қысымға түсіретін станциялар орнатылады. Елді мекендерге таратылатын табиғи газ сол 2 станциядан бөлінеді. Станциялардың жобалық шешімдері жобалау барысында анықталады. Осы жұмыстарды биыл аяқтау басқарманың жоспарында тұр. Қаржылық жоспар бойынша, қаралған 31 млн теңгенің 3 млн теңгесі бөлініп, соған конкурс өтті. Ал, қыркүйекте жылдың тоғыз айының қортындысымен бюджет тағы нақтыланады, түзетіледі. Сол кезде осы жылға тағы да қажетті шаралар атқаруға ұсыныс береміз. Өйткені, бұл жобаны атқаруға қаржы бөлінбей ұзақ уақыттан бері күтіп жүрген едік. Ертерек бекітіп, ертерек аяқтауға бар күшімізді саламыз. Қайталап айтайын, ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өтетін болса, желтоқсанда немесе келесі жылдың ақпан айында 2021 жылдың бюджетіне бюджеттік өтінім беруіміз керек. Тиісті қаржы бөлінсе, 2021 жылы құрылысы толық аяқталады.
«60 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛАСЫЗ»
Тұрғындар: – Биыл газ кіретініне ешқандай кепілдік жоқ?
Абай Ашаев: – Жоқ. Биыл табиғи газ кірмейді.
Тұрғындар: – Біздің шағынауданда 500 метр қашықта газ келіп қойған. Мынанша жүйені қайта жасап, смета істегенше, сол құбырдан тарта салуға болмайды ма?
Абай Ашаев: – Ол жеке меншіктегі жүйе ғой. Оны кіргізсеңіз де болады. Ол үшін, әлгі жүйенің иесімен келісіп, әркім әр түрлі сомаға кіргізіп жатыр. Біреу 250 мың теңгеге, кейбіреулер 300 мың теңгеден кіргізіп жатыр. Жеке меншік баланста болғандықтан, ол жүйе мемлекеттік меншік екеуі сыйыспайды.
Тұрғындар: – Ал, егер, соның иесімен келіссөз жүргізіп, әкімдіктің араласуымен тұрғындарға арзандау кіргізуге ықпал ете алмайсыздар ма? Биыл газ кіріп қалар еді де.
Абай Ашаев: – Тұрғындардың 1-2 жыл болса да мемлекеттік табиғи газ жүйесін күткені дұрыс қой, әрі арзан болады. Біз олардың жеке меншіктеріне араласып, жеке шаруашылықтарынан газ тарата алмаймыз. Мемлекеттік газ жүйесі олардан тыс тартылады, оған қосылмайды. Жеке меншікке ықпал ете алмаймыз.
Тұрғындар: – 2021 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары бітсе, жеке тұрғындар үйлеріне қанша қаржыға кіргізуі мүмкін?
Әміржан Шойынбетов: – Әр тұрғын үйдің алдына дейін мемлекет есебінен тегін жеткізіп береді. Былтыр ғана Құрсай шағынауданында тұрғындар табиғи газ кіргізді. Олар 60-75 мың теңгеге қосылды. Ол соманың ішіне құжаттамасы, қосылу жұмыстары бар. Ол 60 мың теңгені де бірден бере салмайсыз, 3-4 рет бөліп төлеп беріп жатты. Бірінші, 20 мың теңгесін төледі, монтаждау жұмыстарын атқара береді, тағы бір бөліп төледі, басқа шаруасын бітіре берді. Сонсын, ол соманың ішінде 2 газ нүктесі: газ плитасы мен жылыту қазандық нүктесі және 30 метр құбыр бар. Ал, үшінші нүкте, мәселен, жеке монша қосқыңыз келсе, онысына қосымша тағы қаржы төлеу керек болады. Егер, дәнекерлеу өзіңіздің қолыңыздан келетін болса, 60 мың теңге төлемей, өзіңіз кіргізіп ала бересіз, ол кезде тек техникалық құжаттама жасау шығындарын ғана өтеуге тура келеді. Ал, мемлекет тарапы көшедегі ШРП-ға дейін тегін жеткізіп береді және газ есептеуіші де тегін болады. ШРП-дан үйіңіздің ішіндегі 2 нүктеге дейін 60 мың теңгеге табиғи газға қосылып аласыз.
«ТОПЫРАҚ ЖОЛҒА ШАҒАЛ ТӨСЕУ ЖҰМЫСТАРЫ 2021 ЖЫЛЫ ДА ЖАЛҒАСАДЫ»
Тұрғындар: – Түсінікті. Коммуналдық мәселелердің басқасына ауыссақ. Ақтас шағынауданында кешкісін электр жарығы сығырайып, өлімсіреп қалады. Әсіресе, қыстыңкүні электр пештерін көбірек пайдалану салдарынан көп болып тұрады. Тоңазытқыштарымыз бен компьютерлер қосылмай қалып жатады. Шешу жағын қарасаңыздар.
Әміржан Шойынбетов: – Жақсы. Бұл мәселе бойынша «Пригородный РЭС-тің» инженері Марат Бақтыбаев деген кісіні алып келіп, электр желісін аралап, трансформаторларды түгендеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Дұрыс жұмыс істемей ме, ақауы бар ма мүмкін, немесе бір жерінде тұйықталу бар ма, тексертеміз.
Тұрғындар: – Біздің үйімізге жақын тұста бір тансформатор болатын. Соның бір ақаулығы анықталды, не бір жері күйді де, жөндейміз деп алып кетті. Содан кейін қайта келіп орнатпады. Ал бізді алыстау басқа бір трансформаторға жалғай салды. Бар мәселе содан болып тұр. Егер, өзіміздің трансформаторды қайта орнатар болса, мәселе шешілер еді.
Әміржан Шойынбетов: – Жарайды, дүйсенбіде жұмыс күні келейін. Алдын ала уақыт-сағатын айта алмаймын, ол күні түске дейін барлық жерде жиналыстар болады. Түс қайта ма, Марат Бақтыбаевты алып келейін. Мәселені сол кезде бәріміз бірге талқылап, шешейік.
Тұрғындар: – Жол мәселесі туралы да айта кетіңізші. Күнде таңертең-кешке қоғамдық транспортқа шығу үшін жазда топырақ кешіп, қыста батпаққа батып жүрміз.
Әміржан Шойынбетов: – Бұл сұрақты ақтастықтар бірнеше мәрте көтерді, хат та жазды. Ол өтінішке сәйкес, қалалық автомобиль жолдары басқармасына ұсыныс хат жолданып, 2021 жылы шағал тас төселетін жолдар тізіміне ендіріп қойдық. Алдағы жылы толығымен атқарылатын болады. Себебі, Ақтас шағынауданында алдыңғы жылы 6 шақырым, былтыр 4 шақырым жолға шағал тас төселінді. Одан басқа, Ақтас пен Ақжарда ауыл билерінің өтінішімен бір-бір шақырымнан тағы төселді. Ал, сіздердің айтып отырған жолдарға келесі жылы жоспарланып отыр.
Тұрғындар: – Міне күз де келді, оқу жылы басталғалы тұр. Оқушылар үшін 500 метр бір ғана аяқжолға тас төсеп беру мүмкіндіктеріңіз жоқ па?
Әміржан Шойынбетов: – Аяқжолды төсеу бойынша, өтірікші болмайын, ауданның биылдыққа шағал тас төсеу лимиті толық аяқталған. Дегенмен, 800 метрдей шағал төсейтін жол бар, өткенде қалып кеткен жер, соның мердігеріне өтініш жасап, айтып көрейін. 2-3 мәшене төгіп, бір аяқжол істеп беруге болады. Бір жөнін қарастырамыз.
«ҚОҚЫС ШЫҒАРУ МЕН КӨШЕНІ ЖАРЫҚТАНДЫРУ ДА ШЕШІМІН ТАБАТЫН БОЛДЫ»
Тұрғындар: – Қоқыс шығару деген бізде әжептеуір мәселе бар. Кестемен бекітілген қоқыс шығаратын жол қарастырсаңыздар.
Әміржан Шойынбетов: – Ақжарға баратын жол бойындағы аялдамаларға 2 жерден 2 қоқыс контейнерін орнатып қойдық. Халық қоқысты көшеге тастамасын, жинақы тұрсын деп. Тағы керек болса, тағы да қоямыз. Ал, қоқыс шығару мәселесіне келсек, аптасына бейсенбі күндері Ақжарға қоқыс шығарушылар келіп тұрады. Кіріп алып кетеді. Ақтастың тұрғындарына жолығып, неше мәрте айтып жүрміз, «қоқыс шығармаймыз, өртеп жібереміз» дейді. Аптасына 600-700 теңге ақы төлесе, кестеге сай, әр бейсенбі күні қоқыс шығарып тұрар еді. Келіспеді. Бірақ, өртенбейтін де қоқыс бар ғой, көшеге тастамасын деп әлгі 2 контейнерді әдейі аялдамаларға орнаттық, бейсенбі сайын оларды тазалап отырмыз. Келе жатқан сәрсенбі күні қоқыс шығарушы бригаданы шағынаудандарыңызға қоямын, толық тазалатып берейін. Одан кейін әр тұрғынды келісім шарт түзуге отыратын боламыз.
Тұрғындар: – Қоғамдық көлік жүретін орталық көшені жарықтандыру жағы қалай шешіліп жатыр?
Әміржан Шойынбетов: – Ақтас шағын ауданы мен Ақжар тұрғын алабының орталық көшелерін жарықтандыру бойынша қалалық автомобиль жолдары басқармасына сұраныс жолданған. ЖСҚ дайындалып, 2021 жылдың бюджетіне қаржысы қаралатын болады. Тиісті қаржы бюджетке қойылса, келесі жылы жарықтандыру жұмыстары атқарылатын болады.
Тұрғындар: – Рақмет!
Leave a Reply