Мәртебең қайда, мұғалім?!

Баланың санасына  «сенің құқың» деген «вирус»  енгізіп жібергенбіз

Бүгінде ұстаз бен шәкірт арасындағы көңіл құлазытар оқиғалар көбейіп тұр. Бұл да «қилы заманның» қиюы кеткен сүреңсіз бір қыры болса керек. Асан қайғы бабамыздың «Қилы- қилы заман болар, Қарағай басын шортан шалар»,- деп болашақты болжайтыны бар емес пе? Сол қилы заман сұмдығы ғой бұл.

Мұғалім мәртебесі туралы мәселені бұйрықпен шешпек болған жағдайымыздан-ақ кері кеткен кер заманның түрін аңғарғанбыз. «Педагогика» оқулықтарында «педагог» сөзі о баста баланы жетектеп жол көрсетіп жүретін құлдарға берілген атау деп оқытылатын. Бүгінгі біздің елдегі мұғалімдердің мәртебесі  осы дәрежеге түсіп қалғандай. Мұғалім жол көрсетіп қана жүре алады, ал өздерінде еш құқық жоқ. Оқушыға сөйлеуге, тыйым салуға, талап етуге, жұмсауға болмайды. Бірақ оқушы  қай жерде тәртіпсіздік жасаса да мұғалім жауапты болады, яғни қоғамның құлы.

  Оқушының құқығын қорғаймыз деп оның «шәкірт»  деген қасиетті мәртебесінен айырдық. Ал мұғалімнің   «ұстаз» деген киелі мәртебесіне нұқсан келтірдік. Мұғалім мәртебесі қағазға жазылған құрғақ сөздермен көтерілмейтінін білуге көп ақылдың керегі жоқ. Бұл бар салада батыстық және америкалық ұстанымдардың  өмірімізге әбден  еніп кеткендігін көрсетеді. Бәрін айтпағанда, ата- ана мен бала арасындағы, ұстаз бен шәкірт арасындағы сыртқы күшке бағынбайтын, жүрек қалауымен ғана, жан жылуымен ғана орын алатын әсем байланысты  бұғаттап отырмыз.

Баланың санасына  «сенің құқың» деген «вирус»  енгізіп жібергенбіз. Ал, «міндетің» деген парызды мүлдем жойып жібергенбіз. Балалардың миында тек «маған беру керек, маған міндетті, мен құқылымын» деген бір жақты өзімшіл ойлар сақталған. Сыйлау, құрметтеу, қызмет ету, талапты орындау, әдептен аспау, міндеттілік деген тыйым болатын сананы өшіріп жібергенбіз. Ата- ана баласының ішінде ертеңгі күні  өзіне де айбат шегер айдаһар өсіріп жатқанын білмей, ең тиімді тәрбие деп батыс пен америкалық қоқыспен перзенттерін қоректендіріп жатыр.

ҚҰТҚАРУШЫ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ

Өткенде бір болған оқиғаны оқып, көп уақыт қиналып жүрдім. …Бір әйел кішкентай питон жыланды баласындай мәпелеп өсіріпті. Ол үлкен жыланға айналыпты. Әйел оны бұрынғыша жақсы көріп баға беріпті. Бір күндері жылан тамақ жемей қойыпты. Ауырып қалды деген оймен дәрігерге көрсетіп: — Ауырып жүр, тамақ ішпейді, түнде маған оратылып қана ұйықтайды,- деп жылап жіберіпті. Дәрігер тексеріп болып: — Жыланда еш ауру жоқ, ол сізді жұту үшін ашығып, асқазанын босатып жүр, сізге оратылып ұйықтайтыны, сіздің бойыңызды өлшеп жүргені,- депті.  Жаным түршігіп кетті. Көпке дейін өзіне ажал ғана сыйлар тажалды өсіріп жатқан әйел есімнен кетпей қалды… Біз де өзіміздің жанымызға үйлеспейтін жат тәрбиені балаларымызға тықпалап, өз ұлтымызға ажал дайындап, адасып жүрген жандар сияқтымыз.

Бізді құтқарушы- тек өзіміздің ежелден келе жатқан ұлттық тәрбие. Ата-ана мен бала, мұғалім мен оқушы арасындағы шиеленісіп кеткен қиын мәселені де  сол ежелгі бабалар жолымен ғана шеше аламыз. Ұстазы ұлағатты, шәкірті ұғынықты;  ата- анасы айбатты, баласы әдепті ел едік… Ұлы ұстаздар Ясауидің, Науайының,  Ұлықбектің шәкірт тәрбиелеудегі ғажайып ұстанымдары таңдай қақтырады. Қазақ жерінде бала оқытқан Ахмет Риза, Науан хазірет, Ақ ишан, Бекет ата сияқты атақты ұстаздардың оқыту әдістерін зерттемедік, тіпті «Мамания» мектебіне де мән бермедік. Барлық жақсылық орыста деп келдік,  енді бүгін Еуропа мен америкада деп есіміз ауып отырмыз. Олардың қаңсығына таңсық болумен келеміз. Ұлттық құндылықтарды жұтқызып,   тажалдың семіргенін қызықтап отырмыз. Ұстазын боқтап тұрған шәкірт,  оны  қызықтап, телефонына түсіріп тұрған шәкірт сол азған елдің үлгісімен тәрбиеленген біздің ұрпағымыз. Өзге елдің қоқысына толы бүгінгі педагогикамыздың жемісі…

Жанымгүл Камалқызы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика