Шымкентте кәсіподақ күні аталып өтілді

Қазақстан кәсіподақтары күнін 10 қазанда атап өтеді. Үкіметтің 2019 жылғы 22 мамырдағы № 303 қаулысы нормативтік-құқықтық актілердің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған.

Осыған орай Шымкентте аумақтық бірлестік төрағасы одақ мүшелерін құттықтап, серейін үстем етті. Ерен еңбегі үшін марапаттап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Кәсіби мереке қарсаңында сала ардагерлері мен қызметкерлер құрметке бөленді. Мерейі тасығандардың қатарында Серік Әуесханов та бар. «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тағынды. Айта өтейік, Серік Әуесханов  мемлекеттік қызметте 40 жылдан бері еңбек етіп келеді.  Оның соңғы 5 жылында осы одақта еңбек сіңірген. Бүгін атқарған еңбегі еленіп, әріптестері алдында марапатқа ие болды.

Серік Әуесханов, «Қызмет» салалық кәсіподағы» ҚБ Шымкент қалалық филиалының төрағасы: «Салтанатты іс шарада Еңбегі үшін медалімен марапатталдым. Мен 1987 жылдан бері кәсіподақ мүшесімін. Осы одаққа белсенді қызмет етіп жүргенімді айтар болсам, 2018 жылдан бастап, ол кезде ОҚО еді, сол кезден бірлестікте төраға орынбасары ретінде қызмет атқардым».

Кәсіподақ әрқашан жұмыс істейтін халықтың еңбек және әлеуметтік-экономикалық аспектілерін қорғайтын ұйым. Қызметшілердің мүдделерін қорғау, құқықтарының сақталуын қоғамдық түрде бақылау, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау, жанжалдарды шешу — бұл ұйымның басты міндеттері.

Бауыржан Әлтеев, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы: «Бізде Шымкент қаласында үлкен мереке. Себебі 10 қазан – ҚР кәсіподақтар күні. Бүгін атап өтіп жатырмыз. Шымкент Кәсіподағында 8 салалық, 7 жергілікті кәсіподақ бар. 293 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Шымкент қаласы әлеуметтік әріптестік аясында біздің мекеме еңбек адамының еңбек құқығын қорғаумен айналысады».

Салтанатты шараға қала әкімдігінің өкілдері де қатысты. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы, автомобиль көлігі және жол мекемелері, агроөнеркәсіп кешеніне қарасты кәсіподақ мүшелері қатысты. Ұйымдастырушылар еңбек адамының құқығын қорғап жүрген мамандарға атқарған еңбегі үшін алғыс білдіріп, бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Айта кетейік, Шымкенттік кәсіподақ құрамында 52 мыңнан аса адам бар. Олар 8 салалық, 7 жергілікті кәсіподақ қарамағына тіркелген.  Ал бұл статистика бойынша Шымкенттік одақ елімізде көш бастайды.  Ал бірлестік мүшелері кәсіподақ тарапынан көмек алып, түрлі тегін қызметке жүгіне алады.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика