Шымкентте «Ерекше балалары бар ата-аналар одағының »филиалы ашылды

Шымкентте  «Ерекше балалары бар ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі  қалалық филиалының таныстырылымы өтті. Қоғамдық бірлестік мамыр айында ресми тіркеліп, өз жұмысын бастады. Бүгінде еліміздің 14 өңірінде бөлімшелер ашылып, ерекше балалар мен олардың ата-анасына көмек қолын созу мақсатында тынымсыз еңбек етіп келеміз. Ал, Шымкент қаласындағы филиал шілде айында ресми тіркеліп, тамыз айынан бастап жұмыс істеп отыр.
Енді әрбір ерекше балаға қарап отырған ата-ана «TEN QOGAM» орталығында орналасқан қоғамдық бірлестікке тіркеліп, әлеуметтік, медициналық тұрғыда бағдар ала алады. Сондай-ақ, мамандар мұнда тек ақпараттық қолдау көрсетпей, мәселенің шешу жолдарын да қарастырмақ.
Жиынға Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Е.Айтбаев, «Ерекше балалары бар ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Р. Сағадиева және еліміздің 8 өңірінен келген бірлестіктің филиал директорлары қатысты.
Рауана Сағадиева, бірлестік төрайымы: » Қазақстанда түрлі мақсатта құрылған үкіметтік емес ұйымдар жетерлік. Алайда, ерекше баланың анасы ретінде ондай баланың және оған қарап отырған ата-ананың қоғамда түрлі кедергілерге кезігетіні белгілі. Біздің мақсатымыз — ерекше балаларды жас ерекшелігіне, диагнозына қарай бөлмей тіркеп, олардың оңалту, емдеу шараларына көмек беру. Сонымен қатар, ерекше балалардың басым көпшілігі толық отбасынан емес. Иә, баласының денсаулығына анасын кінәлап, айырылысып кетіп жататындар да жетерлік. Туған-туысының демеуінсіз, жұмыссыз, ерекше балаға қарап отырған анаға да жан-жақты қолдау қажет. Тағдырлас жандарды тәжірибе алмастырып, олардың өздерін ары қарай дамытуына жол ашпақпыз. Біздің орталық осы мәселелерді кешенді шешудің жолдарын қарастырып отыр».
Жиынға Маңғыстау, Орал, Өскемен, Алматы, Астана, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларындағы филиалдардың жетекшілері келіп, басқосу барысында тәжірибелерімен бөлісті.
Гүлмира Үсенбекова, «Ерекше балалары бар ата-аналар одағы» РҚБ Шымкент филиалының жетекшісі : «Шілде айының соңынан бастап белсенді жұмыс істеп келеміз. Шымкент қаласында ресми тіркелген көмекке мұқтаж 7156 бала бар. Бүгінге дейін орталыққа 200 ата-ана мен 320 бала тіркеліп үлгерді. Біздің жұмысымыздың маңызын түсініп, қолдау білдіріп отырған жергілікті билік өкілдеріне алғысымыз шексіз. Екі ай ішінде 13 басқармамен меморандумға отырып, ата-аналарымыз бен балалар алғашқы көмектерін алып үлгеріп жатыр. Мәселен, 3 жылдан астам баласының дерті бойынша мүгедектігін растайтын құжатын реттей алмай жүрген келіншектің құжатын рәсімдеуге көмектесіп, бұйыртса балаға мемлекет қаржысына 8 ота жасау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта да ата-аналардан көмегімізді аяп қалмаймыз».

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика