Шымкент қаласына ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жұмыс сапарымен келді. Алдымен «Әл-Фараби» кітапханасында «Қариялық – даналық пен өмір тәжірибесінің қайнар көзі» тақырыбында қалалық ақсақалдар кеңесімен рухани кездесу өткізді.
Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері – Орынбай Рахманбердиев, Бекет Тұрғараев, Шалатай Мырзахметов, Әбілқасым Досболов, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.
Бас мүфти ақсақалдар кеңесі мүшелерімен бірге қазақ халқының ертеден келе жатқан Ақсақалдар институтын ілгерілету, зиярат жасаудың әдебі, той өткізу салтына қатысты мәселелерді талқылады.
Наурызбай қажы Тағанұлы , ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бір-бірімен біте қайнасқан қос ұғым – дін мен дәстүрдің сабақтастығын насихаттау жолында ілкімді істер атқарып келеді. Бүгінгі таңда имамдар ата-баба дәстүрімен ұштасқан дінімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауда. Жастарымыздың ата-баба жолынан таймай, үлкендердің үкілеген үмітін ақтауы маңызды. Бұл ретте оларға ақыл-кеңестерін айтатын, өмір атты мектептің сатысынан өткен, көпті көрген, көргенін көкейге түйген ақсақалдардың кеңесі ауадай қажет. Біз көбіне қоғамда, тұрмыста, отбасында болып жатқан келеңсіз жайттардың салдарымен күресіп келеміз. Енді салдарымен емес, себебімен күресетін уақыт әлдеқашан жетті».
Қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов жат ағымдармен күрес жұмыстарын жандандыру бойынша ұсыныстарын айтты. О.Рахманбердиев имамдардың білімін жетілдіру, жастар тәрбиесі бойынша ойларын ортаға салды.
Сонымен қатар, Бас мүфти «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінде түрлі саладағы озық ойлы жастармен кездесіп, мектептің бүгін тыныс-тіршілігімен танысты. Наурызбай қажы Тағанұлы жастармен «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбында әңгіме өрбітіп, мұндай дәстүрлі өнер мектептері ауадай қажет екенін, қазақтың тойлары дәстүр мен ұлттық құндылықтар арқылы насихатталуы керектігін айтты.
Leave a Reply