«ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҚТАРЫ» ГРАНТЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Шымкент қаласының тың жоба ұсынған жастарына 1 миллион теңге қаржы табысталды. «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздарын қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов жеңісімен құттықтап, салтанатты түрде марапаттады.
– «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты биыл Шымкент қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. 2023 жылы грант бағыттарын кеңейтіп, бұдан да көп жастарды ынталандыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі жеңімпаз жобалар қаламыздың мәдени-экономикалық дамуына үлес қосады деп сенеміз. Алдағы уақытта жастарымыздан бұдан да ауқымда жобалар күтеміз, – деді Мұратжан Шүкірханұлы.
Жастарға арналған грантқа өтінім қабылдау қыркүйек айынан бастау алған. Байқауда бақ сынау үшін 15 үміткер өзінің жобасын ұсыныпты. Бүгін 3 бағыт бойынша 4 қатысушы жеңімпаз атанып, ойға алған жобасын жүзеге асыратын қаржыға ие болды.
Байқау қорытындысы бойынша «Медиа» жобасын ұсынған Ернұр Нұрланұлы, «Мәдениет» бағытымен Салих Халиев, «Ерікті» бағытында тың жобаны алға тартқан екі үміткер Диана Жолдасбаева мен Тимур Ауданбаев марапатталды.
Жеңімпаздар арасында ең жасы кіші Диана Жолдасбаева ДЦП ауруына шалдыққан балаларға арналған ойын алаңшасын орнатуды көздеп отыр. Он бес жастағы Диана қаладағы №23 мектептің 10 сынып оқушысы.
– Екі жылдан бері мектебіміздегі еріктілер клубының мүшесімін. Біз балаларды оңалту орталығына жиі барамыз. Сонда науқас балаларға арналған ойын алаңшасы жоқ екенін байқадым. Осы қаржыға алдымен оңалту орталығына ойын құрылғысын қойып, науқас балалардың өзге балалар секілді ойнап, көңіл көтеруіне жағдай жасамақпын, – дейді жас ерікті.
Тың жобалар алдағы уақытта жүзеге асырылатын болады. Грант әр жобаның дамуына даңғыл жол ашатын бастамаға қолдау. Сондықтан болар, басқарма басшысы жобаларды таңдау да қиынға соққанын жасырмайды. Талантты жасы тұғырлы тәуелсіздіктің туын түсірмейтініне тағы көз жеткізе тарқасты.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика