ӘМБЕБАП МАМАН БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ, ҮШ ТІЛ КЕРЕК

tories/01ushtil.jpg» border=»0″ />

Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек… Бұл сөздерді президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында айтады. Мұнан әрі: Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады» — дейді. Расында, ағылшын тілін білген адам шексіз мүмкіншіліктерге ие болады.

Ағылшын тілі әлемдегі ең кең тараған тіл. Шамамен бұл тілде жер бетінде бір миллиардтан астам адам сөйлей алады. Әлемдегі экономикасы дамыған мемлекеттер — Ұлыбритания мен АҚШ-тың мемлекеттік тілі. Сонымен қатар, ондаған мемлекеттердің ресми тілі. Дүниедегі барлық аударма шығармалардың, ақпараттардың 33%-ы ағылшын тілінен аударылса, 15 % – француз тілінен, ал 1%-ы ғана неміс тілінен аударылады. Бұл статистикалардан-ақ, ағылшын тілін меңгерудің қаншалықты маңызды екенін, ақпарат пен білімнің барлығы да сол тілде екенін түсінуге болады. Ағылшын тілін білетін адам, жер жүзінде бір миллиард адаммен еркін коммуникацияға түсе алады деген сөз.

Шет тілдердің арасында ағылшын тілі ешкімге шаң жұқтырмай, алғашқы орынды бермей келеді. Бизнес, туризм, ғылым, білім беру жүйесі, интернет, кинемотограф т.б. әлемнің түрлі саласында дәл осы ағылшын тілі қолданылып, көптеген әлемдік жобалар, саяси кездесулер мен жиындар, спорттық жарыстар мен олимпиадалар ағылшын тілінсіз өткен емес. Біздің президентіміз Н.Назарбаев бостан босқа бұл тілге көңіл бөліп жатқан жоқ, әлемдік деңгейде мойындалған елбасымыз ағылшын тілінің қаншалықты маңыздылығын бізден әлдеқайда жақсы біледі. Сондықтан, еліміздегі білім мен ғылымды т.б. саланы дамытамын деген әрбір жас, әрбір патриот ағылшын тілін білуі міндетті. Оның пайдасы да шаш етектен.

Ағылшын тілін білген кадрдың еңбек нарығындағы бағасы өседі. Бүгінде елімізде жұмысқа қабылдағанда ағылшын тілін білетін жастарға ерекше құрметпен қарайды. Ал, кейбір шетелдік компанияларда бұл тіпті талап ретінде қарастырылып жатқаны өтірік емес. Бесаспап, яғни әмбебап маман болам десеңіз, өз ісіңіздің іскері болам десеңіз оған ағылшын тілінсіз айналып бару мүмкін емес.

Лингвистика ғылымында, көп тіл білетін адамның ойлау аумағы (кругозор), ой өрісі кең болатыны дәлелденген. Елімізде «Үштілділіктен» бөлек, бірнеше тілді меңгерген жастарымыз қазірдің өзінде бар. Мемлекеттік тілден басқа тоғыз тіл (хинди, араб, парсы, пушту, ағылшын, түрік, урду, тәжік, орыс) білетін Нығмет Нажмуддин ол тілдердің бәрін өз бетімен үйренгенін айтты. Төрт жыл бұрын Түркиядан Қазақстанға қоныс аударған қазақ студент Нығмет осындағы университеттердің біріне ақылы оқуға түсіп, кейін көп тіл білгеннің арқасында грантқа ауысқан. Ал, 19 жастағы Әділбек Қоңырбай алты тілде ойын еш қиналмай жеткізеді. Мектепте француз тілін оқып, кейін курстар арқылы ағылшынша үйренген қазақ жігіті шығыстану факультетіне оқуға түсіпті. Университетте жүріп араб, парсы, урду, пушту тілдерін үйреніп алады. Бұл тілдерді үйренуге ол әрі кетсе төрт-ақ жыл жұмсапты. Әділбектің бұл айтуларына қарағанда, тіл үйренем деген адам оған көп уақыты кетпейді екен. Осы тілдерде интернеттен материалдар оқып, кейін Иран елінің Тегеран қаласында оқып келуге мүмкіндік алады. Көбіне парсы, француз, пушту тілдерінде кітап оқып, аудармамен айналысып жүр.

Студент Ақмаржан Кенжеболат болса, қазақ, орыс тілдеріне қоса ағылшын, қытай, корей, өзбек тілдерін еркін меңгерген. Он сегіз жастағы қыз бұл тілдердің бәрін өз бетімен үйренгенін айтады. Корей тіліне қатты қызығып, мультфильмдерін, кейін фильмдерін көру арқылы осы тілді ақырындап үйрене бастайды. Әуендерін де жиі тыңдайды. Тіпті, осы тілді үйрену үшін қандай да бір курстарға да қатысып үлгермепті. Барлығын жеке кітап-дисктермен меңгерген. Ақмаржан енді жапон және түрік тілдерін өз бетінше оқып жатқанын айтты. Әрине, жоғарыда келтірілген бұл мысалдарға қарап-ақ, шет тілдерін тілдерді оп-оңай үйреніп алуға болатынына көз жеткіздік. Бұл жастар 6-9 тілді аз жылдың арасында меңгеріп тастаған. Ал, оның қасында «Үш тұғырлы тілді» (қазақ, орыс, ағылшын) меңгеру жастар үшін түк те қиындық келтірмейтінін білуге тиіспіз.

Көп тілді меңгерген жастар көп тіл білу адамның мінезіне де, карьерасына да, өміріне де оң әсер ететінін айтып жатады. Өзге тілді білу жаңаша ойлауға және бұрынғы қалыптасқан пікірлеріңді одан әрі дамытуға үлкен септігін тигізеді. Жаңашылдыққа, объективті ойлауға жетелейді. Мінез тұрғысынан, адамдармен ашық араласып, бұрын болмаған позитивті ойлар қалыптасады. Яғни, ағылшын т.б. тілдерді білсең өзіңді еркін сезініп, әлем бойынша кез келген адаммен қарым-қатынасқа түсе алатыныңды байқайсың.

Сол лингвистика ғылымының тілімен сөйлейтін болсақ, екі тілді білетін адамды «қостілді», ал 3 немесе одан да көп тілді білетін адамды «полиглот» дейді. Дүние жүзі тарихына көз жіберсең, жаһанға атағы жайылған дара тұлғалардың, ғалымдар мен ақындардың барлығы дерлік кемінде 2 немесе 3 тілді меңгергенін байқауға болады. Мәселен, шығыс ғұламасы, Аристотельден кейін екінші ұстаз атанған, қазақ топырағынан шыққан Әбу Насыр Әл-Фараби 70-ке жуық тілді меңгерген. Бүгінде бұл ғалым тарих парақтарынан өшпестей орын алған. Ал, орыстың классигі, ақыны А.С.Пушкин француз, ағылшын, неміс, итальян, испан, латын, грек, славян тілдерін білген. Тіпті, көне еврей тілін зерттеп үлгеріпті. Бүгінде орыс десең – Пушкин, Пушкин десең – орыс есіңе түседі. Яғни, Пушкин Ресейді жер жаһанға танытуда ақындығымен қатар, бірнеше тілді меңгергенінің көмегі де болған.

Қазақ поэзиясының атасы — Ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгеріп, сол тілдерде бірнеше кітаптарды оқыған. Орыс тілін орта жастан асып барып, кеш меңгерген. Дегенмен, ештен кеш жақсы ұстанымын ұстанған ұлы данамыз, ғылым игеруде тіл білудің маңыздылығын өте жақсы ұққан. Сонымен қатар, қазақ халқының ұлы перзенті, Абылай ханның немересі Шоқан Уәлиханов араб, шағатай және түркі тілдерінің біразын білген екен. Кадет корпусында оқып жүргенде орыс тілін жетік біліп үлгерген. Сол тұстарда қазақтан шыққан жалғыз зерттеуші ғалым Шоқан болғанына ешкім күмән келтіре алмас. Оның ғылымға, зерттеушілікке деген қызығушылығы көптілді меңгергенінен кейін пайда болғаны да жасырын емес. Көптілді адам білім мен ғылымға құштар болатыны бүгінгі күнде де талай дәлелденіп отыр.

Орыстың дипломаты, драматургы, ақыны А.С.Грибоедов бейтаныс біреуге жазған хатында: «Менің өте білімділігім славян және орыс тілін, латын, француз, ағылшын, неміс тілдерін игергенімде болса керек. Персияда болған кезімде парсы және араб тілдерімен шұғылдандым», – дейді. Дипломат сонау ХVІІІ ғасырдың өзінде бірнеше тілді білгеннің пайдасын айқын сезінген. Ал, сол орыстың тағы бір ақыны, жазушысы, публицисті, билік өкілі Анатолий Васильевич Луначарский испан тілін 57 жасында үйреніп шыққан екен. Сонымен қатар, И.Крылов Еуропаның негізгі тілдерін түгел игерген. Елу жасында ол көне грек тілінде еркін сөйлейтін болған.

Қазақ үшін керемет еңбектер жазып, ұлттық ғылымның тасын өрге домалатқан Профессор Құдайберген Жұбанов көп тіл білген кісі. Тіпті ана тілімізді салыстырмалы жүйемен үйренуге де, зерттеуге де себі бар деп жапон тілін де игере берген екен. Соның арқасында бүгінде филология ғылымы айтарлықтай дамып отыр. Ал, Белгілі қазақстандық және ресейлік тарихшы, прозашы, ақын, әлемге Шоқан Уәлихановтың есімін танытқан Сергей Николаевич Марков түркі тілдерінің көбін білген, тіпті санскритті де меңгерген.

Шотландиялық Дерик Хернинг те 22 тілде еркін сөйлепті. Ол 1990 жылы Брюссельде өткен «Еуропа полиглоты» байқауында жеңімпаз болған. Физика ғылымындағы Кибернетиканың «атасы» деп есептелетін Норберт Винер 13 тілді зерттеп, меңгерген. Люксембург халқының түгелге жуығы төрт тілде еркін сөйлей алады, әсіресе, жастары. Ең бастысы, Люксембург балалары мектепке дейін төрт жастан бастап тегін ана тілінде, екінші сыныптан бастап француз тілінде оқиды. Ағылшын тілі алтыншы сыныптан басталады.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Мұзафар Әлімбаев татар, қырғыз, қарақалпақ тілдерін сөздіксіз аударады. Өзбек, түрікмен, башқұрт, балқар, ноғай, қарашай тілдеріндегі шығармаларды оқи алады, сөздік арқылы тәржімалайды. Ал, Қазақстанның азаматы, қазақ тілінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүргені неміс ұлтының өкілі Г.Бельгер: «Неміс тілі, қазақ тілі, орыс тілі – шабытымның үш қайнар бұлағы» — деген екен. Қазақ халқының «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген мақалы «Үш тұғырлы тіл» саясатын жүргізудің негізі бола алады. Ал, А.П.Чеховтың «Шет тілін білмеген адам өзін паспортсыз жандай сезінеді» деген қанатты сөзі, бір тілмен шектелген адам өзін еркін, бостандықта жүргенін сезіне алмайтынын нұсқап отыр. Ендеше, «Үштұғырлы тілді» меңгеру – еркіндіктің, бостандықтың, бүкіл әлем бойынша жүріп-тұрудың кепілі.

Дінмұхамед АЯЗБЕКОВ.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика