tories/01memkyzm.jpg» border=»0″ />
Мемлекеттік қызметшілер күні биыл елімізде төртінші жыл кең ауқымда аталып өтті. Дәстүрге еніп келе жатқан атаулы күнді Шымкент қаласының мемлекеттік қызметшілері де есте қаларлықтай іс-шаралармен сабақтады. Бұл күн әсіресе аталған қызметтің табалдырығын аттаған 10 мемқызметшінің есінде ерекше қалатын болады. Өйткені, олар мерекеге байланысты өткен іс шарада көпшілік қауымның алдында мемлекеттік қызметші антын қабылдады. Бұл үлкен жауапкершілік, — дейді ант қабылдаған жас қызметшілер.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы 152 Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант қабылдайды. Осы заң аясында жас мамандар ант қабылдай отырып, үлкен жауапкершілікке толы еңбек жолын бастағандарын сезінді.
Жиын барысында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтап, мемлекеттік қызметші әрдайым халыққа қызмет көрсетуге тиіс деген қағиданы тағы бір рет еске салды:
– Құрметті әріптестер, сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекеттік қызмет әр адамнан жауапкершілікті, туған жерге деген мүлтіксіз қызметті талап етеді. Біздің міндетіміз – күн сайын халықтың мемлекетке деген сенімін арттыра түсу. Біз мемлекеттік қызметке қабылданған күні қабылдаған антымызды ұмытпауымыз керек. Халықтың мемлекетке деген сенімі қарапайым мемлекеттік қызметшіден басталады. Қазіргі таңда Шымкентте 500-ге жуық мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Олар өздеріне жүктелген үлкен жауапкершілік жан-жүректерімен сезініп, мемлекет пен халықты байланыстырушы сенімді өкіл екенін ұмытпауы керек. Бүгінде мемлекеттік қызметшілерге артылатын жауапкершілік пен сенім де зор. Биыл «Б» корпусындағы 369 мемлекеттік қызметшінің барлығы аттестациядан өтіп, өздерінің біліктілігін дәлелдеді. 15 маманның лауазымын жоғарылату жөнінде ұсыныс жасалды, – деді өз сөзінде.
Сондай-ақ қала басшысы алдағы екі-үш жыл көлемінде мемлекеттік қызметшілердің тұрғын үй мәселесін де шешу амалдары қарастырылып жатқанын да тілге тиек ете кетті.
Жиналыс барысында түрлі дәрежеде еңбек өтілі бар 10 мемлекеттік қызметкерге қала әкімінің «Алғыс хаты» табысталды. Олар: Н.Ахметов Қаратау ауданы әкімі аппараты халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы, Н.Досыбаев Білім бөлімінің басшысының орынбасары, Р.Құрбанбаева Еңбекші ауданы әкімі аппараты кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің бас маманы, Е.Жолдасбекұлы Шымкент қаласы әкімі аппараты жалпы бөлімінің бас маманы, Қ.Сапарбекова Абай ауданы әкімі аппараты «Жаңаталап» аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы, М.Құтжанов Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы, А.Сарсеева Ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары. Сонымен қатар тағы үш мемлекеттік қызметкерге «Жас мемлекеттік қызметшілердің аймақтық слеті» аясында өткізілген волейболдан, футболдан І-орынды Оңтүстік Қазақстан облысы командасының иеленуіне үлес қосқандары үшін қала әкімінің «Алғыс хатына» ие болды. Бұл үш мемлекеттік қызметшілер: Е.Қаратунов Тұрғын үй қатынастар бөлімінің сектор меңгерушісі, Р.Сарсеев Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы, Д.Шынтасов Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының бас маман-заңгері. Қала әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған барлық мемлекеттік қызметшілерді құттықтаймыз. Еңбектеріне табыс тілейміз.
Салтанатты іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Мерекелік бағдарламаның жөн-жобасы да өзгеше болды. Сырттан өнер майталмандары шақырылған жоқ, мемқызметшілердің өздері сахна төріне шығып әннен шашу шашып, мың бұрала би биледі. Күмбірлете күй ойналып, көңіл тебірентер жырдан маржан төгілді. Шымкент қаласы білім бөлімінен П.Әшірбекова мен М.Оразбаевалар халық әндерін орындады, Шымкент қаласы кәсіпкерлік бөлімінің «Қыздар» тобы «Испан» биін нақышына келтіре билегенде, көрермен қауым көпке дейін қол шапалақтап, қошемет көрсетті. Еңбекші және Абай ауданы әкім аппараттарының екі қызметкері бірлесе авторлық өлең оқып, жиналғандарды бір тебірентіп тастады. Мерекелік концерт соңы Б.Тұрғынбектың «Мемлекеттік қызметшілер» әнімен түйінделді. Осылай, мемқызметшілер өнерден құр алақан емес екендерін дәлелдеді.
«Қызмет» ақпарат
Leave a Reply