Мұратжан АКИШЕВ: «ӘДЕП КОДЕКСІН» БАРЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР БІЛУГЕ ТИІС

tories/001adepk.jpg» border=»0″ />

«ҚЫЗМЕТТІҢ» АНЫҚТАМАСЫ:

Мұратжан Акишев – Шымкент қаласы әкімі аппараты персоналды басқару бөлімінің басшысы. Ташкент облысында дүниеге келген. Түркістан қаласында білім алып, мектеп бітірген. 1992 жылы М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтын тәмәмдаған. Тарих, қоғамтану пәндерінің оқытушысы, тәрбие ісі жөніндегі әдіскер мамандығының иесі.

– Мемлекеттік қызметке келуіңізге не себеп болды? Тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік қызметшілерді, жалпы басқарушыларды дайындайтын оқу орны да болған жоқ бізде. Сіз қызмет мансабын қалай бастадыңыз?

– Есіңізде болса, Кеңес дәуірінде «тарих» факультетін бітірген жастар көбінесе ауылды жерлерде комсомол комитетінің хатшысы, партия ұйымының (парторг) хатшысы қызметтеріне тағайындалатын. Біз осыны көріп өстік. Менің таңдау жасауыма осы көргендерім әсер етті деп ойлаймын. Сол мақсатпен жоғары білім алдым. Ойлағанымдай қызметке тұрдым. Міне, биыл мемлекеттік қызметте жүргеніме 20 жыл болды. Шынымды айтсам өзіме халыққа қызмет көрсету, көмек көрсету, олардың мәселелерін шешуге әрдайым көмек қолын созу ұнайды, жаныма жақын. Мен бұл қызметтерді көрсетуге әрдайым дайынмын.

– Бүгінгінің мемлекеттік қызметшісін қалай тануға болады?

– Бүгінгі күннің мемлекеттік қызметшісін оның жүріп-тұруынан, білімінің жетіктігінен, халықпен өзара сұхбаттасуынан, сөйлеу мәнерінен тануға болады.

– Қызмет ауыстырмадыңыз. Мансап баспалдағымен көтерілдіңіз, бұл аз шаруа емес. Мемлекеттік қызметтің де өзіндік қиыншылықтары бар, ізденіс керек, біліктілікті көтеру де маңызды. Мұның бәрі мектеп. Осы мектеп сізге не үйретті, еңбек барысында қандай жақсы қасиеттерге дағдыландыңыз?

– Күнделікті менің атқаратын міндетім Қазақстан Республикасы Президенті, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі тараптарынан қабылданған нормативтік-құқықтық актілерді қызмет барысында пайдалана отырып жұмыс істеу, облыс, қала әкімдері тарапынан берілген тапсырмалардың заң талаптарына сай сапалы орындалуына атсалысу. Меніңше жақсы қасиеттерге дағдылану бала кезден, үй іші, отбасында басталады. Ал жұмыс барысында сол қасиеттер шыңдалып, оған жауапкершілік қосылып, дағдыға айналады. Еңбек тәртібін бұзбау, жұмысқа ерте келу, кеш кету, берілген тапсырмаларды сапалы әрі өз мерзімінде орындау. Мен өзіме осындай талаптар қоямын және оны орындаймын. Басқалардан да соны талап етемін.

– Талап туралы айтып кеттіңіз, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап жоғары. Сол талапқа сәйкестілікті таразылайтын аттестация екендігі де белгілі. Жалпы, мемқызметшілер қатысатын аттестация қанша жылда өткізіліп тұрады?

– «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Заңының 63 бабы 1-тармағына сәйкес, Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді аттестаттау тәртібіне сай, оның мерзімдерін және аттестатталатын мемлекеттік қызметшілердің санаттарын айқындайтын Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі. Осы шешім негізінде өтеді.

Яғни, күшін жойған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңында мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің қызметін үш жыл бойы бағалау нәтижелері оларды аттестаттаудан өткізу жөнінде шешімдер қабылдауға негіз болып табылатын болса, Жаңа Заңға сәйкес мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді аттестаттаудан өткізу мерзімдері Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен анықталады.

– Мемлекеттік қызметшілерді аттестациялаудан өткізудің биыл қандай өзгешіліктері бар? Аттестациядан өту барысында нені ескеру керек, жалпы қандай дайындық керек?

– Биылғы аттестаттаудың негізгі өзгешеліктері іс басындағы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін кешенді аттестатаудан өткізу. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 30 желтоқсандағы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін аттестаттауды өткізу туралы» №404 Жарлығына сәйкес үш кезеңді қамтуы.

Олар:

— бағалау парағын дайындау;

— жеке құзыреттерді бағалайтын тест өткізу;

— ЖАК немесе тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссияларында әңгімелесуден өту.

— Аттестациядан кімдер босатылады? Аттестаттаудан өте алмай қалғандарға тағы бір мүмкіндік беріледі ме?

– Жоғарыдағы аталған Жарлықтың 3-тармағына сәйкес келесі санаттағы қызметкерлер аттестаттаудан босатылады:

1) аттестаттаудан өткізу кезінде «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толуына екі жыл және одан аз уақыт қалған «Б» корпусының қызметшілері.

Осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім 2017 жылдың 5 қаңтарынан 30 маусымын қоса алғандағы аралықта басталса, бұл «Б» корпусының қызметшілерін аттестаттаудан өтуден босатуға негіз болып табылады;

2) жүктілік пен босануға, сондай-ақ бала күтіміне байланысты демалыстағы «Б» корпусының қызметшілері;

3) жүктілігі туралы медициналық қорытынды ұсынған жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдер, он төрт жасқа дейінгі баланы (он сегіз жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәрбиелеп отыр-ған жалғызбасты аналар, көрсетілген санаттағы балаларды анасыз тәрбиелеп отырған басқа да адамдар;

4) тиісті аттестаттау комиссиясында әңгімелесуден өту сәтінде мемлекеттік қызмет өтілі алты айдан аз, мемлекеттік әкімшілік лауазымға алғаш рет тағайындалған адамдар;

4-1) лауазымдары «А» корпусының лауазымдарынан өзгеріске ұшыраған «Б» корпусының қызметшілері;

5) «А» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервінде тұрған «Б» корпусының қызметшілері.

Жарлыққа сәйкес, аттестаттаудан өте алмай қалған мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге аттестаттаудан қайталап өту мүмкіндігі қарастырылмаған.

– Комиссия әділ шешім шығаруда қаншалықты тәуелсіз? Егер мемлекеттік қызметші комиссия шешімімен келіспеген жағдайда шағымдана ала ма?

– Жарлықтың 21-тармағына сәйкес, аттестаттау комиссиясының шешімі отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен, аттестатталатын «Б» корпусы қызметшісінің қатысуынсыз қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, аттестаттау комиссиясы төрағасының дауысы шешушi болып табылады. Яғни, әрбір комиссия мүшесі дербес шешім қабылдау арқылы комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен шешім қабылданады.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Заңының 63 бабы 8-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметші мемлекеттік органның басшысына, уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне не сотқа аттестаттау комиссиясының шешіміне қатысты шағым жасай алады.

– Мемлекеттік қызметті персоналды басқару бөлімінің бастығысыз. Жұмысқа алғаш рет келгенде қызметшілер сіздің алдыңыздан өтеді. Болашақ мемлекеттік қызметшіге ең қажетті қандай қасиеттер деп ойлайсыз?

– Ең алдымен қызметке орналасатын үміткерлердің жұмысқа деген сенімі, ынтасы, қызығушылығы ескеріледі. Білімі мен біліктілігін зерделеп, сұхбат жүргізіледі. Ал, мемлекеттік қызметке тағайындау заң талаптарына сәйкес конкурс арқылы жүзеге асырылады.

– Мемлекеттік қызметшінің бойынан этикаға сай емес қылық көріп қалдыңыз? Не істейсіз? Оның қателескенін түсіндіресіз бе?

– Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін» барлық мемлекеттік қызметшілер білуге тиіс. Осы аталған әдеп кодексі нормаларын мемлекеттік қызметшілер бұлжытпай сақтай отырып, орындауға міндетті. Ал, егер мемлекеттік қызметшілердің бойынан этикаға сай емес қылық көргенде немесе байқалған жағдайда осы аталған кодекс талаптарын тағы да ескерте отырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге болады.

– Жалпы мемлекеттік қызметшінің құқықтары мен міндеттері жайлы айтып өтсеңіз.

– Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында кепiлдiк берiлетiн құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;

— өзіне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың анық жағдайлары туралы өзі жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының және (немесе) құқық қорғау органдарының назарына жеткізген жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық және өзге де қорғалуға;

— еңбегiнiң қорғалуына, денсаулығының сақталуына, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеу үшін қажеттi еңбек жағдайларына;

— әлеуметтік және құқықтық қорғалуға;

— өзінің лауазымдық өкiлеттiктерi шегiнде мәселелердi қарауға және олар бойынша шешiмдер қабылдауға қатысуға, тиiстi органдар мен лауазымды адамдардың оларды орындауын талап етуге және тағы басқалар.

– Тағы да аттестацияға ойыссақ. Аттестация мемлекеттік қызметшілердің білім деңгейін жоғарылатуға септігін тигізеді ме?

– Әрине. Аттестаттаудың мақсаты «Б» корпусы қызметшілерінің кәсіби дайындық деңгейінің атқаратын лауазымдарына сәйкестігін айқындау болып табылады. Яғни, алдағы уақытта аттестаттаудың қорытындыларын ескере отырып, мемлекеттік қызметшілер қайта даярлау және біліктілігін арттыру семинарларына қатыстырылатын болады. Бұл іс-шаралардың барлығының мемлекеттік қызметшілердің білім деңгейінің жоғарылауына септігі бар деп айта аламын.

– Осы сауалмен сұхбатымызды қорытындылағалы отырмын. Бүгінгі Шымкент қаласының мәдени дамуына қаншалықты көңіліңіз толады? Осы қаланың тұрғыны ретіндегі өз пікіріңіз…

– Өздеріңіз байқап көріп жүргендей қала бұрынғы жылдарға қарағанда айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған. Атап айтсақ, қаланың тазалығы, көріктендіру, көркейту салалары жақсы дамып отыр. Тағы бір маңызды мәселе, қала тұрғындарының өзінің туған қаласына деген жанашырлығы, сүйіспеншілігі байқалып қана емес, көріне бастады. Біздің қаламыз қай жағынан алсақ та өмір сүруге өте қолайлы қала болуы керек. Шымкент өз атына лайық қалаға айналуы тиіс деп ойлаймын. Егер біздің шаһарымыз еліміздегі үшінші мегаполиске айналса, халықтың жағдайы бүгінгі күнмен салыстырғанда жақсарып, өзіндік мәдениеті қалыптасып, көркейе түсетіні белгілі. Осы орайда «Өз қалам үшін, өз туған жерім үшін» деген ұранмен қаланың әрбір тұрғыны оның көркеюіне, дамуына үлес қосса деген өтінішім бар.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Н. ӨТЕМІСОВА.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика