БІТІМГЕР ІЗДЕСЕҢІЗ ҚАЗЫҒҰРТҚА БАРЫҢЫЗ

Бітімгер іздесеңіз Қазығұртқа барыңыз

2016 жылдың сәуір айының 18-ші күні Қазығұрт аудандық сотында «БАҚ және сот» тақырыбында дөнгелек үстел болып өтті. Дөңгелек үстел өткізген Қазығұрт аудандық сотының төрағасы Қоңырбаев Қанатбек Досайұлы айтулы бас қосуға Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының «Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің» басшысы Қабыл Дүйсенби, сот мамандары, Қазығұрт аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Омаров, Ұлы Отан соғысының ардагері И.Телікбаев, кәсіби емес медиатор С.Райымбеков қатысты.

Арнайы ұйымдастырылған дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты БАҚ пен Сот арасындағы байланысты нығайту болды. Алғашқы болып сөз бастаған Қазығұрт аудандық сотының төрағасы Қанатбек Досайұлы соттың ашықтығы мен әділдігі туралы сөз тарқатты. Қазіргі өтіп жатқан сот отырыстары видео, аудио жазбаларға басылып тұратындығын, сол арқылы соттың ашықтығы қамтамасыз етіліп отырғандығын тағы бір мәрте сөзге тиек еткен төраға аудандағы медиаторлардың тиімді қызмет атқарып отырғанын атап өтті.

-Сот төрелігінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету – Елбасы белгілеген басты міндеттердің бірі болғандықтан, оны жүзеге асыру үшін соттардың бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп жұмыс істеу маңызды. Қазақстанда 2011 жылдан бастап «Медияция туралы» заң күшіне енсе, Қазығұрт ауданында медиаторлардың қызметі 76 жылдан бері қолданыста деп айтуға болады. Сол себепті де аудандағы медиаторлардың қызметін ерекше атап өткім келеді. Мәселен медиатор С.Райымбеков, Қазығұрт аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Омаров, Ұлы Отан соғысының ардагері И.Телікбаевтар заң күшіне енбей тұрып талай арызды сотқа жеткізбей бетін жауып, дауласушы тараптарды татуластырыпты. Заң күшіне енген соң жұмыстары жандана түсті. Медиторлар үшін қазір арнайы кабинеттер жабдықталған,дейді төраға.

 Мұнан кейін сөз алған А.Омаров, С.Райымбеков, «ЗАҢ газетінің» облыстағы тілшісі Ш.Мекенбайұлы, «Заңнама» газетінің бас редакторы А.Мамыт соттардың атқарып жатқан жұмысының халыққа жеткізілуі, сот істерін қараудың жариялылығы мен облыс соттарының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы туралы сөз тарқатты. Ал, ОҚО сотының ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қ.Дүйсенби:

-Сот жүйесіндегі жаңалықтардың барлығы журналистердің арқасында халыққа жеткізіліп түсіндіріледі. Соттар ұйымдастырған іс-шаралардың барлығына БАҚ өкілдері қатысады. Жергілікті соттардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселесінде БАҚ-тың сот пен халық арасында дәнекер екендігі баршаға белгілі. Қазіргі кезде сот пен БАҚ өкілдерінің дөңгелек үстел басында жиналып, өзара байланыс мәселелері бойынша басқосу өткізуі құптарлық жағдай. Біз, БАҚ арқылы қоғам мен сот жүйесі арасындағы байланысты жақсартуымыз керек. Осы мақсатта «Облыс соттарының қызметін үздік көрсеткен журналистік жұмыстарға» конкурс өткізу жоспарланған, — деді.

Іс-шара соңында соттың БАҚ-пен одан әрі өзара іс-қимылын ұйымдастыру мәселелері бойынша ұсынымдар қабылданды.

«ҚЫЗМЕТ-АҚПАРАТ»

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика