Шымкент қаласындағы «Достық» үйінің «Бірлік» алаңында ашылған мемлекеттік тілді оқыту курсына қатысушылар саны күн өткен сайын артып келеді. Бүгінде аталған алаңда 30-ға жуық этнос өкілдері аптасына екі рет бас қосып, қазақ тілін оқып-үйреніп жатыр.
Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» бірлесе қолға алған бұл жоба аясында жастарға сабақтан, жұмыстан тыс уақытта тіл үйрену курсына келіп мемлекеттік тілді үйренуге барлық жағдайлар жасалған.
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі таратқан ақпаратқа қарағанда, былтыр «Достық» үйінде ашылған «Бірлік» алаңына жүктелген маңызды төрт міндеттің бірі – этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету болатын.
Айта кетейік, осы бағытта қалалық ассамблея 8 жоғары, 22 орта арнаулы оқу орындарымен екіжақты меморандум түзіп, соның аясында мегаполистегі этнос жастарына мемлекеттік тілді оқыту жобасын іске асырып келеді.
Тіл үйретудің тиімді практикалық әдістерін қолданып, жастарды оқытып-үйретіп жүрген қалалық «Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының» оқытушысы А.Оспанова шымкенттік этнос жастарының басым бөлігі қазақ тілін түсінеді. Бірақ ойын айтудан және еркін сөйлеуден қысылатынын айтады.
– Курсқа қатысушылардың көбі күнделікті қолданатын мемлекеттік тілдегі қарапайым сөздерді түсінеді. Мәселе – тыңдаушылардың өз ойын қазақша жеткізуінде болып тұр. Қазіргі таңда грамматикадан бұрын өз ойларын мемлекеттік тілде айту кезінде пайда болатын жағымсыз стереотиптер мен уақытша кедергілерді азайту бағытында жұмыс істеп жатырмыз, дейді тіл оқыту курсының оқытушысы А.Оспанова.
Бүгін «Бірлік» алаңында арнайы тіл оқу курсының төрт айлық курсын тәмамдап, сынақтан өткен этнос жастарына оқу орталығының арнайы анықтамасы табысталды.
Қызмет ақпарат
(1604)
Leave a Reply