2200 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ҚАЛАНЫҢ АТАУЛАРЫ ДА ТАРИХИ БОЛСА

Наурыз. Ескілікті, дәстүрді, тарихты, сонымен қатар жаңашылдық пен жаңғыруда да еске алғызып, жақсылықтармен қауыштыратын,алға жоспар түзіп, үмітті үкілеп, ізгілікке бастайтын мереке. Осы бір мейрамда атқарылатын шаралар тек бір күндік қана болмаса ғой, шіркін. Жаңашылдықтар жалғасын тауып жатса, жоғымызды түгендеп жатсақ, қанекей! Көнені жаңғыртатын Наурызбен бірге, Шымкентте тарихи атаулар да жаңарса деген тілек бар бізде.

Шымкенттің тамыры 2200 жылдық кезеңді қамтитынын айтып жүрміз. Бірақ, Шымқаланың Сайрам жағынан өзге бөлігінен көне жер-су, мақалла атауларын көріп жүрсіз бе? Базарқақпа, Ханкөпір, Абдулабад, Мәртөбе дейтін тарихи атаулар тек Сайрам жақта ғана ғой. Шымкенттің өзге бөліктеріне неге тарихи атауларын қайтармасқа?!

Мысал үшін алалық, көрші тұрған Тәшкен шаһарында ескіден жеткен атаулар жетеді. Жүнісабад (Юнусабад), Ескіжоба, Шайхантахур, Мірабад, Жекесарай (Яккасарай), Сіргелі деп кете береді. Бұл атаулар атам заманнан солай аталған. Байқасаңыз, қаланың көнелігі сол атауларымен-ақ дәлеледеніп тұр. Қала мәдениетінің терең екенін меңзеп тұр. Қызығасың. Мұндай ескіден жеткен жер-су атаулары Шымкентте де толып тұр. Жоқ деп ауызды құр шөппен сүртуге негіз жоқ.

Бұған дейін Шымкент қаласының 20-дан аса қайнары барын айтып, тарих қойнауынан жеткен қалажұрттар (средневековое городище) мен мекенжұрттар (поселение) жайлы сөз етіп едік («Қызмет» газеті, 2021 жылғы №18 (533) саны). Өткен жылдың соңында жүргізген қайта түгендеу жұмыстарымыз кезінде 20 емес, 30-дан аса қала және мекен орындары табылды. Мұндай бастауы бар қазіргі заманғы қала әлемде бар ма?! Білетіндер болса, айтсын. Біздің ойымызша, пайымдауымызша жоқ. Олай болса, неге сол тарихи орындарымызды көрсете алмаймыз?

Ойымыз түсінікті болу үшін ұсыныстарымызға жекелеп тоқталайық.

1. Қосдиірмен. А.Кенесариннің ХІХ ғасырдың соңғы жағында жазылған «Насаб наме сұлтан Сыдық» дейтін еңбегінде Қосдиірмен деген елді мекен аты аталады. Ол Ақбұлақ (қазіргі Ордабасы ауданына қарайды) пен Шымкенттің арасында еді дейді. Сол маңда орыс-қоқан әскерлері Шымкент қорғаны үшін соғысып, қан төгілген. Қосдиірмен елді мекені бүгінгі Шымкенттің Қызылжар (тұрғындар Коммунизм деп айтып жүрген алап) деген шағынауданға сәйкес келеді. ХІХ ғасырда бұл маңда Қарасу арнасының суын пайдалана бидай тартатын бірнеше диірмен болған. Жер атауы соған байланысты аталса керек.

2. Алуакент. Сол Қызылжар шағынауданы аумағында, «Бекжан» сауда орталығының дәл артқы жағында Субұрған ата (Сыпырған ата) мазараты тұр. Мазарат тұрған жер ескіде Алуакент деп аталған ортағасырлық қаланың орны. Бұл қалажұрт жайлы 1994 жылы жарық көрген «Свод памятников истории и культуры Казахстана» дейтін еңбектің 197-ші бетінде суреттейді. Деректе көне қала Х-ХVII ғасырларда өмір сүргені айтылады.

Жоғарыда аталған қазіргі Қызылжар шағынауданы А-2 автожолының қос қапталын ала 700 гектарға жуық алқапты алып жатыр. Сол ұланғайыр алапты А-2 автожолынан 2 бөлікке бөліп, жолдың шығыс жағын Алуакент, жолдың батыс бөлігін Қосдиірмен деп атаған жөн шығар. Тарихи атау да қалпына келер еді. «Қызылжар» деген атау сол маңайдағы Кеңес заманынан қалған колхоз аты ғой, оған қарағанда Алуакент пен Қосдиірменнің салмағы да бар, тамыры да терең.

3. Құрлық. Қазіргі Шымкенттің аумағында осылай аталатын көне қала болғанын бұған дейін де айтқанбыз «Қызмет» газеті, 2021 жылғы №18 (533) саны. Ол қалажұрт ХІІ-ХVІІ ғасырларда өмір сүрген. Оның орын тепкен жері қазіргі қала шекарасының солтүстік-шығыс жақ бөлігіндегі ең шеткі нүктеде тұр.

Қалаға жаңадан қосылып, не жаңадан бой түзеп келе жатқан шағынаудандарды Тұран-1, Тұран-2, немесе Бозарық-1, Бозарық-2 дегендей жасанды шартты түрдегі атаулармен емес, тарихи атаулармен атаған жөн ғой. Пәленінші Тұран не Бозарық дегенше, Құрлық шағынауданы десе, елең ете қаласың ғой.

4, Ниязбек. Қаланың Еңбекші ауданына қосылған тұрғын алаптардың бірі Бадам-1 деп аталады. Бадам өзенінің жағасында орналасқандықтан солай атау берілсе керек. Жоғарыда мысал келтіргендей, Бадам-1, Бадам-2 деген жасанды шартты атауларды емес, өзінің тарихи атауымен атаған дұрыс. Келісесіз бе?

Осы (қазіргі Бадам-1) тұрғын алаптың жанында Ниязбектөбе деген ортағасырлық мекенжұрт (средневековое поселение) орналасқан. Оның өмір сүрген уақытын археологтар VI-X ғасырларға жатқызады.

Ескі картада Шымкенттің тарихи атаулары бар

5. Қасқа. Шымкенттің Тәшкенге шыға беріс тұсында, Бадамнан қырға көтерілетін жолды тұрғындар бұрыннан «Қасқа» деп атайды. Тек жолды ғана емес, жолдың шығыс жақ бетіндегі биікте тұрған мазаратты да «Қасқадағы мазар» дейді. Бұл атау сонау ХІХ ғасырдан бері аталса керек. М.Әбдіәкімұлының Ақпан батыр туралы жазған еңбегінде сондай дерек айтылады.

Осы Қасқадағы елдімекен Кеңес заманында «Карл Маркс» колхозы деп аталған екен. Кейін тәуелсіздік алған жылдары ол колхоз жолдың үстіңгі жағынан жаңадан ашылған шағынауданмен бірге «Қазығұрт» деген атауға біріктірілген. Бірақ, ресми хабарламаларда әлі күнге «К.Маркс тұрғын алабы» деген тіркес пайдаланып жүр. Алысқа бармай-ақ, қала және Абай ауданы әкімдігінің фейсбуктегі парақшаларындағы хабарламаларын қараңыз. Сондай-ақ, сол маңдағы автобус аялдамасы да «Карл Маркс аялдамасы» деп аталып жүр. Осыны айтып, былтыр қалалық Мәдениет басқармасына елді мекен және аялдама атауын «Қасқа» деп өзгерту жөнінде хат жазған едік. Сөйтсек, бұрынғы колхоз Қазығұртқа қосылыпты, ал аялдама атауын өзгерту Мәдениет басқармасының құзырына кірмейді екен. Сонда атау ауыстырумен кім айналысады?

«Қасқа» деген әдемі атауды Карл Маркске ауыстыру мүмкін емес екен, онда «Сәуле» шағынауданының атауын солай өзгертейік. Сәуле шағынауданы Қасқа мазаратына тура іргелес тұр. Аты да, заты да келеді.

6. Көңірдек. Шымкент қаласының ХІХ ғасырда орысқа қарап, картаға алғаш түсіріле бастаған тұста қазіргі Забадам шағынауданы «Көңірдек» (Кунгурдак) деп аталған екен. Оны көне карталар жинаумен әуестенетін Әсет Темірғалиев пен марқұм сәулетші Бақытжан Әшірбаев деген ағаларымыздың фейсбуктегі парақшасынан байқап едік.

Рас, Көңірдек деген ру атауынан шығып тұр. Жалпы, Оңтүсікте этнонимнен топонимге ауысқан атаулар көп. Одан қашудың қажеті жоқ. Басқасын былай қойғанда, Тәшкендегі Сіргелі, Салар, Қыбырай, Отырардағы Шәуілдір, Баялдыр, Шілік деген атауларды алсақ та болар. Одан трайбализм ізін қарап, шошыну жөнсіз. Көне карталарда, деректерде солай аталды ма, сол атауды қайтарудың әбестігі жоқ. «Забадам» деген орысша атауды Көңірдек деген көне атауына қайтарайық.

Шымкент қаласының айналасында тарихи атаулар көп. Соңғы кездері Қатынкөпір, Ескіқала дейтін біраз көне атаулар қалпына келгенімен, көп бөліктер әлі қозғаусыз жатыр. Дәл қазір ойға оралып отырған топонимдер осылар, кейін тағы толықтырармыз. Қала басшылығы назарына осыны ұсына тұрайық. Жер-су атаулары – тарих. Дайын тұрған идеология емес пе?

С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика